Жұмыспен қамту: Астанада жұмыссыздық деңгейі қандай?

© Photo : Астана қаласы жұмыспен қамту орталығыЖұмыс, жәрмеңке, жұмыс іздеушілер
Жұмыс, жәрмеңке, жұмыс іздеушілер - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі таңда Астана қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының елордамызда 5 өкілдігі жұмыс істейді. Күнделікті атқарып жатқан іс-шараларымыздың арқасында біз бас шаһармыздағы жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайыз деңгейінде ұстап тұрмыз. Бұл Қазақстан бойынша ең төменгі көрсеткіш.
АСТАНА, 8 қыр —  Sputnik. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі десек, осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар әрдайым басты назарда. Жергілікті биліктің талпынғанға жанға жұмыс тауып беру қадамы бүгіндері түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асып жатыр. Соның арқасында қазір елордамыздағы жұмыссыздық деңгейі еліміз бойынша ең төменгі орында тұр. Осы орайда, Астана қаласы әкімдігіне қарасты Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омарды жұмыссыздықты жүгендеу турасында сөзге тартқан едік.

-Астана жұмыссыздық деңгейі бойынша ең төмен қала дегенді естіп қуанып қалдық. Ендеше орталықта атқарылып жатқан жұмыстар ұтымды болғаны ғой…

— Иа, ізденгенге жұмыс табылады әрдайым. Күн санап өсіп келе жатқан шаһарымызға еліміздің түкпір-түкпірінен қоныс аудартындар көп болғандықтан, елордада жұмыссыз жүргендер де жетерлік. Солардың бір парасы біздің орталыққа екі қолға бір күрек іздеп, көмек сұрап келеді. Келгендердің барлығын алдымен бірден жұмыссыз ретінде тіркемейміз. Біздің мамандар жұмыссыз азаматтарға бірден бос жұмыс орындарын ұсынады, ұнатып жатса қолма-қол сұхбаттасуға жолдама беріледі.

Біздің жұмыссыздықты еңсеру бағытындағы жұмысымыз "Жұмыспен қамту жол картасы-2020", "Аумақтарды дамыту" мемлекеттік бағдарламалары арқылы іске асырылып жатыр. Орталығымызда кәсіптік оқыту жүргізіледі, яғни даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстары оқытылады. Жыл бойы бос орындар жәрмеңкесін өткізіп тұрамыз.Бүгінге дейін 9 жәрмеңке өткіздік, соның нәтижесінде биыл 307 адам сол жерде жұмыс тауып алды. Жыл соңына дейін тағы осындай 3 жәрмеңке өткізу жоспарда бар.

Сондай-ақ, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына да жағдай жасауға тырысамыз. Осы айдан бастап "Кәсіпкерлік ойды дамыту" тақырыбында семинар-тренинг өткізуді қолға алдық. Өз ісінің шеберлері, тәжірибелі кәсіпкерлер, "Даму" қорының өкілдерін шақырып, дәріс оқытамыз. Бұл адамдар халықты өз кәсібін ашуға ынталандырып қана қоймай, бағыт беріп, жөн сілтейді.
Қазіргі таңда Астана қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының елордамызда 5 өкілдігі жұмыс істейді. Күнделікті атқарып жатқан іс-шараларымыздың арқасында біз бас шаһармыздағы жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайыз деңгейінде ұстап тұрмыз. Бұл Қазақстан бойынша ең төменгі көрсеткіш.

-Мәселен жәрмеңкенің қашан және қай жерде өтетінін біреу естісе, біреу естімей қалуы мүмкін. Халықты осы іс-шаралармен хабардар ету қалай жолға қойылған?

-Орталыққа келушілердің назарына шағын хабарламалар іліп қоямыз. Біздің ресми сайт арқылы білуге болады. Фейзбук, ВКонтакте, Инстаграм,Твиттер әлеуметтік желілерінда арнайы парақшамыз бар. Күнделікті ақпарат, жаңалықтардың барлығы осында. Теледидар жүгіртпелі жолақтардағы хабарламалар, SMS хабарламалар, "Smart Astana" ақпараттандыру жүйесі арқылы хабардар етеміз.

