АҚШ әскерилері, архивтегі сурет

АҚШ өз әскерлерін Ауғанстан аумағынан неге шығарып жатыр

51
(Жаңартылды 21:41 13.10.2020)
"Талибан" * мен Ауғанстанның бейбіт өмірі бір-бірімен үйлеспейді. Ауғанстанның заңды үкіметі мен террористік тобы интеграцияға түбегейлі қабілетсіз

Дохадағы ауғанаралық келіссөздер америкалық әскерлерді бет қаратпай шығарып тастауға негіз болады, ал бұл өз кезегінде Ислам республикасын ұрыс қимылдарының өршуіне, сондай-ақ, азаматтық соғыстың сапалық жаңа кезеңіне көтерілуін және Орталық Азиядағы көршілес жатқан елдердің аумағына төндіруі мүмкін террористік қауіп-қатерді алдын ала болжауға алып келеді.

Ауғанстандағы күрделі әскери-саяси жағдайға, Дохадағы ауғанаралық келіссөздердің тығырыққа тірелуіне, үкіметтік әскери күштердің Талибанмен және басқа да террористік топтармен үздіксіз қақтығыстарына қарамастан, АҚШ президенті Дональд Трамп 7 қазанда америкалық әскерилердің осы елден жедел түрде шығарылатынын жариялады. Америка лидерінің айтуынша, АҚШ армиясының контингенті Рождествоға дейін (Григориан күнтізбесі бойынша - ред.), яғни желтоқсанның аяғында Ауғанстан аумағынан толықтай дерлік шығарылады. Ауғанстан армиясына көмектесу үшін АҚШ-тың әскери нұсқаушыларының "аз бөлігі" ғана қалады. Мұндай мәлімдемені ешкім күтпеді. Бұған дейін Вашингтон Ауғанстанда 2021 жылдың басына дейін 2500 әскерді қалдыруды көздеген еді.

НАТО ұстамдылықпен әрекет етті, бас хатшы Йенс Столтенберг альянстың Ауғанстандағы миссиясына адал екенін, бұл елдің терроризм алаңына айналмауы керектігін атап өтті, алайда барлық әскери азаматтың (шамамен 12 мыңдай адам) шығарылуы төңірегінде жақ ашпады.

Ресей сыртқы істер министрлігі Дональд Трамптың бастамасын, ең алдымен, оның сайлауалды уәдесімен байланыстырды. РФ президентінің арнайы өкілі Замир Кабуловтың пкірінше, Ауғанстандағы жағдайдың нашарлағаны соншалық, америкалық әскерилердің болуы немесе болмауы іс жүзінде ештеңеге әсер етпейді.

АҚШ пен Талибан осы жылдың 29 ақпанында Катарда соңғы 18 жылдағы әскери ұрыс қимылдары кезінде алғаш рет бейбітшілік келісіміне қол қойды. Онда шетелдік әскери күштердің Ауғанстаннан шығарылуы (14 айда) және тұтқындармен алмасқаннан кейін ауғанаралық диалогты бастау мәселесі көзделеді. Келісім аясында Пентагон шілде айына қарай контингентін 13 мың адамнан 8600 адамға дейін қысқартты, ал америкалықтар Ислам Республикасының Гильменд, Урузган, Пактика және Лагман провинцияларында бес әскери базаны қалдырды. Кабул мен Талибан түрмедегілермен (5 мың адам) және тұтқынға алынғандармен (1 мың адам) алмасты. Алайда Дохадағы (Катар) ауғанаралық келіссөздер ойдағыдай жүрмеді. Атыс тоқтаған жоқ, жарылыс сол күйі басылмады.

Соғыстан қашу

Америкалықтар кетіп жатыр, ал үкіметтік әскери күштер мен тәлібтер арасындағы шайқас Ауғанстанның көптеген провинциясында әлі де жалғасуда. Кабулдың мәлімдеуінше, соңғы алты айда тәлібтер шамамен 7000 әскери операция жүргізген, 3500 бейбіт тұрғын қаза тауып, жарақат алған. "Талибан" келісімді бірнеше мәрте бұзып, америкалық және ауғандық базаларға зымырандық шабуыл жасаған. Бұл ретте "Талибан" мен Кабул бір-бірін елде ауқымды әскери операциялар жүргізіп, зорлық-зомбылықты күшейтті деп айыптап отыр.

