Татьяна Мускинова

"Бізді жамандай бермеңдер": Татьяна қар тазалаушылардың жанайқайын жеткізді - видео

3784
(Жаңартылды 10:31 18.02.2020)
Елорда әкімінің халыққа есеп беру кездесуі кезінде Татьяна есімді қар тазалаушы микрофон алып, астаналықтарға қазақ тілінде үндеу жолдаған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik, Арман Асқар. Жиында "Астана Тазалықтың" жұмыскері халықтан қар тазалаушыларға тіл тигізбеуді сұрады. Sputnik Қазақстан тілшісі Татьяна Мускиновамен кездесіп, қазақ тілін қайдан үйренгенін және кімнің нұсқауымен жиынға барғанын білді. Қарға көміліп қалған астананы тазалау жұмыстарын да көріп қайттық.

"Қазақ тілі қаныма сіңді"

48 жастағы Татьяна Мускинова Қарағанды облысы Жаңарқа ауданының тумасы. Сол жерде қазақ отбасына келін болып түсіп, бүгінде жолдасымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр.

"Мен Айнабұлақ деген совхозда дүниеге келдім. Кішкентай кезімнен қазақ балаларымен араласып, тілді меңгеріп алдым. Мектеп пен колледжді орысша бітірдім. Алайда қазақ тілін ұмытқан жоқпын. Бала кезімде қаныма сіңген шығар. Екі баламыз бар. Екеуі де қазақша сөйлейді", - дейді Мускинова.  

Татьяна астанаға көшіп келген кезде біраз уақыт жұмыс таба алмайды. Артынан таныстары қар тазалауға шақырды. Татьяна келісті. Содан бері 14 жыл өтті. Қазір ол отбасымен бірге астанадан 40 шақырым шалғай жерде орналасқан Рақымжан Қошқарбаев ауылында тұрады. Сол жақтан күнде жұмысқа келеді. 

48 жастағы Татьяна қазақ отбасының келіні, жолдасымен екі бала тәрбиелеп отыр
© Sputnik / Абзал Қалиев
48 жастағы Татьяна қазақ отбасының келіні, жолдасымен екі бала тәрбиелеп отыр

"Мен қайта жақын тұрамын. Бізде Киевка, Ахмет ауылы, Оразақ және тағы басқа алыс елді мекендерден келетіндер де бар. Олар 90-100 шақырым жүріп келеді. Ауылда жұмыс жоқ. Осында келіп істейді. Мысалы, мен өзім сағат 03:00-де тұрамын. Төрттің кезінде автобус алып кетеді. Сөйтіп, күрек пен сыпырғыш алып, жұмысқа шығамыз", - деп атап көрсетті Мускинова.

Қар тазалаушының жұмыс тәртібі

Тәртіп бойынша қар тазалаушылар таңғы сағат 06:00-ге дейін жұмысқа шығуы тиіс. Себебі бірнеше сағаттан кейін кептеліс басталады. Оған дейін көшені тазалап үлгеру керек.

"Содан жанталасып жұмыс істейміз. 08:00-ге дейін учаскеміздің жартысын тазалап шығуға тырысамыз. Ал кептеліс басталғанда қар тазалау қиын. Оған қоса, көлік жүргізушілері ұрысады, айқайлайды, қуады. Сол кезде біз басқа учаскеге кетіп қаламыз да, кептеліс біткесін қайтадан келіп, қалып қойған қарды жинаймыз", - дейді Мускинова.

Қар тазалаушылар таңғы сағат 06:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді
© Sputnik / Абзал Қалиев
Қар тазалаушылар таңғы сағат 06:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді

Сағат 10:00 мен 12:00-нің арасында демалыс. Ол уақытта қар тазалаушылар түскі ас ішеді, демалады. Татьянаның бригадасы жақын жердегі үйдің жертөлесінде тынығады. Ондай бөлмелерде кеңес заманынан қалған заттар да бар. Мәселен, Татьянаның бөлмесінде "Зил Мәскеу" маркалы ескі тоңазытқыш тұр.     

"Біз осы жерде тамақ ішеміз. Кезекшілікпен ыдыс жуамыз. 12:00-де автобуспен қайтадан учаскемізге барамыз да, 16:00-17:00-ге дейін қар тазалаймыз. Сөйтіп, үйге барғанша кешкі 21:00 болады. Үйдің шаруасы бар, тамақ істеу керек. Арғы жағында 4-5 сағат ұйықтап, тағы жұмысқа шығамыз", - деп әңгімеледі ол.

