Архивтегі фото

20 жылдан кейін ашылған қылмыс: үш адамды өлтірген жігіт сот залынан босатылды

16865
2011 жылы көктемде Қарағанды облыстық ішкі істер департаментіне Владивосток қаласынан хабар келді. Шұғыл ақпаратқа сәйкес, Камиль Джохаров жеке құжаттарын тексеру кезінде ұсталған. Қазақстан тергеушілері оны үш адамды өлтіргені үшін 20 жыл бойы іздеген болатын

Өмір басқаша еді...

1991 Қарағанды облысының тумасы Камиль Джохаров (оқиға қатысушыларының аты-жөні өзгертілді) екі жылдық әскери қызметін өтеп, туған жері – облыс орталығына жақын елді мекенге оралады. Жас жігіт отбасын құрып, бала сүюді армандайды. Жұмысқа тұрамын, я болмаса, жеке кәсіп ашамын деп армандаған.

Алайда ол кезде өмір басқаша еді. Рэкет, ұрлық пен қарақшылық қалыпты жағдайға айналған. Тепсе темір үзетін жігіттердің көбісі осы "кәсіпке" бет бұрды. Олардың арасында Камильдің таныстары да аз болған жоқ. Ондай адамдардан алшақ жүруге тырысса да, бір күні "старшактармен" бетпе-бет кездесуге тура келді.

Иван Графов, Берік Бекманов пен Михаил Галановты жұрттың бәрі білетін. Үшеуі рэкет боламыз деп, өздерінен кіші жігіттерден ақша бопсалап жүрген. Бір күні үшеуі көшеде "дастарқан" жаяды. Ащы судан алып отырып, жергілікті тұрғыннан ақша талап етіп жатқанда Камиль шыға келеді. Рэкетирлер оны шақырып алады да, оған да арақ құяды. Әскерден енді келген жас жігітті өз орталарына қосып алуды ойлайды. Бірақ Камиль бірден бас тартады. Содан бастап дұшпанға айналады.

Алматыдағы үш адамның өлімі: бұрынғы прокурордың қылмысы қалай ашылды

Сол күні үш жігіт Камильді қыспаққа алады. Ата-анасының мал сатумен айналысатынын еске алып, бір қой беруді талап еткен. Джохаров өзара жанжалды ушықтырғысы келмейді. Рэкетирлердің талабына көнеді. Қойды алғаннан кейін өзін және отбасын мазаламайды деп ойлайды. Сөйтіп, Графов, Бекманов пен Галанов Камильді алдарына салып алып, қойды алуға барады. Бірақ осыдан кейін оларды ешкім көрмеген, үшеуі де ізім-ғайым жоғалады.

Үш жігіттің мәйіті табылды  

Бірнеше күннен кейін үш жігіттің туыстары полицияға шағым түсіреді. Біреуі інісін, екіншісі баласын таппай жүргенін жеткізген. Тергеушілер куәгерлерді тауып, үш жігіттің соңғы рет қайда болғанын және қайда кеткенін біліп алады.

Камиль Джохаровты тергеуге алған кезде ешқандай дәйек табылмайды. Оның айтуынша, қой беремін дегеннен кейін төртеуі үйіне барған. Сол жерде Камиль оларға қойды шығарып берген. Содан кейін үш жігітті көрмеген.

Полицейлер іліп алатын ештеңе таппайды. Шынымен де, қылмыс жасайтын себеп болмаған. Үшеуі қойды алған да, кетіп қалған. Ал үш жігітті өлтірсе, денелері қайда? Құқық қорғаушылар тергеуді қалай бастайтынын білмеді.

Бір жылдан кейін осы іске қатысты тың дерек шықты. Жергілікті тұрғындардың бірі ауыл сыртымен келе жатқанда батпақтан шығып тұрған адамның қолын көрген. Дене мүшесі сүйекке дейін шіріп кетіпті. Зәресі ұшқан ер адам бірден полиция шақырады.

