Әнші, актриса Кәмшат Жолдыбаева мен жас талант Аири

2018 жылы ерекше образымен жұртты шулатқан қазақстандық жұлдыздар фото

1895
(Жаңартылды 13:34 22.12.2018)
Биыл көптеген қазақстандық танымал жұлдыз алғаш рет шашының түсі мен ұзындығын өзгертті

АСТАНА, 21 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Соңғы уақытта әншілер репертуарларының саналуандығымен ғана емес, образдарын жиі өзгертуден жарысып жүр. Әсіресе, жас буын шаш түсін өзгертіп, look таңдауда барынша батылдық көрсетуде. Олай болса, Sputnik Қазақстан назарларыңызға 2018 жылы жұрттың есінде қалып, ең көп талқыға түскен жұлдыздар образын ұсынады.

Қазақ шоу бизнесінде әртүрлі стильде киініп, шаш үлгісін жиі өзгертетін жұлдыздар арасында Кәмшат Жолдыбаева көш бастап тұр. Биыл 30 жас мерейтойын атап өткен әнші дене бітімінің артықшылықтарын айшықтайтын киімдер киюден қорықпайды. Әр концерт пен түсірілімге дерлік жаңа образ әзірлеп отырады. Look таңдау мәселесіне келгенде туған сіңлісі "Джейран" тобының солисі Алтынай Жолдыбаева мен кәсіби мамандар көмегіне жүгінеді.

Алқызыл комбинезон мен осы түстес кроссовкасы — әншінің жұрт есінде қалған атышулы образдардың бірі. Себебі, бұл уақытқа дейін Кәмшат Жолдыбаева тек өз жасына лайық образдар таңдауға тырысатын. Бұл жолы бір көргеннен әлемге өзі туралы жар салудан қорықпайтын жасөспірім қызбен шатастырып алуға болатындай. Сондай-ақ, желі қолданушылары осы комбинезонның денесінің көп бөлігін ашып тұратыны үшін сынаған-ды.

Кекіл және қалың, қара, ұзын шаш — бұл Мәдина Сәдуақасова образының басты ерекшелігі. Тыңдармандарының осы шаш үлгісіне үйреніп қалғандары соншалық, әнші енгізген өзгерісті бірден байқайды. Мәдина Сәдуақасова, алдымен, кекілімен қош айтысты. Кейін шашын қоңыр түске бояп, ұзындығын қысқартты. Мұндай өзгерістерді тыңдармандары бірден қабылдай алмағаны байқалады. Себебі, әлеуметтік желідегі парақшасында әртүрлі сипаттағы пікір жазылған. Бірі жаңа шаш үлгісі жарасады десе, екіншілері керісінше бұрынғысынан артығы жоқ екенін жазып жатыр. Сондай-ақ, әнші өзінің фирмалық кекілін қайтарған-ды.

Ерке Есмахан да шашына көп өзгеріс енгізе бермейтін жұлдыздар қатарынан. Осы уақытқа дейін тек ұзын қара шашпен жүретін. Биыл өміріне өзгеріс енгізгісі келсе керек, шашын алғаш рет қанық қызыл түске бояды. Психолог мамандар мұндай түсті әдетте күш-қуаты мол, энергиясы тасып тұратын және жұрттың назары тек өзінде болғанын қалайтын адамдардың таңдайтынын айтады. Әнші әдеттегідей күнделікті өмірде де, сахнаға шыққанда да бір-біріне мүлдем ұқсамайтын образдарды таңдайды. Бірақ жұрттың есінде қалып, көп талқыға түскен образы — балық қыз пішініндегі қанық қызыл түсті көйлек болды. Бұл көйлек әншіні ұстамды етіп көрсетіп, денесінің барлық артықшылығын айшықтай түскен. Әсіресе, қыпша белі мен аққу мойнын көрсету үшін таптырмас көйлек.

20 жастағы Мақпал мен бүгінгі Мақпалдың айырмашылығы жер мен көктей. Бұрын шашы қара, ұстамды, эксперимент жасауға батылы бара бермейтін қыз болса, қазір керісінше. Әнші ай сайын шаш үлгісін ауыстырады десек те болады. Көпшілік оны Beyonсe, JLo секілді шетел әншілеріне ұқсатады. Десе де, Мақпал Исабекованың өзі әлеуметтік желідегі парақшасындағы әр жазбасында ешкімге ұқсамауға, жұрттың пікіріне назар аудармауға шақырады. Соңғы жылдары ашық-шашық киімдермен түскен суретін жиі салатын әншіні өзін байсалды етіп көрсететін образда көру — сирек құбылыс. Десе де, "Қазақстан дауысы" байқауына төрешілік еткен кезде таңдаған образдары барынша әдемі. Желі қолданушылары әншінің дәл осылай өз жасына лайық көйлектерін кигенін сағынып қалғандарын жазып жатыр.

