Қоғам

Жол апаты неден болады – ІІМ себебін атады

© PhotoАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.10.2023
Жазылу
ІІМ қала маңындағы трассаларда "орташа жылдамдықты" асырғаны үшін жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр
АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев жол апаттарының негізгі себебін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, республика бойынша жол апаттарының саны азайған. Бірақ бірнеше өңірде апат деңгейі әлі де жоғары.
"Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында апаттылықтың деңгейі жоғары болып қалып отыр. Негізгі себептердің бірі – жолдар мен инфрақұрылымның жағдайы. Статистика бойынша жол-көлік оқиғаларының 73%-і елді мекендерге келеді", - деді Қожаев үкімет отырысында.
Ол адам шығынымен болған апаттардың төрттен бір бөлігі жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты екенін атап өтті. Ең көп үлес Алматы, Астана қалалары және Алматы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында.
Қожаевтың ақпаратынша, реттелмейтін өткелдерде зардаптары ауыр жол-көлік оқиғалары 5 есе жиі болады. Елімізде тек 250 жер үсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелі бар. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында олар мүлдем жоқ. Бүгінде 1 мыңнан астам бағдаршам, 1,5 мың "кері санақ" таблосы, 25 мың жол белгісі және 1 млн шақырымнан астам жол таңбасы қажет.
"Қала сыртындағы жолдарда жағдай қиын. Оларға ауыр апаттардың көпшілігі және адам шығынымен болған жағдайлардың 50%-і келеді. Бұл деңгей Ақмола (72%), Ақтөбе (69%), Алматы (68%), Атырау (64%), Жамбыл (63%), Солтүстік Қазақстан (61%), Жетісу облыстарында (60%) одан да жоғары", - деп мәлімдеді ІІМ басшысының бірінші орынбасары.
Ол соңғы жылдары заманауи магистральдар салынып жатқанын атап өтті. Айтуынша, бұл жол қауіпсіздігіне әсер етеді.
"Мәселен, 15 жыл бұрын жолда 4 мыңнан астам адам қаза болатын, қазір 2 есеге азайды. Ал магистральдық жолдардың жекелеген учаскелерінде өлім саны 6 есеге қысқарды. Мысалы "Астана-Щучинск" тас жолын бірінші санатқа ауыстырғаннан кейін жол апаты салдарынан болатын адам шығыны жылына 75-тен 12-ге дейін төмендеді. Бұл жұмысты жалғастыру керек", - деді Қожаев.
ІІМ мәліметінше, қазір 1-ші санаттағы, 4 және одан көп жолағы бар жолдар тек 2%-ті құрайды (148 мың км-ден 3 мың км.). Қалғаны ескі стандарттар бойынша салынған. Олар екі жолақты, ені 7 метрден аспайды.
Қожаев 6 мың шақырымнан астам жолды 2-ші және 3-ші санаттардан бірінші санатқа ауыстыруды қамтамасыз ету қажет екенін айтты.
Сондай-ақ ІІМ қала маңындағы трассалардың түзу сызықты учаскелерінде "орташа жылдамдықты" асырғаны үшін жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.10.2023
Қоғам
Жалған техникалық байқау үшін айыппұл мөлшері 517 мың теңгеге дейін өседі
Жаңалықтар
0