Вакцина

Ресейде коронавирусқа қарсы үшінші вакцина тіркелді

187
(Жаңартылды 20:30 20.02.2021)
Тұтас вирионды дәрі-дәрмектерде ауруды асқындырмау үшін жасанды түрде әлсіреген вирустар немесе белсенді емес вирустар қолданылады

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі Чумаков атындағы РҒА иммунобиологиялық препараттарды зерттеу және дамыту жөніндегі Федералды ғылыми орталықта жасалған COVID-19-ға қарсы "КовиВак" вакцинасын тіркеді.

Бұл туралы РИА Новости Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинге сілтеме жасап хабарлайды.

Премьер-министрдің айтуынша, 120 мың дозаны құрайтын препараттың алғашқы партиясы наурыз айының ортасында азаматтық айналымға шығарылады.

Сондай-ақ, жобаны жүзеге асырушылар халықаралық нарыққа шығуды да көздеп отыр.

Бұл Ресейдегі Гамалея орталығының "Спутник V" және Роспотребнадзордың Векторлық орталығы шығарған "ЭпиВакКорона" вакцинасынан кейінгі үшінші вакцина.

"KовиВак" қандай препарат

"КовиВак" вакцинасы – тұтас вирионды. Мұндай дәрі-дәрмектерде ауруды асқындырмау үшін жасанды түрде әлсіреген вирустар немесе белсенді емес (инактивацияланбаған) вирустар қолданылады.

Қазақстандағы вакцинация қалай жүргізілуде

Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцина егу жалғасуда. Алғашқы кезеңде дәрігерлер Ресейде жасалған "Спутник V" вакцинасы егілуде. Одан кейін қазақстандықтарға Қарағанды ​​фармацевтикалық кешенінде шығарылған "Спутник V" вакцинасы егіледі деп жоспарлануда.

Ал қазақстандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңінде.

Оқи отырыңыз: Бұрынғы денсаулық министрі Досқалиев COVID-ке қарсы вакцина туралы не дейді

Айта кетейік, жыл соңына дейін алты миллионға жуық қазақстандыққа вакцина егу жоспарланып отыр.

187
Кілт сөздер:
екпе, вакцина
Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина (102)
Тақырып бойынша
Коронавирусқа қарсы вакцина бедеулікке ұшыратпайды
Коронавирус жұқтырған симптомсыз науқасқа вакцина салуға бола ма?
Қазақстанда әскерилерге вакцина егу қашан басталатыны белгілі болды
Шетелде салдырған вакцина Қазақстанда қабылдана ма?
Алматыда қанша медицина қызметкері вакцина салдырудан бас тартты
вакцина

"Спутник V" вакцинасы көш бастап тұр Ресей тікелей инвестициялар қоры

15
Lancet ғылыми журналы жуырда коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасының клиникалық сынақтарының үшінші кезеңінің нәтижесін жариялады

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасына қарсы болғандар препаратқа деген сенімге селкеу түсіруді көздеп отыр. Бұл жөнінде Ресейдің тікелей инвестициялар қорының (РТИҚ) басшысы Кирилл Дмитриев мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.

"Мен "Спутник V" вакцинасын халықаралық деңгейде мойындау туралы ғана емес, біздің препарат әлемде көшбасшы екенін де айтуға болады деп ойлаймын. Әрине, біз қарапайым болуымыз керек, бірақ, шындық осы. Бізде әлемдегі ең үздік препарат бар. Бұл ресейлік ғалымдардың үлкен ерлігі. Мұны мақтан тұту қажет", - деді Дмитриев вирусология саласындағы ресейлік жетістіктерге арналған көрменің ашылуында.

"Ресейдің дұшпандары біздің елімізге деген әлем сеніміне нұқсан келтіруге тырысты. Олардың ресейлік вакцинаны күмәнді етіп көрсетуге сонша күш жұмсауын жақсы түсінеміз. Себебі, "Спутник V" әлемдегі ең үздік вакцинаның бірі. Бұл препарат олардың бойында үрей тудырады", - деп сенім білдірді РТИҚ басшысы.