Шымкенттік сұлу Назиманың әрбір сахналық образы ерекше — бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Әнші сұхбаттарының бірінде "Мен біреуге ұнап қалғандықтан емес, өзімнің тынымсыз еңбегімнің арқасында осы деңгейге жетіп отырмын" деп айтқан-ды. Яғни вокал жағынан ғана емес, киім таңдауға да өзі ерекше мән береді. 2018 жылы әншінің "Песни на ТНТ" байқауында "Бабл Гам" атты әнді орындаған кезде киіп шыққан киімі мен шаш үлгісі жұрттың есінде ұзаққа дейін сақталды. Себебі, осы күнге дейін тыңдармандары әнші қызды тек тырысқан, қара немесе сұр түсті көйлектерде немесе қысқа шортымен көретін. Ал бұл жолы әнші өзіне жасанды кекіл қойдырып, ұзын көйлек киді. Сұлулығы Мысыр патшайымдарымен пара-пар.

Баян Алагөзова сұхбаттарының бірінде жұрт алдында жарқырап жүргенімен, күнделікті тұрмыста көп көзге түсе бермейтін образдарды таңдайтынын айтқан-ды. Қалай десек те, продюсердің кез келген образына халықтың көзі үйренген. Алайда биыл алғаш рет Баян Алагөзова шашының ұзындығы мен түсін түбегейлі өзгертті. Бұрын-соңды ол әйелдің басты сұлулығы шашында екенін және шаш күтіміне ерекше мән беретінін айтқан-ды. "Сиситай" мюзиклі барысында ол шашын бірнеше түске бояды. Осының салдарынан шашы бұзылып, бұрынғы сұлулығын қалпына келтіре алмады. Кейін шашын иығына дейін қысқартып, кекіл қойды.

Ninety one тобы әншілері образдарын жиі өзгертетіні соншалық, иглздар оларды талқыға салып үлгермей жатады. Сол себепті топ әншілерінің шаштарының табиғи түстерін қалыпқа келтіріп, классикалық стильде киінуі — таңғажайып құбылыс іспеттес. Желі қолданушылары Әлемнің қараша айында жүктеген суретіне жарыса пікір жазып, ғашық болып қалғандарын жеткізген-ді. Себебі үнемі өлшемі үлкен футболка мен толстовка киіп жүретін әнші алғаш рет классикалық образдағы суретін жүктеді. Сондай-ақ, әнші көптен бері алғаш рет шашының табиғи түсін қайтарды. Әлемнің таңдауы классикалық образға түсіп жүрген жалғыз сәт бұл емес. Ол сондай-ақ Алматы қаласында өткен сән апталығына және фильмдерінің тұсаукесеріне классикалық стильде киініп барған-ды.

Луина жан-жақтылығымен танылып үлгерген әншілердің бірі. Жуырда ол КВН ойындарында "Вашей маме зять не нужен" командасына қолдау көрсету үшін финалға қатысқан болатын. Әншінің осы кездегі образы қызу талқыға түсіп, жұрттың сынына ұшырады. Әсіресе жігіт қауымы оған инабатты болып, тым ашық киінбеуге кеңес беріп жатты. Арасында ауыр сөздер жазып балағаттағандар да болды. Луина сұхбаттарының бірінде омырауын жасанды жолмен үлкейткенін айтып мақтанған болатын. Бүгінде әрбір образы арқылы осы артықшылығын көрсетуге тырысатын секілді.

Биыл мамыр айында Айдана Меденова кореялық компаниядан шақырту алып, Сеул қаласына түсірілімге барды. Әншінің өзі осы кездегі макияжының ерекше болғанын айтады.

"Жұмыс барысында кәріс визажистерді жіті бақылап, сән саласында өзіме көптеген жаңалық аштым. Кореяда образдың табиғи әрі шынайы болуы — сұлулық кепілі", — деп жазды Айдана Меденова Instagram парақшасында.

