Түркістан облысында көмір тапшылығы салдарынан қоймадағы көкөніс үсіп кетті

© Photo : Alicja Пияз, архивтегі фото
Пияз, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.01.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 23 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысында көмірдің жетіспеуінен көкөніс қоймалары жылусыз қалды. Салдарынан көкөніс қоры үсіп қалған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Дархан Сатыбалды көмір тасымалдауда кемшіліктерге жол берген бірінші орынбасарына, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшыларына сөгіс жариялады.
"Басқарма мен аудан, қала әкімдері өз жұмысын төмен деңгейде орындағандықтан халық пен жылыжай иелері қиналып отыр. Сондықтан жауапты орынбасар мен басқармалар жылыжай иелерімен кездесіп, көмек беру жолдарын қарасын. Аудан, қала әкімдеріне жергілікті полициямен бірге делдалдардың, алыпсатарлардың жұмысын қадағалап, заң аясында шара көруді тапсырамын, делдалдық жүйеге жол берілмесін", - деді Дархан сатыбалды облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде.
Облысқа 907,6 мың тонна көмір қажет болса, тасымалданғаны – 835,5 мың тонна. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық салаға 249,2 мың тонна көмір керек болса, тасымалданғаны – 229,5 мың тонна.
Бюджеттік мекемелер қажетті 142,6 мың тонна көмірмен қамтылған. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі – 658,4 мың тонна. Тасымалданғаны – 605,1 мың тонна. Алайда, бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, жылыжайларға қаңтар, ақпан айларына қосымша тағы 139 мың тонна көмір қажет.
Облыс әкімінің орынбасары мен басқарма басшылары қазіргі уақытта аудандарда рейд жасауға кіріскен. Әкімдіктің айтуынша, министрліктің ұсынысымен көмірді жеке кәсіпкерлер өздері жинап, өздері қамдануы керек болған.
Жаңалықтар
0