Lancet ғылыми журналы біраз уақыт бұрын коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасының клиникалық сынақтарының үшінші кезеңінің нәтижелерін жариялады. ІІІ клиникалық зерттеулер кезінде "Спутник V" препараты тиімділіктің, иммуногенділіктің және қауіпсіздіктің жоғары көрсеткіштерін паш етті. Вакцинаның тиімділігі 91,6%-ті құрады. Вакцина коронавирусты инфекция жұқтырудың ауыр жағдайларынан толық қорғайды. "Спутник V" вакцинасын қолдануға әлемнің 30-дан астам елі рұқсат етіп отыр. Ресейлік вкцина тіркелген елдердегі халықтың жалпы саны 1,1 миллиард адамнан асады.

15
Танк Т-14 Армата в Москве перед началом репетиции военного парада на Красной площади

Ресейлік жаңа танк қандай болады

90
Бұл машиналар қорғаныс жағынан шынжыр табанды машиналардан әлсіз болғанымен, жылдамдығы, маневрі жағынан олардан едәуір асып түседі

"Бумеранг" бірыңғай броньды платформасы базасында алғашқы ресейлік дөңгелекті танк құрастырылмақ. Келешегі зор шассидің сипаттамалары оған "Спрут-СД" өздігінен жүретін танктегідей тегіс ұңғылы зеңбіректі қару-жарақ кешенін орнатуға мүмкіндік береді, деп түсіндірді "Әскери-өнеркәсіптік компания" бас директоры Александр Красовицкий. 

Красовицкийдің айтуынша, "Бумеранг" бірыңғай дөңгелекті платформасын құрастыру аяқталып қалды. Оның негізінде әзірленген К-16 броньды тасымалдағыштың мемлекеттік сынақтары жыл соңына дейін өтеді деп жоспарланған, деп жазады РИА Новости.

Инженерлердің сөзінше, конструкциясында ғылым мен техниканың ең заманауи жетістіктері қолданылған. Одан кейінгі жоспарда болашағынан үлкен үміт күттіретін К-17 броньды жаяу әскер машинасын, арнайы мақсаттағы техникалар мен басқа да үлгілерді сынақтан өткізу бар. "Әскери-өнеркәсіптік компанияның" бас директоры "Бумеранг" платформасы негізінде дөңгелекті танкті тез дайындау өнеркәсіп үшін проблема емес екенін баса айтты.

Мұндай техника Кеңес Одағында әзірленгенімен, Ресей әскерінде дөңгелекті танктер (толық айналмалы мұнарадағы қуатты қарумен жабдықталған броньды машиналар тобының бейресми атауы) болған емес. Бұл машиналар қорғаныс жағынан шынжыр табанды машиналардан әлсіз болғанымен, жылдамдығы, маневрі жағынан олардан едәуір асып түседі.

"Дөңгелекті танктер топырағы осы машиналар үшін қолайлы мемлекеттерде көп қолданылады", - дейді әскери сарапшы Алексей Леонков. – Мысалы, Африкада. Сондықтан, Оңтүстік Африка республикасы дөңгелекті танктерге басымдық береді. Олардың басты артықшылығы - жылдамдық пен жөндеуге дейінгі жүріс ұзақтығы. Егер негізгі соғыс танкі шамамен он мың километрден кейін бұзылып қалса, онда зеңбіректі броньды көлік жүз мың километр жүріп өтуге қауқарлы".

Сарапшының пікірінше, мұндай танктер Ресей армиясы үшін Орта Азия бағытында пайдалы болар еді. Себебі, бұл аймақтарда теміржолдардың өткізу қабілеті тым әлсіз. Ал дөңгелекті броньды машиналарды тас жолдар арқылы жеткізу қиынға соқпас еді. Сонымен қатар, мұндай техника дәл сол Сирияда патрльдеу жүргізу үшін септігін тигізеді. Қазір ол елдегі әскери полиция "Тигр" және БТР-82А броньді көліктерімен қатынап жүр.

Леонков танк, броньді тасымалдағыш секілді су кедергілерінен өтуге, қозғалыс және судан өту кезінде де оқ атуға қабілетті екенін баса айтты. Қуатты қарудың арқасында оны рейдтерде де, жалпы әскери операцияларда да қолдануға болады.

