Қызылорда облысындағы көне Құмиян шаһары

Құмиян туралы аңыз немесе жеті нан тарату дәстүрі қайдан шыққан

124
Жеті нан неге таратылады? Шаруа құралы саналатын кетпеннің ортасы не себепті тесілген? Көне шаһарлар жайлы сөз қозғалғанда әңгіменің бір ұшын не үшін жыландармен әкеліп байланыстырады?

Мұның құпиясы не? Осы сұрақтардың барлығына жауапты бір ғана Құмиян атты көне шаһарға байланысты айтылатын аңыздан табуға болады.

Бүгін Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы көне Құмиян шаһары туралы сөз қозғаймыз.

Жалпы бұл қала туралы ел аузында сақталған аңыз әңгімелер баршылық. Алайда олардың барлығы жыланмен байланысты болып келеді. Тіпті мистикалық оқиғаларға құрылған әпсаналарда бұл қаладағы тіршіліктің тоқтауына да жыландар себеп болғаны айтылады. Жергілікті тұрғындар да осы пікірді құптайды. Алдымен аңыз сөзі не дейді, соған үңілейік.

Оқиға желісі былай баяндалады. Бір күні халқы көп, тіршілігі қайнаған Құмиян қаласының бір шаруасы отын шабуға барады. Бір жыңғылдың түбінен ысылдаған жылан шығыпты. Дереу қолына кетпен алып, әлгі жыланның басын шауып тастайды. Бір қызығы, әлгі жерден бірінен соң бірі жеті жылан шығады. Шаруа барлығын өлтіріп тынады.

Қызылорда облысындағы көне Құмиян шаһарының орны
Әзиз Батырбеков
Қызылорда облысындағы көне Құмиян шаһарының орны

Отынын шауып, үйіне келгеннен кейін көрші қартқа болған оқиғаны әңгімелеп береді. Көпті көрген қария дереу шаһар басшысына хабар беріп, қаладан кету керектігін айтады. Алғашында қала бегі мән бермей, бір алжыған шалдың әңгімесіне балайды. Дегенмен сол түні қаланы жылан басып қалады. Небір ер-азаматтар семсерлерін қыннан суырмай жатып құрбан болады. Ақыры болмаған соң бек қалған халықты қаладан аман алып шығуды бұйырады.

Өзі қасына осы оқиға болатынын айтқан қарияны алдырып, мына сұмдықтан құтылудың жолын іздейді. Сонда қария: "Біздің шаруа ордалы жыланның ордасын бұзған. Енді олар соны тапқанша тыныштық таппайды" – дейді. Қала басшысы: "Онда сол шаруаны берейік те, құтылайық мына пәледен" деп шаруаны алдыртады. Қария болса жыландар бір алған қамалын оңайлықпен босатпайтынын айтып, шаруаны ажалға итермелеуден еш пайда жоқтығын жеткізеді. 

Қала сыртына шыққан соң елді бір жерге жинаған қария кісі бойындай ор қаздырады. Оның ішіне әлгі шаруаны түсіріп, басына жеті нан қояды. Жеті нанның үстіне "жыланды кетпен шапты ғой" деп жеті кетпен қойдырыпты. Ордағы адамға аждаһа оңай жетпеуін ойлап кетпеннің үстіне жеті қазанды төңкертеді. Бұлар осы әрекетті жасап болғанша қаланы түгел тінтіген жыландар артынан қуып жетеді. Бірден әлгі орға қарай беттеген жыландар жеті түрлі қазанды жеті жаққа ұшырып жібереді. Ішінен біреуі ысылдаған бойы жеті кетпенді тесіп өтеді.

Оқи отырыңыз: Жұмаға кеңес: аудиотаспадағы Құранды оқыса, жеті шелпек қабыл бола ма?