Сондай-ақ, биыл жұмыспен қамту орталығы "CZ Астана" атты мобильді қосымшасын іске қосты. Бұл барлық елордалық жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге арналған ақысыз мобильді қосымша.

-Жұмыссыздардың басым бөлігі кімдер?

— Белгілі бір жас шамасындағы адамдар көп келеді деп айта алмаймын. Зейнет жасына дейінгі адамдардың бәріне бірдей көмектесеміз.Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі ахуал бойынша, жыл басынан бері 9125 адам біздің орталықта жұмыссыз ретінде тіркелген. Соның 5180-і жұмысқа орналастырылып, соның ішінде 1579 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұл ретте оқу орнын енді бітірген түлектерді біз төленетін 6 айлық жастар тәжірибесіне жібере алатынымызды атап айтым кеп отыр. "Жұмыспен қамту жол картасы-2020" бағдарламасының "Жастар тәжірибесі" бағыты бойынша биыл 486 адам тәжірибеге жіберілсе, 300 адам алғашқы еңбек тәжірибелерін алып, оның 180-і жұмысқа қабылданды. Яғни, жастар тәжірибесін тәмамдағандардың 60 пайызы біздің орталық арқылы жұмысқа орналасқан.

-Қандай кәсіптер бойынша жұмыс тауып беріп жатырсыздар?

— Өкінішке орай, халық нарық сұранысын саралаудан қалған секілді.Қазір екінің бірі жалақысы жоғары экономист, заңгер, есепші болғысы келеді. Біздің еңбек нарығында оларға сұраныс жоқ. Яғни, ондай жұмыс орындары бос емес.

Елордада техникалық және жұмысшы мамандықтары жетіспейді. Жұмыс берушілер құрылысшы, электрик, сантехник, монтаж жасаушы, құрылыс машиналарының машинистерін көп сұрайды. Құрылысшылар мен ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерінің табысы 150 мыңнан кем емес. Сондай-ақ, елордамызда сервистік қызмет көрсету саласындағы қонақ үй, дәмхана, химиялық тазарту, балақша, автокөлік жуу орындарына қарапайым жұмысшыларға сұраныс көп түседі. Кондитер, сатушы, шаштараз, аспаз, медбике сияқты мамандықтар да сұранысқа ие болып отыр.

Атап айтар болсақ, "Аумақтарды дамыту" бағдарламасы аясында біздің орталық даярлау және қайта даярлау қысқамерзімді курстарынан 442 адамды оқытып, оның 314-і электрші, аспазшы, шаштараз, тігінші, кран машисі, даяшы, кондитер, электргаздәнекерлеуші мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты. "Жұмыспен қамту жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша бүгінгі таңда 181 адам тігін қондырғысының операторы және электргаздәнекерлеуші, кран машинисі сияқты мамандықтарды игеріп, олардың 119-ы жұмысқа тұрды. 44-і оқуын жалғастыруда. Сонымен қатар, осы бағдарлама асында инфрақұрылым және тұрғын үй шаруашлығын дамыту бағытында 1133 жаңа жұмыс орны құрылса, оның тең жартысы біздің орталықтың жұмыссыздары есебінен толығып отыр.

-Жоғарғы білімді, білікті маманды іздейтін жұмыс берушілер тарапынан тапсырыс түспей ме?

-Әрине, жоғарыда айтылған мәліметке қарап, өзге мамандықтар бойынша бос орындар жоқ екен деп ойлап қалмаңыздар. Жалпы жұмыс орны тірі адам ағзасы секілді ғой. Біреу кетеді, біреу келеді. Үнемі ауыс-түйіс болады. Сондықтан, біздің базамыздан кез-келген мамандық бойынша бос орын шығып жатады.

Білікті мамандарға сұраныс қашан да бар. Сондықтан, заманына қарай жоғары білімді, білікті мамандарды іздейтін мекемелер біздің орталыққа да сұрау салады.

-Әңгімеңізге рахмет. Игі істеріңіз халықты қуанта берсін!

Жаңалықтар
0