Дөңгелекті техниканың жол жабынына да ауыр салмақ түсірмеуі және зақымдамауы аса маңызды. Басқа танкілер ең берік асфальттың өзін бұзатыны белгілі. Ауыр броньды машиналарды арнайы тасымалдаушы техникамен жеткізудің себебі осында. Оларды тиеу және түсіру көп уақытты алады. Ал дөңгелекті танк соғысқа арнайы дайындықсыз-ақ жолдан қосыла алады.

125 миллиметрлі зеңбірегі бар жауынгерлік бөлімді дөңгелекті танктің негізгі қаруы ретінде қарастыруға болады. Бұл әуе-десанттық әскер үшін арнайы әзірленген "Спрут-СД" өздігінен жүретін танктегімен бірдей. 40 снарядты атыс жиынтығы мен оқтау автоматы бар тұрақтандырылған жүйедегі тегіс ұңғылы 2А75 қаруы Т-72 мен Т-90 танктеріндегі қару-жараққа ұқсас. Өздігінен жүретін танк тиісті калибрдегі оқ-дәрілердің барлық түрінен, сондай-ақ танкке қарсы басқарылатын зымырандардан оқ ата алады. Танктегі қарумен жұптастырылған 7,62 миллиметр калбирлі пулемет жауынгерлік бөлімнің қосалқы қаруы болып саналады.

Мұндай жабдықтаудағы зеңбіректі "Бумеранг" әлемдегі ең қуатты дөңгелекті танкке айналуы мүмкін. Батыс пен Шығыстағы осы типтегі әскери техниканың басым бөлігінде 05 миллиметрге дейінгі калибрлі қару орнатылған. Дөңгелекті танктер НАТО мен Азия аймағындағы бірнеше елдің қару-жарақ саласында бар. Бұл – Stryker платформасындағы америкалық M1128 MGS, француздардың AMX-10RC, жапондық MCV, италиялық Centauro. Қорғаныс министрлігі 2010 жылдың басында құрлық әскерлеріне арналған Centauro партиясын сатып алу туралы Риммен келіссөздер жүргізген болатын. Сынақ жүргізу үшін бірнеше көлік Ресейге жеткізілді. Бірақ іс одан әрі алға баспады: италиялық дөңгелекті танктер әскери техниканың сенімділігі жөнінде ресейлік талаптарға сәйкес келмеді.

"Бумеранг" перспективалы дөңгелекті платформасы алғаш рет 2015 жылғы Жеңіс күніндегі шеру кезінде көпшілік назарына ұсынылды. Бұл базадағы техника БТР тобына жататын кеңестік және ресейлік броньды тасымалдағыштарға қарағанда айтарлықтай ірі және қуатты.

750 ат күші бар ЯМЗ-780 қозғалтқышы магистральді жолда машинаны сағатына 100 километрге дейінгі жылдамдықпен жүргізе алады. Мотор бөлімі алдыңғы бөлікте орналасқан. Ол десанттың танктің артқы жағынан шығып-кіруіне мүмкіндік береді. "Бумеранг" тобындағы машиналарда құрамында керамика бар көпқабатты броньдау қолданылған. Бұл біртекті қорғанысқа қарағанда әлдеқайда сенімді.

Басқарылатын "Бумеранг-БМ" әмбебап әскери модулі бар K-17 дөңгелекті жаяу әскерге арналған әскери машина әлі күнге дейін "Бумеранг" тобындағы ең қуатты машина болып саналады. Сондай-ақ, бұдан да ауқымды нұсқа тағы бар. К-17 әскери машинасына арналған ықтимал модульдердің бірі – минутына 120 оқ ата алатын 57 миллиметрлі зеңбірегі бар АУ-220М "Байкал". Оның снарядтарының күші батыста шығарылған барлық заманауи жаяу әскердің соғыс машиналарына қарсы тұруға жеткілікті. Сонымен қатар, 57 миллиметрлі калибр ұшқышсыз ұшу аппараттарын, оның ішінде 12 километрге дейінгі аралықта ұшатын шағын ұшақтарды сәтті жоя алады.