Содан бері кетпеннің ортасы тесік болып жасалады екен. Жеті қазан мен жеті кетпеннен өтсе де, шаруаның басында тұрған жеті күлше наннан өте алмай тоқтаған екен. Жыландар өз бетімен кетеді. Шаруаны ордан шығарып алған қария жеті күлше нанды айналадағы жеті елге таратып береді. Содан бері сайын даланы мекендеген жұртшылық иіс шығарғанда, құран оқытқанда жеті нан таратуды әдетке айналдырыпты.

Ауызша жеткен аңыз желісі – осы. Бұл аңызды мен Жаңақорған ауданының тұрғыны, 90-ға келіп өмірден өткен Әбубәкір Даниярұлы деген ақсақалдан естіген едім.

Жаңақорған ауданының тұрғыны Кеңес Садықұлы бұл қаланың тарихын ХІІ ғасырмен байланыстырады.

"Құмиян ХІІ-ХІІІ ғасырларда болған қала. Оның тарихы тереңде жатыр. Келінтөбе ауылының оңтүстік-батыс жағында 30 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Бір білетінім, Сырдарияның құрғап қалған арнасынан 3-4 шақырым жерде тұр", – деді Кеңес Садықұлы.

Сыр тарихын зерттеуші журналист Әділжан Үмбет біз мақалаға арқау еткен көне қалаға байланысты айтылатын аңыз-әңгіменің түбінде шындық болуы мүмкін екенін айтады.

"Аңыздың түбінде ақиқат жатады. Бабаларымыз өткен тарихын ұрпағына ауызша жеткізіп отырған. Құмиян жайлы аңыз да бізге солай жеткен аңыздың бірі. Мұның да түбінде шындық жатуы мүмкін. Өйткені Құмиянда бір кездері адамдар өмір сүрді, қазір ешкім тұрмаса да онда барған адам көне тіршіліктің ізін байқайды", – деді ол.

Қызылорда облысындағы көне Құмиян шаһары
Қызылорда облысындағы көне Құмиян шаһары

Қазақ ұлттық энциклопедиясында төртбұрышты қала екені, көлемі 210х180 метрге жуықтайтыны жайлы мәліметтер бар. Қорғанның кейбір сақталған биіктігі 5-6 метрді құрайды. Дуалының ені – 3-3,5 метр шамалас. Оңтүстік жағындағы екі бұрышында мұнараның құлаған орны 2,5 метр төбе болып жатыр. Қорғанның құрылыс жүйесіне қарағанда төрт жағында бес-бестен мұнара болған. Мұнаралардың арасы – 35 метр. Қақпасы оңтүстік-шығысында орналасқан. Қорғанның сыртын айналдыра қазылған ордың ені 8 метр болса, тереңдігі 1,5-2 метрге жуық.

Иә, біздің заманымызға дейін жеткен Құмиян тағы қандай сырды бүгіп жатқаны бізге беймәлім. Тек білетініміз оның сақталған орны әлі күнге дейін тарихта болғанын айғақтап жатқандай көрінеді.

124
Кілт сөздер:
нан, салт-дәстүр
Қален молда мешітінің орны

Шиелідегі Қален молда мешітінің орнын қазған кеншілер тылсым күшке тап болған

6903
Бүгін кеңестік дәуірде кеншілерге жерді зерттеуге мүмкіндік бермеген Қален молданың кереметін сөз етпекпіз

Бір кездері Қызылорда облысының Шиелі ауданында бүгінгі Ақмая мен Бидайкөл ауылдарының маңында мешіт ашып, ел ішінде шариғат үкімін жүргізген Қален атты молда болған. Ол кісі жайлы деректер көп сақталмаған. Шиелі ауданының Ақмая ауылындағы жасы 90-нан асып, өмірден өткен Әбілқас Дәрібайұлы деген ақсақалға көзінің тірісінде жолығып, Қален молда жайлы білгенін қағазға түртіп алған едік. Әбілқас ақсақалдың айтуынша, ол Қарнақ медресесінде білім алған екен. Қален молдаға қатысты деректер аз болғандықтан осы кісі айтқан бір әңгімені арқау етпекпіз.

