Афганские силы общественной защиты (APPF) стоят на страже аванпоста, созданного против боевиков Талибана в Каджаки, Афганистан

Америкалық қару-жарақ тәлібтердің қолына қалай түсті?

93
"Талибан"* Ауғанстаннан шетелдік әскердің шығарылуын пайдаланып, соғыс әрекеттерін күшейту үшін америкалық қаруды кәдеге жаратуды көздеп отыр

Соңғы күндері тәлібтер Ауғанстан үкіметі армиясының базалары, арсеналдары мен бөлімшелеріндегі жүздеген соғыс техникасы мен бірнеше тонна оқ-дәріні басып алды. Осылайша АҚШ тәлібтердің қайта қарулануына еркінен тыс ықпал етіп отыр.

АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстан аумағынан кетіп жатыр. Ал "Талибан"* үкімет күштерінің қолында қалып бара жатқан америкалық жоғары технологиялық қарудың есебінен өз әлеуетін арттыруда. Шетелдік әскер тамызда ауған жерінен толық шығарылады деп жоспарланып отыр. Бірақ әскерді шығару мерзімінен бұрын шілдеде аяқталуы мүмкін. Ауғанстан Ислам Республикасының НАТО стандарты бойынша жасақталған ұлттық қарулы күшерінің соғысу қабілеті күн санап әлсірей бастағаны байқалады.

Тәлібтер екі аптаның ішінде ондаған броньді техника мен ауыр артиллерия жүйесін, 715 "Хаммер" мен өзге америкалық әскери автокөлікті басып алды. Бұл ауған қауіпсіздік күші өкілдерінің тәлібтерге үлкен көлемдегі қару-жарақ пен техниканы тапсырып жатқаны түсірілген суреттермен расталып отыр. Бұрын "Ислам мемлекетінің"* қатысуымен Иракта дәл осындай жағдай болған еді.

Ауғанстандағы жағдайдың ушығуы Орталық Азия елдері мен Ресей арасында екіжақты және көпжақты келіссөздерді белсенді жүргізуге мәжбүрлеп отыр. Дүйсенбі Ресей мен Өзбекстанның президенттері Владимир Путин және Шавкат Мирзиёев телефон арқылы Ауғанстандағы жағдайды талқылап, елдің солтүстік провинцияларындағы ахуалға алаңдаушылық танытты.

Бұған дейін Ресей көшбасшысы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен де осы мәселені талқылап, РФ Тәжікстанды екіжақты форматта және ҰҚШҰ аясында қолдауға дайын екенін растады. Тәжікстан 5 шілдеде оңтүстігіндегі шекараны нығайту үшін 20 мың әскерді жұмылдырды. Иран мен Пәкістан да Ауғанстандағы содырлардың басқыншылық әрекеттерінің күшеюіне алаңдайтынын жеткізді.

Америка мен коалиция әскері Ауғанстаннан кеткеннен кейін елдің тағдыры не болатыны әзірше белгісіз. Америкалық қару-жарақ Ислам республикасындағы қарулы қақтығыстар жақын уақытта тоқтамайтынын және Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі жағдай тұрақсызданатынын меңзейтін секілді. Кабулдағы қазіргі үкімет құласа да, тәлібтер бейбіт өмірге аяқ баспайтыны анық. Кейбір провинцияларда қарсылық көрсету ошақтары қала береді. Сонымен қатар бәсекелестік аясында "Ислам мемлекеті"* террористік тобы тәлібтермен қақтығысқа түсуі де ықтимал.

25 маусымда Вашингтонға сапары кезінде ауған президенті Ашраф Гани америкалық әріптестерінен кемінде қыркүйекке дейін Баграмнан авиация арқылы әскери қолдау көрсетуді тоқтатпауды сұрады. Бұл ауғандық қауіпсіздік күштер үшін аса маңызды. Себебі АҚШ пен НАТО авиациясы "Талибан" басқыншылығын біршама тежеп тұрды. Алайда 2 шілдеде АҚШ-тың соңғы әскери күші аяқ асты Баграмнан кетті. Ауған қауіпсіздік күштері базаны өз бақылауына алғанға дейін жергілікті мародерлер күзетсіз қалған қақпадан кіріп, қажеттінің барлығын алып кетті.

Қазір Баграмға басшылық етіп отырған ауған офицері Мир-Ассадулы Кохистанидің айтуынша, америкалық тарап базадан толық кететіні туралы алдын ала хабарламаған. Ал бұл авиабаза 20 жыл бойы АҚШ Әуе-әскери күштерінің операция орталығы болған.

Америкалықтар соңғы рет содырларға 25 маусымда Кундуз провинциясында соққы жасап, 35 тәлібтің көзін жойды. Енді "Талибан"* АҚШ пен НАТО күштеріне алаңдамай-ақ үкіметтік күштерге шабуыл жасай алады. 1 шілденің өзінде-ақ Бадахшан мен агландағы террористермен қақтығыста 23 әскери қызметкер көз жұмды.

