Елорда тынысы

Елорда автобустарында жаңа тарифтер енгізіледі

© Sputnik / Владислав ВодневГородской транспорт
Городской транспорт - Sputnik Қазақстан
Жазылу
28 наурыздан бастап 1, 3, 5 және 15 күндік жол жүру тарифтері енгізілетін болады. Бұдан бөлек, айлық жол жүру қызметтеріне жаңа тарифтер қосылады

НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. City Transportation Systems компаниясы (бұрынғы Astana LRT ЖШС) жаңа тарифтердің енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 28 наурыздан бастап 1, 3, 5 және 15 күндік жол жүру тарифтері енгізілетін болады. Бұдан бөлек, айлық жол жүру қызметтеріне "Қала+экспресс" және "Қала+экспресс+қала маңы" сияқты жаңа тарифтер қосылады.

Жаңа тарифтер:

  • Айлық жол жүру. "Қала+экспресс", құны - 10 мың теңге. Соның арқасында қалалық және экспресс бағдарлармен бір ай бойы шектеусіз жүруге болады;
  • Айлық жол жүру. "Қала+экспресс+қала маңы" - 13 мың теңге;
  • "3 айлық жол жүру" - 20 мың теңге;
  • 1 күндік жол жүру ақысы 500 теңгеден;
  • 3 күндік жол жүру ақысы 1 500 теңгеден;
  • 5 күндік жол жүру ақысы 2 мың теңгеден;
  • 15 күндік жол жүру ақысы 4 мың теңгеден.

"Енді, айлық жол жүру тарифтері түсінікті ғой. Ал 1-15 күндік тарифтерге тоқталатын болсақ, 500 теңгеге күні бойы шектеусіз жүруге болады. Сол сияқты 1 500 теңгені салып, үш күн бойы автобустармен жүре беруге мүмкіндік бар. Ондай тарифтер автобуспен жиі жүретін адамдарға тиімді", - дейді компания мамандары.

18 жасқа дейін тегін жүруге болады

Бүгін компания кәмелеттік жасқа толмаған барлық балаларға автобуспен тегін жүруге мүмкіндік берілетінін де жариялады. Ол тариф те 28 наурызда іске қосылады.

18 жасқа дейін тегін жүру үшін міндетті түрде арнайы картаны сатып алу қажет. Оның бағасы – 500 теңге. Сосын қоғамдық көлікте валидация жасап отыру керек. Себебі компания жолаушылар тасымалын бақылайды.
Бұдан бөлек,  зейнеткерлер, ардагерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар, жалпы жеңілдік алатын азаматтар қала маңындағы маршруттармен тегін жүре алады.

Компанияның атауы өзгерді

Бүгіннен бастап "Astana LRT" ЖШС "CTS" (City Transportation Systems) компаниясы деп аталатын болды.

Журналистерге сұхбат берген компания басшысы Бекмырза Игенбердинов атауды өзгерту бастамасы бұған дейін болған жемқорлық фактілеріне қатысты емес деп мәлімдеді.

Тағы оқыңыз: 28 наурыздан бастап балалар автобуста тегін жүреді

Игенбердинов ребрендингке кететін ақшаның сомасын атаған жоқ. Бірақ логотипті әзірлеуге 100 мың теңге жұмсалғанын жеткізді.

Жаңалықтар
0