Білім

Қараша айында магистратураға құжат қабылдау басталады

© Sputnik / Владимир Федоренко / Медиабанкке өтуАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.10.2021
Жазылу
Екінші кешенді тестілеуге қатысуға құжаттар 1-15 қараша аралығында қабылданады. Кешенді тестілеу 18 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өтеді 

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Биыл 1 қарашада магистратураға түсу үшін екінші мәрте өткізілетін кешенді тестілеуге құжат қабылдау басталады, деп хабарлайды білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

"Бұған дейін білім министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік грантқа үміткерлер жылына екі рет, дәстүрлі түрде – жазда және қосымша қыста тестілеуден өте алатынын хабарлаған еді. Енді талапкерлер 1 қарашадан бастап магистратураға түсу үшін екінші мәрте өткізілетін кешенді тестілеуге құжат тапсыра алады. Тестілеуді сәтті тапсырған жағдайда үміткерлер жаз айында оқуға қабылдау қорытындысы бойынша бөлінген гранттарды ұтып ала алады", - деді білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Екінші кешенді тестілеуге қатысу үшін БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында тіркелу қажет. Құжат 1-15 қараша аралығында қабылданады. Кешенді тестілеу 18 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өтеді. 

Магистратура грантына үміткерлер дәстүрлі түрде шет тілі, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша және оқуға дайындығын анықтау бойынша тест тапсырады. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар адамдар автоматты түрде шет тілі бойынша тестілеуден босатылады.

Магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына құжаттар 25 желтоқсанға дейін қабылданады. Магистратураға қабылдау 26 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында өтеді.

Шекті балл

Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратура үшін 50 балды құрайды.

Магистратураға түсушілер барлығы 3 мыңнан астам мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.

Ең көп грант бөлінген мамандықтар

  • "Химия" (172 грант);
  • "Ветеринария" (169);
  • "Механика және металл өңдеу" (156);
  • "Металлургиялық инженерия" (137);
  • "Құрылыс материалдарын, бұйымдарын мен конструкцияларын өндіру" (132 грант);
  • "Материалтану және жаңа материалдар технологиясы" (130).

Еске салсақ, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында магистратура мен докторантураға түсуге қатысты  қабылданған шешім туралы хабарлаған болатын. Енді оқуға қабылдау жылына екі рет өткізіледі. Байқауға жазда грантқа түсе алмаған үміткерлер де, бұрын кешенді тестілеуден өтпегендер де қатыса алады.

Жаңалықтар
0