90
Олжас Серікұлы келешекте Димаш Құдайберген, Геннадий Головкинге арналған қызғалдақ сұрпын өсіруге ниетті

Жылыжайда қызғалдақ өсіретін жігіт: "Қазақстандықтар ерекше түрін менсінбейді"

0
Әлеуметтік желіде "Қызғалдақ ханзадасы" ретінде белгілі Олжас Серікұлы биыл үшінші рет жылыжайда қызғалдақ өсірді. Кәсіпкер жыл сайын 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында саудасы қызатын қызғалдақ кәсібінің қызығы мен қиындығы жайлы айтып берді

АЛМАТЫ, 26 ақпан – Sputnik. Қызғалдақ – көктем көркі, жаңа өмірдің, тіршіліктің бастауы. Кейде оны "наурыз символы", "көктем символы" деп те атайды. Себебі құшақ-құшақ қызғалдақ құшақтаған қыздардың жүзіндегі күлкі көктемге көрік береді.  

Қызғалдақ көктемде тау бөктерінде бір апта, әрі кетсе 14-15 күн гүл ашып тұрады. Елімізде қызғалдақ Қызыл кітапқа енген. Яғни, жұлуға болмайды. Алайда кәсіпкерлер гүл кәсібін бастап, табиғатқа да зиян келтірмей, әйелдер қауымына қуаныш сыйлаудың жолын тапқан.

Алматы облысы Талғар ауданы Түзусай ауылында тұратын кәсіпкер Олжас Серікұлы үш жылдан бері жылыжайда қызғалдақ өсіреді. Айтуынша, бастапқыда отбасымен бірге көкөніс еккен. Уақыт өте келе ол салада қиындықтар болып, қызғалдақ кәсібін бастауға бел байлаған.

Кәсіпкер қызғалдақ пиязшығын Голландиядан алдырады
© Sputnik / Тимур Батыршин
Кәсіпкер қызғалдақ пиязшығын Голландиядан алдырады

"Жылыжайда қызғалдақ өсірумен 3 жылдан бері айналысамыз.  Голландиядан қызғалдақтың тұқымын әкеліп, өзіміздің жылыжайда өсіреміз. Гүл кәсібіне деген қызығушылық 3 жыл бұрын ғана оянды. Оған дейін бұл жылыжайдың ішінде қияр секілді көкөністер ектік. Бірақ көкөністі нарыққа шығару кезіндегі жағдай көңілімізден шыққан жоқ", - дейді Олжас.

Содан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандары арасында сауалнама жүргізген, кәсіпкерлермен тілдескен. Арасында қызғалдақ кәсібін ұсынғандар бар. Олжас Серікұлы мұны кездейсоқ басталған кәсіп деп атайды.

Гүл кәсібіндегі бес кезең

Олжас бұл істің отбасылық кәсіп екенін айтты. Себебі жылыжай ішінде ата-анасы бағбаншылық жасап, қолғабыс етеді. Ал қызғалдақ өзіне көңіл бөлгенді, белгілі бір температураны жақсы көреді.

30 жастағы Олжас Серікұлы 3 жылдан бері жылыжайда қызғалдақ өсірумен айналысады
© Sputnik / Тимур Батыршин
30 жастағы Олжас Серікұлы 3 жылдан бері жылыжайда қызғалдақ өсірумен айналысады

Айтуынша, қызғалдақ өсірудің өз қиындығы бар. Жалпы нөлден бастап адамдарға гүлді табыстағанға дейінгі аралық бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысы – қызғалдақ тұқымын Голландиядан алып келген кезде оның сапасына мән беру. Соған назар аудармаса, өнім сапасыз болады. Екіншісі – Голландиядан келе жатқан кезде арнайы температура сақталуын бақылау. Себебі әр пиязшықтың өз температурасы болады.

"Қазақстанда жылыжайда өсіру үшін екі түрлі пиязшық келуі мүмкін. Бірі – салқындатылған, екіншісі – салқындатылмаған. Соны қадағалау керек. Оны алып келіп, отырғызғаннан кейін тамырлануына көңіл бөлінеді. Ол белгілі бір температурада осы жылыжайда сақталады. Жағымды, жайлы климаттық жағдай қалыптастыру – жақсы өнім алудың кепілі", - дейді Олжас.

