Автомат, архивтегі фото

Биыл Ауғанстандағы қақтығыстан 3 мыңнан астам бейбіт тұрғын жараланды БҰҰ

52
Ауғанстан Ислам Республикасындағы ірі әскери-саяси қақтығыс салдарынан халық пен мемлекет зардап шегіп отыр

АҚШ-тың әскери-әуе күштері ауған қалаларын бомбалап, тәлібтер шабуылды үдетіп жатыр. Екі тараптың әрекетінен де зардап шегіп отырған бейбіт халық. Ауған босқындары Орталық Азияға қарай ығысып жатыр. Тәжікстан 100 мың адамды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Ауқымды маневрлер сериясын жүргізу үшін Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Ресей әскері Ауғанстан шекарасына қарай жақындады.

Дүйсенбіде Ауған армиясының әскери-әуе күштері Тәжікстан шекарасынан 46 километр қашықтықта орналасқан Талукан қаласының аумағындағы тәлібтерге соққы жасап, нәтижесінде 20-дан астам содырдың көзін жойды. Зардап шеккен бейбіт тұрғындар жайлы ақпарат жоқ. Алайда мұндай шабуылда қарапайым халықтың да құрбан болуы ықтимал.

БҰҰ (UNAMA) миссиясының мәліметінше, 2021 жылдың бірінші жартысында Ауғанстанда бейбіт халық арасындағы құрбандардың саны 5 183 адамға (1 659 мерт болған және 3 254 жараланған) жеткен. Бұл 2020 жылдың маусымындағы көрсеткіштен 47%-ке жоғары. Соның ішінде көз жұмғандар мен жараланғандардың 46%-і әйелдер мен балалар болса, құрбандардың 25%-і – үкімет күштерінің өкілдері.

АҚШ Әскери-әуе күштері Ауған армиясына қолдау ретінде авиасоққылар санын арттырды. Америкалық генерал Кеннет Маккензи алдағы аптада да әуеден жасалатын соққы еселене түсетінін мәлімдеді. Біраз бұрын Пентагон 21 және 22 шілдеде америкалықтар Ауғанстанда 4 әуе соққысын жасағанын хабарлады.

Ал тәлібтер АҚШ Әскери-әуе күштерінің бұл шабуылына қатысты наразылық танытып, Кандагар мен Гильмендтегі бомбалау салдарынан содырлар ғана емес, бейбіт тұрғындар да қаза тапқанын мәлімдеді. "Талибан"* "өз аумағын мейлінше қорғап", соғыс жалғасқан жағдайда шабуылдау операциясын қарқындатуды жоспарлап отыр.

Соғыстың аяқталатын түрі жоқ. Нангархар, Пактика, Логар, Газни, Кандагар, Герат, Балх, Джаузджан, Саманган, Сари-Пуль, Гильменд, Бадахшан, Кундуз бен Баглан провинцияларында соғыс қимылдары белсенді жүріп жатыр. Ауғанстан үкіметі содырлардың түнгі жорығына кедергі болу мақсатында 34 провинцияның 31-інде комендант сағатын жариялады.

Алайда Пәкістанның әскери қызметкерлері тәлібтердің бақылауында тұрған Ауғанстанның шекараға жақын аудандарында еркін қозғалып жүр. Нангархар шығыс провинциясының губернаторы Зия-уль-Хак Амархейль мерт болған содырлардың қатарында Пәкістаннан шыққан 39 азамат бар кенін айтты.

Тәлібтер өз бақылауындағы аумақты кеңейтіп жатыр. Жергілікті халыққа қысым көрсетіп, басып алған аудандардағы әйелдер мен балаларды күң мен құл деп санап отыр. Бейбіт тұрғындар енгізілген жаңа қатаң ережелер, күштеп некеге тұру, кәмелетке толмағандарды жихадшыға айналдыру фактілеріне қатысты алаңдаушылық танытуда.

Содырлар АҚШ-пен ынтымақтастық орнатқан "сатқындарды" іздеп тауып, олардың көзін жойып жатыр. Біраз бұрын Хост провинциясында тәлібтер 32 жастағы аудармашы Сухайля Пардистің басын шапты. Сондықтан 20 мың ауған аудармашысының иммиграцилық визаға өтініш жолдауы кездейсоқ емес.

22 шілдеде The Wall Street Journal газеті АҚШ 35 мың ауған аудармашысы мен олардың отбасыларын Катар мен Кувейттегі америкалық базаға орналастыруға дайын екенін жазды.

Ауған президенті Ашраф Гани тәлібтер "Әл-Каида", пәкістандық "Джаиш-е-Мұхаммед", "Лашкар-е-Тайба"* топтарымен тығыз байланыс орнатып, елді террористердің тұрағына айналдыруды көздеп отырғанын айтты. Расында да Ауғанстанда отызға жуық террористік топ бар. Ал "Әл-Каида"* 15 ауған провинциясында өз содырларын орналастырған. Бұл топтардың өзара қақтығысы мен үкімет күштеріне қарсы соғысы ауған жеріндегі соғыстың жақын болашақта аяқталмайтынын аңғартады. Себебі Ауғанстандағы халықаралық терроризм жайдан-жай жойыла қоймайды.

