Ауғанстан, архивтегі фото

Ауғанстандағы әскери қимылдар Орталық Азияға қарай ығыса бастады

118
Ауғанстандағы қақтығыс салдарынан Орталық Азия елдері үшін әскери қауіп өршіп жатыр. Ауған-тәжік шекарасының барлық дерлік аумағын қазір "Талибан"* бақылауда ұстап отыр және проблема тек бұл мәселеде емес

Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденконың ақпараты бойынша Ауғанстанның солтүстік провинциялары жаңа соғыс аумағына айналып, мұнда ДАИШ* пен "Әл-Каида"* сынды көптеген халықаралық террористік ұйым өз позициясын нығайтуда. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы соғыс қимылдары жүріп жатқан аумақтан ауған жеріне террористер ағылып жатыр. Орталық Азия елдерінен шыққан содырларды тарту жұмыстары жаданды.

Тәжік президенті Эмомали Рахмон 22 шілдеде Душанбеде өткен әскери шеру кезінде Тәжікстан өз әскерін ешқашан көршісіне қарсы қолданбайтынын мәлімдеді. Алайда ауған соғысы баяу адыммен-ақ Пяндж өзенінің аумағына қарай ығысып жатыр.

Біраз бұрын тәлібтер Ауғанстан үкімет күштерінің шамамен 1 600 сарбазын Тәжікстанға қарай бас сауғалауға мәжбүрлегені белгілі болды. Қан қызуымен біраз сарбаз тәжікстан территориясынан "Талибанға"* қарсы оқ атқан. Содан кейін ауғандар басқа учаскедегі өз еліне қайта оралып, тәлібтерге қарсы шабуылдады.

Бұл жағдай бейтараптық пен тату көршілікті ғана емес, басқыншылықтың қаншалықты қауіпті деңгейге жеткенін көрсетіп тұр. Бір жолы тәлібтер кері шегінген қарсыластың артынан қуып, шекараны байқамай, тәжік халқына зиян келтіруі әбден мүмкін. Ал тәжіктер кек қайтармай жатпасы анық. Сол кезде Орталық Азияда сұрапыл соғыс ақиқатқа айналады.

Түрікменстан – жабық мемлекет. Әйтсе де күні кеше Түрікменстанда қайтыс болған 18 әскери қызметкердің туыстары БАҚ арқылы мынаны мәлімдеді: төтенше жағдай Марый уәлаятында, Ауғанстанмен шекарада болған. Ресми ақпарат бойынша екі офицер мен 16 сарбаз жол апатынан көз жұмды. Қалай болғанда да тәлібтер Түрікменстанмен шекарадағы бақылау-өткізу пунктін 9 шілдеде басып алған болатын. Ашхабад осыған байланысты Марый уәлаятының оңтүстік аумағына қосымша әскер, артиллерия мен броньді техника жөнелтті. Жағдай қиын.

Эмомали Рахмонның әскери шерудегі мәлімдемесі оптимистік сипатта болғанымен, президент тәжік-ауған шекарасындағы жағдайды "аса күрделі" деп атады. Елдегі 100 мың әскери және запастағы 130 мың сарбаз бен офицер толық әскери дайындықта тұрғаны да жайдан-жай емес. Мұндай жағдай тәуелсіз Тәжікстан тарихында алғаш рет болып отыр.

Рахмон Ауғанстанның солтүстік провинцияларындағы жағдай күн сайын ушығып жатқанын атап өтті. Шекара күзеті мен барлық күшті оңтүстік бағытқа қарай жұмылдыру Тәжікстанның басты міндеті болып отыр. Соған қарағанда көрші елмен соғысуға тура келетін секілді.

Ауған президенті Ашраф Гани бір күн бұрын жасаған мәлімдемесінде тәлібтер елді террористер тұрағына айналдыруға тырысып жатқанын және "Әл-Каида"*, пәкістандық "Джаиш-е-Мухаммад"* пен "Лашкар-е-Тайба"* топтарымен "тығыз байланыс" ұстап отырғанын мәлімдеді.

Гани сондай-ақ Кабулдағы Арнайы операциялар корпусының әскери қызметкерлеріне Ауғанстандағы жағдайды алдағы жарты жылда жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспары туралы айтты.  

Ауғанстанда қазір ДАИШ*-тың 10 мыңға жуық содыры бар. Тарихқа көз жүгіртсек, 1989 жылы кеңестік әскер Ауғанстаннан кеткеннен кейін президент Мұхаммед Наджиболланың демократиялық үкіметі "моджахедтермен" үш жыл соғысып, ақырында жеңілген болатын. Сондықтан Ашраф Гани мен қазіргі үкімет қанша уақыт террористерге төтеп бере алатыны белгісіз.

