Өңірлер

Оңтүстік өңірлерде көктемгі дала жұмыстары басталды

архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2022
Жазылу
Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында қазірге дейін 181,2 мың гектар жерге егін егілді
АЛМАТЫ, 6 сәуір – Sputnik. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде көктемгі дала жұмыстары басталды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында қазірге дейін 181,2 мың гектар жерге егін егілді. Мамырда негізгі астық егетін аймақтарда жаппай дала жұмыстары басталады.
Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, облыста 848 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Бұл былтырмен салыстырғанда 3 мың гектарға артқан.
Биыл облыста мал азық дақылдарына көңіл бөлініп, көлемі 13 мың гектарға артады деп жоспарланған. Жалпы 228 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдары егіледі.
"Жоспарланған жаздық дақылдардың 21%-і егілді. Былтырмен салыстырғанда көктемгі дала жұмыстары бір аптаға ерте басталды. Биыл көктемгі дала жұмыстарына 22 мыңнан аса техника жұмылдырылды. Жоспарланған жер жырту жұмыстары 95%-ке орындалды. 106 мың гектар жерде сор шаю жұмыстары аяқталды. Биылғы өнім үшін егілген 177 мың гектар жердегі күздік бидайдың жақсы жағдайда", - деді Нұрбек Бадырақов.
Айтуынша, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 100% тұқыммен қамтамасыз етілген. Оның тең жартысын субсидиялау мақсатында 600 миллион теңге бөлінген.
Бұдан бөлек көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін "Аграрлық несие корпорациясынан" 5,3 миллиард теңге бөлінген.
Ал Жамбыл облысында биыл дақылдар 760 мың гектар жерге егіледі деп жоспарланған.
Жаңалықтар
0