Тұрсынбек Қабатов отбасымен бірге, танымал әзілкеш

"Адам ұрпағымен мың жасайды": Қазақстанның көпбалалы жұлдыздары - фото

967
(Жаңартылды 09:04 07.01.2019)
Өнер мен отбасылық өмірді қатар алып жүрген көпбалалы әртістер

АСТАНА, 6 қаңтар — Sputnik. Дәстүрге сай қазақстандықтардың басым көпшілігі демалыс күндерін отбасымен бірге өткізеді. Отандық жұлдыздарымыз да бәрінен де жақындарымен бірге болғанды құптайды. Жаңажылдық шараларды артқа тастаған халықтың сүйікті әртістері қазір отбасы - ошақ қасында.

Бүгін Sputnik Қазақстан көпбалалы жұлдыздар топтамасын назарларыңызға ұсынады: тамаша мансап құрып қана қоймай, бүлдіршіндердің шат күлкісіне бөленіп жүрген бұл әртістерімізге жұрт қызыға да, қызғана да қарайды.

Айта кетсек, Қазақстанда кем дегенде төрт бала тәрбиелеп отырған отбасылар көпбалалы қатарына жатады. Еліміздің кей танымал тұлғалары төртеуімен ғана шектелмеген екен.

Ең үздік ата-ана дегенде көз алдымызға әуелі жұлдызды жұп Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманов келетіні рас. Музыканттардың отасқанына 20 жыл толған, осы уақыт аралығында 5 баласы өмірге келді. Төрт ұлдың артынан 2017 жылы сүйкімді қыздары жарық дүние есігін ашып, ата-анасын бақытқа бөлеген. Болмановтар отбасының тұңғышы – Бекболат 18-де.

Тағы бір жұлдызды әке, бес бала тәрбиелеп отырған шоумен, сықақшы, КВН ойыншысы, NOMAD CITY HALL комедия театрының жетекшісі – Тұрсынбек Қабатов. Жары Мөлдір екеуінің үш қызы және екі ұлы бар. Мерейлі отбасының кенжесі Райымбек 2018 жылы 23 желтоқсанда дүниеге келді. 

Қазақстандағы ең танымал әншілердің бірі Қайрат Нұртас сүйген жары актриса Жұлдыз Әбдікәрімовамен бірге төрт бала өсіріп отыр. Жас әртістердің некесін қиғанына 11 жыл толыпты. Әнші ұзақ уақыт бойы отбасы барын жасырып келгенімен, 2017 жылы жұлдызды жұптың суреттері әлеуметтік желіде жариялана бастады.

Сол жылы қазан айында Қайраттың әйелі – Жұлдыз басты рөлді сомдаған "Періштелер ұйықтап жатқанда" драмасы көрермендерге жол тартты.

Қазір 30 жастағы актриса төрт баласын тәрбиелеп қана қоймай, телевизиялық шоу жүргізіп, журнал мұқабаларына суретке түседі, әлеуметтік желіде де өте белсенді.

Жез таңдай әнші Алтынай Жорабаева – үріп ауызға салғандай төрт қыздың анасы. Әртіс жеке өмірі жайлы үнемі айта бермесе де, бірнеше жыл бұрын ажырасып кеткенін жасырмайды, болашақта қайта отбасын құрып, қыздарына іні сыйлауға үміті бар.

"АБК" және "К-7" топтарының бұрынғы әншісі Ерлан Көкеев – төрт баланың әкесі. Жары Анар екеуі Әйгерім, Рената, Сәтті есімді үш қызы мен Ақжан атты ұлын тәрбиелеп отыр. Әртіс бақытты әке екенін жиі айтады, болашақта тағы кішкентайлы болсам деген арманы да жоқ емес.

"SuperStar KZ" байқауының финалисі және China Town тобының бұрынғы солисі Динара Сұлтан әлеуметтік желіде балаларының суретін жиі бөліседі. Десе де көпке дейін некелі жарын көрсетпей жасырып жүрді. Бірге түскен суреттері де сирек. Тек күйеуінің бизнесмен екені және Алматы мен Дубай қалаларында кезегімен тұратыны белгілі.

Бүгінде жұп үш қыз бен екі ұл тәрбиелеп отыр. Кенже қызы кішкентайынан бастап өнерге икемділігі бар екенін көрсетіп жүр. Ұзақ уақыт бойы Дубайда тұрған Динара балаларының есімін қысқа етіп таңдауға тырысқан. Себебі арабтар көп әріптен тұратын қазақша сөздерді айта алмай қиналады.

Бірнеше жыл бұрын сүйіктісіне тоқал алуға рұқсат беремін деп жұртты шулатқан Роза Әлқожа жа бес баланың анасы. Бейбарыс, Жанарыс, Еларыс атты үш арыс пен Ақбота сынды арудың анасы 2015 жылы дүниеге бесінші сәбиін алып келді.

