Ресейлік бітімгерлер

Таулы Қарабақ: ресейлік бітімгерлер қандай жауапкершілік алды?

62
Қақтығыс аумағындағы Ресейдің бітімгерлік күштері операциясының алға қойылған міндеттердің ауқымы, нөлден бастап құрылып жатқан инфрақұрылымдардың күрделілігі, қауіпсіздік, байланыс пен көлік коммуникациясын қамтамасыз ету жүйесі бойынша ешбір баламасы жоқ

Үшжақты келісімге сәйкес 13 қараша Ми-24 пен Ми-8 тікұшақтары, БТР-82А броньді көлігі, "Тигр" және "Тайфун" броньді автокөліктерін қоса алғанда штатты әскери техникасы бар екі мыңға жуық ресейлік бітімгерлік топтың жартысына жуығы Таулы Қарабаққа аттанды. Бітімгерлік операциясын жүзеге асыруды бастаған уақыттан бері Ульяновсктен Эребуни авиабазасына Ил-76 көлігі 56 рейс жасап, 800-ден астам әскери қызметші, 119 қару мен әскери техника жөнелтілді. Степанакертке бөлімшелерді жөнелту әлі де жалғасуда. Бұл Оңтүстік Кавказ тарихының жаңа кезеңінің, кеңістігі мен уақыты бойынша ауқымды әскери операцияның бастауы ғана. Бітімгерлер контингентіне тәжірибесі мол генерал, Ресей Батыры Рустам Мурадовтың қолбасшылық етіп отырғанын да айта кету керек.

Оқыс жағдайлардың алдын алу және Ресей әскери қызметшілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Әзербайжан мен Армения қарулы күштерінің бас штабтарымен үздіксіз өзара іс-әрекет ұйымдастырылған. Степанакертте орналасқан Ресей контингентінің штабы армян және әзербайжан тараптарымен бірлесіп Таулы Қарабақтағы бітімгершілік операциясының мән-жайын нақтылауда. ТМД кеңістігінде қауіпсіздікті сақтау үшін Ресейге ерекше жауапкершілік жүктелген. Ал 15-ші мотоатқыштар бригадасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, БҰҰ, ЕҚЫҰ және қажет болған жағдайда Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүдделері үшін халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету операцияларына қатысу үшін арнайы құрылған.

Өзінің жоғары тиімділігін паш ете отырып, Ресей бітімгерлері 11 қарашада Лачин дәлізін, содан кейін Таулы Қарабақ аумағындағы бүкіл әрекеттесу жолын бақылауға алды. Оның бойында 10 бақылау бекеті шұғыл орналастырылып, транзиттік көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету және бейбіт тұрғындарға қарсы заңсыз әрекеттердің алдын алу ретке келтірілді. "Солтүстік" және "Оңтүстік" жауапкершілік аймақтарында барлығы 16 бақылау бекетін құру жоспарланып отыр. Әскери полиция бөлімдері де әрекеттесу жолдарын күзетуге кірісті. Бұл аталған шаралар тұрақтылықты нығайтуға, бейбіт өмірге көшуге және босқындарды үйлеріне қайтаруға қызмет етеді.

Кемінде алдағы бес жыл бойы бітімгершілік операциялары ауқымды күш салуды талап етеді. Қақтығыс аумағына әскери контингентті кіргізу істің жартысына да жуықтамайды. Іс жүзінде нөлден бастап бақылау және басқару жүйелерін құру, бөлімшелерді орналастыру нүктелерінде және он алты бекеттің әрқайсысында қолайлы нысандар қою, сенімді байланыс жүйесімен және арсеналдар, жанармай, сондай-ақ, тыл инфрақұрылымы бар дала лагерімен қамтамасыз ету шаралары бар. Сонымен қатар, өңірдегі бейбіт тұрғындардың экономикалық мүдделері мен қалыпты өміріне қауіп төндіріп, зиян келтірмеу керек.

ұның барлығын қыс мезгілінде жүзеге асыру істі оңайлатпасы анық. Алайда, 15-ші бригадада қарулы қақтығыстардағы халықаралық гуманитарлық құқық білімі пен әскери тәжірибесі жеткілікті әскери қызметшілер бар. Кәсібилік пен арнайы дайындық Таулы Қарабақтағы қиын жағдайды ресейлік бітімгерлерінің сапалы қызметі мен табандылығын қамтамасыз етеді.

