ауыл, архив

Омбы облысындағы ауылда жалғыз тұрып жатқан қазақ өз өмірі туралы айтты - видео

7619
(Жаңартылды 11:24 19.02.2021)
Рахметжан Құсайынов – Дүйсетай ауылының жалғыз тұрғыны. Үй-жайы, қора-қопсысы қираған, тірі жан баласы қалмаған ауылға ол кездейсоқ тап болып, 12 жыл бұрын фермерлік шаруашылық ашуды шешкен

НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik, Айгюзел Қадыр. Дүйсетай ауылы Омбы облысынан 130 километр қашықтықта орналасқан. Мұнда қазір тек бір ғана адам тұрып жатыр – Рахметжан Құсайынов.

Кеңес одағы кезінде ауылда шамамен 60 отбасы тұрған. Басым бөлігі қазақтар болған. Кейінірек халық келешегі жоқ ауылдан жаппай көше бастайды. Үйлер қирап қалған. 2009 жылы қабырғасы бүтін қалған жалғыз үйді Рахметжан Құсайынов сатып алып, ауылға мал айдап кіргізген.

Бүгінде Құсайыновтың Дүйсетай ауылында фермасы бар. Шаруашлықта вахталық әдіспен бір сауыншы және екі бақташы жұмыс істейді. Олар Москаленск ауданын ет және сүтпен қамтамасыз етіп отыр.

Ауыл неге қаңырап бос қалды

Рахметжан Құсайынов Дүйсетай ауылына кездейсоқ тап болған. Ол сол маңнан өтіп бара жатқан кезде ауылдан соңғы болып көшіп жатқан қарияны кездестіреді.

"Негізі өзім Новоцарицыно деген ауылданмын, сол жақта тіркелгенмін. 2009 жылдан бастап Дүйсетай ауылына қоныс аудардым. Мұнда қазаншұңқыр болды, электр желісі тартылған, өріс пен үй бар. Мал ұстап, шаруашылықпен айналысуға өте ыңғайлы. Менде ол шақта 2-3 жылқы, 3-4 сиыр, 50 қой болса, қазір мал саны көбейді: 30 бас сиыр, 200 қой және 30 жылқым бар", - деді Құсайынов Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Дүйсетай ауылында отырықшылыққа бет бұрған көшпелі қазақтардың ұрпақтары тұрған. Ер адамның айтуынша, кеңес одағы кезінде мұнда алпысқа жуық отбасы болған. 2002 жылғы халық санағы барысында 25 адам тіркелген.

"Дүкен мен мектепті жауып, ауылдың келешегі жоқ деді. Барлығы жан-жаққа тарап кетті. Енді адамдар басқа қайтпек? Сол уақытта ауылдарды ірілендіру бойынша шаралар қабылданды ғой. Ал, мен келген кезде мұнда ештеңе болған жоқ. Үй де, мектеп те жоқ. Мен сатып алған үй соңғы баспана болатын. Ол кеңес билігі кезінде, мүмкін, 90-шы жылдары салынған ба, кім білсін...", - деді ол.

Ауылда өркениет атаулыдан қалған жалғыз дүние – электр жарығы. Ауыз суды көрші ауылдан тасып ішеді. Ал, малды қазаншұңқырдағы сумен суарады. Аптасына екі рет ауыл жанынан көрші Татьяновка аулына қарай автобус жүреді.

Оқи отырыңыз: Назарбаевқа айтар өтінішім бар – Омбы қазағы

"Жолды арнайы қызмет тазалайды. Ал, батпақ болған кезде өзіміз амалдаймыз. Осы жылы қыс қатты болған жоқ. Қар мен аяз жоқ. Бір апта ғана далада аяз тұрды. Бірақ, бұл аса қорқынышты емес. Бұдан да қатты қысты көрдік. 2012 жылы қар қалың жауып, аяздан көз ашпадық. Наурызда 12 күн далаға шықпай отырдық", - деп еске алды Рахметжан Құсайынов.

Көліктер батпаққа батып қалған кездер де болған.

