ақша

Елордада карантин тәртібін бұзғандарға 159 миллион теңге айыппұл салынды

1391
Қала билігі тұрғындар мен қонақтарды, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарын санитарлық нормаларды және карантин режимінің талаптарын қатаң сақтауға үндеді

НҰР-СҰЛТАН, 17 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері карантин бұзған 786 жеке және заңды тұлға 159 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады әкімдіктің ресми сайты.

Әкімдік сайтының хабарлауынша, елорданың мониторингтік топтары карантин тәртібін бұзған кәсіпкерлік субъектілерін анықтауды жалғастыруда, жұмыс тәулік бойы күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.

Көптеген өтініш-ескертулерге және әкімшілік жауапкершілікке тартылатынына қарамастан кейбір мекемелер жұмыс режимін сақтау жөніндегі талаптарды әлі күнге дейін елемей, бұқаралық іс-шаралар өткізеді, ал қызметкерлері бетперде тақпайды,

Мәселен,16 шілдеде елордада карантин шектеулерін бұзған 8 кәсіпкерлік нысаны анықталды.

Сарыарқа ауданында белгіленген уақыттан кейін "Pei Zdes" лаундж-бары, "Атом" компьютерлік клубы және "Угол 4/1" бары жұмыс істеді.

Алматы ауданында орналасқан "Киш Миш" кафесінде, "Какие люди" барында, "Эхо" клубында да жұмыс режимінің бұзылуы анықталды.

Сонымен қатар Есіл ауданындағы "Inforno" мейрамханасы мен "VZлетный" ресто-бары сағат 22.00-ден кейін келушілерді қабылдауды жалғастырған. Ал "VZлетный" тіпті кальян шегу қызметін көрсеткен. 

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.

Айта кетері, жыл басынан бері елордада шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жалпы сомасы 159 миллион теңгеге 786 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

1391
Кілт сөздер:
елорда
Есіл өзеніндегі көпір

Нұр-Сұлтанда TikTok-қа түспек болған жас жігіттерді полиция ұстап әкетті видео

223
Үш жігіт таңғы сағат бесте Қабанбай батыр даңғылында орналасқан көпірдің аркасына мініп алған

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанда TikTok-қа видео түсірмек болған жас жігіттер "Қараөткел" көпірінің аркасына шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға 26 шілде күні болған. Үш жігіт таңғы сағат бесте Қабанбай батыр даңғылында орналасқан көпірдің аркасына мініп алған. Осы уақытта оларды ешкім байқамайды деп ойлаған. Бірақ TikTok "жұлдыздарының" әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Sputnik Казахстан (@sputniknewskz)

Оқиға орнына бірден полиция экипажы аттанды. Тәртіп бұзғандар 19 және 21 жаста. Оларға айыппұл салынған жоқ. Полиция ондай әрекеттің қаншалықты қауіпті және тиісті жазаның бар екенін түсіндірді. Осыдан кейін үшеуі де босатылды.

Ал жас жігіттер көпірдің аркасына не үшін шыққанын түсіндірді. Олар TikTok-қа видео түсіргісі келген. Бірақ жоспары іске аспай қалды.

Айта кетейік, экстремалдар "Қараөткел" көпірінің аркасына жиі шығып тұрады. Мәселен, шілденің басында үш жасөспірім үстінде күнге қыздырынып жатқан. Оларды альпинистік құрал-жабдықтармен түсіруге тура келді.

223
Елорда тұрғындары

Нұр-Сұлтанда бас санитар дәрігердің қаулысы күшіне енді қалада не өзгерді

4388
(Жаңартылды 16:26 26.07.2021)
Мейрамханалар мен дәмханалар дүйсенбі-жұма күндері таңғы жетіден күндізгі он екіге дейін ғана жұмыс істейді

НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Бүгін, 26 шілдеде елорданың бас санитар дәрігерінің карантинді қатаңдату туралы жаңа қаулысы күшіне енді.

Соған сәйкес, қалада қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты қысқарды, деп хабарлайды әкімдік сайты.

Мейрамханалар мен дәмханалар

Енді мейрамханалар, дәмханалар, кофеханалар, соның ішінде далада орналасқандар дүйсенбі-жұма күндері таңғы сағат 7-ден 12:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Бұл ретте "Ashyq" жобасына қосылған мекемелер дүйсенбі-жұма аралығында сағат 07.00-ден 17.00-ге дейін істесе, сенбі-жексенбі жабық болады. Тамақты жеткізу және өзімен бірге алып кету штаттық режимде жүргізіледі.