Бәлкім, қақтығыс "қатып қалған" қазіргі уақытта ресейлік бітімгерлерді тексермек мақсатта бәз біреуі жер аумағын "тартып алғысы" келетін шығар. Оңтүстік Кавказдағы бұған дейінгі бітімгершілік операциялары патрульдер мен әскерилер бағаналарының жолында миналар қойылып, таулы аймақта көліктік тосқауыл жасауға әрекеттер орын алатынына көз жеткізді. Бітімгерлерде ауыр қару-жарақтың болмауы жауапкершілік аумағында қақтығыстар және адам шығынының орын алу қаупін арттырады. Ресейдің бітімгершілік операциялары аясында 14 жылдың ішінде түрлі жағдайда жүзден астам ресейлік әскери қыметші қаза тапты.

Орын алған шынайы жағдайды ескере отырып, Ресей мен Түркия Әзербайжан аумағында орналастырылатын бірлескен орталық құру туралы келісімге келіп, Таулы Қарабақтағы атыс-шабыстың тоқтауын қашықтықтан бақылайтын болды. Түріктердің қалауы басқа болғанымен, үшжақты келісіммен ресейлік бітімгершілік операцияларына Анкараның қатысуы қарастырылмаған. Бұл жөнінде Ресейдің сыртқы істер ведомствосы да бірнеше рет ескерткен болатын. Сол себепті, Таулы Қарабақтағы жағдайды реттеу шетелдік әскердің басып кіруін емес, келіссөздер процесін кепілдендіруі керек.

Қарабақта орындалатын шаралардың ауқымы Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Ресей кезекті рет ауыр міндеттер мен үлкен жауапкершілікті өз мойнына алды деп тұжырымдауға дәлел болып отыр.

62
Таулы Қарабақ

Қарабақтағы қақтығыс: технологиялық жетістіктер жеңіске кепілдік бере ме?

31
ХХІ ғасырдағы соғыс әрекеттері арзан болуы екіталай. Бірақ, соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары түріндегі технологиялық жетістіктер де жеңіске кепілдік бермейді

Қорғаныс өнеркәсібінің әлеуеті, арсеналдар және логистикалық мүмкіндіктерді қоса алғанда мемлекеттің әскери ұйымдастырылуының барлық жүйесі атқарушы рөл ойнайды. Қарабақтағы жанжал ең әуелі әуедегі түрік Bayraktar TB2 аппаратының артықшылығын емес, армяндық тараптың өз күшін асыра бағалағаны мен құрлықтағы қорғаныстың нашар ұйымдастырылғанын көрсетті.

Таулы Қарабақтағы атыс аяқталғаннан кейін медиа кеңістікте осы жағдайды бағалаушы жарияланымдар көбейді. Олар негізінен Әзербайжан түріктердің ұшқышсыз ұшу аппараттарының арқасында жеңіске жеткенін және әуедегі шабуылға қарсы ресейлік "ауыр" жүйелер "дрондар соғысында" қажетсіз болып қалғанын жарыса жазды.

Мұндай атүсті бағалаулар сарапшылардың абстрактілі әскери-техникалық білімімен, сондай-ақ, армяндық соғыс техникасы мен жеке құрамының жеңіліс табуының көзге көрінетін мысалдарының көптігімен түсіндіріледі. Алайда, ақиқат әркез біз ойлағаннан әлдеқайда күрделірек.

Әлемде сиқырға орын жоқ. Кино да режиссердің ойластырылуына қарай түсіріледі. Сол сияқты, "Байрактар" мен Әзербайжан әскерінің басқа да ұшқышсыз ұшу аппараттары түсірілген бейнесюжттер қарсыластың жауынгерлік рухын сындыру және түріктік ұшқышсыз ұшу аппараттарын әлемдік қару-жарақ нарығына шығаруға бағытталды. Ал, "бос рейстер" мен мүлт кетулер, әуедегі шабуылға қарсы қорғаныс және радиоэлктронды күрес құралдарының ондаған дронды "ұшырып түсіруі" кадрдан тыс қалды.

Артиллериялық қарулар, жаппай оқ атудың реактивті жүйесі ұрыс даласында адам күші мен техниканы жоюдың негізгі құралдары болып қала береді. Әскерде оқпандық және реактивті артиллериялар саны ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарағанда әлдеқайда көп. Артиллерияның жауынгерлік күші салыстыруға келмейтіндей жоғары.

