АСТАНА, 19 нау – Sputnik. Тұманды Альбион елінде тұрып жатқан қазақтар ұлттық мейрамдардың ешбірін қалт жібермейді. Шетте жүрсе де, олар ұлтымыздың рухани мәдениетін сақтап, халқымыздың әдет-ғұрыптарын бір сәтке де ұмытпақ емес.
Әрине, Ұлыбританияда білім алып жатқан қазақстандық студент Тимур Әбдірештің айтуынша, ұлттық мейрамдардың ішінде Наурыз мерекесінің шоқтығы биік. Туған жерден жырақта жүрген қазақтар Ұлыстың ұлы күнін ерекше ыстық ықыласпен атап өтеді.
"Мен оқитын Newcastle қаласында Newcastle Kazakh Society атты ұйым бар. Осы қаладағы бүкіл қазақ студенттерінің басын біріктіріп отыр. Жалпы, бұл жерде студенттер өте ұйымшыл әрі бірлігі жарасқан. Наурыз мерекесіне бір кісідей жұмылып, дайындалады. Ұлыстың Ұлы күні бәрі жиналып, мейрамды у-шу болып атап өтеді. Біреуі көже, екіншісі палау, қалғандары бауырсақ пісіріп әкеледі. Көже ішіп әрі дәмді бауырсақтан ауыз тиген студент бір сәтке туған жеріне сапар шеккендей болады. Сыртта жүрген қазақ жастарына Наурыз мерекесі осындай бас қосулармен есте қалады", — дейді Newcastle University студенті.
Оның айтуынша, Newcastle Kazakh Society мұнымен шектелмейді. 2014 жылы Наурыз ерекше форматта тойланыпты.
"Into Newcastle University ғимаратының қабырғасында Наурыз мейрамына орай Қазақстанға арналған таныстыру көрмесі өтті. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер би билеп, ән шырқады. Айта кету керек, басқа елдің студенттері бұл шараға ерекше қызығушылық танытып, қазақ халқының мәдениеті, ұлттық киімі және салт дәстүрі туралы сұрақтарын аяған жоқ", — деп әңгімеледі Тимур.
Әлбетте, Ұлыстың ұлы күнін наурыз көжесіз тойлау мүмкін емес. Наурыз көже молшылықтың жоралғысы ретінде наурызда міндетті түрде әзірленеді. Шетте жүрген қазақ студенттері де бұл дәстүрді бұзбайды екен.
"Наурыз көжені үйде қалаған адам пісіріп әкеледі. Бұл жақта арнайы мұсылмандардың дүкендері бар. Сол жерден айран, арпа және басқа дәндерді табуға болады", — дейді қазақстандық студент.
Тимур Әбдіреш әңгімелегендей, әз-Наурызға орай меркелік шаралар Британияның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылады. Қазақ студенттерінің қауымдастықтары әр қалада бар. Әсіресе, Лондонда Наурыз мейрамы кеңінен тойланады.
"Былтыр Британияның астанасында дәстүрлі Наурыз фестивалі өтіп, оған Орта Азия елдерінің өкілдері қатысты. Сөйтіп, Лондондағы наурыз жетінші рет тойланды. Өзбек, тәжік, қырғыз, әзірбайжан және қазақтар бірге Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар дайындалды. Бұл фестивалге аралдың түкпір-түкпірінен бір-бірін көптен көрмеген студенттер жиналып, төс тағыстырып жатты. Шетелде жүрсе де халықты біріктіретін Наурыз мейрамы осымен кұдыретті емес пе?!", — деп түйді сөзін Тимур.
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан - Sputnik. Нұр-Сұлтанда швед жазушысы Астрид Линдгреннің "Ұзыншұлық Пиппи" кітабының қазақ тілінде жарық көрді.
Қазақстанда 2021 жыл балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланды. Осыған орай, "Фолиант" баспасынан ағылшын тілінен аударылған "Ұзыншұлық Пиппи" кітабын шығарды.
Аудармашы Мира Сембайқызының айтуынша, шығарманы аударуға үш айға жуық уақыт қажет болған.
