Тоқаев жазушы және драматург Медеу Сәрсекенің отбасына көңіл айтты

CC0 / christoph_mschrd / Перо, ручка, бумага, письмо, иллюстративное фото
Перо, ручка, бумага, письмо, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.03.2024
Жазылу
Қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының сүрлеуін салған қаламгер ғылымның мүмкіндігін өрнекті сөзбен кестелеп жеткізе білді, делінген жеделхатта
АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Медеу Сәрсекенің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорда.
Президент аса көрнекті жазушы, драматург және қоғам қайраткері Медеу Сәрсекенің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

"Медеу Сапаұлы кемеңгер жазушы ретінде талғамы жоғары оқырманның ықыласына бөленді. Қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының сүрлеуін салған қаламгер ғылымның мүмкіндігін өрнекті сөзбен кестелеп жеткізе білді. Соңына бай рухани және әдеби мұра қалдырған Медеу Сапаұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған жеделхатта.

Медеу Сәрсеке туралы не білеміз

Медеу Сапаұлы 1936 жылы ШҚО Абыралы ауданының Қайнар кеңшарында дүниеге келген. 1953 жылы орта мектепті бітіріп, политехникалық инстиутқа түсті. Оқудан кейін өндіріс пен жазушылықты қатар алып жүреді. "Лениншіл жас" газетінде жұмысшы жастар бөлімінің меңгерушісі болды. Зауытта инженер қызметін атқарды.
Медеу Сәрсеке өзі ортасында жүрген өндірістің қилы-қилы сырларын, онда еңбек ететін адамдар туралы күрделі шығармалар жазады. "Ғажайып сәуле", "Көрінбестің көлеңкесі" мен "Жетінші толқын" ғылыми фантастикалық туындыларын жарыққа шығарды. Кенді Алтайдың тіршілік-тынысын, өмір ағысын суреттейтін "Жаңғырық" романын жазды. Артына жалғасы ретінде "Көмбе" романын шығарды.
2002 жылы академик Қ. Сәтбаев жайлы орыс тілінде "Планета Сатпаева" және "Через тернии" кітаптары оқырманға жол тартты. Саналы ғұмырын қазақтың Қанышына арнаған белгілі жазушы Медеу Сәрсеке атақты ғалымды әлемнің 112 еліне танытқан суреткер.
Медеу Сапаұлы - "Еңбектегі ерлігі үшін" медалінің иегері.
1996 жылы жазушыға "Семей қаласының құрметті азаматы" атағы берілді.
Жаңалықтар
0