Мысалы, шамамен 1 миллион доллар тұратын соққы жасаушы "Байрактар" нысанға дейін небәрі 150 кг оқ-дәрілерді көтеріп жеткізе алады. Оның қуысында тоннадан астам өмірге қауіпті металл бар. Осылайша, артиллерия нысандарды жоюдың "өзіндік құнын" айтарлықтай төмендетіп отыр. Әскери бюджеттің мөлшері кепілдендірілген табысқа сәйкес келмей тұр. Мысалы, Пентагонның Ауғанстан аспанындағы ұзақ мерзімді үстемдігі тәлібтерді жеңуге алып келмеді.

Дұрыс ұйымдастырылған және эшелондандырылған әуедегі шабуылға қарсы қорғаныс жүйесі қарсыластың кез-келген ұшқышсыз ұшу аппаратын істен шығаруға қабілетті. Ал, радиоэлектронды барлау құралдары санаулы секундтарда-ақ жауынгерлік басқару пунктерінің координаттарын анықтап береді. Қарабақта орналастырылған армян әскерінің ӘШҚ жалғызілікті кешендері ескірген сипаттамалары мен мүмкіндіктерінің салдарынан ғана тиімді қорғанысты қамтамасыз ете алған жоқ.

Мұнда қызметтерді ұйымдастырудың деңгейі және жүйенің жоқтығы ықпал етті. Ескерсек, "Стрела-10" мен "Оса-АКМ" 60-шы жылдардағы зениттік зымыранды кешендер болып табылады. Олар кей кездерде сегіз шақырымдық биіктікте "Байрактардың" шаңына да ілесе алмады. Ал, жақын қашықтықтан әрекет ететін "Тор-М2КМ" мен алыс қашықтықтан басқарылатын "Бук-М2Э" заманауи кешендері тек Ереван мен Мецемор атомдық электронды станциясын қорғады.

Жау көзіне түспейтін киімдерді және құралдарды қолдануға салғырт қарағандық та кезекті бір проблемаға айналды. Кей елді мекендегі әскери нысандар "Мені ат, мені нысанға ал!" дегендей бейнеде болды. Жалау маңдайына жабыстырылған штабты палатканың біреуіне дәл тиген оқ салдарынан бірнеше бөлімшелер басқарусыз қалу қаупі бар. Бұл ұрыс алаңындағы жүздеген немесе мыңдаған әскерилер.

Екінші жағынан, түріктің ұшқышсыз ұшу аппараттары "кездейсоқ әрі байқамастан" Армения Республикасының шекара маңындағы аумағына ұшып кірген кезде, ол жақта дұрыс ұйымдастырылған ӘШҰ және РЭҚ құралдары ұшқышсыз ұшу аппараттарын еш қиындықсыз құлата алды. Содан кейін дрондар ұшуды тоқтатты.

1994 жылғы соғыс армян әскерінің Қарабақ бағытындағы қажеттілігі туралы аңыздар қалыптастырып, ол уақыт өте келе беки түсті. Аракс өзенінен Мрава тау жотасына дейінгі 100 километрге созылатын жолда инженерлік жабдықтардың жоқтығын тек осылай түсіндіруге болады. 25 жылдан астам уақыт ішінде армяндық тарап соққы жасау нүктелері мен жерасты коммуникациялары жайлы бас қатырмаған.

27 қыркүйекке қарай Армения тарапының әскери әлеуеті Әзербайжан тарапының әскери қуатынан бірнеше есе кейіндеп қалды. Алайда, қарсыластардың адам және техника шығыны бірдей көрсеткішке ие болды. Оңтүстік бағытта Әзербайжан қарулы күштері бір кезеңде өздеріне он есе артық басымдықты қамтамасыз еткенімен, олар бір айда 30-40 километрге ғана алға жылжыды. Баку блицкригі болған жоқ. Соғысты басқарудың орталықтандырылған жүйесінен тыс, әуедегі қорғанышсыз және жағдайға қарамастан әрекет ете білген армяндық әскерилердің батылдығы мен төзімділігі мадаққа лайық.

