Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда да төтенше жағдай режимі енгізілді

© Sputnik / Абзал КалиевЗимний день в Нур-Султане
Зимний день в Нур-Султане  - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.01.2022
Жазылу
Төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы құрылып, оған "Төтенше жағдай туралы" Заңмен көзделген өкілеттіктер беріледі
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдайды енгізу туралы жарлыққа қол қойды.
"Азаматтардың маңызды және тікелей қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтар құқығы мен бостандығын қорғау мақсатында 2022 жылдың 5 қаңтардағы 16 сағат 00 минут пен 2022 жылдың 19 қаңтардағы 00 сағат 00 минут мерзімі кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай енгізілсін", - делінген жарлықта.
Елордадағы төтенше жағдай кезінде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізіледі.
Қала коменданты болып Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің бастығы Ержан Сапарбекұлы Сәденов тағайындалды.
Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер белгіленеді:
  • қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;
  • Нұр-Сұлтан қаласында жүріп-тұру, оның ішінде көлік қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгілесін;
  • жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру,  заттарын, көліктерін тексеру қамтамасыз етілсін;
  • Нұр-Сұлтан қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелсін;
  • бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынсын;
  • ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынсын;
  • қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим белгіленсін;
  • жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілсін.
Төтенше жағдай режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігі белгіленді.
Бас прокуратураға жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету жүктелді.
Үкімет төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін үкімет резервінен қажетті қаражат бөлінеді.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Жаңалықтар
0