Баспада басты кейіпкердің – Пиппи есімін қазақ тіліне дұрыс аудару мәселесі ұзақ уақыт бойы талқыланған. Соның нәтижесінде автор түпнұсқа емлесін ұстанып, соңғы шешімді қабылдаған.
"Мен шығармадағы әр кейіпкердің сөйлеу ерекшеліктерін мүмкіндігінше сақтауға тырыстым. Қазақ тіліндегі балаларға арналған шығармаларға тағы бір керемет кітап қосылғанына және соған өзімнің атсалысып жатқаным үшін өте қуаныштымын", – дейді Сембайқызы.
Сондай-ақ, баспагерлер де Пиппидің шытырман оқиғаларының қазақ тілінде жарық көруі оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырады деп санайды.
Астрид Линдгрен әлемдегі ең көп аударылған жиырма автордың ішінде 18-орынға ие. 2005 жылы ЮНЕСКО әлемдегі ең көп аударылған кітаптардың тізімін жариялады. 1945 жылы шыққан сарышашты Пиппидің шытырман оқиғалары туралы кітап балалар әдебиеті туындылары арасында үздік бестікке енген.
Оқи отырыңыз: "Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" романы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді
Линдгрен шығармасындағы кейіпкер соғыстан кейінгі жылдарда туылған швед балалары үшін бостандықтың символына айналды. Ол Пеппи бейнесін қолдана отырып, балаларды құрметтеуге және оларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатуға үндейді.
АЛМАТЫ, 22 ақпан – Sputnik. Көктем келсе табиғат жанданып, қалың қыстан кейін қайта оянады. Адамдар да табиғатпен үйлесімділікте көктеммен бірге құлпыра түседі. Әуелден-ақ "адам көркі – шүберек" екені баршаға мәлім. Соған байланысты сән әлемінің мамандары жыл сайын трендте болатын "жыл түсі" мен "жыл стилін" таңдап, қандай түстерді үйлестіруге болатынын айтады. Sputnik Қазақстан тілшісі сән әлеміндегі жаңалықтар жайлы қазақстандық мамандардан сұрады.
21 жылдан бері сән әлеміндегі негізгі түстерге сараптама жасайтын америкалық Pantone зерттеу орталығы (Pantone Color Institute) 2021 жылдың екі негізгі түсті атаған еді. Олар: сұр және ашық сары. Шетелдік мамандардың пікірінше, тас секілді берік сұр түс пен ашық сары түстің үйлесімі күш пен позитивті білдіреді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазақстандық мамандардың да пікірі осыған ұқсас.
"Донателло Версачидің "Мұхит" тақырыбындағы көрсетілімінен кейін дизайнерлер ашық көк түске басымдық бере бастады. Демек, көктем мен жаздың тренді ашық көк түс болады. Бұл түстің сары, қызғылт сары, қоңыр түспен үйлесуі – ең басты трендтің бірі", – дейді стилист-сарапшы Әсел Елшібаева.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал қазақстандық дизайнер Бақыт Нұратдинова жалпы төрт мезгіл бойы сарғыш, кірпіш түсті реңктер мен күлгін сәнде болатынын айтты.
"Киімнің түсі мезгілдерге емес жалпы бір жылға арнап бекітіледі. Биыл сарғыш, терракота, күлгін реңктер сәнде болады. Бұл бір қарағанда үш түс болғанымен, әрқайсының бірнеше реңкі бар", – дейді дизайнер.
Дизайнер Бақыт Нұратдинованың айтуынша, коронавирус пандемиясы да сән әлеміне өзгеріс әкелді. Пандемия кезінде спорттық үлгідегі киімдерге сұраныс артқан.
"Былтырдан бері спорттық үлгідегі киімдерге сұраныс артты. Классикалық үлгі бойынша жұмыс істейтін дизайнерлер спорт стиліне ауа бастады. Себебі пандемия кезінде той-мереке тоқтады, адамдар тауға, табиғатқа шығатын болды", – дейді Нұратдинова.
Коронавирус инфекциясын жұқтырып алмау үшін адамдар медициналық бетперде тағып жүр. Әр істі сән әлемімен байланыстырғысы келетіндер көйлегінің түсіне сай бетперде тағып шыққан еді. Маманның айтуынша, бұл тренд биыл да жалғасады. Себебі қай уақытқа дейін бетперде тағып жүру қажет болатыны әлі белгісіз.
