"50-60 мыңмен отырғандар бар": Әлтаев қандай мәселеге күш салатынын айтты

© Sputnik / Абзал КалиевАманжол Әлтаев
Аманжол Әлтаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 21 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев мәдениет саласы қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға бел шешіп кіріскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәдениет туралы заңға өзгеріс енгізу мәселесіне арналған жиында депутат Әлтаев мәдениет саласы қызметкерлерінің мәртебесін заңды түрде көтеру қажеттігін жеткізді.
"Бізде педагогтар мен дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартып жатыр. Осындай жылымық, осындай жанашырлық үкімет тарапынан біздің мәдениет саласының қызметкерлеріне керек-ақ. Ашығын айту керек, бізде әлеуметтік жағдай ең аз қорғалған, жалақысы ең төмен көш, ол - мәдениет көші", - деді Әлтаев.
Депутаттың айтуынша, бүгінде мәдениет саласында еңбек етіп жүрген әрбір қызметкердің нақты функциясын бекіту керек. Әйтпесе, концертмейстердің өзі техникалық мамандардың қатарына қосылып кеткен. Жалақысын да көтеру керек. Себебі жалақысы төмен адам баспана ала алмайды. Оған ешқандай банк кредит те бермейді.
"50-60 мыңмен отырған мәдениет пен өнер өкілдері бар. Тіпті, үлкен-үлкен өнер ұжымдарын басқарып отырған замандастарымыздың айлығы ары кетсе, 120-130 мыңнан аспайды. Сондықтан біз бірінші кезекте мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын дұрыстауымыз керек. Мені өздеріңіз білесіздер, парламентке келгеніме көп болған жоқ. Есім кіріп, атқа қонғаннан бастап өнердің ортасында келе жатырмын. Сондықтан ең бірінші осы мәдениет қызметкерлерінің жағдайын шешуге бел шешіп, араласып жатырмын", - деп атап өтті Әлтаев.
Осы орайда депутат мәдениет саласында кино туралы заң бар, бірақ басқа салалардың қалып қойғанын ерекше атап өтті.
"Мысалы, "Театр туралы" заң неге жоқ? "Рухани мұра" туралы заң неге болмасқа? Ал рухани мұрамызда дәстүрлі ән өнеріміз де, күй өнеріміз де, жыр өнеріміз де, айтысымыз да бар", - деді Әлтаев.
Жаңалықтар
0