АҚШ Қарулы күштері Штаб басшыларының біріккен комитет төрағасы генерал Марк Милли 21 шілдеде "Талибан"* Ауғанстан аумағын белсенді түрде басып алып, қазір елдегі 419 уезд орталығының 210-нан астамы тәлібтердің бақылауында екенін жеткізді. Алайда Милли ауған армиясы Кабул мен басқа да ірі қала тұрғындарын сенімді қорғау үшін аудан орталықтарын өз есебіне сәйкес әдейі беріп отырғанын айтты. АҚШ президенті Джо Байден де Америка мен НАТО әскері кеткеннен кейін де жауға төтеп беру үшін Ауғанстан үкіметінің күші жеткілікті екенін айтты. Алайда "Талибанның"* қазіргі қарқынына қарасақ, Гани, Милли мен Байденнің оптимистік бағалаулары күмән тудырады.

Сонымен қатар Ауғанстан аумағына өз ықпалын жүргізуге ынталанып отырғандар арасында Пәкістан мен Иран жиі аталады. Жалпы Пәкістан мен "Талибанның"* байланысы туралы бұрыннан белгілі. Ал ауған шейіттер жасағы Ислам революциясы күзеті корпусының мамандары Сириядағы соғыс әрекеттері үшін жаттықтырылған болатын. Сол себепті Ауғанстанда террористік ұйымдардың арасында да "тақталас" болуы ықтимал.

Ауғанстандағы жағдайдың ушығуы аясында Ресей Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен үнемі байланыста тұр. Бейсенбі, 22 шілдеде Ресей мен Тәжікстан президенттері телефон арқылы тағы да Ауғанстандағы жағдайды талқылады. Мәскеу қажет болған жағдайда Орталық Азия елдеріне оңтүстіктегі агрессияға тойтарыс беруге жедел көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тамыз бен қыркүйек айларында Ресей Қарулы күштерінің арнайы және бітімгерлік құрылымдары Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан әскерлерімен бірлескен маневрлер өткізеді. Бұл шара ауқымы жағынан бірнеше ресейлік дивизия мен бригаданы 2021 жылдың сәуірінде Украина шекарасына орналастыруымен бірдей болады.

Маневрлерге Ресей тарапынан Қырғызстан мен Тәжікстандағы Ресей әскери базасының авиатоптары, жалпы әскер армиясының арнайы жасақ бөлімшелері, Псков және Новосибирск арнайы мақсаттағы бригадалары, Ульянов десанттық-шабуылдау бригадасы, 55-ші тау және 15-ші бітімгерлік бригадалары қатысады. Сонымен қатар "Бейбіт миссия -2021" стратегиялық маневрлеріне қатысатын Шанхай ынтымақтастық ұйымы (Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан) аясындағы қарулы күштерді есепке алмағандағы құрам. Бұл 4 мыңнан астам әскери қызметкерді қамтиды.

Сонымен қатар Ауғанстанмен шекарадағы Сурхандария облысындағы Ресей мен Өзбекстанның бірлескен маневрлеріне Орталық әскери округтің соққы жасау авиациясы тартылады. 30 шілде мен 10 тамыз аралығында Қырғызстандағы бірлескен Ресей әскери базасының Су-25СМ шабуылдау ұшағының экипаждары әскерге әуе арқылы бірлескен қолдау көрсетеді.

Тәжікстан Республикасының Хатлон облысындағы Харб-Майдон полигонында 5-10 тамыз аралығында Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан әскерінің бірлескен маневрлері өтеді. Ол шараға Ауғанстан шекарасынан 20 километр қашықтықта ресейлік 201-ші әскери базаның жаңа броньды техникамен күшейтілген бөлімшелері орналасады.

* – Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым

118
 Бейбіт миссия - 2021 командалық-штабтық оқу-жаттығулары, архив

"Бейбіт миссия-2021": Орталық Азия террористерге төтеп бере ала ма

30
(Жаңартылды 12:53 22.09.2021)
Ауғанстандағы террористер Орталық Азияға лап беруі ықтимал. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері "Бейбіт миссия - 2021" командалық-штабтық оқу-жаттығулары кезінде ондай қауіпке төтеп бере алатынын көрсетті

20 қыркүйекте Орынбор облысының Донгуз полигонында ШЫҰ-ның бірлескен терроризмге қарсы оқу-жаттығулары басталды. Оған Беларусь, Ресей, Қытай, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан мен Өзбекстанның 5 500 сарбазы қатысып жатыр. Полигонға 1 200 әскери техника жеткізілді. Айта кетер жайт, Беларусь ШЫҰ-ға бақылаушы ретінде кіреді. Ал осы елдің қарулы күштері "Бейбіт миссияға" алғаш рет келді.

Қазақстаннан Орынбор облысына "Батыс" өңірлік қолбасшылығының барлау-шабуылдаушы ротасы бронетранспортерлерге мініп келді. Сондай-ақ, танкілері мен пилотсыз ұшу аппараттары бар. Бірлескен оқу-жаттығуларға Қазақстанның әскери-әуе күштерінің Су-25 ұшақтары да қатысып жатыр.

Ал Ресей Федерациясы орталық әскери округтің құрылымдарын, арнайы жасақ пен бес аймақтың жазғы экипаждарын шығарды. Бұдан бөлек, Қырғызстандағы "Кант" бірлескен әскери базасының сарбаздары тартылды. Ал 30 ұшақ пен тікұшақтың ішінде Су-34 жойғыш бомбалаушылар, барлаушы мен шабуылдаушы Су-24МР, Ми-24, Ми-8 және Ил-76 әскери-көлік ұшағы бар.

