АСТАНА, 19 ақпан – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік ақшаға тек елдің рухын көтеретін туындыларды түсіру керектігін баса айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Не туралы екені түсініксіз, "жаны" жоқ фильмдерді көрсетуді қою керек. Виртуалды махаббат, тарихи махаббат деп неше түрлі кино түсіреді, бірақ тарих туралы ештеңе жоқ. Ондай туындылардың бізге не керегі бар? Мемлекеттік ақшаға тек халықтың намысын оятатын, елдің рухын көтеретін туындыларды түсіруіміз керек",- деді Мұхамедиұлы министрліктің кеңейтілген алқасында.
Министр жас режиссер Эмир Байғазиннің "Өзен" фильмін мақтады. Аталған кинокартинаны мәдениет және спорт министрлігі қаржыландырған.
"Осы фильмі үшін ол Венесиан фестивалінде ең беделді үздік режиссер сыйлығын алды. Осы арқылы ол туындыда рухани, адами құндылықтарды дәріптеу арқылы халықаралық сыйлық алуға болатынын дәлелдеді. Әйтпесе, бұған дейін көрдіңіздер ғой, қазақтарды бейшара етіп көрсете береді", - деген Мұхамедиұлы режиссерлерді мағынасы терең, сапалы фильмдер түсіруге шақырды.
Ол кино тек көркем құбылыс емес, сонымен қатар бизнес екенін атап өтті. Сондықтан мемлекет ірі шетелдік кинокомпанияларды тарту жұмысын мақсатты түрде жүргізіп жатыр.
НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы Шымкентте опера және балет театрының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігіне сілтеме жасап.
"Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қалалық опера және балет театрының жаңа басшысын мекеме қызметкерлеріне таныстырды", - делінген хабарламада.
Майра Мұхамедқызы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет", "Отан" ордендерінің иегері, "Тарлан" сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Париждегі "Гранд Опера" театрының Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі. Сонымен қатар, ол Вашингтонның ұлттық опера театрының сахнасында өнер көрсеткен.
Тағы оқыңыз: Ақтоты Райымқұлова мәдениет және спорт қызметкерлерін марапаттады
Майра Мұхамедқызы 1969 жылы 9 мамырда Қытайда дүниеге келді. Бейжің ұлттар университетінің музыка факультетін және Пекин консерваториясын бітірген.
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джозеф Байденнің инаугурациясы апталығының ашылу салтанатына қатысады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Дәстүр бойынша бұл іс-шараны Бауырлас қалалар ассоциациясы – "Sister Cities International" ұйымы өткізеді. Джозеф Байден осы ұйымның құрметті тең төрағасы болып сайланған. Салтанатты шараға дипломатиялық корпус та қатысады.
Коронавирус пандемиясына байланысты мереке 2021 жылдың 17 қаңтарында сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 6:00-ден 8:00-ге дейін) онлайн форматта ұйымдастырылады.
Вашингтонда орналасқан "Sister Cities International" халықаралық үкіметтік емес ұйымы 1953 жылы құрылған болатын. Оның негізін АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауэр қалаған. Содан бері АҚШ президенттері Джон Кеннеди, үлкен Джордж Буш, Билл Клинтон, Барак Обама және Дональд Трамп осы ұйымның құрметті тең төрағалары болды.
Sister Cities International 70 жылдың ішінде АҚШ қалалары мен 130-дан астам мемлекеттердегі бауырлас қалаларының өзара әрекеттесуіне арналған көптеген іс-шараларды өткізді. Осы жолы АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы тарихында алғаш рет жаңадан сайланған президенттің инаугурациясына арналған апталыққа қазақстандық әнші қатысады.
16 қаңтарда Димаш Құдайбергеннің "DIMASH DIGITAL SHOW" атты алғашқы онлайн-концерті өтеді.
АЛМАТЫ, 16 қаңтар – Sputnik. Талғар аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Құлсейітов коронавирустан қайтыс болды, оның өкпесі 90-95 процентке зақымданды, деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Жұмыс барысында ол өзін жауапты басшы ретінде танытты. Оның бай тәжірибесі мен кең теориялық және практикалық білімі болды. Отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз", - делінген әкімдіктің хабарламасында.
Онда сондай-ақ шамамен тоғыз жыл бұрын Құлсейітов жол апатына ұшырап, бір ажалдан аман қалғаны айтылған. Бұл жағдай оның денсаулығына әсер еткен. Ол инфекциямен 2020 жылдың 30 желтоқсанынан бері күресіп келген.
Нұрлан Құлсейітов желіде тараған видеодан кейін қайтыс болардан біраз уақыт бұрын тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Роликтен кездесуге қатысушылардың бірі дәрі-дәрмек жетіспеушілігі туралы сұраққа жауап алуға тырысып жатқанын көруге болады.
Бірақ оның сөзі медициналық мекеме басшысының ашуын келтіреді, ол айқайлап, үстелді жұдырығымен бір ұрған. Содан кейін ол жиналыстан кетіп қалады. Осыдан кейін оған тәртіптік жаза тағайындалды.