НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтанда ауа райына байланысты екінші ауысымда оқитын оқушылар мектепке бармайды, деп хабарлайды қаланың білім басқармасы.
ІІ ауысымдағы 0-11(12) сынып оқушылары қашықтан, яғни үйден оқиды.
Сейсенбі, 12 қаңтарда елордада желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейіп, бұрқасындатып тұр.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні оқу жылының үшінші тоқсаны басталды. Үшінші тоқсанда мектеп бітіретін 9, 11, 12-сынып оқушылары аралас форматта оқиды. Яғни, пәндердің 70%-і мектепте, ал қалған отыз проценті қашықтан оқытылады.
Ал 1-5 сынып оқушылары "кезекші" сыныптарда оқуды жалғастырады.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігі үшінші тоқсанда 70 мыңға жуық оқушы мектепке баратынын хабарлаған еді.