12 қыркүйекте Дохада келіссөздер басталғаннан кейін "Талибан" содырлары бірден шабуылдарын күшейтті және орталық Урузган провинциясындағы Гизаб аймағын басып алып, 60-тан астам сарбаз бен полицейді өлтірді. Солтүстік-шығыстағы Каписа провинциясының Тагаб аймағында тәлібтермен қақтығыс кезінде тағы сегіз қауіпсіздік қызметкері, ал тәлібтердің солтүстіктегі Балх провинциясының бақылау-өткізу пунктіне жасаған шабуылы салдарынан бес ауғандық сарбаз қаза тапты. Шығыстағы Нангархар провинциясында "Талибан" содырлары қауіпсіздік бекеттеріне шабуыл жасап, 20 ауған әскерінің көзін жойды. Елдің оңтүстігіндегі Гельменд провинциясында бір жанкешті бомба салынған көлікте отырып, полицияның бақылау бекетіне шабуылдады, салдарынан тоғыз адам қаза тапты. Жақында тәлібтердің салыстырмалы түрде тыныш саналатын Бамиан провинциясында да полиция бекетіне шабуыл жасап, тоғыз полиция қызметкерін өлтіргені айтылды.

Батыстағы Гор провинциясының жол бойындағы миналардың жарылуы салдарынан төрт бейбіт тұрғын, оның ішінде бір бала қаза тапты Бір күн бұрын орталық Дайкунди провинциясында жол бойындағы миналардан автобус жарылып, 14 бейбіт тұрғын, оның ішінде бес бала өлім құшқан еді. Тек қыркүйектің екі аптасында ғана Ауғанстанда 98 бейбіт тұрғын тәлібтердің қолынан қаза тапты. Мұндай статистика "Талибанның" өз елінде бейбітшілік орнатуға деген ұмтылысын мүлдем байқатпайды, сондықтан, террористермен бейбіт келісім жүргізудің орынды екендігіне үлкен күмән тудырады.

Әрине, тәлібтер де шығынға ұшырап жатыр. Солтүстік-шығыстағы Бадахшан провинциясының Кохистан ауданында қарулы қақтығыс кезінде тоғыз содыр өлтірілді және жараланды. Сол провинцияда бұған дейін төрт "Талибан" содыры, оның ішінде жоғары дәрежелі командир көз жұмған еді. Елдің шығысындағы Пактика провинциясында ұрыс кезінде 65 тәліп өлтірілді. Алайда, соңғы үш-төрт аптаның салыстырмалы көрсеткіштері тәлібтердің әскерилерге, полиция қызметкерлері мен бейбіт тұрғындарға қарағанда аз өлім құшатынын көрсетеді. АҚШ пен америкалық коалицияның көмегімен құрылған Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің террористерді өлтірудегі тиімділігі жеткіліксіз екені анық. Жуырда Ауған Республикасының қорғаныс министрлігіне бразилиялық өндіріске жататын төрт жеңіл турбовинтті шабуылдаушы А-29 Super Tucano ұшағын беру де қалыптасқан жағдайды өзгертпейді (Ауғанстан армиясында дәл осыған ұқсас жиырмаға жуық машина бар).

Кабул мен "Талибан" арасындағы келіссөздер тұйыққа тірелді

"Талибан" кез келген бассыздық арқылы билікке ұмтылып келеді, бүгінгі күнге дейін бейбіт тұрғындар арасында үлкен шығынның болуы осының айғағы. Ауғанстан Ислам Республикасының қазіргі таңдағы заңды үкіметін жеңбейінше, ол тоқтамайтын түрі бар (егер осылай болған жағдайда Кабул мен елдің басқа елді мекендері ортағасырдың қатігездік орнаған қара түнегіне батып кетері анық). Бүгінде тәлібтер америкалықтарға берген уәделерін орындамай отыр. Олар өз елінің көпұлтты және көпконфессиялы халқының ғана емес, аймақтағы көршілерінің де дәл осындай сенімсіз (қауіпті) серіктесі болып қала берері анық.