Татьянаның айтуынша, қатты аязда жұмыс істеген оңай емес. Қар тазалаушылар жылы аялдамаға кіруге де қорқады. Себебі халықтың "қаһары" қатты.

"Аязда біз ешқайда тығыла алмаймыз. Тығылатын жер де жоқ. Қазір жылы аялдамаға кірсек, бәрі бізге ала көзбен қарайды. Неге жұмыс істемейсіңдер, неге тығыласыңдар дейді. Содан біз жылы аялдамаға мүлдем кірмейміз. Өйткені қазір біреу фотоға түсіріп алып, әкімдікке жіберетінін білеміз. Еріктілерге рақмет айтқым келеді. Аязда бізге шай-кофе таратып жүреді. Тоқаш беріп, "Аға-тәте жылынып алыңыз" деп жүгіріп тұрады. Сол ұлдар мен қыздарға көп рақмет!", - дейді Татьяна. 

Астаналықтардың тазалық мәдениеті қандай?

Қар тазалаушылар бір адамдай жұмыс істейді. Еркек пен әйелдің бәрі бірдей мұзды ояды, қар лақтырады. Бірақ халық тарапынан құрмет аз.

"Негізі, көп адамның жаны ашымайды. 100 адам өтсе, біреуі ғана алғыс айтады. Қалғаны "бұл – сендердің жұмыстарың, сол үшін ақша аласыңдар" дейді. Күзде көлік жүргізушілері қатты жүріп, шалшық суды шашып кетеді. Содан қап-қара болып жүргенің. Кісілер соны көріп, тағы жамандайды. Ал ондайда киімді күнде жуып тұру керек қой. Кептіріп үлгермейсің", - дейді Мускинова.

Оның айтуынша, жазда жолдың жиегінде күл-қоқысты жинап жүргенде көлік қағып кете ме деген қорқыныш болады. Себебі машиналар үйкеліп өтеді. Ал аялдаманың маңайын сыпырғанда, адамдар шаңдатпаңдар деп ұрысып шыға келеді.

Астаналықтардың тағы бір жаман әдеті – үйден шыққан күл-қоқысты көшедегі урнаға тастап кетуі. Пакеттерін тығындап қояды. Тіпті, аялдаманың урнасына әкеліп тастайтындар да бар.

 Қар тазалаушылар тұрғындардың көпшілігі олардың еңбегін құрметтемейтінін айтады
© Sputnik / Абзал Қалиев
Қар тазалаушылар тұрғындардың көпшілігі олардың еңбегін құрметтемейтінін айтады

"Біз бір жинап шығамыз. Біршама уақыттан кейін бастықтар қоңырау шалып, жинамадыңдар деп ұрысады. Сөйтсе, біз жинап өткеннен кейін адамдар тағы толтырып тастайды. Тіпті, көлікпен тоқтап, біздің сүйреп жүретін контейнерімізге лақтырып кететіндер де бар. Сонда үйдің ауласындағы контейнерге лақтыруға еріне ме? Түсінбеймін", - деп қынжылды Мускинова.

Оның айтуынша, көше жинайтындар қоғамдық көлікте электронды жүйенің қосылғанына қатты қуанып жүр. Әйтпесе, бұрын автобус билеттері шашылып жататын.

"Жазда біз жұма сайын көшедегі урналарды жуып отырамыз. Сонда байқағанымыз, адамдар күл-қоқыс жәшігіне қақырып-түкіріп кетеді. Сырты жап-жаман болып тұрады. Сонда адамдар үйде де солай істей ме деген ой келеді. Жинайтын адам бар, солар жинасын деп ойлайтын шығар", - дейді Татьяна.  

Жалақыны көтерген дұрыс

Өткен аптада Татьяна әкімнің халыққа есеп беру кездесуіне барып, әлеуметтік желіде қар тазалаушылардың жұмысын сынайтындарға жауап берді.

"Еститініміз бір – "Астана Тазалық" жұмыс істемейді, тротуар быт-шыт, әкімдікке айтамыз дейді. Біз тер төгіп, ақша табамыз. Бізге қиын. Техника бар, бірақ адам аз. Мысалы, мен өзім екі әйелмен "погрузкада" жүремін. Нанбасаңыз, менімен бірге таңғы сағат алтыда шығыңыз. Сыпырғыш пен күрек алып, түнгі онға дейін жүрсін. Сосын біз жұмыс істейміз бе, жоқ па, өздері көрсін. Ондай сөзді айтпаңдар. Instagram-да беталды нәрсе жазбаңдар", - деді ол.