"Аллаға мың мадақ! Бүгін таңғы сағат 8-де менің гүлім жарық сәулені көрді. Елдің бата-тілегі деп білемін! Ниеттес жандардың баршасына Алла пана болсын! " - деді Роза Әлқожа.

Халық арасында Тука лақап атымен танылып кеткен белгілі актер Нұржан Төлендиев алты баланың әкесі. Олардың төртеуі ұл, екеуі қыз. Жуырда өнер иесі атұстары Марғұланды сүндетке отырғызып, дүркіретіп той жасады. Оның қуанышын бөлісуге туған-туыстары мен барша өнер жұлдызы жиылды.
Актер әрі продюсер Дәуіт Шаихисламов пен журналист Дана Орманбаева - Бексұлтан, Исламбек, Шарлиз, Дилан атты төрт баланың ата-анасы. Олар сұхбаттарының бірінде балаларына ұрыспайтынын және ешуақытта қол көтеріп көрмегенін айтқан-ды. Тіпті, өздері ренжісіп қалып жатса, балалардың көзінше бір-бірінен кешірім сұрап татуласады. Жуырда тұңғыштары шаңырақ көтеріп, дүркіретіп той жасаған болатын. Сондай-ақ, биыл Дана Орманбаеваның бала тәрбиесі туралы кітабы жарық көрді.
967
Тақырып бойынша
Жұлдызды Жаңа жыл: танымал әртістер отандастарына қандай тілек айтты?
2018 жылы ерекше образымен жұртты шулатқан қазақстандық жұлдыздар — фото
Асанәлі Әшімов

"Атаманның ақыры" фильміне 50 жыл: Тоқаев Асанәлі Әшімовті құттықтады

44
(Жаңартылды 13:02 16.11.2020)
Президенттің құттықтау хатында "Атаманның ақыры" фильмі тарихи деректерге негізделген шытырман оқиғаларға толы екені, сол заманның өскелең ұрпағын отансүйгіштікке, елді қорғау үшін жанқиярлықпен күресуге тәрбиелегені туралы айтылған

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Президент кино және театр өнерінің майталман актері, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовті миллиондаған көрермен ықыласына бөленген "Атаманның ақыры" көркем фильмінің түсірілгеніне 50 жыл толуына орай құттықтады, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы дарынды режиссер Шәкен Аймановтың және үлкен шығармашылық ұжымның бірлескен күш-жігерінің арқасында өмірге келген бұл туындының отандық кино өнері саласында алатын орны айрықша екенін атап өтіп, оны детектив жанрында түсірілген алғашқы фильмнің бірі деп бағалады.

Президенттің құттықтау хатында "Атаманның ақыры" фильмі тарихи деректерге негізделген шытырман оқиғаларға толы екені, сол заманның өскелең ұрпағын отансүйгіштікке, елді қорғау үшін жанқиярлықпен күресуге тәрбиелегені туралы айтылған.

"Өзіңіз аталған кинотуындыда чекист Қасымхан Шадияров рөлін өте ғажап сомдап шықтыңыз. Арпалысқа түскен қоғамда жауапты қызметкердің өзіне жүктелген құпия тапсырманы орындау жолындағы батырлық пен қайсарлық танытқан іс-әрекетін шынайы көрсете білдіңіз. Сізді аса көрнекті актер ретінде КСРО ғана емес, бүкіл әлемдік кинематография қауымдастығы мойындады", -  – деп жазылған құттықтау хатта.

Сонымен қатар қазақстандық әйгілі әртістер Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жантөрин және Алтынай Елеуова да өздері сомдаған рөлдерін үлкен шеберлікпен орындағаны жазылған.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Халық әртісіне алдағы уақытта да отандық кино мен театр өнерін және халқымыздың рухани байлығын дамыту жолына өз үлесін қосып, елдің айрықша құрметіне бөлене беруіне тілектестік білдірген.

Құттықтау соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Асанәлі Әшімовке зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына құт-береке тіледі.