"Талибанның" Катардағы кеңсесінің мұндай іс-әрекет Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне қауіп төнуіне жол бермейді деген сипатта жариялаған соңғы мәлімдемесі жеңіл әрі дәлелсіз болып көрінеді. Көшбасшылардың бірі, молла Абдул Гани Барадар америкалық әскерлер шығарылғаннан кейін тәлібтер Ауғанстандағы террористік топтардың өмір сүруін тоқтатып, елді "бейбіт және гүлденген аймаққа" айналдырады деп мәлімдеді. Ендеше, 30 миллионнан астам халқы бар үлкен мемлекетте америкалықтардан ешкім қалмаса, қазірден бастап атысты тоқтатып, игі істер бастауға не кедергі келтіріп отыр?

АҚШ әлі күнге дейін ауғанаралық келіссөздер үдерісін жүргізуге тырысып бағуда, бұл ретте, әсіресе, Американың Ауған Ислам Республикасы бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзад белсенділік танытып отыр. Алайда, "Талибан" исламдағы сунниттік бағытқа сәйкес, тек қана Ханафи мазхабының ережелеріне сәйкес келіссөздер жүргізуді талап етуде.  Кабул мұны тек сүнниттердің нормаларымен шектеуге болмайды деп санайды, өйткені Ауғанстанда шииттер мен басқа діндердің аздаған өкілдері тұрады. Дохада Кабул мен "Талибан" арасындағы келіссөздер тұйыққа тіреліп қалды, тараптардың байланыс топтары алты кездесу өткізді, бірақ күн тәртібіндегі мәселелер туралы келісімге келе алмады.

Ауғанстан президенті Ашраф Гани тәлібтермен кездесуді жоспарлап отырған жоқ, керісінше, лаңкестерге қарсы қарулы қақтығыстарды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Дональд Трамптың "Талибанға" ұсынатын "Рождество сыйлығы" (америкалық әскерлерді жедел шығару) Ислам Республикасындағы жағдайдың бейбіт әрі саяси түрде реттелу ықтималдығын керісінше азайтады.

Шындығында, Америка президентінің маневр жасайтын мүмкіндігі аз. Трамп АҚШ тарихындағы ең ұзақ ауған соғысын бастаған жоқ, алайда оны тоқтатуға уәде берді. Еске сала кетейін, америкалық әскерлер Ауғанстанға 2001 жылы 11 қыркүйектегі террорлық актіден кейін көп ұзамай кірген болатын. Ондағы мақсат – "әл-Каида"* басшыларын бүркемелеп отырған тәлібтермен күресу еді. Пентагон контингенті өз белсенділігінің ең шырқау шегінде әскерилерінің қатарын 110 мыңға жеткізді. Он тоғыз жыл бойғы әскери ұрыс қимылдары барысында америкалықтар 2300-ден астам әскери қызметшісінен айырылды, жиырма мыңға тарта сарбаз жараланды. Енді кететін мезгіл жетті.

* - Ресейде тыйым салынған террористік ұйым.

51
Трамп пен Путин

Трамп пен Путин "қазан тосын сыйын" әзірледі

53
Америкадағы президент сайлауы неғұрлым жақын бола түскен сайын, тосыннан шыға келетін факторлар да соншалықты маңызға ие бола бастады

АҚШ-та "қазан тосын сыйы" туралы, дәлірек айтқанда сайлау алдындағы келісімді өзгерте алатын, таразының басын үміткерлердің біреуінің пайдасына шешетін оқиғалар немесе ақпараттар туралы әңгімелескенді жақсы көреді, деп жазады РИА Новости.

"Тосын сый" алдын-ала немесе стихиялы түрде дайындалуы мүмкін. Олар: үміткердің айрықша іс-әрекеті, оны айыптайтын жаңа дәлелдер, табиғи катаклизмге қатысты реакция, сыртқы саяси қадам. Енді екі үміткерге де осындай "тосын сый" қажет – бірақ оларға қатысты айғақ-дәлелдердің тым көп болғаны соншалық, енді "қауіпті Трамп" немесе "жемқорлыққа белшесінен батқан отбасы бар ұйқылы-ояу Байденге" қатысты жаңа айғақтарды ешкім қоса алмайды.