Ресейлік ӘШҚ жүйелерді түріктердің ұшқышсыз ұшу аппараттарымен салыстыруға қайта оралсақ, онда Сирия мен Ливиядағы жағдайде еске салу жеткілікті. "Тор-М2КМ", "Бук-М2Э" және "Сосна" зениттік зымырандық кешендерін кәсіби қолдану нәтижесінде аталған қос елдің аспанында дрондар жауыны орын алғандай болды. "Панцирь-С1" ЗЗК де осы секілді жоғары тиімділігін көрсетті. 

Ресей бітімгершілік операциясының аясында жаңа "Леер-3" радиоэлектронды күрес кешендерін Таулы Қарабаққа жөнелтті. Оның негізгі міндеттері – GSM стандартты ұялы байланыс сигналдарының жолын кесу, 3G және 4G желілерін бәсеңдету. Бір КамАЗ көлігінен және екі-үш "Орлан-10" ұшқышсыз үшу аппаратынан тұратын кешен телефондар мен гаджеттерді анықтап, барлау жүргізе алады, мәліметтерді цифрлық картаға енгізіп, соққы жасау үшін ол мәліметтерді артиллериялық есептеулерге жолдайды.

Қарабақ қақтығысы әзірше бірқалыпты күйде, ондағы мәселелер шешілген жоқ және заманауи барлау құралдары мен әуедегі шабуылға қарсы қорғаныс құралдары бұл аймақта өз маңыздылығын жойған жоқ.

31
Агдам қаласы

Түркия Әзербайжанға өз әскерін не үшін кіргізіп жатыр?

74
Бітімгершілік сылтауымен Әзербайжанға түркиялық әскерді кіргізу Анкараның Оңтүстік Кавказ бен Каспий маңы өңірінде әскери-саяси ықпалын арттырып, Түркияның халықаралық аренадағы жалпы позициясын нығайтуға ұмтылысын айқындайды

Бұл мәселелерді шешу үшін бір жыл жеткіліксіз болары анық. Біз посткеңестік кеңістіктегі мәселелерге НАТО қатысуын кезекті кеңейту кезеңінің куәсі болып отырмыз.

Түркияның ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар 21 қарашада елдің құрлықтағы әскері дайындықтарын аяқтағанын және жақын арада республиканың әуе күштері арқылы Әзербайжанға жеткізілетінін мәлімдеді. Әскери қолбасшы, сондай-ақ, "Түркияның халықаралық аренадағы көшбасшылығы" туралы да айтты,. Ол көшбасшылыққа жеткізер жолда "түрік қарулы күштері республика тарихындағы ең қысылтаяң кезеңдердің бірін бастан өткеріп" жатқанын мәлімдеді.

Әзербайжандағы түрік әскери контингентінің сандық және сапалық құрамы әлі де белгісіз. Анкара мен Баку арасындағы әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық аясында түрік армиясының бөлімшелері Әзербайжан аумағында тұрақты түрде жүргенін де ескеру керек. Таулы Қарабақтағы атысты тоқтатуды бақылау бойынша орыс-түрік орталығы аясында тағы бір офицерлер тобын жұмыс жасауға жіберу президенттің жарлығы мен Түркия парламентінде талқылауды қажет етпегені анық.

Анкара мен Мәскеу 11 қарашада Таулы Қарабақтағы келісімді бақылау орталығы туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжатта бірлескен бітімгершілік күш құру туралы ештеңе айтылмаған. Алайда, Әзербайжан мен Түркия президенттері Ильхам Әлиев пен Режеп Тайып Ердоған бұдан бұрын да түрік әскерлерінің қатысуымен "бірлескен бітімгершілік миссиясын" құру туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған болатын.

Мәскеудің түрік әскерлерін шиеленіс аймағына кіргізбеу туралы өтінішін Анкара мен Баку елеген де жоқ. Әзербайжан территориясындағы Түркияның құрлықтағы әскері бірнеше ондаған мамандардан тұратын мониторинг орталығы аясында Ресеймен өзара іс-әрекеттерден басқа өз жоспарына дайындалып жатқаны белгілі.

Түркияның Ресеймен Оңтүстік Кавказда ауқымды қақтығысты бастау үшін ешқандай стратегиялық себебі жоқ. Діттегеніне қол жеткізуі де екіталай. Одан гөрі Әзербайжанмен екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастықты немесе «бітімгершілік миссиясының» әрекеттерін сылтау етіп,  аймаққа тұрақты ену әлдеқайда тиімді және қауіпсіз.

