Қоғам

Қазақстандықтар 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады

© Pixabay / csamhaberБос қалта
Бос қалта - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Наурыз айынан бастап қазақстандықтар өздерін банкрот деп жариялай алады. Бұл туралы премьер-министр орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр 30 желтоқсанда "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңға қол қойылғанын еске салды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды.
"3 наурыздан бастап банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталады", - деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Айтуынша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңда 3 түрлі рәсім көзделген. Бірінші рәсім - соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
Мына шарттар сақталуы қажет:
борыш 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспайды;
кредит 12 ай бойы өтелмеген болса;
меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін.
Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.
"Соттан тыс банкроттық "электронды үкімет" порталында басталады. Содан кейін ақпарат жүйесі арқылы борышкердің критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі", - деді ол.
Екінші рәсім - сот банкроттығы. Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.
Үшінші рәсім, бұл - төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігі көзделеді. Оның артықшылығы - азамат "банкрот" деп саналмайды. Демек, банкрот үшін көзделген салдарлар оған қолданылмайды.
Жаңалықтар
0