Олжас Бектенов біржолғы өтемақы төлеуді осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырды

© Photo : Официальный сайт премьер-министра КазахстанаЗдание правительства Казахстана
Здание правительства Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.04.2024
Жазылу
АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға біржолғы өтемақы төлеуді осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінгі таңда зардап шеккен 3 561 отбасына жоғалған мүлкі үшін 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы түрінде шамамен 1 млрд теңге төленді. Зардап шеккендерге өтемақы төлеу процесі осы апта соңына дейін аяқталады.
"Баспанасынан айырылған тұрғындар үшін зардап шегушінің өз таңдауы бойынша жаңа үйлер салынады немесе нарықтан дайын баспана сатып алынады", - делінген хабарламада.
Саяжай зардап шеккен адамның жалғыз үйі болса, осындай тетік қолданылады.
Павлодар облысында 119 үй бойынша залал өтеліп, тұруға жарамсыз 5 үйдің құрылысы басталған. Қостанай облысында зардап шеккендер үшін 27 пәтер сатып алынды, 1 600 отбасына әлеуметтік көмек төленді. Арқалық қаласында отбасылар ертең 18 сәуір күні жаңа үйге қоныстанады. Ақтөбе облысында 44 отбасына 94,3 млн теңге көлемінде материалдық шығын өтелді: 57 жаңа үйдің құрылысы басталды.
Әкімдіктердің жедел деректері бойынша бүгінде зақым келген үйлер саны – 9 627, оның ішінде 9 610 жеке, 17 көппәтерлі тұрғын үй. 2 123 үйге жүргізілген техникалық тексеру нәтижелеріне сәйкес 1 067 үй қалпына келтіруге жарамайтыны анықталды, ал 1 056 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген.
Үкімет басшысы бұл алдын ала жасалған деректер екенін және бірқатар өңірдегі күрделі су тасқыны жағдайын ескере отырып, шығын ауқымы арта түсуі мүмкін екенін атап өтті.
"Су тартылған өңірлерде әкімдіктер зардап шеккен азаматтардың, жоғалған немесе бүлінген мүліктердің тізімін жасау және бағалау жұмыстарын аяқтап, шығындарды өтеуге кірісуі керек. Бұл ретте, тізімге үйлері сау, ешқандай зардап шекпеген адамдар кіріп кетпеуге тиіс", — деп атап өтті Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу мәселесі бойынша кеңесте.
Премьер комиссиялардың жұмысын ешқандай бюрократияға салмай, жедел ұйымдастыруды тапсырды.
Жаңалықтар
0