Балағат сөз айтты: Рудный әкімінің орынбасарын жұмыстан шығару ұсынылды

© Sputnik / Владислав ВодневПортфель, архивтегі фото
Портфель, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Қостанай облысындағы Рудный қаласы әкімінің орынбасары Әнуар Есқатовты әкімдік ғимаратының комендантына балағат сөздер айтқаны үшін қызметінен босату ұсынылды, деп хабарлады Tobolinfo.kz.
Коменданттың айтуынша, сол күні күндіз ол жертөледен бірінші қабатқа көтеріліп келе жатқанда ғимарат фойесінде Рудный әкімінің орынбасарын кездестірген.
Ғимараттың артқы есігінің неліктен ысырмаға жабылғанын анықтауға тырысқан шенеунік күзетшінің көзінше комендант қызға айғайлап, балағат сөздер айта бастаған.
Сонымен қатар сол күні шенеунік сантехниктің көзінше екі қолын бұлғап, "мына оңбаған артқы есікті әдейі жауып тастады!" деп айғайлаған, деп жазды басылым.
Осыдан кейін әкім орынбасарының психологиялық қысымына шыдай алмаған комендант жылап жіберіп, қосалқы бөлмедегі басқа кабинетке кетіп қалған.
Қызметкер әдеп жөніндегі кеңеске арыз жазған. Қызметтік тергеу барысында куәгерлердің барлығы айғайлау, әдепсіз сөздер айту фактілері расында болғанын, Есқатов әкімдік ғимаратына кіріп-шығу кезінде негізгі есікті жиі пайдаланбайтынын айтты.
Есқатовтың өзі түсініктеме беру кезінде төрт куәгердің қатысуына қарамастан, балағат сөздер қолданбағанын алға тартты.
"Әдеп жөніндегі кеңес оның сөзінен өкініш белгілерін көрген жоқ, сондықтан оған ең жоғарғы жаза белгіленді", - деп мәлімдеді әдеп кеңесінің мүшелері.
Есқатов 2017 жылдың қараша айынан бері әкім орынбасары қызметін атқарып келеді.
Жаңалықтар
0