Электрлі самокаттарға қатысты жаңа заң қабылданды – нені білу керек

© Sputnik / Владислав ВодневСамокат тұрағы
Самокат тұрағы - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.08.2023
Жазылу
"Жол қозғалысы туралы" заңға енгізілген түзетулер 30 тамызда күшіне енеді
АСТАНА, 16 тамыз – Sputnik. Елімізде электрлі самокаттарға қатысты жаңа заң қабылданды, деп хабарлады Polisia.kz.
Жаңа заңға сәйкес электрлі самокат веложолда, веложолақтарда, 25 км/сағат жылдамдықпен жолдың оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақ бойымен бір қатарда жүре алады. Ал тротуар мен жол жиегінде, жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықпен жүруі керек.
Сонымен қатар электрлі самокат көлікке арналған жолмен жүруге тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі және жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы керек.
Мопед, электрлі самокат және велосипед жүргізушілері жолдың жүріс бөлігінде шлем киюі керек.

Жол жүру ережесін бұзғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, кикшеринг компаниялары жаяу жүргіншілер мен саябақтардың белгілі бір жерлерінде электрлі самокат жылдамдығын шектейді. Орнатылған GPS-сенсордың арқасында мұндай аймақтарға кіру кезінде жылдамдықты шектеу автоматты түрде қосылады.
Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау (ӘҚБтК-нің 593-бабы, 5 АЕК көлемінде айыппұл салу), сондай-ақ жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғандар (ӘҚБтК-нің 620-бабы, ескерту немесе 3 АЕК көлемінде айыппұл салу) жауапкершілікке тартылады.
"Жаяу жүргінші" түсінігі электрлі самокат пен шағын электр көліктерін жетектеп жүруге қатысты заң талаптарына сәйкес реттелуде. Осы түзетуге байланысты бұл көліктерден түсіп жетектеген кезде олардың жүргізушілері жаяу жүргіншілерге теңестіріледі", - дейді Боранова.
Электрлі самокаттар ішкі істер органдарында тіркелмейді.
Электрлі самокаттардың максималды жылдамдығы 25 км/сағаттан артық болса, ол "мопед" ұғымына түседі.
Мопедтердің, электрлі самокаттардың және велосипедтердің жүргізушілеріне басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуге арналған жарық шағылыстыратын затсыз жүруге тыйым салынады. Бұл талапқа сәйкес сізде кез келген жарық қайтарғыш элементі бар зат болуы керек. Ол кез келген киім болуы мүмкін: күртеше, қалпақ, жилет, аяқ киім, рюкзак, сөмке және арнайы жарық қайтарғыш ленталар.
Жүргізушіге жан-жағынан көрінуі үшін оларды киімдердің үстіне кию керек.
Электрлі самокатты мас күйінде жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Жаңалықтар
0