Шұғыл тергеу тобы оқиға орнында бірнеше сағат бойы жұмыс істейді. Сөйтіп, батпақтың ішінен үш ер адамның мәйітін алып шығады. Жергілікті полицейлер оларды бірден таныды. Олар – бір жыл бұрын жоғалған Графов, Бекманов пен Галанов. Тергеушілер күдіктіні көп іздеген жоқ, бірден Камиль Джохаровты еске алады. Себебі үш жігіттің мәйіті көмілген батпақ жер Джохаровтар мал баққан жайылымға жақын болған. Оған қоса, Камиль оларды соңғы рет көрген. Демек рэкетирлердің талабына бағынбай, өз қолымен жазалаған.

Осымен қылмыстық іс аяқталды деуге болатын еді. Алайда полицейлер қылмыскердің сот алдына тек 20 жылдан кейін ғана жауап беретінін ойламаған. Құқық қорғаушылар Камильді ұстауға келгенде оның кетіп қалғанын естиді. Джохаровтың қайда кеткенін ешкім білмепті.

"Бір жеңілденіп қалдым"

Үш адамның өліміне қатысты қылмыстық іс ұзақ уақыт архивте жатты. Ал 2011 жылы көктемде Қарағанды облыстық ішкі істер департаментіне Владивосток қаласынан хабар келді. Шұғыл ақпаратқа сәйкес, жеке құжаттарын тексеру кезінде Камиль Джохаров қолға түскен.

Тергеу материалдарына сәйкес, Джохаров үш адамды өлтіргеннен кейін Қиыр Шығысқа аттанған. Ол жақты жақсы білетін. Себебі әскери борышын Владивостокта өтеді. 20 жыл бойы ескі кеңестік төлқұжатымен жүрген екен. Отбасын құрған жоқ, өз үйі де болмапты. Соған қарамастан, бірде-бір рет құқық қорғаушылардың назарына ілінбеген. Ал Камильдің өзі полицияның қолына түскенде бір жеңілденіп қалғанын айтқан.

Джохаровты Қазақстанға қайтару жұмысы ұзаққа созылған жоқ. Экстрадициядан кейін ескі қылмыстық іс көтеріліп, қайта өндіріске жіберілді. Камиль болса, тергеу кезінде бәрін жасырмай айтты.        

Ата-анасын пышақтап тастаңдар!

Тергеу кезінде Камиль Джохаров өзін-өзін қорғау үшін және ата-анасының өмірін сақтап қалу үшін қылмысқа барғанын айтты.

"Біз алдымен қойды аламыз деп, үлкен үйге бардық. Алайда аулаға кіргенде үшеуі әкемнің "Жигулиін" көрді де, қойды емес, соны бер деп шыға келді", - деді Джохаров.   

Камиль көліктің кілтін бермеймін деген. Сол кезде бандиттердің серкесі өз сыбайластарына үйге кіріп, кілтті алып келуге бұйрық береді. "Ата-анасы қарсылық білдірсе, пышақтап тастаңдар!", - деп қысқа ғана қайырған.

Джохаров қылмыскерлерді тоқтатуға тырысады. Сол кезде Бекманов пышағын алып, жас жігітке тап берген. Алайда әскерде десантшы болған Камиль пышақты жылдам алып қояды да, өзіне шабуыл жасаған Бекмановқа қарсы қолданады. Сыбайласын құтқаруға жетіп келген Графов та ештеңе істей алмай, пышақ жарақатынан сұлап түседі. Ал Галанов монтировка ұстап жүгіреді. Бірақ Джохаров оны да бір теуіп, пышақтап тастаған.

Камиль есін жиғасын үш адамды өлтіріп тастағанын түсінді. Үшеуі де жерде қанға боялып жатты. Джохаров көп ойланбай, әкесінің көлігін ашып, жүк салғышқа клеенка төсейді. Сосын үш жігіттің мәйітін салып, батпақты жерге шығарып тастайды. Осыдан кейін үйдің алдындағы қанды жинайды. Пышақтарды лақтырып, көлікті жуып қояды.

