Ұлы дала комедиясы фильмінің тұсаукесері

"Ағайын, итеріп жіберейін бе?" Төреғали Төреәлі жұртқа жаңа қырынан танылды

4471
(Жаңартылды 14:22 05.11.2018)
Әнші туралы түсірілген "Ұлы дала комедиясы" фильмі 18 қазаннан бастап прокатқа шығады

АСТАНА, 15 қазан – Sputnik. Астанада қазақтың "Төреші" атанып кеткен белгілі әнші Төреғали Төреәлінің "Ұлы дала комедиясы" атты кинокартинасының премьерасы өтті, деп хабарлайды тілшісі. 

Кино әлеміне алғаш рет қадам басқан әншінің комедиясын тамашалауға өнердегі әріптестері келді. Олардың арасында Қыдырәлі мен Қарақат, Тамара Асар, Айгүл Иманбаева, Алтынай Жорабаева және тағы басқа өнер жұлдыздары бар.

"Ұлы дала комедиясы" не жайында?

Фильм желісіне қызба мінезді әншінің басынан кешкен оқиғалары, жұртты шулатқан ерсі қылықтары мен дау-жанжалдары арқау болған. 

Төреғали Төреәлі ойнаған Ұлы дала комедиясы фильмінің премьерасы
© Sputnik / Владислав Воднев
Төреғали Төреәлі ойнаған "Ұлы дала комедиясы" фильмінің премьерасы

Фильмнің бас кезінде  "жұлдыз ауруына" шалдығып, өзін өзгелерден биік санайтын Төреғали картинаның соңына қарай қолда бар алтынын бағалай білуді үйренген әншіге айналады. Көрермен фильмнен қазақтың ерке "Төрешін" көреді десе де болады.

Кинокартинада Павлодардағы қариямен болған шу, журналистермен болған дау-жанжал, Ерке Есмаханмен араздығы да көрініс табады. Оған "ағайын, итеріп жіберейін бе", "Ерке менің сүйікті әншім бе?!", сұхбат кезінде қолын түсіруді өтінген журналиске "жарайды, түсіріп тұрайын" деген сыңайлы астарлы әзіл-қалжыңдар дәлел. 

"Ұлы дала комедиясы" – арманға жету жолында талай сынақтан өтетін талантты жігіт жайында. Басты кейіпкерге қиындықты еңсеруге сәттілік пен махаббат көмектеседі.

Төреғали Төреәлі ойнаған Ұлы дала комедиясы фильмінің премьерасы
© Sputnik / Владислав Воднев
Төреғали Төреәлі ойнаған "Ұлы дала комедиясы" фильмінің премьерасы

Фильм бастан-аяқ қазақ тілінде түсірілген. Десе де арасында бірлі-жарым орысша сөздерді де құлағыңыз шалады. Орыс тілді көрермендер үшін субтитр қарастырылған. 

Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжін актер мамандығы бойынша тәмамдаған әншіге басты рөлді сомдау аса қиынға соқпаған сыңайлы. 

Фильмнің продюсері – әншінің әкесі Төреәлі Төлепов.

Өнер жұлдыздары комедияға қандай баға берді?

"Ұлы дала комедиясын" отбасымен бірге тамашалаған Қыдырәлі Болманов інісін кино әлеміндегі алғашқы қадамымен құттықтап, жоғары баға берді. 

Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина Ұлы дала комедиясы фильмінің премьерасында
© Sputnik / Владислав Воднев
Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина "Ұлы дала комедиясы" фильмінің премьерасында

"Айсұлтанды ертіп келген едім, киноның соңында "әке өте жақсы кино болды" деп қояды. Бестегі баланың ұйықтап қалмай кино қараса, фильм оны шынымен қызықтырды деген сөз. Бала ешқашан өтірік айтпайды. Яғни, бестегі балаға кино ұнаса, ол мақсатына жеткен дүние деп ойлаймын… Кинодағы алғашқы қадамың құтты болсын", — деді әнші.

Жас әртістің өнерін тамашалауға Досхан Жолжақсыновтың жары, белгілі актриса Қарагөз Сүлейменова да келген.

