Қазақстанның әуе тасымалы нарығына қызығушылық артып жатыр – Ластаев

© Sputnik / Владислав ВодневСамолет в небе
Самолет в небе - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.12.2023
Жазылу
Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев елдегі әуе тасымалдаушылары санының артуы және ашық аспан режимі туралы айтты
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның әуе тасымалы нарығына ірі әуе компаниялары, соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі компаниялар үлкен қызығушылық танытуда. Олардың бірқатарымен қазірдің өзінде келіссөз жүргізіліп жатыр және жақын арада нарықта жаңа тасымалдаушылар пайда болады деп күтілуде.
Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, Қазақстанда шетелдік әуе тасымалдаушылары үшін ашық аспан режимі мемлекет басшысының тапсырмасымен 2017 жылы енгізілген. Бұл шешім сол кезде нарықта жаңа компаниялардың пайда болуына әкелді. Олармен ынтымақтастық жақсы дамып бастағанымен, коронавирус пандемиясы жоспарларға кедергі келтірді.
"Wizz Air, Lot Airlines, FinnAir компаниялары рейстерді бастады. Парсы шығанағы – Аман, Бахрейннің бірқатар компаниясы Алматыға рейс жасады. Бұл оң нәтиже берді, бірақ, өкінішке қарай, пандемия әсер етті", - деді Ластаев.
Ол пандемия кезінде тасымалдау тоқтағанын еске салды. Сондықтан бұл режим пандемия кезінде жұмыс істемеді.
"Қазір біздің ішкі және халықаралық нарық пандемиядан кейін толығымен қалпына келді", - деді Ластаев.
Оның айтуынша, пандемиядан кейін әуе қатынасы қалпына келгеннен кейін Қазақстанның бұл саласы өте жақсы нәтиже көрсетіп жатыр.
"Біз өте жақсы өсім көрсетіп жатырмыз – бүгінде жыл басынан бері жолаушылар ағыны шамамен 26%-ға өсті. Екі таңбалы сандағы өсімді серпіліс деп айтуға болады. Соған сәйкес біз қолданыстағы режимді жетілдіріп жатырмыз. Отандық компаниялар ұшатын бағыттарға шектеу қойылды. Яғни, бесінші дәрежелі еркіндік режимі күшінде болған жоқ. Бүгінде бұл шектеу алынып тасталды", - деді көлік вице-министрі.
Оның айтуынша, жақын арада қазақстандық әуе тасымалы нарығына әлемге әйгілі жаңа компаниялар келуі керек. Солардың бірі – малайиялық лоукостер AirAsia.
"Бұл ең ірі он лоукостердің бірі. Бірер айдың ішінде Куала-Лумпурдан Алматыға рейс басталады. Алдағы уақытта осы компанияның ұшақтары Таиландтан да ұшады деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ біз осы әуе компаниясымен бесінші дәрежедегі еркіндігі бар рейстерді де талқылап жатырмыз", - деді Талғат Ластаев.
Вице-министр қазақстандық нарықта AirAsia ұшақтарының пайда болуының нақты мерзімін айта алмады. Бірақ келіссөз жалғасып жатқанын және екі тарап та жақын болашақта өзара тиімді нәтижеге қол жеткізуге ниетті екенін айтты.
Жаңалықтар
0