Жамбыл облысында құрғақшылыққа байланысты өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жарияланады

© Sputnik / Санат ИмангалиевНа озере Талдыколь
На озере Талдыколь - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.08.2023
Жазылу
Өңірге жұмыс сапарымен барған министр өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау және үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлерге келтірілген залалды өтеу мәселесі пысықталып жатқанын айтты
АСТАНА, 12 тамыз – Sputnik. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарының фермерлерімен кездесті. Бұл кездесу Қазақстан премьер-министрінің өңірге жұмыс сапары аясында өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Министр ауыл шаруашылығы жерлерін аралап, бұл жағдайды шаруалармен талқылады. Ербол Қарашөкеев осы проблеманың бар екенін растаған ведомствоаралық комиссияның жұмысы туралы айтты. Министр қазір өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлерге келтірілген залалды өтеу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.
Белгілі болғандай, субсидияларға қажеттілікті жабу және оларды төлеуді жеделдету бойынша жұмыс жүргізілетін болады. "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ желісі арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері бойынша борыштарды ұзарту және қайта құрылымдау мәселесі пысықталып жатыр.
Министр сондай-ақ қазіргі заманғы суару жүйелерін енгізу кезінде көрсетілетін мемлекеттік қолдауды жетілдіру жоспарлары туралы айтты.
"Су беру жөніндегі субсидиялау қағидаларына есептеу құралдарының не өлшеу аспаптары мен қондырғыларының көрсеткіштері бойынша су бөлу нүктесінде фермерлерге жеткізілген су көлемін айқындауға қатысты, сондай-ақ суару тәсілдеріне байланысты су беру жөніндегі субсидияларды саралау бойынша өзгеріс енгізілді. Яғни субсидияны су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана бұрынғы деңгейде алатын болады. Ал дәстүрлі әдіспен суару кезінде субсидия нормативтері үш жыл ішінде жартысына дейін азаяды", - деді министр.
Ал премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста Қарашөкеев биыл 427,7 миллиард теңге субсидияның ішінен 27 миллиард теңге Жамбыл облысына бөлінгенін айтты.
"Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша биыл 100 миллиард теңге ауыл тұрғындарына өз ісін бастауға немесе дамытуға жеңілдетілген шағын несиелер беруге жұмсалады. Осы орайда Жамбыл облысының 5 мыңнан астам ауыл тұрғыны бұл бағдарламаға қатысуға өтінім берді. Несиелеу көлемі шамамен 24 миллиард теңгені құрайды.
"Жиында министр қазір жеңілдетілген жанармайдың құнын төмендету мәселесі бойынша шешім қабылданғанын, ол нарықтық бағадан 15%-ке арзан болатынын атап өтті. Статистикалық деректерге сәйкес, Жамбыл облысындағы егіс алқабы 762,5 мың гектарды құрады. Өңірге фермерлердің өтінімдеріне сәйкес 15,7 мың тонна жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінді", - деп жазылған баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетсек, Жамбыл облысында суармалы жерлердегі су тапшылығы әсіресе Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас аудандарында, сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданында қатты сезіліп тұр. Алдын ала мәлімет бойынша, дәнді жүгері көп жерде күйіп кеткен, қант қызылшасы, көкөніс және бақша дақылдары аздап зардап шеккен. Облыста аймақтағы климаттың өзгеруі салдарынан Шу және Талас өзендерінің арналары суалып, су тапшылығы тіркелді.
Жаңалықтар
0