Тәлібтер Ауғанстанда өздері бақылауға алған аумақтың көлемі күн санап ұлғайып келе жатқанын ашық мәлімдеп отыр. Сондай-ақ содырлар үкіметтік күштерге бейбіт келісім бойынша жасалған ұсыныс туралы БАҚ-та таралған ақпаратты жоққа шығарды. 

АҚШ "Талибанның"* деструктивті стратегиясы және "Ислам мемлекетінің"* Қорасандағы бөлімшесі төндіріп отырған қауіп туралы хабардар. Әйтсе де америкалық әскери қолбасшылық Ауғанстан Ислам Республикасының үкіметтік күштерін қашықтықтан қолдайтынын жеткізуде. Пентагон жоспары бойынша MQ-9 Reaper соққы жасаушы дрондары жақын база табылғанша Парсы шығанағынан ұшырыла береді. Американың қорғаныс министрі Ллойд Джеймстың Өзбекстан немесе Тәжікстанның қорғаныс министрлерімен белсенді келіссөздеріне қарағанда бұл аймақ осы екі елдің территориясынан "табылуы" мүмкін.

* – Қазақстанда, Ресейде және басқа бірқатар елде тыйым салынған террористік топ

93
Архивтегі фото

ШЫҰ қорғаныс министрлері шекараға жақындаған тәлібтер жайын талқылады

44
"Талибан"* жасақтары әзірге Кабулға басып кіріп, Ауғанстанның заңды үкіметін құлатуға қауқарлы емес

Алайда шекараны бақылауда ұстау тәлібтерге елде экономикалық  және энергетикалық блокада ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл Ислам республикасы үшін қырғи-қабақ соғыспен тең ауқымды залал келтіретіні анық. Сәрсенбіде Душанбеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің қорғаныс министрлері ауған дағдарысын тоқтата алатын әскери-саяси шаралар іздестіріп көрді. Алайда іргелес жатқан елдердің мүдделері әр алуан болуы бұл мәселені тез әрі қарапайым жолмен шешуге кедергі келтіруде.

Ауғанстан президенті Ашраф Гани отставкаға кетсе, тәлібтер шабуылды тоқтатуға уәде етті. Бұл осыған дейін 7 мың қылмыскерді босатуды талап еткен содырлардың ақылға қонымсыз кезекті шарты болып отыр. Ауғанаралық бейбіт келісімдер құрдымға кетіп бара жатқандықтан, бүгінде "Талибанның"* уәдесіне ешкім сенбейді. Тәлібтердің саяси кеңседен айтылған мәлімдемелері шынайы болып жатқан оқиғалармен үйлеспей отыр. Саяси басшылық бас штаб ретінде саналатын қозғалыстың әскери комиссиясына бақылау жүргізбейді.

Соңғы екі айда содырлар өткен 20 жылдағыдан да көп аумақты басып алды. Енді тәлібтер Кандагар, Герат, Кундуз сынды ірі қалаларды нысанаға алды. Кабулдан 15 километр қашықтықта соғыс жүріп  жатыр. Сонымен қатар "Талибан"* Ауғанстан шекарасының барлық дерлік периметріне бақылау жүргізіп отыр. Ал бұл жағдай қазіргі үкімет проблемасын жеңілдетпейді.

Тәлібтердің бағаналарды жарып тастауына байланысты бас қалада электр жеткізу желісінің жұмысында ақау пайда болды. Шекара маңындағы кеден бекеттері де тәлібтердің қолында болғандықтан азық-түлік жеткізу қиындауы мүмкін. Ауғанстандағы әскери-гуманитарлық апат Орталық Азия елдеріне де қауіп төндіріп тұр.

Түрікменстан мен Өзбекстан содырлар үшін шекарадан кіру мүмкіндігін шектеді. Тәжікстан мен Қырғызстан бас сауғалаған ауған босқындарын әзірше қабылдап жатыр. БҰҰ мәліметі бойынша Тәжікстандағы ауған босқындарының саны екі есе артып, шілденің басында 3 000 адамға жеткен. Ауғанстандағы азаматтық соғыс салдарынан жүз мыңдаған босқынның қоныс аударуы басталып, халықаралық терроризм Орталық Азияға қарай ығысуы мүмкін.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Ауғанстанның солтүстігіндегі жағдайдың ушығуына қатысты алаңдаушылық танытып отыр. 28 шілдеде Душанбеде Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусьтің (бақылаушы ел) әскери делегацияларының қатысуымен ШЫҰ қорғаныс министрлерінің кеңесі өтті. Онда аталған елдердің мүдделері әр түрлі болып отыр.