Сол сияқты асханалардың жұмыс істеу уақыты да өзгерді. Оларға клиенттерді дүйсенбі-жұма күндері таңғы 7-ден 17:00-ге дейін ғана қабылдауға рұқсат етіледі.

Шаштараз, сұлулық салондары

Сұлулық салондары, шаштараз, "барбер шоп" дүйсенбі-жұма күндері сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады. Клиенттерді қабылдау қатаң түрде алдын-ала жазылу арқылы жүргізілуі керек.

Фитнес, сауна, СПА, караоке

Бұған қоса, қалада бірқатар кәсіпкерлік нысанының жұмыс режимі қысқартылды.

"Ashyq" жобасына қатысатын фитнес-орталықтар, спорт нысандары, бассейндер, сауналар, СПА-орталықтар сенбі және жексенбі күндері жабылады. Ал дүйсенбі-жұма күндері сағат 07:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Тағы оқыңыз: Цой карантинді бұзғандардың тізімін жариялауға не түрткі болғанын айтты

"Ashyq" жобасына қатысатын кәсіпкерлік субъектілері үшін караоке жұмысын ұйымдастыру күшейтілген санитарлық-профилактикалық шараларды сақтай отырып, сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ал дүйсенбі-жұма аралығында сағат 12.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істей алады.

Қала әкімдігі карантинді қатаңдату тұрақсыз эпидемиологиялық жағдаймен байланысты мәжбүрлі шара екенін атап өтті.

Қаулы Қазақстан аумағында коронавирустың пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес қабылданды.

4388
Кілт сөздер:
коронавирус, карантин, Нұр-Сұлтан
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин
Тақырып бойынша
4 өңірде карантин күшейтіледі – комиссия шешім қабылдады
Қарағанды ​​облысында да карантин күшейтіледі
Елордада карантин тәртібін бұзғандарға 159 миллион теңге айыппұл салынды
Алматыда карантин күшейтілді – Бекшин себебін түсіндірді
Нью-Йорк қаласы

АҚШ экономикасына дефолт қаупі төнді 

0
Пандемия кезінде экономика көлемінен асып түскен Американың мемлекеттік қарызы шарықтау шегіне жетті. Үкімет дефолт қаупі жайлы сөз етуде. Шығынға жол бермес үшін конгресс тез арада жедел әрекетті қолға алмақ

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Америкалықтар 2008 жылдағы дағдарыстан бері сырттан қарыз алуды арттырып келеді. Обама билікте болған кезде тоғыз триллионға, Трамптың кезінде жеті триллион долларға ұлғайды. 2018 жылы жалпы ішкі өнімнің 78 процентіне жетті – Дүниежүзілік банк мұны қауіпті деп атады.

Қарыз шегін арттыру керек, әйтпесе күзде қаржы міндеттемелеріне қызмет көрсету бойынша проблема туындауы мүмкін. Кредиторлар АҚШ-тың қарызды өтеу мүмкіндігіне күмәнданса, не болатыны туралы РИА Новости материалында. 

Болжам бойынша мемлекеттік қарыз АҚШ экономикасының көлемінен он жылдан кейін ғана асуы керек. Алайда пандемия мен ұлттық шаруашылықты қолдауға арналған үлкен шығындардың салдарынан бұл әлдеқайда ертерек қалыптасты. Тәуелсіз есептеулер бойынша 2020 жылы билік ел экономикасына тоғыз триллион долларға жуық қаражат салды. Соның нәтижесінде мемлекеттік қарыз ЖІӨ-ден асып түсті. 

Наурыздың соңына қарай 28 триллион доллар немесе ЖІӨ-нің 101 проценті. Мұндай жағдай тарихта бір рет қана – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірден, 1946 жылы болды. Ол кезде көрсеткіш 106 процентті құрады. Ал қарыз өсіп жатыр: қазір - 28,5 триллион доллар. Заң бойынша енді қарыз алуға болмайды. 

АҚШ мемлекеттік қарыздың шарықтау шегіне бірінші рет жетіп отырған жооқ. 2008 жылдағы дағдарыстан кейін бұл көрсеткіш тұрақты өсіп жатыр. 

2019 жылы Трамп 2021 жылдың 31 шілдесіне дейін мемлекеттік қарызды шектеусіз ұлғайтуға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Межелі күннен кейін Қаржы министрлігі облигациялар сату есебінен қосымша қаражат тарта алмайды.

Алайда Вашингтонның бұдан басқа амалы жоқ. Пандемия кезінде экономиканы қолдауға жұмсалған қомақты шығын салдарынан бюджетте үлкен саңылау пайда болды. 