Бірақ америкалықтар президент сайлауы кезінде сыртқы саясатты айтарлықтай деңгейде басшылыққа алмаса да, ол рейтингті толықтыра алады. Президент басқа елдердің басшыларымен, мысалы бітімгер болуға қатысты келіссөздер жүргізе алады. Өткен айда Трамп бұл тәсілді ең алдымен, араб-израиль татуласуына, содан кейін Сербия мен Косово арасындағы келісімге байланысты екі рет пайдаланды. Бірақ мұның бәрінің америкалық сайлаушыға тікелей қатысы жоқ – оларға шынымен, Балқан және Таяу Шығыс не үшін керек?

Дегенмен, Трамп барлық америкалықты көктемнің соңына дейін емес, Рождествоға дейін шығаруға уәде бере отырып, Ауғанстаннан да әскерлердің шығарылуын тездетіп отыр. Мұны орындау мүмкін емес, оның үстіне Рождество 3 қарашадан әлдеқайда кеш келеді. Алайда барлық америкалықты толғандыратын тағы бір нәрсе бар - ол қару-жарақтар, соның ішінде ядролық қару жарысына қатысу. Қауіпсіздік және ақша - ядролық соғыс қаупін және қару-жараққа көбірек қаражат жұмсау қажеттілігін туғызады. Бұл жерде сіз бейбіт аспанға деген алаңдаушылығыңызды көрсете аласыз - Трамп мұны да жақсы көреді, өйткені ол Ким Чен Ынмен кездесулерінің арқасында АҚШ ядролық қаруы бар Солтүстік Кореямен соғыспайтынын, бірақ президент Клинтон болған кезде жағдай басқаша болуы мүмкін екенін бірнеше мәрте айтты. Бірақ ойдан шығарылған "корей қаупі" қазірдің өзінде ұмытылды, енді "қазан тосынсыйы" үшін басқа нәрсе іздеу керек.

Трамп Путинмен келісім жасағысы келді. Алайда оны төрт жылдан бері "Путинмен байланыс орнатады" деп айыптап келе жатыр, соңғы апталарда "орыс ізіне" қатысты әңгіменің бәрі Ақ үйден және Клинтон штабынан шыққан демократтардың арнайы операциясы болғандығы туралы дәлелдерге көбірек тірелуде. Сонымен, қазір Трамп демократтар мен "Вашингтон батпағына" олардың өздерінің "орыс тақырыбын" тықпалап жатыр. Трамп нағыз Путинмен мәміле жасайды, өйткені ол мықты және Путин оны құрметтейді. Трамп орыстармен жасаған келісімшартын америкалықтарға осылай сатқысы келеді.

Біз не туралы айтып отырмыз? Іс жүзінде "жерлегеніне" қарамастан, төрт айға жетер-жетпес уақытта мерзімі аяқталатын СНВ-3 туралы – бірақ оны Трамп "жерледі" емес пе? Иә, Ресей СНВ-3-ті бес жылға дейін созуды әрдайым жақтап келді. Ал Вашингтон бұл оларға тиімді емес екенін және қайта жазу, толықтыру және жалпы үшжақты ету қажет деп мәлімдеді.

Яғни, дәл осы қару-жарақтың Ресей мен АҚШ-қа қарағанда аз екенін көрсете келе, оған стратегиялық шабуылдау қаруын одан әрі қысқарту және шектеу шаралары туралы келісімге қосылуға ниет білдірмеген Қытайды қосу осыны байқатты. Мәскеу Пекиннің бұл ұстанымын толықтай қолдады. АҚШ-тың Қытай туралы барлық ескертпелеріне ол аспанасты елі келіссөздерді мәжбүрлі түрде жүргізбейді деп жауап берді. 