"Мұнда бөтен адам жүрмейді. Біз барлығымыз бір-бірімізді танимыз. 2013 жылы көлікті боран ұшырып әкетті. Жолаушылардың арасында ересектер де, балалар да болды. Мен оларды Дүйсетайға атпен жеткіздім. Олар бір күн түнеп, түстен кейін жол ашылғанда көлігін жөндеп, өз жөніне кетті. Бізге алғысын айтты. Ал бізге алғыстан басқа не керек", - дейді шаруа.

"Ауылдан көшу әзірше жоспарда жоқ"

Құсайынов ферманы дамытқысы келетенін, бірақ, қаражат жағы қиындық туыдырып отырғанын айтты.

"Жанармай мен майлау материалдары, қосалқы бөлшектер қатты қымбаттап кетті. Ал біздің өнім – сүт. Ол әлі сол 18-19 рубль көлемінде тұр. Ет бағасы 250 рубль. Біз өзіміздің Москаленск ауданын қамтамасыз етіп отырмыз. Біз істі бастаған кезде солярка 0 рубль болса, қазір 50 рубль 50 тиын тұрады", - деді ол.

Ауыл тұрғыны салықты уақытылы төлеп отырғанын және жұмысшыларға жалақыны кешіктірмей беретінін айтты.

"Егер, біз 100% табыс көрсек, ферманы дамытуға 25-30% қалады. Сондықтан ел қатарлы күн көріп, ас ішіп, киім киюге ғана қаражат қалады. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп бай болу екіталай", - деді ол.

Оның айтуынша, Новоцарицынск округінің құрамына кірген Дүйсетай ауылында бұрынғы тұрғындардан ешқандай техника қалмаған. Ол бұл жердің топырақ құнарлы екенін атап өтті.

"120 гектарға егін егіп, жинап алып отырмыз. Топыраққа салған бір түйір бидайдың өзі көктеп шығады. Айналамыз орман. Саф ауа. Бақша ексең де болады. Бір қап картоп ексең, 25-30 қап өнім аласың", - деді ауыл тұрғыны.

Дүйсетай ауылынан көшу оның жоспарында әзірше жоқ.

"Басқа не істеймін? Арақ ішкім келмейді. Оған уақытым да жоқ. Әлі де жұмыс істей тұрсам деймін", - деп қалжыңдады ол.

"Интернет желісі нашар жұмыс істейді. Мен рөлде келе жатырмын. Қазір Дүйсетайға бұрыламын. Сол кезде байланыс жоғалып кетеді...", - деген кезде онымен әңгіме де үзілді.

ХХ ғасырда Омбы облысында шамамен 600 қазақ ауылы болған. Қазір олардың саны 40-қа жуықтайды. Жергілікті қазақтар ұлттық мәдениетті, тілді дәріптейді,  қазақтың мейрамдарын тойлайды.

Бұған дейін Sputnik Қазақстан Ресейдің Новосібір облысындағы Маметкино ауылында тұрып жатқан жалғыз отбасы Байсүгіровтер туралы жазған болатын.

Видеоны Омбы облыстық "12 арна" телеарнасы ұсынды

7619
Кілт сөздер:
видео, қазақ, Омбы
и песчаными дюнами

Ресей Аралды құтқару қорын қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр

30
(Жаңартылды 22:12 02.03.2021)
Қазақстан мен Ресейдің сарапшылары Жайық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды, Ертіс өзені бойынша да осындай келісімдер жасалды

НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Ресей Федерациясында Аралды құтқару халықаралық қорына қолдау көрсету бойынша арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшілігі хабарлады.

Бұл бағыттан бөлек, жоба су шаруашылығын дамытуға және 2021-2030 жылдары Орталық Азия елдерінің климаттық  тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.

"Бұл Ресейдің тиісті өңірлік жобаларды іске асыруға қатысу арқылы Қазақстанмен экология саласындағы диалогты одан әрі кеңейтуге мүдделі екендігін білдіреді", - делінген елшіліктің сайтында жарияланған хабарламада.  

Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасында экология және қоршаған ортаны қорғау саласында сындарлы диалог құрылғаны аталып өткен.

"Біздің елдеріміздің президенттері екіжақты ынтымақтастықтың осы бағытына ерекше назар аударады. Салалық ведомстволар тұрақты байланыс орнатқан, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі Ресей-Қазақстан аралас комиссиясы, Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Ресей-Қазақстан комиссиясы табысты жұмыс істеп жатыр", - делінген хабарламада.