Сот залынан босатылды

Сотта Камиль Джохаров жырақта жүргенде жасаған қылмысын күнде ой елегенін өткізгенін айтты. Сол кезде басқа амалы болды ма, жоқ па, осыны жан-жақты қарастырған. Бірақ өзін және ата-анасын қорғаудың басқа жолы болмады деген тұжырымға қайта-қайта орала берген.

Джохаровтың ісі алқабилердің қатысуымен қаралды. 20 жылдан кейін куәгерлердің көбісі қайтыс болған. Сот отырысына бір ғана куәгер келді. Дәл сол кісі Графов, Бекманов пен Галановтың Джохаровты алдына салып алып, бір жаққа кетіп бара жатқанын көрген. Ол үш жігіттің пышақ ұстап, Камильге қоқан-лоқы жасағанын да растады.

Алқабилер барлық материалды қарап, "Камиль Джохаров үш адамның өліміне кінәлі" деген шешімге келді. Алайда осы қылмысты жасауға мәжбүр болғанын мойындады. Себебі өзін және ата-анасын қорғауға тырысқан. Қылмыстық кодекс бойынша ондай әрекет аса ауыр қылмысқа жатпайды. Оған қоса, сот отырыстары өтіп жатқанда рақымшылық шарасы жарияланған болатын. Содан Камиль Джохаров тура сот залынан босатылды.

16865
Кілт сөздер:
Қарағанды, сот, қанды оқиға
Тақырып бойынша
Шымкентте он жыл бұрынғы жантүршігерлік қылмыстың беті ашылды
Сүйіктісін буындырып өлтірген: Ақтауда атышулы іске қатысты сот үкімі шықты
Талдықорғанда бастығын атып өлтірген подполковник құпияның бетін ашты
Ресейлік танымал әншіні кім өлтіргені 17 жылдан кейін анықталды
С-400 зениттік зымыран кешені

Тағы бір мемлекет С-400 кешенімен қайта қаруланбақ

29
С-400 зениттік зымыран кешендерінің бейбіт экспанциясы Еуразияның жаңа елдерін "жаулап" жатыр. Қытай, Түркия, Үндістаннан кейін Беларусь Республикасының әскери-әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғанысы "Триумфтармен" қайта қаруланады

Ирак, Катар және Марокко да (Африка құрлығының солтүстік-батысы) С-400 жүйелерін сатып алуға кірісіп жатыр. С-400 зениттік зымыран жүйелерін ғаламшардың әрбір елінде сәтті ілгерілетудің негізі – оған ұқсас баламаларының болмауы, бірегей соғыс сипаттамалары.

14 қаңтарда Беларусь Республикасы Қарулы Күштері әскери-әуе күштері мен әуедегі шабуылға қарсы қорғаныс күштерінің қолбасшысы генерал-майор Игорь Голуб әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері АҚШ ӘӘК F-22 және F-35 бесінші буын жойғыштарының әскери мүмкіндіктерін ескере отырып әзірленген С-400 "Триумф" жүйелерімен қайта қаруланатыны туралы мәлімдеді.

Сонымен қатар, әскерлерде "Панцирь-С" зениттік зымыран-зеңбірек кешенін (ЗЗЗК) игеру бойынша келісімшартқа дейінгі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ресейде шығарылған СУ-30СМ жойғыштарының екінші партиясын және МИ-35 көп нысанды шабуылдаушы тікұшақтарын жеткізуге арналған келісімшарттар жасалды.

Беларусь әскері 2021 жылы "Противник-Г" и "Восток" жаңа радарларын қабылдайды. Бұған дейін Ресей Федерациясында әзірленген үш координатты трассалық S-диапазонды радиолокациялық кешен елдің әуе кеңістігін қорғау үшін жауынгерлік кезекшілікті қабылдады. Батыс санкциялары мен экономикалық қиындықтар Ресейді Беларусь әскерінің жалғыз қару-жарақ жабдықтаушысына айналдырды.