Үшінші кезең қаңтардың ортасында басталады. Ол уақытта жылыжайдың ішін жылытады, температураға қатты көңіл бөлінеді. Қызғалдақ үшін қалыпты температура – 15 градус.

Қызғалдақ үшін қалыпты температура – 15 градус. Жылыжайдағы температура жіті қадағаланады
© Sputnik / Тимур Батыршин
Қызғалдақ үшін қалыпты температура – 15 градус. Жылыжайдағы температура жіті қадағаланады

"Осы кезеңде температураның түсіп не көтеріліп кетпеуі қадағаланады. Ал ол ауа райына тікелей байланысты. Мәселен, далада ауа температурасы 10 градусты көрсетсе, жылыжай іші 25 градус болуы мүмкін. Ал ол қызғалдақ үшін қауіпті", - дейді Олжас.

Қызғалдақ жоспарланған күннен ерте не кеш гүл ашуы мүмкін. Ерте ашқан жағдайда оны қоймада 8 наурызға дейін сақтайды. Айтуынша, өткен жылы осындай жағдай болған. Қоймада жағдайдың жақсы жасалуына байланысты гүл өзгермеген қалпында кісі қолына табысталды.

"Гүл жоспарланған уақыттан ерте не кеш шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда оны қоймада 8 наурызға дейін сақтап тұруымыз керек. Жинап, сақтап қойғаннан кейін оны сату керек. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Себебі қызғалдақты өсіру мен оны сатудың арасында бірнеше айға жоспарланатын маркетингтік жоба құрылады", - дейді кәсіпкер.

Гүл жоспарланған уақыттан ерте не кеш шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда гүл қоймада 8 наурызға дейін сақталады
© Sputnik / Тимур Батыршин
Гүл жоспарланған уақыттан ерте не кеш шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда гүл қоймада 8 наурызға дейін сақталады

Демек, пиязшықты жерге отырғызғаннан кісі қолына гүлдің жету процесі желтоқсаннан наурызға дейін созылады.

Қызғалдақ санын екі есе азайтты

Олжас Алматыда 3-курс оқып жүргенінде грант жеңіп, 2012 жылы Голландияда оқыған. Сол жақта жерге орналастыру (land management) мамандығы бойынша бір жыл білім алған. Айтуынша, оның қазіргі кәсібіне шетелде білім алғанының еш қатысы жоқ. Алайда сол кезде бірнеше шақырымға егілген қызғалдаққа деген қызығушылығы болған. Өте әдемі, көздің жауын алатын сұлулық жадымда сақталып қалды. Барлығы бірдей гүл ашқан кезде жерге кестелі кілем төселген секілді болады, дейді ол.

Енді сол көріністі өзі жасап отыр. Ол үй ауласындағы жылыжайға үш жыл бұрын 20 мың, өткен жылы 30 мың қызғалдақ еккен.

Айтуынша, бұл жылыжайға 40 мың дана қызғалдақ егуге болады. Алайда кәсіпкер пандемияға байланысты қызғалдақ санын күрт төмендеткен.

"Карантинге жабылу, блок бекет қою қаупі болғандықтан шығын болмас үшін 16 мың түп отырғыздық. Дәл қазір жылыжайдың ішінде қызғалдақтың 17-ден астам түрі бар. Әрбір сұрып сабағының қалыңдығы, бойының ұзындығы, түсі, реңкінің әртүрлі болуымен көзге түседі. Ашылып келе жатқан кезде қызғылт болғанымен, бірнеше күннен кейін қоюлана түсетіндері бар", - дейді Олжас Серікұлы.

Айтуынша, сұрпы әртүрлі болғандықтан бірі ерте, бірі кеш шығады. Сондай жағдай болмауы үшін бір уақытта ашылатын түрін таңдай білу қажет. Бұл да шығынның алдын алудың бір жолы. Алайда гүл кәсібінде шығын гүлдің өнім беру уақытына ғана байланысты емес, гүлді сатуға ауа райы да айтарлықтай әсер етеді.

