Алматы тұрғындары үрей құшағында өмір сүріп жатыр

© Sputnik / Тимур Батыршин Алматы қаласы, архивтегі фото
 Алматы қаласы, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Алматыда тау жотасында орналасқан үйлердің айналасына орнатылған тірек қабырғасы үгітіліп, тастар төменге сырғып жатыр. Сондықтан бұқара баспанамызды бұрынғыдай топырақ емес тас басып қала ма деп қорқады. Олар мердігер компания шала-шарпы істеген жұмысын толық аяқтасын деп отыр. Бұл туралы КТК хабарлады.
"Габионның қабырғасын көтеріп, оған тірек жасау керек болатын. Бірақ бұның ешқайсысы жасалған жоқ. Жай сеткаларды алып келіп, ішіне тас толтырып, осы қалпында қалдырып кетті. Тастың өзінен үнем жасағандықтан тау осы тастармен бірге құлап жатыр. Бұл тау беткейінде тұрған үйлерге де, таудың етегінде тұрып жатқан отбасыларға да өте қауіпті", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Айжан Мәмешова.
2019 жылы Медеу ауданындағы Көктөбенің етегінде тұрғызылған үйлер қауіпті аймаққа жатқызылды. Себебі, жаңбыр жауса мұнда лай көшкіні жүріп, халықты әбігерге салатын еді. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында төрт жыл бұрын бюджеттен шамамен бір миллиардтан астам қаражат бөлінген. Сосын мердігер компания аталған аумаққа габионмен жасалған тірек қабырғасын қалады. Соған қарамастан жұрт әлі де үрей құшағында отырмыз деп ашулы. Олардың бекіту жұмыстарына көңілдері толмайды.
Тау етегінде баспана салған жұрт құрылыс компаниясы ақша үнемдеу үшін арзан әрі сапасыз материалдар пайдаланғанына сенімді. Ал әкімдіктегілер жұрттың шағымынан кейін арнайы сараптама тағайындап, тексеріс жұмыстарын бастапты.
"Алматы қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес толыққанды тексерісбасталды. Қазір жердің астындағы бетонның қалыңдығын және өлшемін өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін құзыретті органдар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылады", - дейді Медеу аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Есбол Күребай.
Жаңалықтар
0