Беларусь Республикасының аспаны кез-келген агрессор үшін алынбас қамалға айналғалы отыр. ӘӘК мен ӘШҚ әскерлері Сирияда, Ливияда және Таулы Қарабақта қарсыластың зымыран қару мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданған жағдайларды ескере отырып, күрделі әәскери мәселелерді шешуге дағдыланып жатыр.

Ресеймен арадағы белсенді әскери-техникалық ынтымақтастық әлемнің 50 елінің, оның ішінде жеті ТМД елінің қауіпсіздігі мен егемендігін нығайтып отыр. Шетелдік мамандар Ресей Федерациясында шығарылған әскери ұшақтар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жау әрекеттерінен қорғанудың ең тиімді құралы деп санайды.

Қытай С-400 "Триумф" зениттік зымыран жүйелеріне тапсырыс берген алғашқы шет мемлекет болды. С-400 ЗЗК екі полк жиынтығын жеткізуге арналған Ресей-Қытай келісімшарты туралы 2014 жылдың қарашасында белгілі болды. Мұндай бір жиынтықтың құрамында мобильдік басқару пункті, іске қосу қондырғыларының екі дивизионы, радиолокациялық станциялар және 120-дан астам екі түрлі зениттік басқарылатын жаңа зымырандар бар. Қытайда "Триумфтардан" алғаш рет сәтті оқ ату 2018 жылдың желтоқсанында жүзеге асты. Осы кезде аталған жүйе 250 шақырым қашықтықтағы 3000 м/с жылдамдықпен ұшқан баллистикалық нысанды дәл көздей алды.

2019 жылдың желтоқсанында Қытай ЗЗК жүйелерінің екінші полк жиынтығын алды. Қытайлықтар Ресей "Триумфтарының" басты артықшылығы олардың 400 шақырымға дейінгі қашықтықта әрекет ете алуы деп санайды. Сондай-ақ, жаудың қашықтықтан радиолокациялық анықтау ұшақтарын жою мүмкіндігі де ерекше назарға ілінген. С-400 жүйелері ҚХР айналасындағы даулы аймақтарды сенімді басқаруға мүмкіндік береді.

Ресей мен Түркия 2017 жылы С-400 Триумф" ЗЗЖ жеткізу туралы келісімге келді. Келісімшарт бағасы 2,5 миллиард долларды құрады. Бұл АҚШ-Түркия қарым-қатынасында күрделі шиеленіс тудырды. Анкараны санкциялармен қорқытып, Түркияны америкалық F-35 жойғыштарының өндірістік бағдарламасынан шығарып тастаймын деп қоқан-лоқы жасаған Вашингтон түріктердің осы келісімшарттан бас тартып, оның орнына америкалық Patriot кешендерін сатып алуды талап етті. Алайда, Анкара АҚШ-тың бұл талаптарын орындаған жоқ және 2019 жылдың жазында С-400 зениттік зымыран жүйелерінің төрт дивизиясын алды (бірінші жиынтық).

Түркия екінші жиынтықты да алуға және елдегі маңызды нысандарды қорғаудың сенімді ӘШҚ жүйесін қалыптастыруға ниеттеніп отыр. Анкараның маңына орналастырылған С-400 жүйесі сынақ барысында радиолокациялық жүйе әрекет ететін аумақта F-16 Fighting Falcon жойғышын анықтай алды. Яғни, әуедегі нысандарды анықтау және олардың көзін жою автоматты режимде орындалатын соғыс кезінде ресейлік "Триумф" Анкарадан 400 километр қашықтықта F-16 Fighting Falcon жойғыштарының күл-паршасын шығаруға қабілетті. 2020 жылдың маусымында аталған кешеннің екінші жиынтығын жеткізуді көздейтін кезекті келісімшарта қол қойылды.

Ресей мен Үндістан С-400 бес полк кешенін жеткізуді қарастыратын және құны 5,43 миллиард долларды құрайтын келісімшарт жасасты. Делидегілер АҚШ-тың наразылығына көңіл аударатын кейіпте емес. The Times of India басылымының мәліметі бойынша, ресейлік "Триумфтер" Үндістанның батыс, солтүстік және шығыс өңірлеріне орналастырылады. Бұл елдің әуедегі шабуылға қарсы қорғаныс жүйесіндегі революцияға айналмақ.

