Білім

Алматыда дәрігер тапшылығына байланысты қосымша гранттар бөлінді

Жазылу
Грант иелері оқу аяқталғаннан кейін Алматы қаласының мемлекеттік медициналық ұйымдарында және қаланың қоғамдық денсаулық басқармасына қарайтын ұйымдарда тиісті мамандық бойынша 5 жыл жұмыс істеуі қажет

АЛМАТЫ, 1 қыркүйек – Sputnik. Алматыда 300-ден астам медицина маманы жетіспейді, соған байланысты қала әкімдігі резидентура мен магистратурада медицина кадрын даярлау үшін 120 грант бөлді.

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кадрларды даярлау жөніндегі мәселені қалалық комиссияның онлайн-кеңесі кезінде талқылады.

Жиын барысында қалада 300-ден астам дәрігер қажет екенін айтылды. Комиссия үміткерлер жоқ мамандықтар бойынша және "кардиохирургия", "неонатология" мамандықтары бойынша гранттар санын көбейту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, коронавирусқа қатысты және қатысы жоқ стационарларға қажет мамандар ескерілді.

Осылайша, Алматы әкімдігі қаржысы есебінен клиникалық мамандықтарды даярлау бойынша 120 грант бөлінді. Оның ішінде мақсатты резидентураға (110 грант) және магистратураға (10 грант) бөлінді.
Гранттар келесі мамандықтар бойынша берілді:

  • анестезиология және реанимация - 35 грант;
  • жұқпалы аурулар – 18;
  • терапия – 10;
  • пульмонология – 6;
  • кардиология – 2;
  • педиатрия – 9;
  • неонатология – 3;
  • неврология – 3;
  • отоларингология – 6;
  • клиникалық фармакология – 2;
  • гастроэнтерология – 6;
  • офтальмология – 3;
  • эндокринология – 3;
  • балалар хирургиясы – 2;
  • травматология және ортопедия – 2;
  • жедел медициналық көмек – 3;
  • физикалық медицина және оңалту – 5;
  • нейрохирургия - 2.

Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен клиникалық мамандықтар бойынша резидентурада оқуға 38 грант бөлінеді.

Жалпы кадр тапшылығын алдағы 2-3 жылда жабу жоспарланып отыр.

Грант иелері 2-3 жылдық оқу аяқталғаннан кейін Алматы қаласының мемлекеттік медициналық ұйымдарында және қаланың қоғамдық денсаулық басқармасына қарайтын ұйымдарда тиісті мамандық бойынша 5 жыл жұмыс істеуі қажет.

Жаңалықтар
0