Білім

Жаңа жоба аясында Маңғыстау облысына үздік педагогтер тартылады – Аймағамбетов

© Sputnik / Тимур БатыршинШкольный коридор
Школьный коридор - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.01.2022
Жазылу
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру да маңызды, дейді министр
НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар – Sputnik. Маңғыстау облысына түрлі өңірден жоғары оқу орындарының үздік түлектері белсенді түрде тартылады, оларға арнайы әлеуметтік пакет ұсынылады, деп хабарлады білім министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында.
Министр жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барып, Жаңаөзен мен Ақтау қалаларындағы  мектептер, балабақша, колледж, университет және студенттік жатақханаларда болған.
"Осындай сапарлар барысында мен үшін тәрбиешілермен, мұғалімдермен , мектеп және колледж директорларымен, сондай-ақ ЖОО-ның оқытушыларымен тілдесу өте маңызды. Маңғыстау облысында да қалыптасқан дәстүрге сай әріптестермен кездесу өткізіп, барлық идея мен ұсыныстарды тыңдап, оларды толғандырған немесе қызықтырған сұрақтарға жауап бердім. Мектеп директорларымен кездесу барысында өңірге педагогтерді тарту, мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру бойынша жаңа жоба талқыланды", - дейді Аймағамбетов.
Сондай-ақ Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаттарымен жүздесіп, олардың қаладағы білім беруді дамыту жөніндегі ұсыныстарын тыңдаған.
"Арнайы әлеуметтік пакет ұсынып, түрлі өңірлерден ЖОО-ның үздік түлектерін белсенді түрде тартатын аймақтардың қатарына Маңғыстау облысы да кіретінін атап өткім келеді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру да маңызды. Ол үшін білім беру ұйымдарының директорларына да, мұғалімдерге де арнайы курстар ұйымдастыратын боламыз", - деді ол.
Министрдің айтуынша, өңір үшін орын тапшылығы мәселесі де өзекті. Оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 9,5 мың балаға артқан. Сондықтан облыста жұмыс істеп тұрған мектептерге қосымша тағы 11 жапсарлас құрылыс салынбақ.
Оның үстіне облыс орталығында ғана емес, сұранысқа сәйкес Жаңаөзен қаласы мен облыстың басқа да аудандарында жаңа әрі заманауи мектептер бой көтермек.
Бұдан бөлек, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған түзету кабинеттері ашылады.
Облыста қосымша білім беру жүйесін дамыту, балаларға арналған жаңа секциялар мен үйірмелер ашу маңызды міндет болып отыр, осы бағытта жұмыс жүргізіледі.
"Облыста шетел университетінің филиалын ашу, жұмыс істеп тұрған Ш.Есенов атындағы университетті дамыту, университетте Академиялық ұтқырлық орталығының ашылуы, оған оқу ғимараты мен жатақхананың салынуы, облыс мектептерінің түлектеріне еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында білім алуы үшін қосымша атаулы гранттардың бөлінуі де басты міндеттердің бірі", - деді Аймағамбетов.
Жаңалықтар
0