Әлем

Ауғанстан ШЫҰ саммитіне қатыса ма – Лавров жауап берді  

© Sputnik / Владислав ВодневМинистр иностранных дел России Сергей Лавров
Министр иностранных дел России Сергей Лавров - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.09.2021
Жазылу
ҰҚШҰ сыртқы істер министрлері кеңесі, қорғаныс министрлері кеңесі және Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының комитеті отырысынан кейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров өзекті мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берді

НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек — Sputnik. Тәлібтерді ресми түрде мойындауға ешкім асығып отырған жоқ. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров осындай мәлімдеме жасады, деп жазды РИА Новости.

"Тәлібтерді әлі ешбір ел мойындаған жоқ. Барлығы олармен қауіпсіздік, адам құқықтарын сақтау, дипломатиялық миссиялардың қалыпты жұмысы бойынша қазіргі мәселелер туралы байланыс орнату керек екенін айтуда. Алайда ресми түрде мойындауға ешкім асығар емес", - деді Лавров журналистерге ҰҚШҰ сыртқы істер министрлері кеңесі, қорғаныс министрлері кеңесі және Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының комитеті отырысының қорытындысы бойынша.

Министр тәлібтер "терроризм, есірткі саудасымен күрес жүргізуді мақсат еткенін, сондай-ақ Ауғанстан аумағынан басқа мемлекеттерге ешқандай қауіп төнбеуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға және басқа елдерде тұрақсыздық тудырмауға уәде еткенін" еске салды.

"Біз басқа да мемлекеттер секілді мұндай ұстанымды қолдадық және қазір оны жүзеге асыруды бақылап отырмыз. Түпкілікті шешім шығаруға әлі ерте. Себебі аз уақыт өтті", - деді Лавров.

Сонымен қатар Ресей министрі орта азиядағы көрші мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатысты қазіргі мәселелер бойынша тәлібтермен байланыс орнатылғанын айтты. Лавров Ресей тәлібтерге ешқандай талап қойып отырмағанын және тәлібтердің өзі қазіргі мақсаттарын айқындап, сәйкес мәлімдеме жасағанын ескертті.

Ол алдағы уақытта өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне Ауғанстанның қатысуына байланысты пікір білдірді.

"Ауғанстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында қазір бақылаушы. Ал бақылаушылар ШЫҰ саммитіне міндетті түрде шақырылады. Осылай болған, қазір де солай болады. Бұрынғы президент Гани уақытында шақыру алған болатын", - деді журналистерге Лавров.

Тәлібтер 15 тамызда Кабулдағы президент резиденциясын басып алған болатын. Содырлар Ауғанстандағы соғыс аяқталды деп жариялады. Ал ел президенті Ашраф Гани елден кетіп қалды. Ауғанстан билігі тәлібтерге өткеннен кейін 31 тамызда АҚШ әскер ауған жерінен толығымен кетті. 6 қыркүйекте тәлібтер ауған жеріндегі соңғы 34 провинция Панджшердің де өз қарамағына өткенін мәлімдеді. Келесі күні Ауғанстандағы уақытша үкімет құрамы жарияланды. Оны Мұхаммед Хасан Ахунд басқаратын болды.

Ресейдегі сайлауға АҚШ-тың араласуы

Мәскеу АҚШ-тың Ресейдегі сайлауға араласуы туралы ақпаратты Вашингтонға ұсынып, түсініктеме күтіп отыр деп мәлімдеді Сергей Лавров.

Жұма күні АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Салливан осы проблема бойынша ведомствоға шақырылған болатын.

"Мәліметтерді оған ұсындық. Олар аса маңызды. Қазір америкалық әріптестерімізден неге бұлай болып жатқанына қатысты жауап күтіп отырмыз", - деді Лавров журналистерге.

Ол мәселе кейбір шетелдік платформаның тыйым салынған контентті алып тастамай отырғанына қатысты екенін айтты.

17-19 қыркүйек аралығында Ресейде парламент сайлауы өтеді. Мемлекеттік думаға аралас жүйе бойынша депутаттар бес жылға сайланады.

"Солтүстік ағын – 2" жобасы

Сергей Лавров "Солтүстік ағын – 2" газ құбырына Германия Федеративті Республикасынан рұқсат алу процесі төрт айға созылуы мүмкін екенін айтты.

"Барлық жұмыс аяқталды. Қазір неміс реттеуішінен қажетті рұқсат алу процесі жүріп жатыр. Неміс заңнамасы бойынша бұл ұзаққа созылатын процесс екені белгілі болды. Шамамен 4 айға созылуы мүмкін. 2022 жылдың басына белгіленіп отыр", - деді Лавров.

Ресей министрі "Солтүстік ағын – 2" жобасына қысым көрсететіндер әлі де бар екенін айтып, бұл әсіресе Балтық маңы елдері тарапынан байқалатынын мәлімдеді.

"Газ құбырына қарсы шығу әлі де жалғасып жатқанына еш күмәнім жоқ. Әсіресе бұл Балтық маңындағы елдерге қатысты. Оның қатарында Польша әне Еуроодақтың бірқатар елі бар", - деді Лавров.

Магистраль Ресейден Германияға дейін Балтық теңізінің түбі арқылы жүргізілді. Газ құбырының екі тармағының қуаты – жылына 55 миллиард текше метр. Құбырды төсеуге үш жыл уақыт кетті.

Өзінің сұйылтылған табиғи газын Еуропаға жөнелтуді көздейтін АҚШ-та қарсы болды. Вашингтон құрылысқа тартылған компанияларға қатысты бірнеше рет санкция енгізді. Соның салдарынан құрылыс жұмыстары бір жылға шегерілді. Алайда Германия мен Австрия бұл жобаға белсенді түрде қолдау көрсетті.

Ресей мен ЕО қарым-қатынасы

Сонымен қатар журналистердің сұрағына жауап берген Сергей Лавров НАТО-ның әскери мәселесі бойынша Ресеймен диалог құрудан бас тартып отырғанын да айтты.

"Жалпы Солтүстікатлантикалық альянс Украина мен Қырымдағы жағдайға қатысты үзіліп қалған әскерилер желісі бойынша диалог жүргізуден бас тартып отыр. Біз сөйлесуге дайынбыз. Бірақ ол кәсіби деңгейде өтуі керек", - деді Лавров.

Сонымен қатар Сергей Лавров Ресей мен Еуроодақ қарым-қатынасына қатысты пікір білдірді.

"Кеше Еуроодақ сыртқы саяси қызметінің басшысы Жозеп Боррель "бізге Ресеймен бір дауыста сөйлесу керек, Ресей Еуроодақпен сөйлесуді қаламай, одақтың жекелеген мүшелерімен байланыс орнатып отыр, ал біз оның Еуроодақпен әңгіме құруын талап етуіміз керек" деп мәлімдеме жасады. Қызық логика. Себебі қарым-қатынасты бұзып отырған біз емес, дәл сол Еуроодақтың өзі. Алайда ол арақатынасты түзетуге ниетті болмаса, біз, әрине, басқа мемлекеттермен қарым-қатынасты реттеуге әрекет жасаймыз", - деді Лавров.

Ресей Федерациясы мен Батыстың арасындағы қарым-қатынас Украинадағы төңкеріс және Донбастағы жағдайдан кейін ушығып кетті.

* Қазақстанда, Ресейде және бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым

Жаңалықтар
0