С-400 зениттік зымыран кешенін пайдалану мен соғыста қолдануды үйрену үшін үнділік 100 маманның бірінші тобы 2021 жылдың қаңтар айының аяғында Ресейге келеді. Үндістан "Триумфтардың" алғашқы полк жиынтығын 2021 жылдың соңында пайдалануға қабылдайды деп жоспарлануда. 2025 жылға дейін Ресей С-400 ЗЗК жүйелерінің барлық бес полк жиынтығын жеткізеді деп көзделіп отыр.

Қазір Марокко, Катар, Ирак "Триумфты" сатып алу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұған дейін Алжир, Вьетнам, Египет, Сауд Арабиясы және тағы 12 ел Ресейдің С-400 зениттік зымыран кешенін сатып алуға қызығушылық білдірген болатын.

29
F-35A Lightning II ұшағы

АҚШ неге F-35 өндірісін кейінге қалдырды?

22
АҚШ қорғаныс министрлігі F-35 Lightning II жойғышының сериялы өндірісін кезекті рет кейінге қалдырды. Жойғыш осыдан төрт жыл бұрын бағындыруы тиіс болған әскери сынақтарға әлі дайын емес

Америка Құрама Штаттары өзінің технологиялық мүмкіндіктерін асыра бағалаған секілді. Сол себепті 2021 жылдың қаңтарында "құны шамамен 1,6 триллион доллардан асатын әлем тарихындағы ең ірі қару-жарақ бағдарламасы модификацияланған F-35 "бесінші буын" жойғыштарының ақауларына байланысты тұралап қалды.

АҚШ-тың қорғаныс министрінің сатып алу және қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Эллен Лорд F-35 Lightning II аппаратының 2021 жылдың наурыз айындағы жоспарланған жаппай өндірісін кейінге қалдырды. Оның басты себебі - техникалық ақаулар. Жойғыштың бірқатар елеулі кемшіліктері бар және ол әуе шабуылына қарсы заманауи қорғаныс жүйелерімен күресте өзінің тиімділігін дәлелдей алған жоқ.

2011 жылдан бастап F-35-тің әртүрлі модификациялары шығарылды да, жойғыш аппарат 2014 жылы ресми түрде қарулануға қабылданды. Бүгінгі күні жоспарланған 3 200 жойғыштың 600-ден астамы құрастырылды. Бірақ Пентагонның F-35 сериялы өндірісі туралы ресми шешімі – бұл күрделі мәселелерді шешуге арналған жойғыштың жауынгерлік дайындығының кепілі, шетелдік тапсырыс берушілер мен америкалық салық төлеушілер үшін "сапа белгісі", сондай-ақ өндіріс тиімділігі мен сатудан кейінгі техникалық қызмет көрсетуді растау болып табылады. АҚШ қорғаныс министрлігінің шешімі мұнда жоқ.

F-35-тің болашағы бұлыңғыр, Пентагон оң шешімін бірнеше жыл қатарынан кейінге қалдырып келеді. Жаңа сайланған президент Джо Байденнің әкімшілігі тағайындаған жаңа мамандар тобы тәуелсіз техникалық сараптама жүргізуге және F-35 сериялы өндірісі туралы шешім қабылдауға әлі бірнеше ай жұмсайды. Айта кету керек, бұл қаруды пайдаланудан шығару 2070 жылға жоспарланған. Фантастикалық жоспар. Тәжірибеде қолдану мамандардың көңілінен шықпай отыр. F-35 Lightning II көп параметрі бойынша бесінші буын аппараты деуге сәйкес келмейді: дыбысқа дейінгі крейсерлік жылдамдық, радарларда көріну дәрежесі, апаттың жоғары деңгейі. Ядролық қаруды тасымалдаушы ұшақты сертификаттау 2023 жылдың қаңтарына жоспарланған. Бірақ, F-35 жойғышының бұған дейінгі барлық сәтсіздіктерінен кейін бұл мерзімді де кейінге шегеруі мүмкін.