Түрік әскерлерінің Таулы Қарабақтағы әрекеттері ешқандай келісіммен, соның ішінде үшжақты (Әзербайжан, Армения, Ресей) келісіммен де қарастырылмаған. Әзербайжанда түрік әскери қызметкерлерінің болуы заң тұрғысынан постфактум рәсімделген. Себебі, Ресей Федерациясының беделді әскери сарапшыларының пікірінше, қыркүйек айының соңынан бастап шамамен 1 500 түрік әскери қызметкерлері Әзербайжан аумағында болған.

Кеңесшілер ретінде түрік генералдары мен офицерлері Әзербайжан әскерінің Бас штабынан бастап полк деңгейіндегі штабқа дейінгі бөлімшелерде толыққанды әрекет етті. Анкараның қақтығыс кезінде әзербайжандық тарапты біржақты әскери қолдауы түрік әскеріне Қарабақтағы бітімгершілер рөлін атқаруға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, мұнда оқиға түрлі нұсқада өрбуі ықтимал.

Түркия Әзербайжанда нық бекіп алды. Ендігі ретте түрік әскері екіжақты келісім негізінде Әзербайжан аумағында жылдар бойы бола алады. Бұл халықаралық құқық нормаларын бұзбағанымен, бейбітшілікке де кепілдік бермейді. Ешбір мемлекет Таулы Қарабақ Республикасының егемендігін мойындамағандықтан, Баку мен Анкара Таулы Қарабақтағы армян халқына қатысты ойына келгенін істеймін деген қиял қалыптасып қалуы мүмкін.

Түркияның сыртқы істер министрлігі "кей жерлердегі бақылау бөлімшелері" жайлы сөз қозғаған болатын. Оның үстіне, Әзербайжаннан Сириядан келген тегі түрік содырлардың шығарылғаны туралы еш ақпараттың болмауы да көңілге күдік ұялатады. Мұнда жағдайда министр Хулуси Акар айтқандай, "әзербайжан бауырлардың жетістігі" бас айналдырмауы маңызды.

Анкараның "түркі әлемін" қалыптастырудың жаһандық жоспары бар. Болашақта бұл жоспар Әзербайжан аумағынан тыс Каспий өңірі мен Орталық Азия елдерін қамтуы әбден мүмкін.

355 мың әскери қызметкер, 2600-ден астам танкі, F-16 көп нысанды жойғыштары бейнесінде қуатты қарулы күштері бар және Global Firepower әлемдік рейтингінде 11-орынға ие Түркия өзінің ұшақ, ұшқышсыз ұшу аппараттары, зымыран, танк өндірісін белсенді түрде арттырып келеді. Соңғы он бес жылда түріктерде қарулы қорғаныс құралдарын дайындайтын кәсіпорындарының саны 56-дан 1500-ға дейін өсті.

Үкімет 75 миллиард доллардан асатын әскери-өнеркәсіптік кешен бағдарламаларын басқарып отыр. Анкара шет елдерден көптеп қару-жарақ сатып алуда. Түркияның қорғаныс бюджеті 18 миллиард доллардан асады. Бұл 2020 жылғы бюджеттің жалпы шығындарының шамамен 13%-ін құрайды.

Түркия Сирияның солтүстігінде, Ливияда әскери құралдарды белсенді қолданып келеді. Басқа мемлекеттердің қарсылығына қарамастан, Жерорта теңізіндегі көмірсутегін өндіретін белгілі бір учаскелерге таласуда. Осылайша, айтарлықтай мұнай қоры бар Әзербайжан Түркияның агрессивті сыртқы саясаты дамытуға аса қолайлы алаң болып отыр. Мұндай бауырластықтың артында Ердоғанның кез келген географиялық нүктедегі іс-әрекетіне қолдау көрсететін Солтүстік атлантикалық альянстың тұруы да қауіпті еселеп тұр.

Түркияның Ыгдыр провинциясы мен "үлкен Әзербайжаннан" тым алыс орналасқан Нахичеван автономды республикасының түйісінде Әзербайжан мен Түркияның ортақ учаскесі бар. Аса қымбатқа айналатын әуе-әскери күштері арқылы әскерді, қару-жарақты жеткізу үшін Армения, Грузия немесе Ирагмен келісу керек болады. 