Америкалықтардың екіжақты сипаттағы басқа да талаптары болды, олардың көпшілігі Ресей үшін мүлдем қолайсыз еді. Бірнеше ай бұрын ғана америкалықтар Ресеймен кеңесе бастағанына қарамастан, СНВ-3 келісімшарты ақырындап жойылып барады. Сонымен қатар, олар осы уақыт ішінде бұл келісімшарт олардан гөрі Ресейге көбірек қажет және жалпы, егер Мәскеу Американың талаптарын 3 қарашаға дейін қабылдауға асықпаса, онда оны ұзарту шарттары (яғни, жаңа келісімшарт жасау) одан да күрделі болады деген сыңай танытқан еді.

Ресей мұндай арзан қулықтарға сабырлықпен қарады, шынтуайтына келгенде, екі тарапқа да келісім қажет. Кремль Трампты қол қоюға итермелемеуге тырысқан жоқ, бірақ өткен аптада Владимир Путин Джо Байденнің СНВ-3-ті ұзартуға немесе жаңа келісімшарт жасасуға уәде бергенін еске алды, ал "бұл қазірдің өзінде болашақтағы ықтимал ынтымақтастық үшін өте маңызды элемент".

Осыдан кейін Ақ үйден және Конгресстен шыққан ақпарат бірнеше америкалық басылымдарда "АҚШ президенті Дональд Трамп сайлауға дейін СНВ келісімшартын жасау үшін Ресей тарапының келісіміне үміт артып отыр" деген сипатта жарияланды.

"Трамп әкімшілігі президент Владимир Путин мен Ресей қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Николай Патрушевтен АҚШ пен Ресей арасындағы жаңа ядролық келісімшарт жасау туралы келісім алды деп санайды, келісім бойынша жұмыс бір апта ішінде аяқталуы мүмкін. Президент әкімшілігі қызметкерлерінің бірі ұлттық қауіпсіздік кеңесі мен мемлекеттік департаментте шешімдердің ең жоғары деңгейде қабылданғанын айтты. Оның айтуынша, сенаттың халықаралық қатынастар комитетінің кейбір мүшелері мен Капитолий төбесінде орналасқан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жұмыс тобы осы пікірталастардың қорытынды материалдарын алды". Басылым сайлау алдындағы ядролық келісім бойынша жаңа жұмыс кестесі "жоғары лауазымды республикашылдар мен Ақ үйдің кейбір өкілдері үшін тосын сый болғанын" деп атап өтті.

Кремль "Біз ақпарат көздеріне жауап бермейміз, жалған ақпараттар тым көп. Бұл тақырып айрықша өзекті, америкалықтармен байланыс орнатқан кезде бұл біз үшін басымдық болып саналады. Сарапшылар деңгейінде байланыс жалғасуда" дей келе, әрине, ұстамдылық танытты. Трамп айқын тосын сыйды дайындап жатыр. Ол – Путинмен келісім. Бұл ретте оған Мәскеуге ұшып барудың, ал Ресей президентінің керісінше Вашингтонға ұшып барудың қажеті жоқ.

Бәрі екі президенттің бірлескен мәлімдемесімен немесе америкалық келіссөз жүргізуші Маршалл Биллингслидің СНВ-3-ті ұзартудың алдында президенттік меморандумға қол қоюымен ғана шектеледі. Яғни, бұл болашақ келісімнің ауқымын анықтайтын және СНВ-3-ті белгілі бір мерзімге (бес жылдан аз, мүмкін екі-үш жылдық мерзімге) ұзартатынын жариялайтын негіздемелік келісім болады.

Вашингтон мұндай қадамға шынымен дайын ба? Өйткені Биллингсли Хельсинкиде 5 қазанда сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябковпен өткен келіссөзде "маңызды ілгерілеушілікке қол жеткізілді" және тараптар келісімге келді деп мәлімдегенде, Рябков америкалық оптимизмге таң қалды.

"Келіссөздер тәсілдерде осындай келісімнің орталық элементтеріне қатысты үлкен айырмашылықтың сақталғанын көрсетті. Негізінде, біз бұдан әрі қарайғы жұмыстың негізгі бағыттары мен параметрлерін анықтау туралы айтуға мүмкіндік беретін қандай да бір негіздемелік келісімге ғана қол жеткізгенімізді мойындаймыз. Бірақ тек осындай нұсқаның бар екенін ғана мойындаймыз. Себебі біз жақында АҚШ-пен келісімге келген жоқпыз, мен мұны айрықша атап өтемін. Америкалықтардың келісімнің табалдырығында тұрмыз деп көрсетуге тырысқаны және аз уақыттың ішінде келісімге қол жеткізіледі деп көрсеткісі келетіні және оларды неге негіздеп отырғаны түсініксіз?"

