"Әлем мұсылмандары реакция білдіруі мүмкін": Иран елшісі мәлімдеме жасады

© AFP 2024 / SAID KHATIBКлубы дыма во время израильской бомбардировки Хан-Юниса на юге сектора Газа, 18 октября 2023 года, на фоне продолжающихся боев между Израилем и палестинской группировкой ХАМАС
Клубы дыма во время израильской бомбардировки Хан-Юниса на юге сектора Газа, 18 октября 2023 года, на фоне продолжающихся боев между Израилем и палестинской группировкой ХАМАС - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2023
Жазылу
Иран Газа секторында басқыншыларға қарсылық танытатын қозғалысты қолдайды
АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Бүгін Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Әли Акбар Джоукар журналистерді жинап, Газа секторындағы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасады. Тілшілердің сұрақтарына да жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Иран "ХАМАС"-ты қолдай ма
Бүгінде Иран "ХАМАС" қозғалысын қолдайды деген ақпарат тарап жатыр. Елшінің айтуынша, Израильге жасалған шабуылға Иранның ешбір қатысы жоқ. Оны АҚШ-тың барлау қызметі де растап отыр. Бірақ Иран Газа секторындағы басқыншылыққа қарсылық танытып жатқандарды қолдайды.
"Иран Газа секторында басқыншыларға қарсылық танытатын қозғалысты қолдайды. Соның ішінде "ХАМАС" та бар. Бұл - заңды нәрсе. Үнемі қысым көретін халық жай жата алмайды, оның да өзіндік реакциясы болады. Иран болса, ол жердегі істерге араласпайды. АҚШ-тың барлау қызметі де 7 қазанда жасалған шабуылға Иранның ешбір қатысы жоқ екенін айтқан", - дейді Джоукар.
Оның айтуынша, осы проблеманы зерттейтін адамдар Газа секторында тұратын жергілікті халықтың құқықтары сақталмайтынын жақсы біледі.
"Өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, Израиль режимі үнемі өз жерін кеңейтіп келеді. Палестиналықтардың жерін тәркілеп жатыр. Соның салдарынан біраз адам босып кетті. Олар БҰҰ бекіткен құқықтар мен ережелерді сақтамайды. Батыс елдерінің өздері мойындап отырған адам құқықтары сақталмай отыр. Марқұм Ясир Арафат кезінде жасалған бейбіт келісімдер де бұзылды", - деп атап көрсетті елші.
Иран қай кезде араласуы мүмкін
Қазіргі кезде Иран Газа секторындағы қатыгездіктің тоқтатылғанын ғана қалайды.
"Біздің елдің басшылары өз ұстанымын жариялады. Бұл қатыгездік, бұл агрессия жалғаса беретін болса, оған барлық әлемнің мұсылмандары реакция білдіруі мүмкін. Қазірдің өзінде ислам елдері осы мәселе бойынша өз бірлігін көрсетіп отыр, ұстанымдары да бірдей", - дейді елші.
Осы орайда Джоукар батыс елдерінде өтіп жатқан наразылық акцияларын да еске алды.
Қақтығысты қалай шешуге болады
Елшінің айтуынша, Палестина жерінде мұсылмандар ғана емес, еврейлер де, христиандар да тұрады. Олар өз елінің тағдырын өздері шешуі керек.
"Иранның ұстанымы баршаға аян. Біз оны үнемі айтып келеміз. Палестина халқы қандай мемлекет, қандай билік болатынын ашық референдум арқылы шешуі керек. Олар өз таңдауын жасауы қажет", - деді Джоукар.
Елшінің айтуынша, Израиль Газа секторындағы халықтың көрші араб елдеріне босқын болып кеткенін көздейді. Оны жергілікті адамдар да жақсы біледі. Сол себепті өз жерін қорғауға бар күш-жігерін салып жатыр.
"Халықаралық қауымдастықтың екі тарапты зорлық-зомбылықты тоқтатуға үндейтін ерік-жігері болады деп сенеміз. Негізі, бір жақтың құқықтары үнемі тапталса, қысымшылық жасалса, қақтығысты тоқтатуды талап ету қиын. Бүгінде Газаны "ашық аспан астындағы түрме" деп атайды. Мысалы, Иордан өзенінің батыс жағалауында тұратын адамдар киелі жерлерге барып, зиярат етейтін десе, оларға рұқсат берілмейді. Ал бағынбағандарды өлтіріп тастайды. Осы уақытқа дейін біраз адамды жай дұға оқуға әрекет еткені үшін атып тастады. Сондықтан кешенді бір шаралар қолға алынбаса, жақын арада бұл қақтығыс шешілмейтін сияқты", - деп атап көрсетті Иран елшісі.
Джоукар Газа секторындағы ауруханаға жасалған соққыдан кейін Иранда қара жалауды не себепті көтергенін түсіндірді. Бұл белгі аза тұтуды білдіреді. Себебі ауруханада жүздеген адам қаза тапты. Олардың ішінде әйелдер мен бейкүнә балалар да бар.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.10.2023
Қазақстан ХАМАС-тың бейбіт тұрғындарға шабуылын айыптайды – СІМ
Жаңалықтар
0