Әншінің сұлулық салоны мен киім тігетін ательесі бар. Сол себепті қалай киініп, қалай боянатынын әдетте өзі шешеді. Десе де, Сеулдегі образы бұрынғысынан өзгеше болды. Себебі шетелдік визажистер алқызыл түсті опаны көп пайдалаған. Ал желі қолданушылары өз кезектерінде бірауыздан осы образының ерекше ұнап қалғанын жарыса жазып жатты. Сондай-ақ, ақ түсті көйлегі де өзіне құйып қойғандай.

Майкл Джексонның суреті бар жағасы ұзын водолазка, пиджак, ақ шалбар және кроссовка — Мәди Рымбаевты мұндай образда бұрын-соңды ешкім көрмеген болар. Себебі, Q-pop бағытында ән салуды жөн көрген жас әнші тек кэжуал стилінде киініп, арасында образын былғары күртемен толықтыратын. Соңғы образдары бозбаланың есейгенін байқатады. Сондай-ақ, әнші рэп орындап, сахнада ағасымен бірге би билеп жаңа қырынан танылып жүр. Шашын осы бағытта ән салатын әріптестері секілді боямаса да, кекіл қою мәнері ерекше: шашының үстіңгі бөлігі қалың және жұқа кекілі көзді жауып тұрады. Қалай болғанда да бұл әнші жігіттің стилінің өзгеруінің бастамасы ғана сияқты.

Ал сіздерге қай жұлдыздың образы көбірек ұнайды? Ер азаматтардың жиі шаш бояғанына көзқарасыңыз қандай?

1895
Кілт сөздер:
Баян Алагөзова, Ерке Есмахан, Кәмшат Жолдыбаева, Мәдина Сәдуақасова, жұлдыздар образы, әншілер
Тақырып:
Жаңа жыл 2019: Доңыз жылында бізді не күтіп тұр? (31)
Тақырып бойынша
"Лұқпаннан Майкл Джексонға дейін". Димаштың стилі қалай өзгерді?
Алматыда Мәдина Сәдуақасова жол апатына түсті — видео
"Ел игілігі үшін жүрміз!". Баян Алагөзова жоғарғы соттан күйеуіне көмек сұрады
Баян Алагөзова жаңа фильмінің даулы трейлерін жариялады
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальде "Жыл әншісі" атанды
Димаш хас сұлулардың ортасында: "Әлем аруы-2018" байқауының ең үздік сәттері
Атышулы "Ninety One" тобы үш жылдығын қалай атап өтпек?
Көрермен, кинотеатр

Маман дубляж жайлы: қазақша фильмге көрермен бармайды деген пікірмен келіспеймін

133
(Жаңартылды 17:06 22.09.2021)
2022 жылдан бастап кинематографияда міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасы талап етіледі. Соған байланысты мамандар фильм мен балалар киносының қазақшалануы көпшіліктің тілге көзқарасын өзгертетініне сенімді

АЛМАТЫ, 22 қыркүйек — Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігі "Кинематография туралы" заңға өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Ол міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын талап етуге бағытталған. Заң жобасы үкіметте биыл қазанда қаралады. 2022 жылы қабылдау жоспарланған. Демек, келешекте кинотеатрдағы фильмнің барлығын қазақ тілінде көруге болады. Алайда бұл салада фильмнің қазақ тіліне аударылуы және дубляждалуы қалай жүзеге асатыны туралы сұрақ туындайды. Соған байланысты Sputnik Қазақстан тілшісі бірқатар фильмді қазақша сөйлеткен аудармашы мен киносыншы пікірін білді.

Субтитр – қазақтілді көрерменді алдарқату

Соңғы жылдары аударылып жатқан фильмдер сапасына аудармашы Динара Мәзеннің көңілі толады.

"Қазір теледидар көруге уақыт тапшы, фильм, сериалды сирек көремін. Арасында байқағаным, қазақ тілінде түсіріліп жатқан сериалдарға қарағанда аударма фильмдер жатық естіледі. "Қазақстан" телеарнасынан берілетін түрік, үнді фильмдері біршама жақсы аударылған, дубляжы да жақсы. Оларды іздеп көретін өз көрермені бар. Фильмнің жақсы шығуы аудармамен қоса дубляжға, мәтінді оқыған актер шеберлігіне де байланысты. Екеуі үйлескенде сапалы, көңілге қонымды дүние шығады", - дейді ол.

Айтуынша, ол осыдан бірнеше жыл бұрын телеарналардың бірінде фильмдерді орысшадан қазақшаға аударған. Сол кезде дубляждың сәтті шығуы бірнеше факторға байланысты екенін байқаған.

