Тоқаев Рудныйда құс фабрикасы мен Соколов кен орнына барды

© Официальный сайт Президента КазахстанаТокаев посетил ССГПО в Рудном
Токаев посетил ССГПО в Рудном - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 21 қаңтар — Sputnik. Мемлекет басшысы Қостанай облысындағы құс фабрикасына барып, заманауи технологияларды енгізу бойынша пилоттық жобамен танысты. Сонымен қатар Соколов кен орнының жұмысымен танысты, деп хабарлады Ақорда.
"Жас-Қанат 2006" ЖШС-не қарасты цехтан шығатын өнім еліміздің барлық өңірінде сатылады. ТМД елдеріне де экспортталады. Құс фабрикасында жылына 260 миллион дана жұмыртқа мен 500 тоннадан астам ет өнімдерін өндіруге мүмкіндік бар. Былтыр 517 тонна ет және 199,1 миллион дана жұмыртқа өндірілді.
Тоқаев сағатына 120 мыңнан астам жұмыртқа шығаруға жететін сұрыптау, өлшеу және маркерлеу цехындағы Nabel технологиясымен танысты.Цехта құстарға жем-су беру жүйесін және ылғалды, жарық пен температураны қалыпты ұстап тұратын құрылғы да орнатылған. Бұл жерде сегіз сағатта миллионға дейін жұмыртқаны автоматты түрде тасымалдауға және орауға мүмкіндік бар.
Одан кейін мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайланғаннан кейін, ең алдымен, ауыл мен ауылдық аумақтарды дамыту туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен ауылдарды дамытуға 1 триллион теңге бөлінетінін жеткізді.
"Үкімет пен әкімдіктер бұл қаржыны өңір тұрғындарына барынша тиімді болатындай жұмсауы керек", - деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент "Соколов-Cарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі" (ССКӨБ) акционерлік қоғамына барып, Соколов кен орнының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысына кәсіпорынның Еуропаға экспортталатын өнімдерін кеңейту жоспары туралы мәлімет берілді.
Кәсіпорын қызметінің негізгі түрлері – темір рудаларын ашық және жер астында өндіру, құрамында темірі бар шекемтастар мен концентраттар және тауарлық доломит өндіру. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 26 миллион тонна кен өндірілді, тауар өнімінің көлемі 10 миллион тоннадан асты.
Кен орнында президентке "Еуразиялық топ" ЖШС-нің басқарма төрағасы Серік Шахажанов ыстық брикеттелген темір өндірісі жобасын және кен орнын басқарудың автоматтандырылған жүйесін таныстырды.
Сонымен қатар мемлекет басшысына "Соколов-Cарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінің" Еуропаға экспорттайтын өнімдерін ұлғайту жоспары туралы мәлімет берілді.
Президент тау-кен өндіру секторы отандық экономиканың өсімін артыратын негізгі саланың бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы тау-кен өндіру ісін дамытуға қосқан үлесі үшін кәсіпорын жұмысшыларына алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.
Жаңалықтар
0