44
Тақырып бойынша
"Проблема көп": Асанәлі Әшімов өзін қандай мәселе мазалайтынын айтты
Асанәлі Әшімов: Қалекең құжатқа қол қоя білмейтін, тек бармағын басатын
Нүсіпжанов, Болманов, Әшімов: жас айырмашылығы бар жұлдызды жұптар – фото
"Қыз Жібекті" үш жыл түсірдік": актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз
"Әкең өлді ме?!": Асанәлі Әшімов полицейдің ақшасын алып қойды
Абай өзбек, Науаи қазақ тілінде жарық көрді

Абайдың еңбектері өзбек, Науаидің "Хамса" атты кітабы қазақ тілінде жарық көрді

47
(Жаңартылды 17:51 03.11.2020)
Абай Науаиді өзінің рухани ұстазы санап, оның өлеңдерінен тағылым алған. Сондықтан екі бірдей кемеңгердің еңбектерін қатар аударудың символикалық мәні бар, деп атап өтті Мәулен Әшімбаев

НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында ақынның өзбек тіліне аударылған шығармалары мен шығыстың ғұлама шайыры Әлішер Науаидің қазақ тілінде жарық көрген "Хамса" атты кітабы көпшілікке таныстырылды.

"Хамса" – Әлішер Науаидің әйгілі бес дастаннан тұратын еңбегі. Қазақ тілінде жарық көрген кітапқа "Ләйлі-Мәжін" және "Ескендір қорғаны" атты екі дастан енген. Бұл шығармаларды көне өзбек тілінен қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтұлы аударды.

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл күннің қазақ және өзбек әдебиеті үшін, сондай-ақ, тұтас түркі жұрты үшін маңызы зор екенін айтты.

"Абай қазақтың ғана ақыны емес. Ол – барша адамзатқа ортақ ғұлама. Ақынның ой-толғамдары мен өсиеті барша түркі жұртына арналған десек те, артық бола қоймас. Қазіргідей сын-қатерлер заманында біз осындай ортақ құндылықтарымызды кеңінен дәріптеуіміз керек. Әсіресе, жас буынға жан-жақты насихаттасақ, түркі дүниесінің бірлігін нығайтуға қосылған үлкен үлес болар еді", – деді сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол Абай мен Науаи мұраларының рухани сабақтастығына назар аударды.

"Шығыс шайырларының дара тұлғасы, ежелгі түркі әдебиетінің атасы Әлішер Науаидің еңбегін қазақ тіліне аударуды маңызды оқиға деп қабылдаймыз. Бұл – қазақ әдебиетіне қосылған құнды үлес. Абай Науаиді өзінің рухани ұстазы санап, оның өлеңдерінен тағылым алғанын бәріміз жақсы білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, екі бірдей кемеңгердің еңбектерін қатар аударудың символикалық мәні бар", – деген Мәулен Әшімбаев Науаи поэзиясының маңызы мен әлемдік әдебиеттегі орны туралы да сөз қозғады.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қазақстанда Абай мектептерін ашуды ұсынды 

Салтанатты рәсім кезінде Өзбекстан Олий мәжілісі сенатының төрайымы Танзила Нарбаева, Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов және ақын Несіпбек Айтұлы сөз сөйлеп, мұндай шаралар түркі әлемінің ынтымағын нығайта түсетінін айтты, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.

Аталған игілікті іске Халықаралық Түркі Академиясы ұйытқы болды.  

47
Тақырып бойынша
Келешекте Абай институттарын ашамыз деп ойлаймын – президент
Петропавл түрмесінде Абайдың алып суреті салынды – фото
Түркияда Абай Құнанбаевтың құрметіне саябақ ашылды
Абайдың мерейтойы кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа​ жол берген жоқпыз – Тоқаев
Сенатор ұлттық құндылықтар эфирде насихатталмай жатқанына күйінді
Ақорда

Зейнетақы төлеуге 7,3 триллион теңге бөлінеді: Тоқаев заңға қол қойды

0
Кепілдендірілген трансферт республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне жұмсалады

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021 – 2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.  

Заңда Ұлттық қордан 2021 жылы – 2 триллион 700 миллиард теңге, 2022 жылы –  2 триллион 400 миллиард теңге, 2023 жылы – 2 триллион 200 миллиард теңге кепілдендірілген трансферт бөлу көзделген.

Оқи отырыңыз: Нұрымбетов жәрдемақы төлеу кезінде әділетсіздікке жол беріліп жатқанын айтты 

Сондай-ақ, құжат кепілдендірілген трансфертті пайдаланудың нысаналы бағытын айқындайды. Осы қаражат республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне бағытталады.

Кепілдендірілген трансферт бөлінгеннен кейін Ұлттық қордағы қаражат жалпы ішкі өнімнің 30% мөлшерінен төмендемейді. 

0
Кілт сөздер:
Қасым-Жомарт Тоқаев, зейнетақы
Тақырып бойынша
Зейнетақы жинағын алу: қазақстандықтар 10%-тік салықты қалай төлейді
Зейнетақы жинағын емделуге пайдаланудың шарты қандай – министрлік жауабы
Депутат Бектаев әр балаға 18 жасқа дейін қаржы бөлуді ұсынды
Мамин Қазақстанда зейнет жасын төмендету туралы ұсынысқа жауап берді