Бюджет тапшылығы негізінен мемлекеттік облигацияларды сату есебінен жабылып жатыр. 2020 қаржы жылында (30 қыркүйекте аяқталды) тапшылық кемінде үш есе – 3,1 триллион долларға дейін ұлғайды. Алайда коронавирусқа қарсы күрес бойынша барлық шараларды есептегенде, ол төрт триллионға жететінін анық. 

Осылайша Вашингтонның алдында екі жол тұр: 31 шілдеге дейін мемлекеттік қарыз шегін арттыру немесе қарыз алу лимитінің әрекет етуін тоқтату. Әйтпесе АҚШ-тың қаржы министрі Джанет Йеллен конгреске жолдаған хатында ескерткендей, ел дефолтқа тап болып, экономикаға орны толмас шығын келтіріледі. 

Қаржы министрлігі "қосымша шұғыл шаралар" қабылдауға тура келеді. Алайда Йеллен атап өткендей, қаржы мекемесінің мемлекеттік төтенше қаржыландыру қолдану мүмкіндігі қатты шектеулі. 

"Мұнда көптеген факторға байланысты айтарлықтай белгісіздік бар. Соның ішінде үкіметтің төлемдері мен түсімдерін бірнеше ай бұрын есептеу проблемалары да бар", - деді министр. 

Алайда шекті көтермесе, жаңа қаржы жылында, 1 қазанға қарай қарызға қызмет көрсету қабілеті тоқтатылады. Негізінен дәл сол күні АҚШ қарзынашылығы шығынды 150 миллиард долларға қысқартуға тура келеді.

Жалпы қаржы министрі мемлекеттік қарыздың рекордтық өсімін көздеп отыр. Алайда бұған байланысты конгресте бірауызды шешім болмай тұр. Демократтардың пікірінше, шекті арттыру керек. Республикашылдар Байден мен үкіметтен шығындарды қысқартып, үлкен қарызды азайту шараларын қабылдауды талап етіп отыр.

Соған қарағанда шекті қарыздың деңгейін кезекті рет көтереді. Ал экономистер АҚШ дефолтын "ақырзаман" ретінде қарастырып жатыр. 

"Америкалықтар мұндайға ешқашан жол бермеген. Бұл қауіпті жағдай болар еді", - деп санайды JPMorgan-ның АҚШ бойынша бас экономисі Майкл Фероли. 

Бірақ дефолт болу қаупінің өзі-ақ нарықта дүрбелең тудыруы мүмкін. Егер ешқандай шара қабылданбаса, АҚШ Қаржы мекемесі 30 шілдеде мемлекеттік бағалы қағаздарды да, мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп отырған жергілікті органдардың  қағаздарын да сата алмай қалады.

2011 жылы өкілдер палатасының қарыз шегін көтеруден бас тартуы мен дефолт қаупінің туындауына байланысты Standard & Poor’s халықаралық рейтинг агенттігі тарихта алғаш рет АҚШ-тың дербес кредиттік рейтингін төмендетті. Соның артынша-ақ қор нарығында құлдырау бола жаздады: тиісті органдар бір мәмілеге келгенге дейін S&P 500 индексі бес күн қатарынан төмендеді. 

CNBC атап өткендей, осы жолы мемлекеттің қарызды өтеу мүмкіндігіне күмәнданған кредиторлар Вашингтоннан әлдеқайда жоғары процентті талап етуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде домино әсерін қалыптастырады: ипотекалық және автокредиттен бастап корпоративтік қарызға дейінгі проценттік мөлшерлемелер жаппай өсе бастайды.

Ал бұл тұрақтылыққа оң әсер етпейтіні анық. "Қаржы дағдарысы күшейіп, жұмыс орындары мен америкалықтардың жинақтарына қауіп төнеді. Бұл біз пандемиядан кейін қайта аяққа тұрмаған кезде болып отыр", - дейді Джанетт Йеллен. 

Кредиторлар АҚШ үкіметінің қарыз өтеу қабілетіне жиі күмәнданып отыр. Америкалық жетекші қаржыгердің бірі, Bridgewater Associates атты әлемдегі ірі хедж-қордың негізін қалаушы миллиардер Рэй Далио атап өткендей, бюджет, сауда теңгерімі мен қазіргі операциялардың есебі бойынша үштік тапшылық жақын уақытта шетелдік инвесторларды қазынашылық облигациялардан үркітіп, доллардың құлдырауына себепші болады. Бұл көлемі жағынан 2008 жылғы дағдарыстан ғана емес, 1930 жылғы Ұлы депрессиядан да асып түсуі мүмкін қаржы дағдарысына апаратын тікелей жол.

0