Қызылордада бес жыл бойы тоқтап тұрған зауыт қайта іске қосылды

© Photo : Пресс-служба акима Кызылординской области Кызылординская область
Кызылординская область  - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.08.2023
Жазылу
Бес жыл бойы тоқтап тұрған мия тамырын өңдейтін Қазақстан-Қытай кәсіпорны қайтадан өнім шығара бастайды
АСТАНА, 13 тамыз – Sputnik. Қызылорда облысында түрлі себептермен бес жыл бойы тоқтап тұрған табиғи шикізат – мия тамырын өңдейтін ірі зауыт қайта іске қосылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қызыл мия тамырын өңдейтін зауыттың жалпы құны құрылыс кезінде 1,8 миллиард теңгені құрады", - деп хабарлады Қызылорда облысының әкімдігі.
Жоба 2013 жылы "Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуы" мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізіліп, 2014 жылдың желтоқсан айында зауыттағы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді, деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
Жоба қытайлық "Борихунда" компаниясы мен "Бис Групп" ЖШС қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Бұл ретте кәсіпорын орналасқан 8,75 гектар жер телімі мемлекеттік қолдау шарасы ретінде кәсіпкерлерге берілді.
"Нысан іске қосылғаннан кейін көп ұзамай үлескерлер арасында келіспеушілік туындап, зауыт жұмысы 2017 жылға дейін тоқтап қалды. Осы жылы зауытқа 115 мың долларға жаңа қондырғылар орнатылған болатын. Сол жылы мия тамырын өңдейтін зауыт бірінші рет өз өнімін экспортқа шығарды. Яғни, Қытайға 20 тонна глицирризин қышқылының қара ұнтағы жөнелтілді. Ал 2018 жылы 13,6 тонна экспортталды", - деп хабарлады облыс әкімдігінің өкілдері.
2018 жылдан бері Жалағаш кәсіпорны шығарған өнім құнының әлемдік нарықта арзандауына байланысты мұндағы жұмыс тағы да тоқтатылды.
"2022 жылы мия тамырын өңдеу зауытын қайта іске қосу мақсатында мұнда "Бис-Групп" ЖШС Қытай технологтарының қатысуымен жөндеу жұмыстарын жүргізді", - дейді облыс әкімдігіндегілер.
Зауытты газға қосу үшін 16 миллион теңгеге 1,5 шақырымға газ құбыры тартылды. Қоймаларда 900 тонна шикізат, мия тамыры бар. Қосымша қондырғылар іске қосылды, процесс басталды, зауытта 30-дан астам адам жұмыс істейді, дейді әкімдіктегілер.
Жаңалықтар
0