Рубль неге күшейіп жатыр – экономистер түсіндірді

© Sputnik / Михаил Воскресенский / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Рубль бағамы 9 теңгеден асты. Мәжіліс депутаттары дабыл қақты. Ал кейбір сарапшылар ұлттық банк рубльдің қазіргі бағамы арқылы ресейліктерге қолдау жасап отыр деп санайды. Sputnik Қазақстан тілшісі экономист мамандарға хабарласып, көрші елдің валютасы не себепті қымбаттағанын және одан ел экономикасына қандай қауіп төніп тұрғанын білді.

Шұғыл шаралар қабылдау қажет

Экономист Меруерт Махмұтова ресейлік рублдің күшеюіне нақты бірнеше себеп бар дейді. Біріншіден, мұнай мен газдан түсетін табыстың көлемі азайып жатқан жоқ. АҚШ пен Еуропа одағының шектеу енгіземіз деген бастамасы да ұзаққа созылып кетті. Ал шикізаттың қазіргі бағасы жоғары болып тұр. Соның арқасында Ресейге ақша құйылып жатыр. Бірақ көрші мемлекет оны бұрынғыдай шетелдік тауарларға көп жұмсап жатқан жоқ.
"Екіншіден, Ресей Федерациясының орталық банкі өзге елдің азаматтары сатып алған акциялар мен облигациялар бойынша дивиденд төлеуге тыйым салды. Демек бұрынғыдай валюта шетелге кетіп жатқан жоқ. Оған қоса, экспортерлер валютамен тапқан табыстың бір бөлігін сатуға міндеттелді", - дейді Махмұтова.
Алайда экономист Қазақстанда теңгенің рубльге шаққандағы бағамын әдейі жоғары ұстап отыр деп санайды.
"Біздің ұлттық банкіміз ресейлік экономикаға қолдау жасап отыр. Басқа себеп жоқ сияқты. Көрші елдің заңды және жеке тұлғалары рубльді теңгеге айырбастағанда екі есе көп ақша алады. Сосын осы жерден долларды сатып алады. Бізде рубльдің көлемі тым көбейіп кетті. Енді банктер шектеу шараларын енгізуге мәжбүр. Меніңше, ұлттық банкке теңгені қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет", - деп атап өтті Махмұтова.

Ресей тауары қымбаттайды

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық әріптесінің болжамын жоққа шығармады. Бірақ ресейліктердің жаппай теңгеге доллар алып жатқанына дәлел жоқ.
"Мен бұл пікірді жоққа шығармаймын, бірақ растамаймын да, өйткені нақты дәлел жоқ. Дейтұрғанмен, екі елдің арасында өзара келісім болуы мүмкін, қағаз жүзінде емес және саяси деңгейде Ресейге көмектесуге уағдаластық жасалуы мүмкін", - деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, рубльдің бағамы жоғары болса, оны айырбастап, Қазақстан арқылы қажетті тауарды көптеп сатып алуға мүмкіндік бар.
"Өткенде Lada-ның шығарған үлгісін көрген шығарсыз. Оған біраз бөлшек сырттан жеткізілген. Басқа да қосалқы тауарлар бар. Бәлкім, соларды Қазақстан арқылы сатып алу үшін теңге-рубль бағамын уақытша солай бекітуі де мүмкін", - деп болжады Халық.
Экономист ресейлік валютаның күшеюіне әсер еткен нақты факторлар да жоқ емес деп отыр. Соның ішінде шикізаттан түсіп жатқан қыруар қаржы және экспортерлар үшін валютамен тапқан табыстың бір бөлігін сату міндеті бар. Ал ірі компаниялар валютаны рубльге көптеп айырбастаса, осы ақшаға деген сұраныс артады, бағамы да көтеріледі. Бірақ Қазақстан үшін рубльдің күшейгені тиімсіз. Себебі ресейлік тауарлар қымбаттайды.
"Әрине, қымбаттайды, қазірдің өзінде қымбаттап жатыр. Ресейден тауар таситын компаниялар қиын жағдайға тап болды. Әсіресе, солтүстік өңірге азық-түліктің біраз бөлігі Ресейден келеді. Қазір бағалар қатты өсіп жатыр. Ол жақтағы адамдардың табысы төмен ғой, тіптен қиын болады. Үкімет осы мәселеге баса назар аударуы керек", - деді Халық.
Сарапшының ойынша, рубльдің бағамы тағы өсуі мүмкін. Оған қоса, ресейлік тауарлардың үлесі басым болып тұр. Ал Қазақстан көрші елге үш есе аз тауар сатады.

Рубль бағамы барлық жерде күшейді

Экономист Арман Байғанов ресейлік рубльдің бағамы нарыққа сай дейді. Себебі көрші елдің валютасы әлем бойынша күшейіп жатыр.
"Қазіргі кезде рубльдің барлық әлемдік валютаға шаққандағы бағамы күшейіп отыр. Әсіресе, долларға шаққандағы бағамы артты. Бірақ олардың өздеріне рубльдің күшейгені ұнамай жатқан сияқты, тиімсіз, әлсірету керек дейді. Ал әлсірететін болса, долларды көбірек сатып алу керек. Бірақ оларда доллардың көлемі шектеулі ғой. Сондықтан рубльдің қазіргі нарықтық бағамы осы болып тұр. Ресейде сауда профициті қалыптасып отыр", - дейді Байғанов.
Сарапшы сауда профицитін де түсіндірді. Ондайда ақша көп болады, бірақ сырттан тауар сатып алынбайды. Содан ақша артығымен жиналды. Ресей сондай жағдайға тап болды. Оған қоса, валютаны рубльге айырбастау міндеті бар. Соның нәтижесінде көрші елдің валютасы қатты қымбаттады.
"Әрине, біз үшін рубльдің күшейгені тиімсіз. Бірақ амал жоқ, бәріміз бір экономикалық кеңістікте отырғаннан кейін Қазақстанға да әсер етеді. Сосын арадағы тауар айналымы бойынша Ресей бірінші орында тұр. Сондықтан ресейлік тауарлар автоматты түрде қымбаттайды ", - деп түйіндеді Байғанов.
Жаңалықтар
0