Күн тәртібінде трансшекаралық өзендердің бассейндерін жақсарту, ақбөкен мен Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау, жасанды қорғаныш орман белдеулерін құру, өрт сөндіру ұйымдарының бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу, ауру ошақтарының алдын алу мен жою бойынша өзара іс-қимыл мәселелері тұр.    

Сонымен қатар, 2020 жылдың желтоқсан айының соңында 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша Ресей-Қазақстан ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

Құжат экожүйені қалпына келтіру, ластану көздерін анықтау, су өткізгіштерді қайта құру, су объектілерін тазарту және қалпына келтіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуді көздейді.  

"Ертіс өзені бойынша да осындай келісімдер жасалды, сарапшылар бассейннің гидрохимиялық және гидрологиялық жағдайыне талдау жасайды. Бұл бағдарламаларға қол қою Ресей-Қазақстан қатынастарының маңызды кезеңі деп санаймыз", - деп мәлімдеді дипломатиялық миссия.

30
Жаяу жүргінші, архивтегі сурет

Астраханда жартылай жалаңаш жүргізуші екі адамды қағып кетті

736
(Жаңартылды 13:06 01.03.2021)
Дереккөздің хабарлауынша, оның бойынан мас күйге тән белгілер байқалған, ол медициналық тексерістен өтуден бас тартқан

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Астраханда жартылай жалаңаш күйде шетелдік көлік тізгіндеген жүргізуші жаяу жүргіншілерді қағып кетті, деп хабарлайды РИА Новости.

Аймақтық құқық қорғау органының өкілдері ұсынған дерекке сүйенсек, оқиға жексенбі күні таңертең Адмиралтейская көшесінде болған.

"Hyundai Solaris көлігі жаяу жүргіншілерге арналған жолақпен екі адамның өтіп кетуін күтіп тоқтағанда, оның артқы сол жақ тұсынан жоғары жылдамдықпен Toyota Camry көлігі соғады. Соққының күштілігінен сырғыған Camry жаяу жүргіншілерді баудай түсіріп, бағанаға тірелген", – делінген ақпаратта.

Апат салдарынан 1983 жылы туған әйел бас-ми жарақатын алып, аяғы сынған. Ал оның 1977 жылы туған күйеуі басынан жарақат алады, оның жамбас сүйегі сынған. 

Жол апатына кінәлі көліктің жүргізушісі айтарлықтай жарақат алмаған. Дереккөздің хабарлауынша, оның бойынан мас күйге тән белгілері байқалған. Ол медициналық тексерістен өтуден бас тартқан.

"Ол жартылай жалаңаш болды және оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті", – делінген хабарламада.

Ал кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жол апатын жасаған жүргізуші жергілікті депутаттың ұлы, ал жарақат алғандар әскери прокурор мен оның әйелі болуы мүмкін деген ақпарат таратты.

Экс-депутаттың ұлы екені расталды

Кейіннен БАҚ өкілдеріне облыс губернаторының баспасөз қызметі жаяу жүргіншілерді қаққан көлік жүргізушісінің әкесі Астрахан облыстық думасының бұрынғы депутаты болғанын растады.

Оқи отырыңыз: "Құдай сақтаған": Петропавлда жаяу жүргінші өлім аузынан қалды - видео

"Жол апатына кінәлі адамның әкесі бесінші шақырылым депутаты болған. Алайда, ол қазіргі уақытта дума депутаты емес", – делінген баспасөз хабарламасында.

736
Кілт сөздер:
жарақат, жол апаты
Тақырып бойынша
Алматыда жаяу жүргінші өзін қаққан көліктің артқы терезесінен бір-ақ шықты
Павлодарда бүлдіршін 6-қабаттан құлап кетті: жаяу жүргінші құтқарып қалды
Қостанайда жаяу жүргінші 5-қабаттан құлаған баланы қағып алды
Жаяу жүргінші жол үстінде әжей мен әйелдің кеудесінен ұрып кетті – видео
Атырауда көліктің алдынан жүгіріп шыққан жаяу жүргінші видеоға түсіп қалды
Архивтегі фото

АҚШ пен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы шиеленісті ме?