Ресей "жихад" Ауғанстан аумағынан тыс етек жайған жағдайда ҰҚШҰ мүшелерін қорғауға дайын екенін тәлібтерге ескертті. Ал "Талибан"* Орталық Азия елдерінің шекарасына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын жеткізді.

Көрші жатқан Ауғанстандағы жағдайға байланысты Тәжікстанның қауіпсіздігіне қатер төнетін болса, Ресейдің 201-ші базасы тәжік еліне әскери өмек көрсетеді. Бұл туралы Душанбеде РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу мәлімдеді.

Ауғанстандағы тұрақсыздық аясында Тәжікстан Республикасының жай-күйі қатты алаңдатып отыр. Ұзындығы 1 344 километр болатын тәжік-ауған шекарасы толыққанды техникалық күзет құралдарымен қамтылмағанын, оңтүстік аумағы шекараны бұзып өтуге қолайлы екенін де ескеру керек. Әрине, бұл аймақты террористердің Орталық Азияға өтуіне айқара ашылған қақпа демесек те, көңіл аударуға тұрарлықтай қауіп бар.

Жалпы Душанбе шекарасын нығайту үшін аянып жатқан жоқ. Бұл ретте Тәжікстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше екені, көрші елдердің әскери және әскери-техникалық көмегі де маңызды рөл атқарды. Әйтсе де Душанбе ауған жеріндегі жағдайдың ең нашар сценарий бойынша өрбуіне дайындалып жатыр. Сондықтан "Шекара-2021" оқу-жаттығулары форматында әскер дайындығын пысықтап, 1023 броньді техниканы, 3167 арнайы техниканы, 447 артиллериялық қондырғыны, 45 ұшақ пен тікұшақты, 234 әуедегі шабуылға қарсы қорғаныс құралын дайындықта ұстап отыр.

Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан мен Тәжікстан әскері 5-10 тамызда Хатлон облысында ықтимал қарсыластың көзін жою бойынша бірлескен операциялар жүргізеді. Тәжік шекарасына жақын Харб-Майдон полигонында 1 500 маман мен 300 әскери техниканы жұмылдыру арқылы Ресей, Өзбекстан мен Тәжікстан әскерінің оқу-жаттығуы басталады.

Көрші елдер мен әріптестер Ауғанстанды тағдырдың тәлкегіне жалғыз қалдырып кетті деуге болмайды. Алайда түрлі бағытты ұстану Ауғанстан Ислам Республикасы үкіметіне тәлібтер және басқа да террористік топтармен күресте ауқымды нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермей отыр.

Ауғанстанның ұлттық әуе корпусы тәлібтерге қарсы күресте ресейлік өндірістің Ми-35 тікұшақтарын тиімді қолданып келеді. НАТО  бас хатшысы Йенс Столтенберг 27 шілдеде Ауғанстан президенті Ашраф Ганиге қаржыландыру, азаматтық қатысу және ауған қауіпсіздік күштерін даярлау бойынша қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін жеткізді. Ақ үй ауған қауіпсіздік күштеріне қолдау көрсету мақсатында 2022 жылы Конгрестен 3,3 миллиард доллар қаражат бөлуді сұрады. Оның ішінде 2 миллиард доллар ауған әскерін жабдықтау және техникалық қызмет көрсетуге жұмсалуы керек.

Түркия тәлібтерді ықтимал қарсылас ретінде көреді. Себебі тәлібтер түріктердің Кабулдағы әуежайды күзетіп қалуына қатысты үлкен қарсылық танытты. Сондықтан Түркияның сыртқы істер министрлігі кеше Ауғанстан босқындарын қабылдамайтынын жеткізді: "Түркия Еуроодақ шекарашысына немесе босқындарды орналастыратын лагерьге айналмайды".

Қытай мейлінше бейтараптылықты ұстануға тырысып жатыр. Ол тәлібтерді "Әл-Каида"* және басқа да террористік топтармен байланысын үзуге шақырды. Бейжің шетелдік содырлар саны көп Бадахшандағы жағдайға шын алаңдаушылық танытты. Жалпы Бейжің елдің ішкі мәселесіне араласпауға және бейбітшілікті реттеуге атсалысуға уәде етті.

"Талибанға"* және Ауғанстандағы дүрбелеңге қолдау көрсетті деген күдікке ілінген Исламабадтың да тәлібтермен "ойыны" жақсы аяқталмауы ықтимал. The News International басылымы ауған тәлібтері Пәкістан территориясын трансшекаралық шабуылдар, қаражат жинау, жас азаматтарды өз қатарына қосуға үндеу және жараланған содырларды емдеу үшін қолданды деп жазды.

* – Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористік ұйым

44
Автомат, архивтегі фото

Биыл Ауғанстандағы қақтығыстан 3 мыңнан астам бейбіт тұрғын жараланды БҰҰ