"Кейде фильм мәтінін жаныңды салып, жақсы аударасың, редактор да барынша өңдеп түзейді. Бірақ эфирге шыққанда актердің дұрыс оқи алмауынан, шеберлігі жетпеуінен солғын болып, қарның ашып қалады. Сондықтан дубляждың сәтті шығуы бірнеше жайтқа байланысты", - дейді Динара.

Қазір кинотеатрларда орыстілді фильмдерде қазақ тілінде субтитр жүреді. Аудармашы соған байланысты да ойын айтты.

"Субтитр аударма, соның ішінде қазақ тілін тек субтитрға қою қазақтілді көрерменді алдарқату деп санаймын. Осы кезге дейін шетелдік фильмді орысша аударып немесе орыс тілінде түсіріп, қазақшасын субтитр арқылы беріп, алалау болып келді. Сондықтан қазақша дубляж дегенге қуанамыз және қолдаймыз. Дубляжды міндеттеу жайлы заң жобасы қазақ тілінде контентті көбейтуге үлес қосады, бірақ ол контент сапалы болуға тиіс", - дейді маман.

Мәдениет министрлігі дубляжды міндеттеу барысында сөздердің орфографиялық нормалары мен сөз тәртібінің сақталуын, олардың дұрыс құрастырылуы мен айтылуын қамтамасыз ету үшін тиісті нормалар қабылданатынын мәлімдеді. Сол себепті аударма саласындағы олқылықтар жайлы маманның өзінен сұрадық.

"Фильм болсын, кітап болсын, ғылыми немесе техникалық аударма болсын, әр жобаны аударудың қалыптасқан нормасы не ережесі әлі жоқ. Мысалы бір ғылыми кітапты аударуға кіріскен топ, яғни аудармашы, редактор, корректор терминдерін өзара ақылдасып бекітеді. Соған ұқсас бір еңбекті басқа бір топ өзінше бекітіп, аударады. Терминком бекіткен сөздікті қарап, соны ұстанып жүрген аудармашыны сирек көремін. Бір жағынан мәселе контекстіге байланысты, екінші жағынан терминкомның көп термині көңілімізден шықпайды және жиі өзгеріп жатады. Оның кесірі сол сала мамандарына тиеді, олар әрқилы қазақша терминді іс жүзінде қолдануға қиынсынып, орысша нұсқасын айтып жүре береді", - дейді Динара Мәзен аудармадағы бірізділіктің жоқ екеніне назар аудартып.

Аудармашылар келешекте бұл мәселе де бір ізге түседі деп сенеді.

"Техникалық аудармада көп терминнің аудармасы түсініктеме болып кеткен. Көркем аудармаға келсек, қазақ тілі ол жағынан кенде емес, кез келген оралым, тіркесті майын тамызып аударатын бай тіліміз бар. Бұл жерде аудармашының тілдің табиғатын сезінуі, иірімдерін байқап, дәл беруі маңызды. Фильмді аударғанда сол шығарманы түсірген елдің ұлттық ерекшелігі, мәдениет өзгешелігі болады, сол тұсын ескеру керек. Сол фильмді оқитын актерлерге де көп салмақ түседі, ағылшын тілінің түрлі акценті бар, фильмде соны беру маңызды", - дейді Динара.

Қазақ тілінің аясы кеңейеді

Мамандар киноны қазақ тілінде дубляждау тек кинематографияны ғана емес, аударма, сондай-ақ қазақ тілінің аясын кеңейтуге ықпал етеді деп санайды.

Аудармашы Динара Мәзен осы тұста тек фильмдерді ғана емес, балалар көп көретін хостингтер тілі де қазақшалануы қажет екенін айтты.

"Youtube платформасындағы миллиондаған видеоны қазақша аударып отыру мүмкін емес, өзіміз сондай қызықты шағын видеоларды қазақ тілінде түсіріп үйренуіміз керек. Бұл процесс те ақырын басталған сияқты. Қазір балабақша жасындағы сәбидің бәрі үйде орысша және ағылшын тілін араластырып сөйлеп жүр. Менің кіші ұлым орысша сөйлейді, түрлі видеоны орыс тілінде көріп, оған сол тіл жақын болып кеткен. Бұл әрине өкінішті, біздің тіл үрдіске ілесе алмай жатыр. Мультимедиа тілі қазақшаланса тілімізді сақтап қалатын шығармыз. Қазақша кітап шығаруда сең қозғалды, жақсы үрдіс басталды. Енді фильмдер де жаппай қазақша болса тілді сақтап қалуға тағы бір қадам болар еді. Фильмдерді дубляждағанда тілі жатық, қазақша ойлайтын аудармашы, редакторлар, қазақы сөйлейтін актерлерді тартса екен деймін", - дейді ол.