0
Серіктестік екі тараптың да стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Алайда демократия мен адам құқықтары мәселесінде қос мемлекеттің жолы қақ айырылады

НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Сауд Арабиясы мен АҚШ қарым-қатынасы күрделі кезеңнің алдында тұр. АҚШ-тың Ұлттық барлау қызметі 2018 жылы журналист Джамал Хашукджиді өлтіру туралы баяндаманы жариялағаннан кейін Ақ үй жаңа стратегия жариялады: америкалықтар Йемендегі соғысты тоқтатып, адам құқықтарын сақтауды талап етті, деп жазды РИА Новости.  

Мемлекеттік департамент басшысы Энтони Блинкен 76 саударабиялық азаматқа визалық шектеу енгізу туралы мәлімдеді. Блинкеннің ақпаратына сәйкес, бұл азаматтардың диссиденттерді қорқытып-үркітуге және Хашукджи өліміне қатысы бар көрінеді. Дербес санкциялар Жалпы барлау қызметінің басшысы Ахмад әл Асириге де қатысты болмақ. Барлау баяндамасында Сауд Арабиясы билігін өткір сынға алған The Washington Post газетінің авторын қинап өлтіруге мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салманның да қатысы бар екені айтылған. Ханзаданың мақұлдауынан кейін журналисті ұрлап әкетіп, оны мүшелеп өлтірген. СІМ бұл айыптауды толығымен жоққа шығарды. Әйтсе де, ханзадаға қатысты жеке шектеулер енгізілген жоқ. Бірақ жаңа президент Джо Байден Эр-Риядты қатаң жазалайтынын мәлімдеген болатын.

"Бір адаммен емес, бүкіл мемлекетпен арадағы қарым-қатынас әлдеқайда маңызды. Біз корольдікті қорғауға тырысамыз", - деген Блинкен Эр-Рияд әрекеттері АҚШ мақсаттары мен құндылықтарына сәйкес келуі маңызды екенін атап өтті.

Корольдіктің қорғанысын қамтамасыз еткені үшін америкалықтарға мұнайға қолжетімділік беру аталған екі мемлекеттің қарым-қатынасының негізі десе де болады. Оның үстіне Сауд Арабиясы Америка қару-жарағына ең ірі тапсырыс беруші. Серіктестік екі тараптың да стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Алайда демократия мен адам құқықтары мәселесінде қос мемлекеттің жолы қақ айырылады.

Корольдің жеке кеңесшісі Салман атап өткендей, Барак Обама президент болған соңғы жылдарда пікірлер қайшылығы туындады. Бұл көбіне Сауд Арабиясының басты қарсыласы – Иранға деген АҚШ-тың қарым-қатынасында байқалды. Екі елдің барлау қызметі қауіпсіздік саласында сәтті әріптестік орнатқанымен, арабтардың монархияны сынаушылармен күресу әдістері АҚШ-тың көңілінен шықпады. Оған Йемендегі проблемалар қосылды. Ақ үй Америка қару-жарағы қолданылған соғыс әрекеттерінің құрбандарына алаңдады.

Ақ үйге Дональд Трамп келгеннен кейін қарым-қатынас біршама жақсарды. Трамп президент қызметіне кіріскенге дейін корольдікті аса жақтырмағанымен, ол өзінің ең бірінші іссапарын дәл осы Эр-Риядтан бастады. Хашукджи өлімі туралы баяндама алдыңғы президент кезінде әзірленген. Бірақ құжат сол уақытта жарияланбады.

"Трамп Вашингтон міндеттерін азайту үшін одақтастарға инвестиция салды. Оның серіктестері, соның ішінде Сауд Арабиясы бұрынғыдан да көп қару-жарақ сатып алып, аймақтағы жағдайда өз бақылауына алуы керек болды. Есесіне АҚШ әәскери-саяси қолдау көрсетіп, одақтастары үшін маңызды бастамаларды мақұлдап отырды", - дейді Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты Халықаралық зерттеулер институты Перспективалы америкалық зерттеулер орталығының директоры Максим Сучков.