Татьяна Мускинова әлеуметтік желіде қар тазалаушылардың жұмысын сынайтындарға жауап берді
© Sputnik / Абзал Қалиев
Татьяна Мускинова әлеуметтік желіде қар тазалаушылардың жұмысын сынайтындарға жауап берді

Біз Татьянадан ол кездесуге қалай келгенін сұрадық. Оның айтуынша, әкімнің есеп беруіне өз қалауымен барыпты. Себебі әлеуметтік желілерде қар тазалаушыларға тіл тигізеді. "Жұмыс істемейді!" деп жазатындар көп.

"Иә, биыл қар көп түсті. Бірақ жанталасып жұмыс істеп жатырмыз ғой. Ал халық Instagram-да отырып алып, бізді жамандайды. Соның бәрін оқысам, жұмыскерлер үшін жүрегім ауырады. Сөйтіп, әкімнің кездесуі болады дегенді естігенде барамын деп шештім. Басында бәрін журналистерге айтамын деп ойлағанмын. Сосын микрофонға шығып айтқанды жөн көрдім", - дейді Мускинова. 

Оның сөзіне қарағанда, қар тазалаушылардың басым бөлігі – ауыл адамдары. Ал қаланың тұрғындары көшеде жұмыс істегісі келмейді.

"Жастар мүлдем келгісі жоқ. Далада суық, қалай жұмыс істейсіз дейді. Сосын жалақы аз деп келмейді. Келсе де, бір-екі күн жұмыс істейді де, формасын алып, шықпай қояды", - дейді Мускинова. 

Айта кеткен жөн, әкім халыққа есеп бергенде қар тазалаушыларға өз алғысын білдіріп, биыл сыйақының көптеп берілетінін айтқан. Бірақ Татьяна асығып, жұмысқа кетіп қалды.   

"Иә, біз асығып, кетіп қалдық. Әкім сыйақы беріледі деді. Енді, қазір сыйақы әрқалай түседі. Алдында 80 мыңнан берген. Сосын 40 мың, одан кейін 24 мың теңгеге түсірген. Рақмет айтып жатырмыз. Бұрын біздің жалақы 35 мың теңге болатын. Содан ақырындап көтерілді. Қазір 100-120 мыңдай аламыз. Бірақ тағы кішкене көтерсе, жақсы болар еді. Себебі жұмысымыз өте ауыр", - деді Татьяна Мускинова.

3784
Кілт сөздер:
видео
Тақырып бойынша
"Instagram-да беталды нәрсе жазбаңдар!": қар тазалаушы үндеу жолдады
"Кредитіміз бар": Ақтауда көше тазалаушылар наразылық танытып жатыр
Көше сыпырып кеткен: Әблязовтің елге оралған сыбайластарының тағдыры белгілі болды
Бұрынғы кәсіби футболшы көше сыпырып кетті – видео
Алматыда жол бойында көше сыпырушыны соғып кетті
Кісен, архивтегі фото

Нұр-Сұлтанда басқа өңірден қонаққа келген ер адам қылмыс үстінде ұсталды

674
Қарағанды ​​облысының тұрғыны дәмхананың кассасындағы ақшаны алу үшін есіктің әйнегін шаққан, осы кезде ғимараттағы дабыл жүйесі іске қосылған

НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Елордада дәмханаға ұрлыққа түскен ер адам қылмыс үстінде ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды ​​облысынан келген қонақ түнде дәмханаға кірмек болған. Ол кіреберістегі бірінші есіктің әйнегін шағып, екіншісін сындыра бастаған сәтте дабыл жүйесі іске қосылып кеткен.  

Ер адам сонда да қоймаған. Құлыпталған касса аппаратына барып, оны ашу үшін еденге лақтырады. Осылай бірнеше рет жасағаннан кейін касса ашылған, бірақ ондағы қағаз ақша мен тиын-тебен жан-жаққа ұшып түседі.

40 минут ішінде 3 дүкенді тонаған: Қарағандыда әккі ұрылар іздестіріліп жатыр – видео 

Ұры ақшаны жинап жатқанда дәмханаға қауіпсіздік фирмасының көлігі келіп үлгерген, олар қаскүнемді полицияға тапсырды.  