Осы жағдайдың барлығын есепке алсақ, ауған босқындарының саны арту қаупі жоғары болып отыр. Еске салсақ, 1996-2001 жылдары тәлібтердің бақылауынан тыс Панджшер провинциясында 500 мыңға жуық босқын бас сауғалады. Олар ас-судан тарылып, ашығып жатты. Егер "ислам эмираты" ығыстырған жүз мыңдаған ауған Орталық Азияға қарай ығысса, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстандағы гуманитарлық дағдарыс шынайы қауіпке айналады.

Тәжікстан төтенше жағдайлар комитеті басшысының орынбасары Эмомали Иброхимзода республика 100 мыңнан астам ауған босқынын қабылдауға және Тәжікстан қорғаныс министрлігінің полигондарына орналастыруға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ бұл нақты сан емес. Себебі 2021 жылдың соңына қарай ол көрсеткіш он есе көп болуы мүмкін. Ал бұл Орталық Азияның барлық еліне әсер етеді.

Тәлібтер іргелес жатқан елдердің шекарасын бұзбауға уәде етті, бірақ Ауғанстанның солтүстігіндегі жағдай өз бағытында өршіп, бәрібір Орталық Азия аумағына қарай ығысып жатыр. Сондықтан Ресей мен оның одақтастары бірқатар әскери шара қабылдап жатыр.

Ресей Қарулы күштерінің арнайы құралымдары тамыз және қыркүйекте Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан әскерімен бірлескен тоғыз маневр өткізеді. Ол ауқымы жағынан Ресейдің бірнеше дивизиялсы мен бригадасын 2021 жылы сәуірде Украина шекарасына орналастырумен тең болады. Бұл он мыңдаған әскери қызметші мен жүздеген әскери техниканы қамтиды.

2 шілдеде Ресей мен Тәжікстанның қорғаныс министрлері Сергей Шойгу мен Шерали Мирзо тәжік-ауған шекарасындағы жағдай мен бірлескен іс-шаралар жайын талқылады. 23 шілдеден бері Ташкент 230 мың әскери қызметшіні жұмылдыру арқылы оңтүстік бағытта оқу-жаттығулар өткізіп жатыр.

30 шілде - 10 тамыз аралығында Ресей мен Өзбекстанның бірлескен әскері өзбек жеріндегі Сурхандария облысында Ауғанстанмен шекаралас аумақта маневр жүргізеді. Тәжікстан Республикасының Хатлон облысындағы Харб-Майдон полигонында 5-10 тамыз аралығында Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан әскерінің террористерге қарсы операциялардың элементтерін пысықтайтын бірлескен маневрлер өтеді. Осы секілді Оралық Азия елдерінің аумағына "Талибан"*, "Әл-Каида"*, ИМ* секілді террористік топ содырларының кіруіне төтеп беру операциясы жүргізіледі.

* – Қазақстан Республикасында жәнеи бірқатар мемлекетте тыйым салынған террористік ұйым

52
 Бейбіт миссия - 2021 командалық-штабтық оқу-жаттығулары, архив

"Бейбіт миссия-2021": Орталық Азия террористерге төтеп бере ала ма

30
(Жаңартылды 12:53 22.09.2021)
Ауғанстандағы террористер Орталық Азияға лап беруі ықтимал. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері "Бейбіт миссия - 2021" командалық-штабтық оқу-жаттығулары кезінде ондай қауіпке төтеп бере алатынын көрсетті

20 қыркүйекте Орынбор облысының Донгуз полигонында ШЫҰ-ның бірлескен терроризмге қарсы оқу-жаттығулары басталды. Оған Беларусь, Ресей, Қытай, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан мен Өзбекстанның 5 500 сарбазы қатысып жатыр. Полигонға 1 200 әскери техника жеткізілді. Айта кетер жайт, Беларусь ШЫҰ-ға бақылаушы ретінде кіреді. Ал осы елдің қарулы күштері "Бейбіт миссияға" алғаш рет келді.

Қазақстаннан Орынбор облысына "Батыс" өңірлік қолбасшылығының барлау-шабуылдаушы ротасы бронетранспортерлерге мініп келді. Сондай-ақ, танкілері мен пилотсыз ұшу аппараттары бар. Бірлескен оқу-жаттығуларға Қазақстанның әскери-әуе күштерінің Су-25 ұшақтары да қатысып жатыр.

Ал Ресей Федерациясы орталық әскери округтің құрылымдарын, арнайы жасақ пен бес аймақтың жазғы экипаждарын шығарды. Бұдан бөлек, Қырғызстандағы "Кант" бірлескен әскери базасының сарбаздары тартылды. Ал 30 ұшақ пен тікұшақтың ішінде Су-34 жойғыш бомбалаушылар, барлаушы мен шабуылдаушы Су-24МР, Ми-24, Ми-8 және Ил-76 әскери-көлік ұшағы бар.