"Шын мәнінде, бүгін қазақ өнері үшін, қазақ көрермені үшін айтулы күн деп есептеймін. Себебі өнер жолы оңай емес. Шын өнерпазды халық өте керемет бағалайды, ерекше даралайды. Сол сүйіспеншіліктің бағасы қанша дейтін болсақ, оның бағасы – қажырлы еңбек пен ізденіс. Сондықтан бүгін біз кішкентай қара домалақ баланың өнеріне тәнті болып отырмыз. Шындығына келсек, қандай оқиға болса да, өмір болғаннан кейін әр адамның бойында титтей бір кемшілік болады", — деп ізгі тілегін білдірді Сүлейменова.  

Алайда, оның айтуынша, өнерпаздың бойындағы еркелігі, ешкімге ұқсамайтын тартымдылығы көрермендерді тәнті еткен.

"Ол шындық. Әндері ғажап, керемет, Төреғалидің бойында үлкен энергетика бар. Оның бойында өзіне деген зор талап та, сұраныс та бар. Сондықтан біз шын өнерпаз болғандықтан, көп дүниені қабылдай білуіміз керек деп ойлаймын. Ондай еркелік өнерпазға кей кездері жарасады", — деп түйіндеді актриса.

Төреғали Төреәлі ойнаған Ұлы дала комедиясы фильмінің премьерасы
© Sputnik / Владислав Воднев
Төреғали Төреәлі ойнаған "Ұлы дала комедиясы" фильмінің премьерасы

Десе де, әнші БАҚ өкілдерін аса жақтыра бермейтінін бұл жолы да байқатып қойды. Фильмнің премьерасынан кейін журналистермен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізуі тиіс болған Төреғали өнердегі аға-апаларының жылы лебіздерін тыңдап, асығыс кетіп қалды.


4471
Кілт сөздер:
Ұлы дала комедиясы, кино, Төреғали Төреәлі
Микрофон

Қазір иттің итақайы әнші болып жүр Рамазан Стамғазиев

1756
Рамазан Стамғазиев карантинге байланысты той-томалақ тоқтаса да, дәстүрлі әншілер студенттерге сабақ беріп, табыс тауып отырғанын айтты

Алматы, 4 қазан – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз ретінде баланың көзіне қарап отырып білім бергенге ештеңе жетпейді дейді. Өзі мұғалім болып қызмет атқаратын Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің басым бөлігі онлайн білім алып жүр. Дәстүрлі әнді насихаттап жүрген әнші Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында онлайн білім беру мен дәстүрлі әншілердің табысы жайлы айтты. Сондай-ақ, эстрадада фонограммаға тыйым салуға қатысты пікір білдірді.

Қашықтан оқытудың қиындығы жайлы

Стамғазиев жұмыс істейтін Құрманғазы атындағы консерваторияның бірінші курс студенттері оқу ордасында білім алып жатыр. Ал қалған курстың студенттері қашықтан, түрлі платформаны пайдаланып оқып жүр.

"Былтыр онлайн оқу цифрлық Қазақстанның көпірік сөзбен ғана іс атқарғанын, жалпы бұл жағынан әлсіздігін көрсетті. Биыл оқу жылында 30-40 минуттың ішінде мың өшіп, мың қосылып, арасында Whatsapp-қа көшіп, оқытып жатырмыз. Бір жақсысы, дәстүрлі әншілердің барлығы оқулық жазған. Электронды нұсқасы студенттерге қолжетімді", - дейді дәстүрлі әнші.

Әңгіме барысында онлайн оқу мен дәстүрлі оқу форматының да айырмашылығын сұрадық. Айтуынша, баланың көзіне қарап сабақ бергенге ештеңе жетпейді.