Алайда, Биллингсли мен Рябков арасындағы кездесу басқа бір кездесудің – 2 қазанда Женевада Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев пен АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Роберт О'Брайен арасындағы келіссөздердің жалғасы болды. Бұл олардың алғашқы жеке кездесуі (бұған дейін Трамптың кеңесшісі Джон Болтон болатын) болды. Аталған кездесу америкалық оптимизмнің байқалуына оң ықпал етті. Бұл Ресейдің қандай да бір жеңілдіктермен байланысты емес екенін, керісінше екі ел президенттерінің бірлескен мәлімдемесінде СНВ-3-ті ұзарту туралы негіздемелік құжатқа қол қою туралы саяси, тұжырымдамалық келісімге қол жеткізілгендігімен байланысты деп болжауға болады.

Осыдан кейін, Биллингсли мен Рябковтың Хельсинкидегі келіссөздерінде америкалықтар (өздерінің әдеті бойынша) қысым жасау тактикасын жалғастырды. Ал олардың орыстардан біраз жеңілдіктер алуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Қазірдің өзінде саяси келісім бар, бірақ ол нақты шарттармен жүзеге асырылады: оған Қытайдың да, келісімнің жаңасын әзірлеу үшін қажет мерзімге дейін ұзартудың да қатысы жоқ.

53
Мызғымас бауырластық оқу-жаттығуы

"Мызғымас бауырластық" жаттығуларының мазмұны мен алғышарттары қандай

27
12-16 қазанда Беларусьтің Витебск аймағындағы "Лосвидо" полигонында 700 әскери қызметшіден, 100-ден аса әскери және арнайы техникадан, оның ішінде тікұшақтар мен дрондардан тұратын "Мызғымас бауырластық-2020" командалық-штабтық жаттығулары өтіп жатыр

Беларусь жерінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше алты мемлекеттің ішіндегі төрт елдің (Беларусь, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан) әскери бөлімшелерінің жоспарланған "Мызғымас бауырластық" командалық-штабтық жаттығулары Батыстың әскери және саяси қысымының өсуіне қарамастан, қауымдастықтың бітімгершілік күштерінің ұлттық және ұжымдық мүдделерді тиімді қорғауға дайын екенін көрсетеді.

Жаттығуларға ішкі істер және төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелері де тартылды. 

103-ші жеке гвардиялық десанттық бригада полигонда екі негізгі міндетті шешуде. Олар: барлық деңгейдегі командирлер мен штабтардың бітімгершілік операциясының бейбітшілікті сақтау жолындағы жаттығулары және әскерлердің тәжірибелік іс-әрекеттері. ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершілік күштері әлеуетінің 20%-і қатысады, олардың жалпы саны шамамен 3600 адамды құрайды. Оқу-жаттығуларға ҰҚШҰ біріккен штабының бастығы генерал-полковник Анатолий Сидоров пен ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась тікелей басшылық етеді.

ҰҚШҰ-ның Беларусьтегі жоспарланған маневрлері одақтас мемлекеттің шекарасына жақын жерлерде НАТО-ның іс-әрекетін күшейту аясында қызығушылық туғызады. ҰҚШҰ-ға мүше кейбір елдерде батыстық "серіктестердің" қатысуымен ішкі саяси проблемалар жасанды түрде шиеленісіп, қызған кезде бітімгершілік жаттығулары ерекше маңызға ие болатыны белгілі.

Бейбітшілік операциясы

Беларусь жерінде "Мызғымас бауырластық" жаттығуын өткізу ҰҚШҰ мемлекеттерінің өздерінің ұлттық және ұжымдық мүдделерін қару-жарақ күшімен қорғауға саяси белсенділігі мен технологиялық жағынан дайын екендігін көрсетеді. Қатысушылардың шектеулі контингенті (700 адам) әскерлердің (ұжымдық күштердің) жауынгерлік ұрыс қимылдарының тиімділігіне күмән тудырмауы керек. Витебск аймағындағы бітімгершілік операциясы карталардағы ұрыс қимылдарына еліктеу емес, ол құрлықтағы және арнайы жасақтардағы қару-жарақтың барлық түрінің қолданылуын, полигон жағдайында соққы беретін авиацияны қамтиды.