 

674
Кілт сөздер:
Нұр-Сұлтан, ұрлық
Тақырып бойынша
Отырар ауданының тұрғыны үйіне ұрлыққа түскен көршісі екенін білді
Парацетамол ұрлаған: Атырауда дәріхана тоналды
Талдықорғанда ұры жүргізушілерге үндеу жасады – видео  
Талдықорғанда 35 жыл түрмеде отырған баукеспе ұры ұсталды
Жалғыз жүрген қыздарды ғана тонаған: Алматыда әккі ұры ұсталды
Нұр-Сұлтан

Нұр-Сұлтандағы нысандар қызғылт-сары түспен жарықтандырылады

26
(Жаңартылды 18:32 25.11.2020)
Қазақстанның астанасында "Зорлық-зомбылықсыз 16 күн" әлеуметтік акциясы аясында бірқатар шара өткізіледі

НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтандағы маңызды нысандар қызғылт-сары түспен жарықтандырылады.

Акция гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы ынтымақтастық белгісі ретінде өткізіледі, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Нысандарға бүгін сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін жарық беріледі.

Бұған дейін хабарланғандай, "Зорлық-зомбылықсыз 16 күн" әлеуметтік акциясы – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні (25 қараша) басталатын және Адам құқықтары күніне (10 желтоқсан) дейін жалғасатын жыл сайынғы халықаралық науқан.

Бұл күнді 1999 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы ресми түрде жариялады және атаулы күн әлемнің 100-ден астам елінде қолдау тапқан.

Қазақстан астанасында да осы акция аясында бірқатар іс-шара өтеді.

26
  Электронды үкімет мобильді қосымшасы

Электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз пайдалану фактілері  жиіледі

0
Электронды цифрлық қолтаңба қолмен қойылған қолтаңбаға теңестірілген және заңдық тұрғыда салдары онымен бірдей болады

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Қазақстанда электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) заңсыз пайдалану фактілері  жиілеп кетті, деп хабарлады цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

2015-2018 жылдар аралығында 640-бабы "Қазақстан Республикасының электронды құжаттар және электронды цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзу" бойынша 15 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. 2019 жылы мұндай істердің саны күрт өсті – 52 іс қозғалды.  

Оқи отырыңыз: Енді электронды цифрлық қолтаңбаны компьютерде сақтау қажет емес 

"Осы жылдың 9 айында электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз берудің 30-дан астам фактісі және оны қорғау шараларын сақтамаудың бестен астам жағдайы анықталды. Бұл фактілер бойынша 10-нан 150 АЕК-ке (27 780-нен 416 700 теңгеге дейін – Sputnik) дейін айыппұл салынды", - деп нақтылады ведомство.

Соңғы кездері министрлікке жеке тұлғалардан және лауазымды адамдардан электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз беруге қатысты көптеген шағым түсіп жатыр.

"Электронды цифрлық қолтаңба қолмен қойылған қолтаңбаға теңестірілгенін және заңдық тұрғыда салдары онымен бірдей болатынын ұмытпау керек", - деп атап өтті ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов.

Өткен кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары өздерінің ЭЦҚ-сын басқа қызметкерлерге беру жағдайлары, сондай-ақ жұмыс берушілер жұмыстан шығып кеткен қызметкерлердің ЭЦҚ-сын қайтарып алмайтын жағдайлар көбейді. Мұндай әрекеттер электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз қолдануға жол ашады, ал ол әкімшілік және тіпті қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады.

ЭЦҚ-ны қалай қорғауға болады

Өзіңді қорғау және алаяқтықтың құрбаны немесе керісінше заң бұзушы атанбау үшін министрлік мынадай кеңес береді:

  • ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаларға беруге болмайды. Ұйымдарда құжаттарға қол қоюға жауапты қызметкерлерге жеке ЭСҚ беру керек;     
  • ЭСҚ-сы бар қызметкерлерді жұмыстан шығару фактілерін қадағалап, олардың ЭСҚ-сын дер кезінде қайтарып алған жөн;
  • ЭСҚ жоғалған жағдайда бұрынғысынан бас тарту арқылы дереу қайта шығарып, стандартты парольді күрделілеуіне ауыстыру қажет.

Айта кетейік, электронды цифрлық қолтаңбаны үйден шықпай-ақ алуға болады.  

0
Кілт сөздер:
электронды үкімет порталы, қолтаңба
Тақырып бойынша
Қазақстан премьері ЕАЭО үшін маңызды ұсыныс жасады
Электронды цифрлық қолтаңбаның мерзімін қалай ұзартуға болады – министр жауабы