"Коронавирус пандемиясының басталғанына да бір жыл болады. Вирусты бактерия түрінде қызыл түспен бейнелеп жүрміз. Алайда ол киім өрнегі ретінде пайдаланылмайды. Адам киімі арқылы жақсылық шақырғысы келеді. Еуропаны білмеймін, бірақ қазақстандық дизайнерлер ауруды әрлеп, көрсетпейді деп санаймын", – дейді 20 жылдан бері сән әлемінде жүрген дизайнер.
Стилист-сарапшы Әсел Елшібаева пандемия кезінде белгілі дизайнерлер ақ түсті жейде-көйлек, шалбарлы костюдерді көрсетілімге шығарғанын айтады.
"Дәрігерлерге құрмет көрсеткен дизайнерлер сән әлеміне осы ақ түстес жейде-көйлектер мен ақ костюмдерді қайта алып келді", – дейді стилист.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Кең шалбар – 2021 жылдың тренді. Белден бастап еденге дейін төгіліп тұратын шалбарды таңдаған кезде белді айшықтауды ұмытпау қажет. Яғни, белдік немесе қарама-қайшы түстерді үйлестіріп, белдің қай жерде екенін көрсеткен жөн. Егер жейде ақ, шалбар қара түсті болса, бел көрініп тұрады. Ал кең киімдерді киген кезде дене мүсініңіз көрінбей қалуы мүмкін", – дейді Әсел.
Стилистің сөзінше, кең жағалы жейделер әлі де сәнде болады. Алайда мұндай жағдайда образды джинсы шалбармен толықтыру қажет. Сонда стиль үйлесе түседі.
"Кейінгі жылдары 1990 жылдардағы стиль қайта еніп жатыр. Бұл – қысқа белдемше, кроп-топ, спорт-шик стилі, ұзын пальто мен кең шалбар. Тай-дай стиліндегі өрнектер әлі де сәннен кетпейді. Мұндай жағдайда белдемше қысқа болса, үстіне қалың жемпір, oversize костюм кию қажет. Яғни, төмен жақ ашық болса, үстіңіз жабық болғаны жөн", – дейді маман.
Спорт-шик стилі – спорттық үлгідегі киімді пиджак немесе ұшы үшкір туфлимен үйлестіру, деп толықтырды ол.
Ал дизайнер 2021 жылы да өрнек салынған шапан мен көйлектер, яғни этникалық мотивтер сәнде болатынын айтты.
"Oversize киімдер әлі де сәннен қалмай келеді. Себебі жайлы киімді ұнататындар көп. Алайда бұл стильді таңдайтындар қатары салыстырмалы түрде сиреген. Сондай-ақ, биыл үлкен ақ жағалы киімдер кең қолданысқа ие болуда. Көктем мен жазда оған сұраныс артуы мүмкін", – деді Бақыт Нұратдинова.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Өткен жылы жазда иығы, арты ашық көйлектер сәнде болды. Нұратдинованың айтуынша, 2021 жылы барынша жабық киімдерге басымдық берілген.
"Көзге бірден көрінетін түстер биыл трендте емес. Сарының да қатты қанық емес түстерін таңдау керек. Киімнің де барынша жабық болғаны жақсы. Ал көйлектердегі өрнекке келер болсақ, бұған дейін гүлдің суреті жиі қолданылатын. Ал биыл жұмбақ, түсініксіз геометриялық өрнектер көп қолданылып жатыр", – дейді ол.
Ал стилист-сарапшы Әсел Елшібаева көктемде трикотаж көйлектердің қайтадан сәнде болатынын алғап тартты.
"Трикотаж көйлектер 4-5 жылдан бері трендтен түспей келе жатыр. Сондай-ақ, бүрмелі көйлектер, бір қырында немесе кеуде тұсында бүрмесі бар көйлек таңдаған дұрыс. Матасына қарай осы стильдегі көйлектерді көктем мен жазда да киюге болады. Версачидің "Мұхит" тақырыбындағы көрсетілімінен кейін тор көйлектер де қайтадан сәнге айналуда. Оны демалыс кезінде суға түсуге арналған киімнің сыртынан киюге болады", – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, өткен жылы ірі алқалар сәнде болса, биыл үлкен сырғаларға сұраныс артады. Сондай-ақ, көйлектің не водолазканың үстінен тағуға арналған арнайы жағаларды жыл ерекшелігі деп атауға болады.