Биылғы "Бейбіт миссияның" негізгі мақсаты – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері кіретін коалициялық топты басқару жүйесін жетілдіру, террористердің жаңа тактикалық әдіс-тәсілдеріне тойтарыс беру бойынша өзара тәжірибе алмасу.

Командалық-штабтық оқу-жаттығулары кезінде әскерилер заңсыз қарулы жасақтардың шабуылын тоқтатады, одан кейін қарсы шабуылға шығып, жаудың көзін жоюға тиіс. Бұдан бөлек, олар пилотсыз ұшу аппараттарын атып түсіруді, диверсиялық топатарды жоюды, химиялық және биологиялық қарумен шабуыл жасау әрекеттерін тоқтатуды үйренеді.

Ресей мен Қытай неге алаңдап отыр?

АҚШ пен НАТО әскері ауған жерінен кеткеннен кейін көрші елдердің алаңдаушылығы күшейе түсті. Себебі тәлібтердің келуімен Орталық Азияға террористердің өтіп кету қаупі туындады. Ресей, Қытай, Пәкістан мен Иран да алаңдап отыр. Бүгінде көші-қон дағдарысы былай тұрсын, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерге сан алуан террористік топтар қауіп төндіреді. Оларда АҚШ әскері тастап кеткен қару-жарақ пен оқ-дәрілер бар. Соның арқасында ауған жерінде өз ықпалын күшейтіп жатыр. 

Ресейдің орталық әскери округінің қолбасшысы Александр Лапиннің айтуынша, билікке тәлібтер келгесін басқа да халықаралық террористік ұйымдардың қаупі артып отыр.  

"Ауғанстандағы билікті тәлібтер жаулап алғаннан кейін ИМ* және тағы басқа халықаралық террористік ұйымдардың  күшейіп кетуі ерекше алаңдаушылық туғызып жатыр. Олар көрші тұрған елдердің шекаралас аймақтарына өтіп кетуі мүмкін", - деді Лапин "Бейбіт миссия-2021" оқу-жаттығуларының ашылу салтанатында.

Ауғанстанмен шекаралас Тәжікстан елінің әскерилері де бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуларының маңыздылығын ерекше атап өтті. Құрлықтағы әскер қолбасшысының орынбасары Фатхулло Идоятуллозоданың айтуынша, "Бейбіт миссияның" арқасында аймақтық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, бауырлас халықтарды жақындастыруға мүмкіндік бар.  

Ал Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгудың сөзіне қарағанда, бірлескен оқу-жаттығулары кезінде Сириядағы әскери іс-қимылдың тәжірибесі ескеріледі. 

Мәселен, бүгін Қазақстан мен Ресей ұшқыштары авиациялық барлау жасап, колоннамен жүрген "террористерді" және олардың зеңбіректерін жою шараларын жетілдірді. Қазақстанның Су-25 шабуылдаушы ұшақтары жаудың артиллериялық бекіністеріне зымыранмен соққы жасады. ВСМ-1 миналау жүйесі бар Ми-8 тікұшақтары қорғаныс шебінде шұғыл мина орнату шараларын атқарып шықты.

Ал жердегі әскери топтардың құрамында заманауи ГМЗ-3 шынжыр табанды мина бөгеуші бар. Ресейлік әскерилер жарылғыш заттың көмегімен танкіге қарсы екі шақырымдық ор жасады. Ол үшін 20 тонна жарылғыш зат қажет. Коалициялық топқа жол ашып отыратын ИМР-3 бөгет бұзатын машиналар да қолданылады.

"Бейбіт миссияның" аясы кеңейіп келеді

Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғалы бері оған мүше мемлекеттер терроризмге қарсы "Бейбіт миссияны" талай рет өткізді. Алғашқы оқу-жаттығулар 2003 жылы Қазақстан мен Қытай жерінде ұйымдастырылды. Оған Өзбекстаннан басқа ұйымға мүше барлық ел қатысқан.

Ал 2005 жылы бірлескен оқу-жаттығуларға 10 мың әскери қатысты. Сол кезде Ресей мен Қытайдың стратегиялық авиациясы, сондай-ақ әскери кемелері де тартылған.

Уақыт өте келе, ұйымға мүше мемлекеттер көбейді. "Бейбіт миссияның" аясы да кеңейе түсті. Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан, Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Иран мен Өзбекстан кіреді. Ал бақылаушы мемлекеттер - Беларусь, Ауғанстан мен Моңғолия ұйым отырыстарына қатысып, күн тәртібін талқылай алады. Алайда шешім қабылдауға құқығы жоқ.

Бұдан бөлек, ШЫҰ-ның әріптес елдері де бар. Олар: Әзербайжан, Армения, Түркия, Камбоджа, Непал мен Шри-Ланка. Осы елдердің бәрі Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы әскери-саяси ынтымақтастықты дамытудың маңызды резерві бола алады.

*"Ислам мемлекеті" (ИГ) - Қазақстанда және басқа бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым

30
тиындар

Қымбатшылық қысып тұр: Еуропа елдерінің жағдайы не болып жатыр