АСТАНА, 21 ақпан — Sputnik. Атырауда 14 мың теңге пара алған полицей сотталды, деп хабарлады №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.
Жол полициясының батальон сержанты былтыр қараша айында Өзбекстан азаматтары мінген көлікті тоқтатқан. Көліктегі адамдар қауіпсіздік белдігін тақпапты.
"Бұл үшін полицей оларға әкімшілік хаттама толтыратынын ескерткен. Бірақ хаттама толтырудың орнына Э. есімді жүргізушіден 14 мың теңге пара сұраған", — делінген хабарламада.
Полицей пара алғаны үшін сотталып, 840 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Әрі құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.