Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіледі

© Официальный сайт Президента КазахстанаТоқаев өрттен қаза болғандардың отбасына көңіл айтты
Тоқаев өрттен қаза болғандардың отбасына көңіл айтты - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 15 маусым – Sputnik. Үкімет Абай облысындағы өрттен қаза тапқан орманшылардың отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
Облыс әкімдігі Успен орман шаруашылығындағы ірі өртті сөндіру кезінде "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты" РММ-нің қаза тапқан 14 қызметкерінің, сондай-ақ өртті сөндіруге қатысқан тракторшы Сергей Архиповтың отбасы мүшелерінің тізімін жасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оларға келесідей әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілуде:
Семей қаласында жиһазбен жабдықталған екі немесе үш бөлмелі (отбасы мүшелерінің санына қарай) пәтерлер берілді;
қаза тапқандар мен олардың отбасы мүшелерінің несие қарыздары өтеледі. Өтелетін қарыздардың жалпы мөлшері 36,2 млн теңгені құрайды (15 маусымдағы жағдай бойынша);
"Қазақстан халқына" қорынан әр отбасыға 7 млн теңгеден және кәмелеттік жасқа толмаған әр балаға 2 млн теңгеден материалдық көмек. Төлемдердің жалпы сомасы – 127 млн теңге (15 маусымдағы жағдай бойынша);
асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне мемлекеттік бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы;
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, ЖОО-да күндізгі оқу бөлімінде оқыса, оқуды аяқтағанға дейін, бірақ 23 жастан аспайтын балаларға ай сайынғы әлеуметтік төлем;
БЖЗҚ-дан жерлеу рәсімдері үшін біржолғы жәрдемақы;
жалпы білім беру қорынан мектеп жасындағы балаларға 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек, сондай-ақ керек-жарақтар (аяқ киім, форма) мен жазғы лагерьге жолдама;
жұмыс берушінің қаражаты есебінен ай сайынғы төлемдер (жалақы мөлшеріне байланысты);
ұжымдық шартқа сәйкес жұмыс берушінің есебінен біржолғы көмек.
Сонымен қатар "Қазақстан Халық банкі" АҚ әр отбасына 3 млн теңге көлемінде материалдық жәрдем береді, сондай-ақ басқа да коммерциялық ұйымдар көмек көрсетеді.
Оған қоса әкімдік "Ақ Ертіс" ҚҚ-мен бірлесіп, қаза тапқандардың отбасы мен зардап шеккендерге одан әрі көмек көрсету мақсатында қайырымдылық пен демеушілер қаражатын жинақтау үшін арнайы шот ашты.
Жаңалықтар
0