Биылғы "Бейбіт миссияның" негізгі мақсаты – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері кіретін коалициялық топты басқару жүйесін жетілдіру, террористердің жаңа тактикалық әдіс-тәсілдеріне тойтарыс беру бойынша өзара тәжірибе алмасу.

Командалық-штабтық оқу-жаттығулары кезінде әскерилер заңсыз қарулы жасақтардың шабуылын тоқтатады, одан кейін қарсы шабуылға шығып, жаудың көзін жоюға тиіс. Бұдан бөлек, олар пилотсыз ұшу аппараттарын атып түсіруді, диверсиялық топатарды жоюды, химиялық және биологиялық қарумен шабуыл жасау әрекеттерін тоқтатуды үйренеді.

Ресей мен Қытай неге алаңдап отыр?

АҚШ пен НАТО әскері ауған жерінен кеткеннен кейін көрші елдердің алаңдаушылығы күшейе түсті. Себебі тәлібтердің келуімен Орталық Азияға террористердің өтіп кету қаупі туындады. Ресей, Қытай, Пәкістан мен Иран да алаңдап отыр. Бүгінде көші-қон дағдарысы былай тұрсын, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерге сан алуан террористік топтар қауіп төндіреді. Оларда АҚШ әскері тастап кеткен қару-жарақ пен оқ-дәрілер бар. Соның арқасында ауған жерінде өз ықпалын күшейтіп жатыр. 

Ресейдің орталық әскери округінің қолбасшысы Александр Лапиннің айтуынша, билікке тәлібтер келгесін басқа да халықаралық террористік ұйымдардың қаупі артып отыр.  

"Ауғанстандағы билікті тәлібтер жаулап алғаннан кейін ИМ* және тағы басқа халықаралық террористік ұйымдардың  күшейіп кетуі ерекше алаңдаушылық туғызып жатыр. Олар көрші тұрған елдердің шекаралас аймақтарына өтіп кетуі мүмкін", - деді Лапин "Бейбіт миссия-2021" оқу-жаттығуларының ашылу салтанатында.

Ауғанстанмен шекаралас Тәжікстан елінің әскерилері де бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуларының маңыздылығын ерекше атап өтті. Құрлықтағы әскер қолбасшысының орынбасары Фатхулло Идоятуллозоданың айтуынша, "Бейбіт миссияның" арқасында аймақтық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, бауырлас халықтарды жақындастыруға мүмкіндік бар.  

Ал Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгудың сөзіне қарағанда, бірлескен оқу-жаттығулары кезінде Сириядағы әскери іс-қимылдың тәжірибесі ескеріледі. 

Мәселен, бүгін Қазақстан мен Ресей ұшқыштары авиациялық барлау жасап, колоннамен жүрген "террористерді" және олардың зеңбіректерін жою шараларын жетілдірді. Қазақстанның Су-25 шабуылдаушы ұшақтары жаудың артиллериялық бекіністеріне зымыранмен соққы жасады. ВСМ-1 миналау жүйесі бар Ми-8 тікұшақтары қорғаныс шебінде шұғыл мина орнату шараларын атқарып шықты.

Ал жердегі әскери топтардың құрамында заманауи ГМЗ-3 шынжыр табанды мина бөгеуші бар. Ресейлік әскерилер жарылғыш заттың көмегімен танкіге қарсы екі шақырымдық ор жасады. Ол үшін 20 тонна жарылғыш зат қажет. Коалициялық топқа жол ашып отыратын ИМР-3 бөгет бұзатын машиналар да қолданылады.

"Бейбіт миссияның" аясы кеңейіп келеді

Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғалы бері оған мүше мемлекеттер терроризмге қарсы "Бейбіт миссияны" талай рет өткізді. Алғашқы оқу-жаттығулар 2003 жылы Қазақстан мен Қытай жерінде ұйымдастырылды. Оған Өзбекстаннан басқа ұйымға мүше барлық ел қатысқан.

Ал 2005 жылы бірлескен оқу-жаттығуларға 10 мың әскери қатысты. Сол кезде Ресей мен Қытайдың стратегиялық авиациясы, сондай-ақ әскери кемелері де тартылған.

Уақыт өте келе, ұйымға мүше мемлекеттер көбейді. "Бейбіт миссияның" аясы да кеңейе түсті. Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан, Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Иран мен Өзбекстан кіреді. Ал бақылаушы мемлекеттер - Беларусь, Ауғанстан мен Моңғолия ұйым отырыстарына қатысып, күн тәртібін талқылай алады. Алайда шешім қабылдауға құқығы жоқ.

Бұдан бөлек, ШЫҰ-ның әріптес елдері де бар. Олар: Әзербайжан, Армения, Түркия, Камбоджа, Непал мен Шри-Ланка. Осы елдердің бәрі Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы әскери-саяси ынтымақтастықты дамытудың маңызды резерві бола алады.

*"Ислам мемлекеті" (ИГ) - Қазақстанда және басқа бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым

30
тиындар

Қымбатшылық қысып тұр: Еуропа елдерінің жағдайы не болып жатыр