Аудармашының бұл пікірімен киносыншы Дана Әмірбекованың ойы бір жерден шықты. Киносыншы жас ұрпақты ата-әжесі, ата-анасы емес, экран тәрбиелеп отырған заманда дубляжға мән беру үлкен қадам екенін алға тартты.

"Кішкентай бала киноны қай тілде көрсе, сол тілде қабылдайды. Тілі де сол тілде шығады. Бұл – айқын дүние. Осы тұрғыда кинотеатрлардың дубляж жасаудың орнына субтитр қосып отырғаны көңілімізге кірбең ұялатып жүрген болатын. 100% дубляж жасалу біздегі кино сапасының өсуіне, сонымен қатар қазақ тілінің мәртебесінің көтерілуіне жасалған үлкен қадам болмақ. Ал бұған дейін кинодағы субтитр сын көтермейтін. Оны филолог мамандардан бөлек, қарапайым көрерменнің өзі байқады. Техникалық және грамматикалық қателік көп болды. Кейде қазақ тілінде қолданылмайтын тікелей аударманы пайдаланды. Сапалы дубляж – көрерменге деген құрмет", - дейді Әмірбекова.

Сонымен қатар бұл салаға ден қою дубляж саласында жұмыс істейтін актер мен өзге де мамандарды жұмыспен қамтиды.

"Дубляж жасауда қазақстандық мамандар әлем бойынша ешкімнен кем түспейді. Кәсіби тұрғыдан, техникалық тұрғыдан алса да солай. Алайда бәрі алдымен заңға, екінші қаржыға тіреледі. Заңда дубляж міндеттелмегендіктен және бұл жұмыс көп қаржы талап еткендіктен көп маман мұны айналып өтіп, субтитрмен шектелді. Дубляж жасалған күнде де толыққанды дубляжға бара алмады, өйткені ол қымбат тұрады. Мемлекет тұрғысынан қолдау көрсетіліп, қаржы құйылса, бұған дейін сапасыз болған аударманың өзі түзелер деп ойлаймын", - дейді маман.

Әлеуметтік желіден алынған сурет
© Photo : Әлеуметтік желіден алынған сурет
2019 жылы субтитры қазақ тіліне сапасыз аударылған "Мумбаи отелі: Тайталас" фильмінің прокат куәлігі қайтарылып алынды

Ал бірнеше жылда қолға алынатын бұл саланың сапалы өнім беруі киногерлердің өз ісіне салғырт қарамауына байланысты болмақ.

"Дубляж сынға ұшырамай, халық қазақ тіліндегі фильмді сүйіспеншілікпен көруі мамандардың өз ісіне жауапкершілікпен қарауына тікелей байланысты. Қазақ тіліндегі фильмдерге көрермен бармайды деген пікірмен мүлде келіспеймін. "Неге бармады" деп сұраса, "ұсыныс болмады" деп жауап беремін. Алайда сұраныс бар. Ауылдан көптеген көрермен қазақ тіліндегі фильмді көрсем деп аңсап келеді. Өкінішке қарай, ол кісілерді кинотеатрға апарсаңыз, бірде-бір қазақша туынды таба алмайсыз. Аудармасы қате фильмге көрермен апаруға ұяласың", - дейді ол.

Мамандар фильм мен балалар киносының қазақ тілінде сөйлеуі олардың тілге деген көзқарасын өзгертетініне сенімді. Тіпті қазір кино тілі ретінде кенже қалып жатқан қазақ тілінің мәртебесін осылай арттыруға болады. Ал бұл тұста экранның міндеті мен мазмұны айрықша. Қазір жастар қай тілде сөйлесе, ертең ел сол тілде сөйлейді.

133
Кілт сөздер:
фильм, қазақ тілі
Тақырып бойынша
"Баламнің қызба бар": министр жұрттың ашуына тиген аудармаға қатысты түсініктеме берді
"Томиристің" қазақшасы қайда?": Ақан Сатаев халықтан кешірім сұрады
2022 жылдан бастап фильмдерді қазақ тілінде дубляждау міндеттеледі
Стивен Кингтің "Жасыл миль" кітабы қазақ тілінде жарық көрді
Білім министрі қазақ тілінде сабақ беретін мектептерге сұраныс артқанын айтты
қалам

Қазақстан жазушылар одағы қаралы хабар жеткізді - Ниязбеков қайтыс болды

28838
(Жаңартылды 17:21 20.09.2021)
Ол халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының, "Ерен еңбегі үшін" және Ресей Жазушылар одағының Сергей Есенин алтын медалінің иегері

НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек – Sputnik. Ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбеков өмірден өтті. Қаралы хабар туралы Қазақстан жазушылар одағы хабарлады.