Олжасқа ата-анасы қолғабыс етеді. Кәсіпкердің өзі мұны отбасылық кәсіп деп атады
© Sputnik / Тимур Батыршин
Олжасқа ата-анасы қолғабыс етеді. Кәсіпкердің өзі мұны отбасылық кәсіп деп атады

"Былтыр ауа райына байланысты өте үлкен шығынға ұшырадық. 6-8 наурыз аралығында күн өте суық болды. Қызғалдақ өте нәзік өсімдік. Ол -2 градуста солып қалады. Қалада гүл сатуға әкімдік рұқсат беретін арнайы орындар бар. Сол жерге біз де жайғастық. Бірақ далада тұру мүмкін емес еді. Былтыр біз ғана емес, гүл сататындардың басым бөлігі шығынға ұшырады", - дейді кәсіпкер.

Оның сөзінше, ауа райының қолайсыздығы, жарнаманың дұрыс жүрмеуі, сатушылардың олқылығы, гүлді орайтың флористердің қателігінен шығынға ұшырау қаупі арта түседі.

Димаш пен GGG қызғалдағын шығарғысы келеді

Олжастың айтуынша, қызғалдақтың топыраққа деген талғамы бөлек. Оны өсіруге біздің жеріміздегі топырақ жарамды. Сондай-ақ, гүл бойын тіктеп, өнім беруі үшін қалыпты ылғалды талап етеді. Желтоқсаннан наурызға дейінгі аралықта ылғал бір қалыпта тұрғаны жөн. Алайда кейде ылғалды да арттырып отырады, гүл шығып жатқан кезде төмендетеді.

"Қызғалдақ кәсібіне кездейсоқ келдім. Бірақ оны өсіру барысында қызғалдаққа деген мейірім, махаббат оянған секілді. Гүлді баптау, жинау процесі ерекше әсерге бөлейді. Кейбіреулер өсімдікпен тілдесу мүмкін емес екенін айтады, алайда ол рас. Өсімдік тыңдайды, сезеді. Оған қандай жылу берсең, соны өнім арқылы екі есе етіп қайтаратын қасиеті бар. Кей жағдайда әндетіп те мейірім көрсетуге болады", - дейді Олжас.

Гүл баптаудың қыр-сырын меңгерген Олжас мұнымен тоқтап қалмайтынын айтты. Ол Қазақстанда да селекциялық жолмен гүлдің жаңа түрін өсіруге ниетті.

"Қызғалдақты алғаш өсірген жылы мақсат қойдым. Инвесторлар табылып жатса, қалталы азаматтар қолдаймын десе, голландиялық мамандармен бірге қызғалдақтың жаңа түрін өсіру жоспарда бар. Голландияда Нұрсұлтан Назарбаевақа арналған арнайы қызғалдақ  сұрпы бар. Әр мемлекет басшысына арналған арнайы гүл бар. Былтыр біз Ангела Меркель деген түрін өсірдік", - дейді ол.

Гүлді кісі қолына жеткізу процесі желтоқсаннан наурызға дейін созылады
© Sputnik / Тимур Батыршин
Олжас Серікұлы келешекте Димаш Құдайберген, Геннадий Головкинге арналған қызғалдақ сұрпын өсіруге ниетті

Қызғалдақтың жаңа түрін ойлап табу барысында ол адамның мінезі, таланты, қабілеті ескеріледі. Олжас Қазақстанда Димаш Құдайберген, Геннадий Головкин секілді азаматтардың көп екенін айтып, осы бастамасын қолдауға қалталы азаматтардың қолдауы қажет екенін жасырмады.

Олжастың айтуынша, қазақстандықтар қызғалдақтың классикалық түрін жақсы көреді.

"Өзгеше түсті ерекше түрін менсінбейді. Бойы ұзын, гүлі конус тәрізді, сабағы қатты болуы керек. Одан нәзік, одан аласа гүлді мойындамайды. Ал голландиялықтар керісінше, нәзік, жұқа, ерекше реңкті қызғалдақтарды жақсы көреді. Оның бағасы да қымбат. Сондықтан болашақта біздің жергілікті тұрғындардың ойынан шығатындай қызғалдақ түрлерін шығару ойда бар. Ол қаражатқа келіп тіреледі", - дейді ол.