Тағы оқыңыз: "Тыңдайтын құлақ жоқ": Мейрамбек Бесбаев Алматы басшылығына ренішін айтты

"Айырмашылық көп. Баланың көзіне қарап, адамның арғы дүниесін танып оқыту керек қой. Сабақ кезінде нотаны айғайлап көрсету, домбыра тарту техникаларын көрсету керек. Себебі домбыраны бұғып қағу, көсіп қағу, шертіп қағу, іліп қағу деген түрі болады. Соны қасында отырып көрсеткенге жетпейді. Бұрын сабақ елу минут өтсе, қазір қырық минут зыр етіп өте шығады", -  дейді ол.

Дәстүрлі әншінің табысы

Дәстүрлі әншілер карантинге дейін арасында тойға, концертке шығып табыс табатын. Стамғазиевтің айтуынша, дәстүрлі әншілердің негізгі табыс көзі – тұрақты жұмысы. Сол себепті той тоқтағанымен, табысы азайған жоқ.

"Дәстүрлі әншілердің бақыты – мемлекеттік, білім беру орындарында табан тіреп, орнығуы. Той-томалақтың ақшасына күні қарап қалған жоқ. Сабақ беріп, жанын бағып отыр. Айдың соңында айлығын алатынына сенімді. Сабағын беріп, табыс тауып отыр", - дейді әнші әріптестерінің табысы жайлы.

"Фонограмманы жою керек"

"Мәдениет саласы жөніндегі заң жобасымен танысқан жоқпын. Дәстүрлі әншілер жайында ішінде не айтылғанын білмеймін. Алайда қазір телеарналарда фонограммаға тыйым салу жайлы айтып жатыр. Иә, фонограмманы жоғалту керек. Жалпақ шешен болып, оны кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Себебі олай жасаса, баяғы "ертегі" қайтып келеді. Өнер әлемінде осы бағыт өлі қалпында жатыр. Әншілердің кәсіби деңгейі өсуі үшін фонограмманы жоғалту керек", - дейді Стамғазиев.

Арам шөпті де қайта өспеуі үшін тамырынан жұлып тастайтынын мысал ретінде келтірген әнші фонограмманы да солай тоқтату керек деп санайды.

"Сонда ғана әншінің деңгейі мен халықтың талғамы өседі. Әншінің репертуары да түзеледі. Сол кезде ғана өсу басталады. Жабайы тілмен айтқанда, қазір иттің итақайы әнші болып жүр. Жазып алып сахнаға шығады, ел оны әнші екен деп ойлайды. Біріншіден, әншінің қадірі кетті. Екіншіден, кәсіби әнші мен әуесқой әншінің арасын ажырата алмай қалды", - дейді ол.

Стамғазиевтің пікірінше, заңды қабылдаған соң кім де кім сахнада яки тойда фонограммамен ән салатын болса, ірі көлемде айыппұл салып, жаза қолдану керек.

"Кәсіби әнші музыкалық техникаға қарамайды. Ал жанды дауыста ән айту үшін мықты аппаратура қажет дейтіндер – қаланың ішінде жүріп ән салатындар. Аудандарға, ауылдарға барып көрмеген әншілер солай айтады. Ауылдық жерде жақсы техника жоқ екені рас, алайда барлық жерде олай емес. Әншілер шетелдегі аппараттың ауылдарда тұрғанын армандайды", - дейді Стамғазиев.

Айтуынша, дәстүрлі әнші Жұбаныш Жексенұлы, "Заман" тобы, Саят Медеуовтің шығармашылығын ұнатады.

"Ал әуесқой әнші деген – "әуестенбей, қой" дегенде қоймайтын адамдар. Олар халық қабылдамағанын біліп, көріп тұрса да қоймайды", - дейді ол.

Сахнада отыз жылдан бері жүрген дәстүрлі әнші әуесқойлар ақша мен техниканың күшімен әнші болып жүр деп санайды.

