ШҚО-да тозығы жеткен жол өмірге қауіпті болып тұр

© Photo : Pixabay / PexelsДорога зимой
Дорога зимой - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.01.2024
Жазылу
Өскемен-Шемонайха-Ресей Федерациясына апаратын жолмен тәулігіне мыңнан аса көлік өтеді
АЛМАТЫ, 28 қаңтар — Sputnik. Өскемен-Шемонайха-Ресей Федерациясы бағытындағы күре жолдың тозығы жетіп тұр. Дәл осы трасса бойында жақында ғана жол апаты болып, төрт адам көз жұмды, деп хабарлайды 24.kz.
Осыдан кейін қауіпті учаскеге жылдамдықты шектейтін белгі де қойылды. Жергілікті тұрғындар болса "бұдан келер пайда жоқ" дейді. Олар "тас жол толығымен жөнделмесе, қайғылы оқиғалар қайталана береді" деп алаңдайды.
Өйткені қазір қар басып жатқан асфальт үсті көктемде мүлдем көлік жүру мұң болатын шұрық-тесікке айналады. Өскемен-Шемонайха-Ресей Федерациясына апаратын жолмен тәулігіне мыңнан аса көлік өтеді. Тек аудандық қана емес, халықаралық маңызы жоғары трассаға күрделі жөндеу жасалмағанына бірталай болған.
Сарапшылардың айтуынша, мұнда тым құрығанда 5 жылда бір рет орташа жөндеу жасалуы керек. 2018 жылы трассаның 18 шақырымы ғана жөнделіпті. Инженер-маман Айдос Қабылбаев бұл жолдың жайын жақсы біледі. Талай рет тексеріп, әбден тозған бөліктерін тиісті мекемеге жіпке тізгендей көрсетіп берген.
"Бұл жолға былтыр 2023 жылы диагностика жасалды. 102 шақырымға. Нәтижесінде қай жерлерін жөндеу керек, қай телімдерге керегі жоқ, соларды анықтап тапсырушы мекеме Қазавтожолға ұсыныс берілді", - дейді облыстық жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері Айдос Қабылбаев.
Ұсынылған басты учаскелердің бірі Первомайка мен Рассыпное ауылдары арасындағы 30 шақырым. Осы бөлікті жөндеу мақсатында енді қаражат бөлінбек.
"Биылғы жоспар бойынша 56-86 шақырым аралығын орташа жөндеу көзделген. Оған 3,2 миллиард ақша қарастырылды, Қазіргі таңда конкурс жарияланған. Әзірге 150 миллион теңге бөлінді, мердігер анықталған соң қалған ақша бөлінеді", - дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК ШҚО филиалының бөлім бастығы Шыңғыс Заитов.
Ауыл-аймақтағы елде халықаралық маңызды трассаны жөндеуге енді әкімдік де баса назар аударар деген үміт бар. Өйткені биыл өлкеде "Жол жылы" жарияланды.
Жаңалықтар
0