Қоғам

Мемлекеттік кәсіпорынның бас бухгалтері 7 млн теңге ұрлаған: сот үкімі шықты

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Жамбыл облысында 7 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған "Құлан-Энерго Жылу" мемлекеттік кәсіпорнының бас бухгалтеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының прокуратурасы "Құлан-Энерго Жылу" ШЖҚ КМК қызметіне бюджет қаражатын жұмсау бойынша талдау жүргізген.
Талдау барысында кәсіпорынның бас бухгалтері төлем тапсырмаларымен кәсіпорынның бюджет қаражатын өзінің шотына аударғаны анықталды. Қылмысын жасыру үшін төлем тапсырмалары бағанына тауарлар, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметтер үшін төлемдер деп көрсеткен. Бас бухгалтер осылайша 7 млн теңге жымқырған.
Аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғап, оны Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін тапсырды. Тергеу аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Аудандық соттың үкімімен кәсіпорынның бас бухгалтері кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығы шектелді. Сондай-ақ оған коммерциялық және өзге де ұйымдарда 3 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды.
Заңсыз аударылған ақша мемлекетке толық көлемде қайтарылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Жаңалықтар
0