1756
Кілт сөздер:
фонограмма, әнші, Рамазан
Тақырып бойынша
Полиция әнші Кенталдың видеосын адамдардың қайғы-қасіретін мазақ ету деп атады
Хасанғалиевтің әніне неге тыйым салынды – сексенге толған әнші жайлы қызық деректер
Әлемге әйгілі әнші карантиннің қандай пайдасы бар екенін айтты
Әнші Мирас Бекжанов: Құралай сәбиіміз қыз екенін айтқанда қатты ұрыстым
MTV логотипі

MTV USA тарихында тұңғыш рет қазақ тіліндегі клип көрсетіледі

80
(Жаңартылды 09:31 01.10.2020)
Премьера жұма күні кешкі уақытқа жоспарланып отыр. Әнші тағы бір арманы орындалғанын айтып, жанкүйерлеріне алғыс білдірді

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан - Sputnik. Димаш MTV USA экранына шығады. Ол бұл арнада клипі қазақ тілінде көрсетілетін тұңғыш әнші, деп хабарлайды dimashnews.com сайты.

Видео MTV USA арнасында шығады. Ал АҚШ-тан тыс тұратын жанкүйерлер MTV-дің YouTube ресми каналынан тамашалай алады. 

"Менің тыңдармандарыма, әлемнің әр түпкіріндегі менің өнерімді бағалайтын жанкүйерлеріме шын жүрегіммен алғыс айтамын. Олар менің бала арманымның орындалуына себепкер болды. Қазақстан ғана емес төрткүл дүниедегі Dear-ларымның қолдауына разымын. Құрметім мен алғысым шексіз", - деп жазды Димаш.

Бейнеклип жұма күні Нью-Йорк уақыты бойынша сағат 17.00-20.00 аралығында экранға шығады (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша түнгі 3.00- 6.00). Бұл Америкадағы жұма күнгі прайм-тайм. Америкалық MTV-ды бұл уақытта ең көп көрермен тамашалайды.

80
Кілт сөздер:
Димаш Құдайберген
Тақырып бойынша
"Ненің құрметіне?!": Димаш шенеуніктерге неге шүйлікті
"Үндемедім": Димаш Құдайберген неден ұялғанын айтты
"Олар мені Димаш деп атайды": науқастарға ән салған санитар сұхбат берді
Димаш Джеки Чанның жаңа фильміндегі басты әнді шырқады
"Бұл неткен қасірет еді": Димаш Құдайберген желіде жазба жариялады
Сапасыз жол

Жол сапасыз салынса, қайда хабарласу керек?

0
Сапасыз жолдар, көбінесе, облыста, ауданда немесе ауылда салынады. Бұл жерде бюджет қаржысын ұрлау мәселесі ғана емес, сол жолды тексеретін маман тапшылығы проблемасы да бар

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. "Жол активтері сапасының ұлттық орталығының" бас директоры Замир Сағынов халықты жолдардың сапасын бірлесіп бақылауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"739-739 телефонына (Нұр-Сұлтанда - Sputnik) қоңырау шалуға болады. Бұдан бөлек, ресми сайтымыз, әлеуметтік желілерде парақшаларымыз ашылған. Сол жерде жазып, арыз-шағым түсіруге болады. Біз бірден барып, жолдың сапасын тексере аламыз", - деді Сағынов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Осы орайда орталық басшысы халықты жолдың сапасын бірлесіп бақылауға үндеді. Себебі мамандар барлық жолды тексере алмайды. Ал нақты арыз-шағымдар түссе, орталық қызметкерлері сол жерге барып, зертханалық тексеру жасай алады. 

"Негізі, сапасыз жолдар, көбінесе, облыста, ауданда немесе ауылда салынады. Бұл жерде бюджет қаржысын ұрлау мәселесі ғана емес, сол жолды тексеретін маман тапшылығы проблемасы да бар. Мысалы, аудандық әкімдіктерді алатын болса, бір бөлімде екі-үш адам ғана жұмыс істейді. Сосын жолдың сапасы бойынша арнайы маманы жоқ. Ал арнайы маман болмағасын, құжаттар да дұрыс жасалмайды", - деп атап көрсетті Сағынов.

Оның айтуынша, бүгінде осы салада кәсіби мамандарды даярлау мәселесіне баса назар аударылады. Арнайы акция басталды, жоғары оқу органдарымен бірлескен шаралар қолға алынды. Соның арқасында жас мамандардың саны біртіндеп көбейіп жатыр.

0
Кілт сөздер:
шағым, жол