Беларусь пен Ресей шекараларына жақын жерде қалыптасқан әскери-саяси конфигурацияда "командирлер мен штабтардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіру", "ҰҚШҰ мемлекеттерінің бітімгершілік контингенттерінің жауынгерлік үйлестіруін жақсарту" тәрбиелік элементтері нақты және қолданбалы сипатқа ие. Бітімгершілік күштері атысты тоқтату және халықтың жауапкершілік аймағындағы іс-әрекеттерін бақылау, қақтығыстардан зардап шеккен аумақтарда бейбіт өмірді қалпына келтіруге көмектесу жөніндегі шараларды әзірлейтін болады. ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік күштері бөлімшелері милициямен (полициямен) бірлесіп, жаппай тәртіпсіздіктерге қарсы тұру міндеттерін де әзірлейтін болады.

Өздеріңіз білетіндей, 9 тамызда Беларусь Республикасында өткен кезекті президент сайлауының нәтижелері Беларусь оппозициясы мен НАТО елдерінің басшылығының көңілінен шықпады. Одақтың шекаралары маңындағы альянстың ішкі саяси толқулары мен жаттығуларының тетіктері толығымен қатар іске қосылды. Мысалы, 11 тамызда Польшада 500 америкалық әскери қызметшінің қатысуымен маневрлер басталды (штатты броньды техникаларда). Латвия аумағында осыған ұқсас жаттығуларды британиялық әскерлер ұйымдастырды. Литвада 3 қыркүйектен 20 қазанға дейін АҚШ-тың 3-ші жаяу әскер дивизиясы 2-ші танк бригадасы бөлімшелерінің жаттығулары өткізіледі, ал бұған дейін республикада "Tobruq Legacy – 2020" халықаралық жаттығулары (25 қыркүйекте аяқталды) өткізілді. Оған Литва, Эстония, Италия, АҚШ, Латвия, Польша, Франция, Словакия және Венгрияның 950-ге жуық әскери қызметшісі тартылды. Оның үстіне, одақтастар маневрге ұшуға тыйым салынған аймақта ұйымдастыруға арналған өздерінің әуе қорғанысы жүйелерін алып келді. АҚШ пен НАТО ашық түрде Беларусьтің қазіргі басшылығын қорқытуға, республикадағы оқиғаларды "түрлі-түсті" сценарийіне қарай бағыттауға тырысуда.

Өзара әрекеттестік күшеюде

"Мызғымас бауырластық" маневрлері тоғызыншы мәрте өткізілуде. Бір жыл бұрын олар Тәжікстан аумағында өтті. ҰҚШҰ құрамына алты мемлекет кіреді: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан. Сондай-ақ, 2020 жылғы қазанда қатысушылардың құрамы толық болған жоқ. Армения бөлімшелері Таулы Қарабақтағы қақтығыстың шиеленісуіне байланысты келе алмады. Қырғызстандағы ішкі саяси дүрбелең де Беларуське әскерилерді жоспарлы түрде жіберуге мүмкіндік бермеді.

Сонымен қатар, бұған дейін Армения аумағында қазан айының соңында өткізуге жоспарланған ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің "Өзара іс-қимыл-2020" жаттығулары және ҰҚШҰ қарулы күштері барлау бөлімшелерінің "Іздеу-2020" маневрлерінің мерзімі ауыстырылды. Қазіргі уақытта ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер жаңа географиялық нүктелер мен аталған жаттығулардың өткізілу мерзімін талқылауда. Ұйымның әскерлері мен күштерінің өзара әрекеттестігі Батыстың дұшпандық жоспарлары мен әрекеттеріне қарамастан нығайып келеді.