"Қален молданың Қарнақ медресесінде шәкірт болып жүрген кезі. Бір күні ұстазы келіп барлық шәкірттерді жинайды. Сөйтіп, бір жерге хат апару қажеттігін айтады. Ал баратын жер атпен жорытқанның өзінде бір күн, бір түн жолға кететін қашықтықта орналасқан екен. Содан болу керек, әйтеуір ешкім хатты алып баруға емеурін таныта қоймайды. Тек бар шәкірттің ішінен Қален молда ғана баратын болып келіседі. Алайда ол бұл хатты  біршама уақыттың ішінде тез апарып, қайта оралады. Ұстазы қысқа уақыттың ішінде қалайша тез апардың деп сеніңкіремей, артынан кісі жіберіп тексерткен. Бірақ, хат діттеген орнына жеткенін білген ұстазы Қален молданың тегін адам еместігін, оның әулиелігі бар екендігін айтыпты".

Бұл Әбілқас қарияның ойға түйгені, есте сақтағаны.

Қален молда мешітінің орны
Әзиз Батырбеков
Қален молда мешітінің орны

Ел ішінде Қален молданың талай жанға көмек бергені, аш-жалаңашқа болысқаны, жетім мен жесірге қолдан келгенше демеу болғаны жайлы да аңыз-әңгімелер айтылады. Соның бірі ретінде өзі өмірден өткеннен кейін қазіргі Бидайкөл мен Ақмая ауылдарының арасында болған мешіті турасындағы оқиғаны айтып өтуге болады.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін елге түрлі ұлттың өкілдері қоныс аударылады. Солардың қатарында диқандықты кәсіп еткен кәрістер де бар. Сол кәрістер мектеп салу мақсатымен Қален молданың мешітін бұзып, құрылыс материалдарын алған екен. Ақмаядағы егде тартқан кісілердің айтуынша, сол ауылдағы ескі мектептің ернеу ағаштары осы Қален молданың мешітінен алынғанға ұқсайды. Мұны тәуелсіздік алғаннан кейін осы ауылдың алғашқы имамы болған Мұрат ағамыз жеткізіп отыр.

Уақыт шіркін зымырап өте береді. Шиеліге 1970 жылдардан кейін уран өндірісімен айналысуға арнайы геологиялық бағытта жұмыс жасайтын экскпедициялар келе бастайды. Сол шақта уран аламыз деп жердің қойнауын зерттеуге кіріскенде біртүрлі адам сенгісіз оқиғалар болған. Жерді бұрғылап қанша тессе де, түнде бүкіл құрылғылар мен құбырлар быт-шыты шығып бұзылатын көрінеді. Ешкім ешнәрсені түсінбейді. Содан не керек, түнде жұмысшылардың барлығы шығып аңдымаққа бекінеді.

Қален молда мешітінің орны
Әзиз Батырбеков
Қален молда мешітінің орны

Сөйтсе, қолында аса таяғы бар ақ киімді кісі олардың барлығын тырқырата қуыпты. Бұл оқиға бірнеше рет қайталанған. Ақыры болмаған соң басшыларына мәлімдепті. Алайда олар да ештеңе істей алмайды. Жұмысты ары қарай жүргізу керек. Содан осы маңдағы ауыл-аймақты аралап, мұның не екенін сұрай бастайды. Көненің көзі болып қалған қариялар бұл маңда Қален молданың мешіті болғанын айтады. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін мешіт орнын қоршап, арнайы белгі соғады. Содан кейін ғана тылсым оқиғалар тиылыпты.

Қален молда мешітінің орнына соғылған белгіні Шиелідегі кен орындарында жұмыс жасайтындар жақсы біледі. Олай-бұлай өткендер құран оқып, дұға бағыштамай кетпейді.

Оқи отырыңыз: 

6903
Кілт сөздер:
мешіт, Қален молда, тылсым күш
Истребитель-бомбардировщик Су-30

Ресейлік Су-25 Тәжікстанға жол тартты