F-35 Lightning II ұшағын пайдалану шығындары төртінші буын жойғыштарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бұл мемлекеттік шенеуніктерді "көзге түспейтін қаруды"»көптеп сатып алу қажеттілігінің барына күмәндануға мәжбүрлеп отыр. Алайда F-35 бағдарламасына салынған инвестицияның ауқымдылығы соншалық, оны тоқтату мүмкін емес.

Бұл мақсатқа АҚШ-тан басқа Бельгия, Ұлыбритания, Польша, Италия және басқа елдер де ақша салған. Америкалық Military Watch журналы 3 қаңтарда былай деп хабарлады: батыс әлеміндегі F-35 жалғыз бесінші буын жойғышы "толық жауынгерлік дайындық "аулынан әлі алыс" және ол 2025 жылға дейін жоғары қарқынды соғыс әрекеттері үшін жарамсыз болып қалуы мүмкін".

F-35 өндіріс бағдарламасына жауапты ресми тұлғалар төрт жылдан бері жойғыштың жауынгерлік сынақтарға дайын болатын күнін дәл анықтай алмай отыр. Тіпті "Молния" қарулануының күрделі жүйесін тексеруге арналған симуляциялық орталық та дайын емес. Қосалқы бөлшектердің жетіспеушілігі салдарынан 2020 жылы мердігер өндірісті баяулатқан. Бұған дейін АҚШ Қорғаныс министрлігі екі жүз бірлік "бесінші буын" машиналарынан табылған технологиялық ақауларға (корпустың тат басуынан бастап бағдарламалық жасақтамаға дейін) жаңа F-35 ұшақтарын қабылдаудан бірнеше рет бас тартқан. Пентагон өз баяндамасында F-35-тің қызмет ету мерзімі "2 100 ұшу сағатын құрауы мүмкін" деп атап көрсетті. Бастапқыда бұл жойғыш машина 8 000 ұшу сағаты (қызмет ету мерзімі қырық жылға дейін) есебімен құрастырылған болатын.

Осындай кемшіліктер жиынтығы бар әртүрлі модификациядағы ондаған F-35 жойғыштары шетелдік серіктестерге сатылып, оны сегіз елдің қарулы күштері (соның ішінде АҚШ) пайдаланып жатыр. Ұлыбритания, Греция, Дания, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Жапонияның әуе күштері өздеріне тиесілі "көзге түспейтін" машинаны әлі де күтуде. Мысалы, бір ғана Израиль әскери-әуе күштері 50 бірлік F-35 жойғышына тапсырыс беріп, тағы да жиырма шақтысын сатып алғысы келеді. "Молнияны" басқаруды 1200-ден астам ұшқыш үйренсе, F-35-ке қызмет көрсетуді 10 000 техник оқып шықты. Бұл үшін Lockheed Martin фирмасы F-35A модификациясы үшін бағаны бастапқы 250 миллионнан 80 миллион долларға дейін төмендетуге тура келді. Америкалық маркетинг АҚШ-тағы технология деңгейінен айтарлықтай асып түседі. Сондықтан, "қанатты арман" немесе "Молнияға" жақсы ұшудың қажеті жоқ. Сәтті сатылса болғаны...

F-35 Lightning II машинасының ақаулар топтамасы аппараттың алдағы жылдарда тағдыры ауыр болады деп болжауға мүмкіндік береді. Егер америкалық су жаңа жойғыш технологиялық тұрғыдан бейбіт өмір жағдайында осалдық танытса, соғыс кезінде, мысалы, ресейлік бесінші буындағы Су-57 жойғышымен, С-400 зениттік-зымыран кешенімен немесе радиоэлектронды күрес құралдарымен бетпе-бет келу ол үшін жақсы аяқталмайтыны анық. F-35 Lightning II ащы шындыққа бейімделуі керек.

