Экономика

Қазақстан мен Ресейдегі базалық мөлшерлемені салыстыру дұрыс емес – Ұлттық банк төрағасы

© Официальный сайт Президента КазахстанаҰлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.07.2022
Жазылу
Ұлттық банктің мәліметінше, биылнаурыздан бастап геосаяси жағдайдың шиеленісуі және Қазақстанның қаржы нарығына қысымның айтарлықтай күшеюі салдарынан елімізде инфляция үдей түсті
АЛМАТЫ, 12 шілде – Sputnik. Қазақстан ақша-кредит саясатын қатаңдатуды жалғастыруда, ал Ресейдің орталық банкі инфляция мен геосаяси факторларға қарамастан базалық мөлшерлемені төмендетті. Не себептен бұлай болып жатқанын Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, кейбір сарапшылардың Қазақстан мен Ресей орталық банктерінің базалық мөлшерлемелерін салыстыратыны рас. Ресей банкі биыл ақпан айында негізгі мөлшерлеменің 9,5 проценттен 20-ға дейін – екі есе артуынан кейін экономиканың құлдырауынан болып жатқан дефляциялық процестерді ескере отырып, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін оны 9,5 процентке дейін төмендетті.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы Ресейде бірнеше аптадан бері дефляция байқалып отырғанын атап өтті. Мәліметінше, маусымдық түзетілген инфляция соңғы уақытта межеленген деңгейден айтарлықтай төмен болды, бұл ретте мөлшерелемені қарқынды төмендету – заңды құбылыс.

"Ресейдегі жағдайға қарағанда, Қазақстанда рецессия болмайды. Керісінше, іскерлік белсенділіктің, сұраныстың өсуі жағдайында қосымша фискалдық импульс аясында инфляциялық қысым одан әрі күшейеді. Осы орайда Ресей мен Қазақстандағы базалық мөлшерлемелерді салыстыру дұрыс емес", – деп атап өтті Ғалымжан Пірматов.

Ол теңгенің рубльге тікелей бағамы неге қалыптаспайтынын түсіндірді. Төраға Ұлттық банк ұлттық валюта бағамының еркін өзгермелі қағидаттарын ұстанатынын жеткізді. Маусым айында рубльдің бағасы барлық валютаға, ең алдымен, АҚШ долларына қатысты айтарлықтай нығайды.
Ұлттық банк төрағасының пікірінше, теңгенің Ресей рубліне қатысты айырбас бағамы тікелей қалыптаспайды. ол теңге мен рубльдің долларға қатысты бағамына қарай жекелей қалыптасады. Теңге және рубль нарығы дербес қалыптасу үшін біздің мемлекеттер арасындағы сауда-саттық теңесуі қажет.
"Ал қазір біздің Ресейден әкелетініміз Ресейге апаратынымыздан әлдеқайда көп және біздің тауар сатушыларымыз өз тауарларын Ресейге сатқанда теңгеге емес, валютаға сатқанды таңдайды. Сондықтан теңгеге деген сұраныс төмен. Құбылмалы айырбас бағамы саясатын ұстану – теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайды. Сонымен қатар елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан рубльмен немесе кез келген басқа валютамен паритетке әсер ету мақсатында ұлттық валютаның айырбас бағамы бойынша кез келген амалды жасауға жол берілмейді", – деді Ғалымжан Пірматов.
Сондай-ақ, ол базалық мөлшерлеменің жоғарылау себептері туралы айтып берді.
"Бұл шешім биыл мамыр-маусым айларында жүргізілген болжамдық раундтың қорытындысы негізінде қабылданды. Біз инфляция өсіп, жыл соңына қарай 13-15 процент деңгейінде қалыптасады деп болжап отырмыз", – деді ол.
Одан бөлек Ғалымжан Пірматов Қазақстан базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтап қалғанын айтты. Ол базалық мөлшерлеменің жоғары болуы контрциклдік бюджет саясатымен және сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуімен бірге 2023 жылы инфляцияның 7,5-9,5 процентке дейін баяулауына ықпал етеді деп санайды.
Жаңалықтар
0