Табыс қызғалдақ санына байланысты

Олжас өсірген қызғалдаққа деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Тіпті көктемде шығатын өнімнің ақысын күзде төлеп қойғандар да бар. Ал кәсіпкердің сөзінше, алыпсатарлар гүл өсірушіден бірнеше есе артық табыс табады.

"Тәжірибемізге сүйенсек, алыпсатарлар біз секілді гүл өсірушілерден әлдеқайда көп табыс табады. Жыл сайын жылыжайдан бір қызғалдақты 220-280 теңге арасындағы бағаға береміз. Олар нарыққа 600-800 теңге деп шығарады. Біз 3 ай еңбек етеміз, жылыжайды жылыту үшін көмір жағамыз, күтім жасаймыз. Ал олар сатып алады да, бір күнде нарыққа шығарады", - дейді ол.

Бұл жылыжайға 40 мың дана қызғалдақ егуге болады. Алайда кәсіпкер пандемияға байланысты қызғалдақ санын қысқартқан
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Бұл жылыжайға 40 мың дана қызғалдақ егуге болады. Алайда кәсіпкер пандемияға байланысты қызғалдақ санын қысқартқан

Алайда саудагерлердің еңбегін еш жоққа шығармайды. Серікұлы олардың жарнама жасайтынын алға тартты. Ал қызғалдақтан түсетін табыс қызғалдақтың санына байланысты.

"Дәл осы жылыжайда 40 мың немесе 500 дана қызғалдақ ексек те, оған кететін шығын бір. Көмір, жарық, бағып-қағудан бөлек, қаптайтын, орайтын заттар, сатушылар, жалға берілетін орынның ақысы, жарнамаға кететін қаражатты алып тастағанда, таза маржиналдық пайда – 100%", - дейді кәсіпкер.

Гүл нарығында бәсекелестік жоқ деуге келмейді, алайда Олжас Серікұлы мұны қазақтар көптеп айналысуы керек кәсіптің бірі деп санайды.

"Менің үш жылда байқағаным, қазақстандықтар арасында бұл кәсіппен айналысатындар бар. Бірақ арасында қазақтар жоқ, өзге ұлт өкілдері осы кәсіпті дөңгелетіп отыр. Неге екені белгісіз мемлекетке, әкімшілікке кінә таққанды жақсы көретін халықпыз. Іспен айналысамын деген адамға өте көп мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығында тек қызғалдақ қана емес, гүлдің түрі көп. Көкөніс, жеміс-жидек ағаштарын гектар-гектар жерге егіп, пайда табуға болады", - дейді Серікұлы.

Жылыжайда қызғалдақтың 17 түрі бар
© Sputnik / Тимур Батыршин
Жылыжайда қызғалдақтың 17 түрі бар

Айтуынша, кейінгі кезде бұл салаға сұраныс бар. Жылыжай кәсібі, қызғалдақ өсірудің қыр-сырын сұраушылар қатары да артқан. Ал кәсіпкер оны үйретуден қашпайды, керісінше онлайн курстар дайындап жатыр. Келешекте офлайн форматта жылыжай ішінде тәжірибесін бөліспек.

Ол осы істі бастағысы келетіндердің ниеті мен ынтасы болуы қажет екенін айтты. Ең бастысы қайсарлық қажет.

Кәсіптің жемісті болуына сараңдық танытпау да әсер етеді. Сол себепті Олжас жылыжайға тек қызғалдақ егеді. Қалған тоғыз ай бойы жылыжайдағы топырақ келесі жылы егілетін қызғалдақты күтіп, демалады.

Әлеуметтік желі қолданушылары Олжас Серікұлын "Қызғалдақ ханзадасы" ретінде таниды. Ал кәсіпкер мұны өзіне артылған сенім деп санайды.

Үш жылдан бері қызғалдақ жайлы жазба жариялап, жарнама жасап жүргеннен кейін әлеуметтік желідегі достарым бірауыздан "Қызғалдақ ханзадасы" деп атап кетті. Менің емес, бұл – халық таққан айдар. Әрі қарай да осы кәсіпті жалғастырсын деген ниетпен қойса керек. Мұны маған артылған сенім деп қабылдадым, деп түйіндеді сөзін Олжас Серікұлы.

0