Білім

Қазақстанда тағы 50 мың бала грант иеленді

Жазылу
Грант "ақша студентпен бірге жүреді" қағидаты бойынша бөлінді, яғни түлек қай колледжді таңдаса, бюджет қаражаты да сол оқу орнына бағытталады

НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Әлеуметтік әлжуаз тобындағы 50 мыңнан астам бала колледжде оқу үшін грант иеленді.

Биыл квота санаттарының тізімі кеңейтілген. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда жеңілдікпен оқуға түскен талапкерлердің саны 16 мыңға артты, деп хабарлайды білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

"Президенттің тапсырмасымен биыл алғаш рет халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарынан шыққан балалардың колледждерге түсуі үшін квота енгізілді. Бұл жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, мүгедек балалар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар", - деді БҒМ техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Сондай-ақ, айтуынша, квота бойынша мемлекеттік білім грантын ауыл жастары да иеленген.

Ведомство ақпаратынша, биыл колледждерге 9-11 сыныптардың 95 мыңнан астам түлегі түсті. Әсіресе, медициналық және шығармашылық мамандықтар сұранысқа ие болды.

Тағы оқыңыз: Аймағамбетов қандай оқушыларға 4,5 миллион теңге сыйақы берілетінін айтты

Грант "ақша студентпен бірге жүреді" қағидаты бойынша бөлінді. Яғни, егер бұрын мемлекеттік тапсырыс орындарын колледждер бойынша комиссия бөлсе, енді бұл процесс барынша ашық бола түсті. Жаңа ережеге сәйкес, талапкер қай колледжді таңдаса, бюджет ақшасы да сол оқу орнына бағытталады.

Сонымен қатар, егер бұрын талапкерлер тек 1 мамандық пен 1 колледжді ғана таңдай алса, биыл оларға 4 мамандық пен 4 колледжді таңдау мүмкіндігі берілді.

Жаңалықтар
0