"79 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбеков дүниеден озды", -делінген Қазақстан жазушылар одағының Facebook-тегі парақшасында.

Рафаэль Ниязбеков 1943 жылы 24 наурызда Жамбыл облысы, Талас ауданының қазіргі Тамабек ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қазақ радиосының әдебиет редакциясында, "Жұлдыз" журналында, "Жазушы" баспасында қызмет атқарған.

Оның әр жылдары көптеген жыр жинақтары, повестері, шығармалар жинағының 9 томдығы жарық көрген. Дінмұхамед Қонаев туралы өлең-роман жазған. Шығармалары орыс, украин, шешен, түрік тілдеріне аударылған.

Ол Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының, "Ерен еңбегі үшін" және Ресей Жазушылар одағының Сергей Есенин алтын медалінің, Д.Қонаев орденінің иегері. Қонаев атындағы университеттің құрметті профессоры.

"Шешендер" жинағы үшін авторға Шешен Республикасының ең жоғары мемлекеттік "Ұлт намысы" ордені беріліп, мемлекеттік сыйлығы қоса тапсырылған.

"Қазақ руханиятында өшпес із, өлмес мұра қалдырған қаламгердің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталады", - делінген хабарламада. 

Оқи отырыңыз: 

  • Ілияс Есенберлиннің кеңес үкіметі кезінде тыйым салынған романы жарық көрді
  • "Өзімнен жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім": Тахауи Ахтанов туралы не білеміз
  • Аягүл Мантайдың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

 

28838
Кілт сөздер:
жазушы, ақын
Тақырып бойынша
"Үкіметке өкпем жоқ": жазушы Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті
Әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов өмірінің соңында қайда тұрды – фото
"Мемлекеттік қызметте жүру қиын болды": жазушы Төлен Әбдік жайлы қызық деректер
"Байыған соң қызын бергісі келмей қалды": жазушы Ғабиден Мұстафин жайлы деректер
Архивтегі фото

Тоқаев қордаланған мәселелерге назар аударды

0
Қазақстаннан Қытайға жүк тасымалдауға қойылған шектеулерге қатысты қордаланған мәселе ұзақ уақыттан бері шешілмей келеді, деді президент

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек –  Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық өнімдерді эспорттау саласындағы қордаланған мәселелерге назар аударды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың экспортты ілгерілету жөніндегі жүйелі шаралар туралы баяндамасын тыңдай келе, шикізат экспортын ұлғайту үкіметтің күн тәртібіндегі өте маңызды мәселе екенін атап өтті.  

Оқи отырыңыз: Инфляция бекітілген межеден әлдеқашан шығып кеткен – Тоқаев

Оның пікірінше, экспортқа қатысты кедергілерді жою, экспорттың географиясы мен номенклатурасын кеңейту, ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау үшін бүкіл үкіметтің күш-жігерін жұмылдыру керек. Сонымен қатар сыртқы істер министрлігі мен оның шетелдегі мекемелері экспортты ілгерілету, нарықтарға жол ашу және кедергілерді жою жөніндегі жұмыстарға белсенді атсалысуы қажет.

"Қазақстаннан Қытайға жүк тасымалдауға қойылған шектеулерге қатысты қордаланған мәселе ұзақ уақыттан бері шешілмей келеді. Транзиттік жүктер өтеді, ал біздің жүктеріміз шекарада қалып қояды. Қазақстандық тауарлар тиелген мыңдаған вагон бекеттерде тұр. Бизнес тікелей президенттен көмек сұрайды. Мұндай жағдайларда үкімет жедел әрекет етіп, серіктестермен арадағы барлық мәселені реттеуі тиіс", – деді мемлекет басшысы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында.

 Отырыстың күн тәртібінде төрт мәселе қарастырылды. Олар: ұлттық жобалар, тиімді тауар өткізу жүйесін қалыптастыру, экспортты ілгерілету жөніндегі жүйелі шаралар және аумақтық даму жоспарының жобасы.

0