Жаңа президент сайлануымен қатар бұл бағдар өзгереді деп болжанған және алғашқы қадамдар жасалып қойды. Байден Йемендегі шабуылдау операцияларын қолдау тоқтатылатынын хабарлады. Оның ішінде қару-жарақ экспорты да бар. Бұл өткен жылдың желтоқсанында мақұлданған 290 миллион долларға дәлдігі жоғары үш мың GBU-39 бомбасы мен сомасы 478 миллион долларды құрайтын жеті мың Paveway IV бомбасын жеткізуге қатысты болып отыр. Вашингтон Йемендегі қақтығысты дипломатиялық жолмен шешетінін мәлімдеді. Оның үстіне ақпан айынан бастап хуситтерді террористік топтар тізімінен алып тастады.

Бірақ сарапшылар екі елдің қарым-қатынасы түбегейлі өзгереді деп күту орынсыз деп санайды. Яғни, стартегиялық жоспар сол күйінде қалады.

"Америкалықтар сонау Обама кезінен бері өз энергетикасы мәселесінде едәуір өсіп, мұнай өндірісінде әлемдегі жетекші орынға ие болды да, Сауд Арабиясына деген қажеттілік азайды. Аймақішілік динамикада көп мәселе ирандық ядро келісіміне тәуелді болып тұр. Эр-Рияд – Тегеранмен қарым-қатынастағы АҚШ-тың басты серіктестерінің бірі. Егер Сауд Арабиясына тым қатты қаталдық танытса, бұл Иран үшін тиімді болады. Хашукджиді өлтіргендерді жазалау үшін АҚШ бұл әрекетке бара қоймайды", - деп санайды Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің таяушығыстық жобалар менеджері Руслан Мамедов.

Таяу Шығыс жөніндегі маман Алексей Хлебников соңғы он жылда аймақта бірнеше жаңалық болғанын еске салды.

"Тунис пен Египеттегі көтеріліс, Мысырда төңкеріс болды және соның салдарынан америкалықтардың Каирге әскери көмегі тоқтатылды. Иранмен келісім тағы бар. Осының барлығы корольдіктерді, соның ішінде Сауд Арабиясын, дипломатиялық байланысты әртараптандыруға және Ресей мен Қытай сияқты басқа да ірі державалармен қарым-қатынасты нығайтуға итермеледі", - дейді саясаттанушы.

Мәскеу де Эр-Риядқа қару-жарақ сатады. Алғашқы партияларды жеткізу 2019 жылы басталды. Содан кейін корольдік Ресеймен ауыр отшашар жүйелері, танкке қарсы кешендер, гранатометтер мен автоматтар сатып алу туралы меморандумға қол қойды. 2021 жылдың басында саудтықтар орыстың С-400 зениттік-зымыран кешендері мен Су-35 жойғыштарын сатып алуы ықтимал екені хабарланды.

"Мәскеу мен Эр-Рияд қарым-қатынасында ОПЕК+ мәмілелерінің де маңызы зор. Бұл екі тараптың да табыс көзін арттыруына септігіни тигізді", - дейді Руслан Мамедов.

Оның айтуынша, Эр-Риядтың Вашингтоннан теріс айналып, оған көптеген проблема туындату мүмкіндігі бар. Бірақ бұл екі мемлекеттің бір-бірі үшін маңызы жоғары.

"Сауд Арабиясы АҚШ-пен қарым-қатынас Ақ үйде қай президент отырғанына байланысты өзгермейді. Себебі екі елдің байланысы бірнеше онжылдық бұрын қалыптасқан. Оны онша-мұнша дүрбелеңдер бұза алмайды", - деп санайды сарапшы.

Онжылдықтарға созылған серіктестік көп салада нәтиже берді. Мысалы, Сауд Арабиясы элитасының басым бөлігі АҚШ-та білім алған, саудтық риал долларға жіпсіз байланып тұр, ал қару-жарақ пен әскери дайындық негізінен америкалықтар тарапынан орындалып жатыр. Мұны өзгерту үшін көп жыл қажет. Сондықтан сыртқы саяси байланыстарды әртараптандыру көпполярлы жаңа әлемнің талаптарына жауап беретін тактикалық қадам.

0