Осылайша, 11 қазанда Беларусь әскери академиясының әуе қорғанысы бөлімшелерінің мамандары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс факультетінің курсанттары әскери әуе күштерінің және әуе қорғанысының жедел-тактикалық оқу-жаттығуларына қатысу үшін өздерінің С-300 зениттік-зымырандық кешенімен Ресейдің Ашулук полигонына келді.

Бұған дейін, 14-25 қыркүйекте Брест полигонында авиация, жауынгерлік және арнайы техниканың 150-ден астам бірлігін тарта отырып, Беларусьтің 600 әскери қызметкері мен Ресейдің аэроұтқыр әскерлері десанттық-шабуылдау дивизиясының 900 әскери қызметшісінің қатысуымен "Славян бауырластық-2020" Ресей-Беларусь антитеррорлық жаттығулары өткізілді.

Әрине, батыста "Славяндық бауырластық" сынға ұшырағаны анық. Литва айрықша алаңдаушылық танытты. Республиканың қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Вальдемарас Рупшис бұл шарадан "шабуылдық сипатты" байқаған. Литвада Солтүстік атлантикалық альянстың бірлескен жаттығулары үздіксіз өткізіліп тұратыны да қызық.

Ресей Федерациясының қорғаныс министрлігі бұл маневрлер басқа елдерге қарсы бағытталмаған деп жауап берді. Беларусь президенті Александр Лукашенко: "Олар бізбен санаспайды, біздің сақтық танытуымызға назар аудармайды. Олар қалаған уақытта жаттығу өткізе береді. Сондықтан, біз де айналамыздағы жағдайды шиеленістірмей, өз әскерімізді дайындайтын боламыз", деді.

Бұған дейін, 17-20 тамызда Астрахань облысында ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің "Эшелон-2020" арнайы жаттығуына ұйымға мүше мемлекеттердің 1000-ға жуық әскери қызметшісі және ҰҚШҰ біріккен штабының жедел тобы қатысты. 250 техника тартылды.

Ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс саласындағы өзара әрекеттесу географиясы кеңейіп, әскери топтардың жауынгерлік күш-қуаты артып келеді. Ал НАТО - бұл өте тиімді құрылым, ҰҚШҰ тек "бюрократиялық ұйым" деген қауесет тым әсіреленген.

27
Қашықтан оқу

Ақтөбе облыстық білім басқармасының былығы ашылды

0
Ақтөбе облысының білім басқармасы 5 000 ноутбуктың әрбіреуін 250 000 теңгеге сатып алған. Алайда ол кезде оның нарықтық бағасы 149 000 теңге болған  

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Ақтөбе облыстық білім басқармасының жұмысын тексерген арнайы бақылау тобы оқушыларға арналған ноутбуктерді жоғары бағамен сатып алу фактісін анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Ақтөбе - адалдық алаңы" жобалық кеңсесіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, осыдан екі жыл бұрын облыстық білім басқармасы мен жекеменшік компания арасында компьютерлік техниканың 5 000 данасын жеткізу туралы келісімшарт рәсімделген. Сол кезде әрбір компьютердің бағасы 149 мың теңге болған.

"Алайда білім басқармасы әрбір компьютерді  250 мың теңгеден қабылдапты. Барлық лот бойынша келісімшарттардың жалпы сомасы 1 миллиард 250 миллион теңгеден асып кеткен. Компьютерлердің конфигурациясы әлсіз болған. Оған қоса, сервистік қызмет көрсетілмеген. Ал пандемия кезінде ондай қызметтің болғаны маңызды", - дейді мамандар.

Оқи отырыңыз: Шымкентте білім саласындағы бірқатар басшы істі болды 

Сонымен қатар, техникалық сипаттама бойынша барлық компьютерде үш жылдық сервистік қызмет көрсетуге кепілдік болған. Соған қарамастан, білім басқармасы қажет болған жағдайда техникаға қызмет көрсету үшін тағы бюджеттен ақша бөлген.   

0
Кілт сөздер:
Ақтөбе облысы, білім күні
Тақырып бойынша
Әжетханаға камера орнатқан: Павлодар білім басқармасының басшысы өз әрекетін түсіндірді
Оқушыларға берілген роутердің интернет трафигі неге тез таусылып қалады