Мұндай жағаны таққан кезде классикалық шалбар емес, джинсы шалбар кию қажет. Жағасы үлкен жейде мен классика үлгісіндегі шалбар адамды 4-5 жасқа есейтіп көрсетеді.
Сондай-ақ, көктем мен жазда дөрекі көрінетін аяқ киімдер сәнде болады.
Стилист киім таңдаған кезде трендтің соңына түсіп кетпеуге кеңес берді.
"Гардеробтың 5%-і, көп болса 10-15%-і трендтегі киімдер болу қажет. Себебі тренд өзгеріп тұрады. Соны ұмытпау керек. Ал қалғаны басқа киімдермен үйлестіріп киетін базалық киім болғаны жөн", – дейді Елшібаева.
Сондай-ақ, маман киім таңдаған кезде дене бітімі мен қай жерде жұмыс істейтініне де назар аударуды ұсынды.
"Киімнің түсіне, оның адамға жарасатынына көңіл аударған жөн. Ал түс таңдар кезде киімді кеуде тұсына алып келгенде үйлесіп тұруы қажет. Ал төмен жаққа кез келген түсті киім таңдауға болады. Трендпен қатар киімнің үйлесімі, баратын жерге сай болуы да маңызды", – деп түйіндеді Әсел.
Vogue басылмының ақпаратына сәйкес, 2021 жылы көктем-жаз мезгілінде кең етекті көйлектер әлі де актуалды болады. Мұндай жағдайда көйлектің кеуде тұсы әртүрлі болуы мүмкін. Әркім талғамына қарай иығы ашық, кеуде тұсы кең ойылған түрін таңдайды.
Трендте келе жатқан киімнің бірі – кең балақ шалбарлар. Сәнгерлер мұндай шалбарды көктемнің нағыз тренді деп атады. Адамның дене бітімін анық көрсетпесе де, мұндай шалбарды күнделікті жұмысқа, демалыс орындарына киюге болады. Балағы кең шалбар костюммен де, түрлі жейдемен де үйлеседі.
Сондай-ақ, киімнің белгілі бір жері ойылған (мақсатты түрде жыртылған) киімдер сәнде болады. Жейденің білек тұсы немесе кеудеден белге дейінгі жері жыртық не жамалған болуы мүмкін. Арасында көйлектің арқа тұсы түгел ашық болатын киімдер де кездеседі. Биыл дәл осылай киінген әйелдерді көргенде таңғалмаған жөн.
Оқи отырыңыз: Димаш Қытайдағы сән апталығының ашылу салтанатында – толық видео
Басылымның хабарлауынша, жолақ сызығы бар киімдер де қайта трендте болады. Сондықтан бұл көктем көптен бері киілмей тұрған жолақ маталы көйлекке тағы бір мүмкіндік сыйлауға таптырмас кезең.
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Жеке тұрғын үйден табылған әйел мен төрт баласы иіс тиіп қайтыс болған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
"27 ақпан күні Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйде 5 адам - 1980 жылы туған әйел және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары иіс тиіп қайтыс болған. Отағасы кәсіпкерлікпен айналысады, ол емделу мақсатында Шымкент қаласына кеткен", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, полиция департаменті және төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, Түркістан қаласының әкімі оқиға орнына барды. Өңір басшысы оқиғаның тергеу барысын жеке бақылауына алып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Отбасына материалдық көмек көрсетуді тапсырды.
"Зардап шеккен отбасына қажетті психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі. Мәселе менің жеке бақылауымда. Мен қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын", - деді Өмірзақ Шөкеев.
Төтенше жағдайлар департаментіне қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жерде жылыту жүйелерін тексеруді және жылыту жүйелерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды.
Айта кетсек, бүгін сағат кешкі алтылар шамасында Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік пультіне "103" қызметінен хабарлама түскен. Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде бес адамды көршілері өлі күйінде тапқан, оның төртеуі бала.