Америкалық "бесінші буын" жойғышының негізгі кемшіліктерінің саны беске дейін азайды. Дегенмен, бұл құны 80 миллион доллардан 130 миллион долларға дейін баратын машина үшін әлі де көп. Жоғары дыбыс планераны, стелс-жабынды және ұшақтың артқы жағындағы антенналарды жою қаупін тудырады. Алайда, Пентагон Lockheed Martin компаниясыға жау емес. Сондықтан, F-35 жойғышының пайдалану сипаттамаларына аса жұмсартып түзетулер енгізді. Арнайы нұсқаулық әскери-теңіз күштері (F-35B) және теңіз жаяу әскерлеріне (F-35C) арналған модификация үшін 1.2 Махқа дейін жылдамдықты үдету секундтарының санын анықтайды. Конструкциядағы кемшіліктерді осылайша жоюға да болады екен.

Еске салсақ, бұған дейін америкалық F-22 Raptor бесінші буын жойғышын жасау сәтсіз деп танылған болатын. Радио сигналдарды тұншықтыратын жабынның сенімсіздігі, F-22 аппаратының метрлік радарларда көзге түсуі, 750 км дейінгі әрекет ету радиусы, сериялық машинаның өте қымбат бағасы (350 миллион доллар) 2009 жылы жоспардың 25% көрсеткіште бағдарламаны тоқтатуға алып келді. Бұл уақыт ішінде бар-жоғы 187 жойғыш шығарылды. F-22 бағдарламасының "қысқа ғұмыры" қымбат техникалық қызмет көрсетуге де тосқауыл болды. АҚШ Үкіметінің есеп палатасының (GAO) 2020 жылдың 29 қарашасындағы мәліметі бойынша, АҚШ әскери-әуе күштеріндегі F-22 Raptor бесінші буынға жататын негізгі жойғыш ұшағы пайдалану дайындығы жағынан өте нашар ұшақ болып қала берді. Егер, бейбіт уақытта бұл машиналар паркінің жартысына жуығы жұмыс істеп тұрса, соғыс кезінде не болмақ?

F-35 Lightning II жаңа жойғышына қатысты жағдай да дәл осылай қайталанып жатыр. АҚШ үкіметінің есеп палатасы бұған дейін F-35-ке техникалық қызмет көрсету нашар екенін және Пентагонның F-35 аппаратын жөндеу мүмкіндіктері кесте бойынша алты жылға кешігіп келе жатқанын атап өткен. Қорғаныс министрінің орынбасары Эллен Лордтың айтуынша, әскери күш F-35 жойғышын күтіп-баптауға арналған шығындарды көтере алмайды: "Қарулы күштер саласындағы жап-жаңа әрі күрделі жойғышты баптау алдағы жылдардағы басты проблемаға айналады ... және ол әскери дайындыққа кедергі бола беруі де ықтимал".

22
Архивтегі фото

Павлодар облысы әкімдігінде қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді

0
Мемлекеттік мекемелер құрамына жаңа қызметкерлер тартылмайды. Ведомстволардың штат саны қолда бар қызметкерлер есебінен қалыптасады

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар — Sputnik. Павлодар облысында екі басқарма біріктіріліп, жаңа басқармалар құрылды, деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен индустриялық-инновациялық даму басқармасы біріктірілді.

"Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы Павлодар облысының бизнес, өнеркәсіп және инновациялар мәселелеріне бақылау жасайды", - делінген хабарламада.

Өңірде цифрландыруды дамытумен айналысатын цифрлық технологиялар басқармасы жеке құрылымға шығарылды.

Ауыл шаруашылығы басқармасында да өзгеріс болды. Бұрын бұл ведомство ветеринарияға да жауапты болса, енді онымен ветеринария басқармасы айналысады. Сонымен қатар Павлодар облысында дін істері басқармасы қайта құрылды. 

Оқи отырыңыз: 2021 жылы Нұр-Сұлтанда не өзгереді 

Басқарма құрылымдары бекітілді. Ведомстволардың штат саны қолда бар қызметкерлер есебінен қалыптасады. Мемлекеттік мекемелер құрамына жаңа қызметкерлер тартылмайды.

0