74
Жамбыл Жабаев

"ХХ ғасыр Гомері" деген бағаға ие болған Жамбыл Жабаев жайлы қызықты деректер

0
Жыр алыбы, ақын, суырыпсалма ақын, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл Жабаев туралы деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ұлы жүздің шапырашты тайпасының екей руынан шыққан. Арғы аталары дәулетті болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған. Кей тарихи деректе жыр алыбының әкесі туралы шоқпыт шапанды кедей болған деген сипаттама кездеседі.

"Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей - көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан", - дейді Жамбыл ақын.

"Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкен кезде бесінмен ала жүрді", дейді ақынның өзі балалық шағы жайлы. Соған қарағанда ақын бала күнінде қоңырқай тірлік кешкен.

Жамбылдың туған нағашысы Жетісу өңіріне танымал әнші болған.

"Жетісудың даңқы асқан биі Бөлтірік Алатаудың баурайындағы ағайынды аралап келген екен. Сонда үлкен сөз өнері ортаға түсіп жатқанда даладан бір бала жүгіріп келген екен. Бірден барып Бөлтіріктің қолын алыпты. Сонда Бөлтірік баланың қолын ұстап тұрып, "атың кім, балам?" депті. "Атым - Жамбыл" деп жауап берген екен. "Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар. Шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі болар екенсің" деген екен", - дейді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде көпшіліктің аузынан түспей жүрген Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбыл "Шағым", "Жылқышы", "Шәбденге", "Сәт сайланарда", "Өстепкеде", "Патша әмірі тарылды", "Зілді бұйрық" сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен.

Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды.

"1936 жылдан бастап Жамбылдың аты орыс тілі арқасында шетелге де тарала бастады. Кеңес үкіметі сол кезде 75 жылдық шығармашылық тойын тойламақ болады. Соның қарсаңында үй салып береді", - дейді Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық мұражай директоры Мәулен Қожашев.

Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Ақынның "Өтеген батыр", "Сұраншы батыр", "Көрұғлы", "Бақ, дәулет, ақыл" деген дастандары бар.

ХХ ғасыр Гомері

Бірде Жамбылдың ел арасында оның ақындық қабілетіне күмән келтіргісі келетіндер де табылған. Сонда орталық комитет жазушы Леонид Соболевті жағдайдың анық-қанығын білуге Ұзынағашқа жіберген. Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы үш күн қасында болып, "жиырмасыншы ғасырдың Гомері" деп баға берген.

Жамбыл саналы ғұмырында Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай ақындармен айтысқан. Соның ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі. Жас күнінде Жамбыл ақын Сара, Айкүміс, Сайқал, Кәмшат қыздармен айтысқан.

Жыр алыбы Жамбыл күйші Дина Нұрпейісовамен де жақын таныс болған. 1936 жылы танысып, таныстық соңы жақсы сыйластыққа ұласқан деген дерек бар.

Ақынның отты жырлары

Ақынның соғыс жылдары отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолды құрайды. Әсіресе, "Ленинградтық өренім", "Москваға", "Майданға хат" сынды өлеңдері бар. Жамбыл ақын өмір мен өлім апралысына түскен Кеңес жауынгерлеріне отты жырлары арқылы жігер беруге тырысты.

Жамбылдың ұлы Алғадай жат елде оққа ұшқан болатын. Ұлының қазасынан кейін "Жамбылдың Алғадайды жоқтауы" деген өлеңі шықты. Кей дерекке сәйкес, Алғадайдан ұрпақ тарап, бүгінде бүтін бір отбасы болып отыр.

Жамбыл өзінің алдындағы аға буын өкілі Сүйінбай ақынды өзіне пір тұтқан. Ал Кенен Әзірбаев Жамбыл Жабаевты тәлімгері деп таныған.

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.

1946 жылы ақпанда Қазақстан халқы жыр алыбының жүз жылдық мерейтойын тойлады. Сол жылы ақынның таңдамалы шығармаларының академиялық жинағы қазақ және орыс тілінде басылды.

0
Кілт сөздер:
қызықты деректер, Жамбыл Жабаев
Тақырып бойынша
"Өз жаназасын өзі шығарды": Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы деректер
"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі
Қазақтың "қазақ" деп атанып жүргені Сәкен Сейфуллиннің арқасы - танымал ақын
Абайдың үш әйелі: ақын сүйіктілеріне не сыйлаған - фото
Абайдың 175 жылдығы: ұлы ақын жайлы фильмдерді қайдан тамашалауға болады