НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір — Sputnik. Мәскеудегі "Современник" театры Нұр-Сұлтан қаласында "Вишневый сад" және "Горе от ума" қойылымдарын сахналайды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне театрдың директоры Игорь Попов айтты.
"Современник" театрының Нұр-Сұлтан қаласына гастрольдерін Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ресейдің Қазақстандағы елшілігі, Ресейдің мәдениет және ғылым орталығы ұйымдастырмақ.
Елорда күніне орай мәскеулік "Современник" театры қазақ еліне гастрольдік сапармен келмек. Театр директорының айтуынша, қазір қазақстандық тараппен келіссөздер жүріп жатыр.
Театр директоры актерлердің жалақысы қанша екенін айтты
"Қазақстан астанасына гастрольдік сапарды ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Нұр-Сұлтанға гастрольдік сапармен алғаш рет келейін деп отырмыз. Осыдан 6 жыл бұрын Астанада болдық. Бейбітшілік және келісім сарайында "Вишневый сад" және "Горе от ума" қойылымдарын сахналаймыз. Марина Неёлова, Сергей Гармаш, Иван Стебунов және тағы басқа әртістер өнер көрсетеді. Сахнаны толықтай Мәскеудегідей етіп безендіреміз", - дейді Игорь Попов.
Сонымен қатар театр директоры ресейлік әртістер Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері үшін шеберлік сағатын ұйымдастырып, тәжірибелерімен бөлісетінін атап өтті.
Еске сала кетсек, Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігі наурыз айында Қазақстан театрлары бойынша интерактивті гид пен "Театр және жастар" арнайы жобасының тұсауын кескен болатын. Игорь Попов бұл жобаны қолдайтынын айтты.
"Театрымыз "Современник" деп аталады. Сондықтан біз заман ағымынан қалмай, жастар сияқты жалынды болуымыз керек. Көрерменіміз де жасарып келеді. Олардың орташа жасы – 25 пен 35 аралығында. Жақында театрымыз 63 жылдық мерейтойын атап өтті. Бірақ өнер ошағымыз әрқашан жас болып қала береді", - деді ол.
Айта кетейік, "Современник" театрының директоры Нұр-Сұлтанда танымал шахматшы Анатолий Карпов ұйымдастырған көрмеге қатысты. Карпов Қазақстан астанасына өте сирек кездесетін пошта маркаларын алып келген.
Шараны халықаралық "Российские культурные сезоны" фестивалі аясында Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы ұйымдастырды. Сондай-ақ көрмені өткізуге Қазақстанның ұлттық музейі, Ресей елшілігі мен "Роскосмос" компаниясы қолдау көрсеткен.
НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы Шымкентте опера және балет театрының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігіне сілтеме жасап.
"Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қалалық опера және балет театрының жаңа басшысын мекеме қызметкерлеріне таныстырды", - делінген хабарламада.
Майра Мұхамедқызы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет", "Отан" ордендерінің иегері, "Тарлан" сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Париждегі "Гранд Опера" театрының Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі. Сонымен қатар, ол Вашингтонның ұлттық опера театрының сахнасында өнер көрсеткен.
Тағы оқыңыз: Ақтоты Райымқұлова мәдениет және спорт қызметкерлерін марапаттады
Майра Мұхамедқызы 1969 жылы 9 мамырда Қытайда дүниеге келді. Бейжің ұлттар университетінің музыка факультетін және Пекин консерваториясын бітірген.
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джозеф Байденнің инаугурациясы апталығының ашылу салтанатына қатысады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Дәстүр бойынша бұл іс-шараны Бауырлас қалалар ассоциациясы – "Sister Cities International" ұйымы өткізеді. Джозеф Байден осы ұйымның құрметті тең төрағасы болып сайланған. Салтанатты шараға дипломатиялық корпус та қатысады.
Коронавирус пандемиясына байланысты мереке 2021 жылдың 17 қаңтарында сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 6:00-ден 8:00-ге дейін) онлайн форматта ұйымдастырылады.
Вашингтонда орналасқан "Sister Cities International" халықаралық үкіметтік емес ұйымы 1953 жылы құрылған болатын. Оның негізін АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауэр қалаған. Содан бері АҚШ президенттері Джон Кеннеди, үлкен Джордж Буш, Билл Клинтон, Барак Обама және Дональд Трамп осы ұйымның құрметті тең төрағалары болды.
Sister Cities International 70 жылдың ішінде АҚШ қалалары мен 130-дан астам мемлекеттердегі бауырлас қалаларының өзара әрекеттесуіне арналған көптеген іс-шараларды өткізді. Осы жолы АҚШ пен Қазақстанның қарым-қатынасы тарихында алғаш рет жаңадан сайланған президенттің инаугурациясына арналған апталыққа қазақстандық әнші қатысады.
16 қаңтарда Димаш Құдайбергеннің "DIMASH DIGITAL SHOW" атты алғашқы онлайн-концерті өтеді.
НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия президенті Джоко Видодоға көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Сулавеси аралындағы күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза болуына байланысты Индонезия Президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.
"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болған адамдардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Осындай қиын жағдайда біз индонезиялық достарымыздың қайғыларына ортақтасып, олармен бірге екенімізді жеткіземін. Сонымен қатар табиғат апатынан зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуына тілектестік білдіремін", – делінген жеделхатта.
Индонезияда соңғы тәулікте бірнеше рет 5,7 және 6,2 магнитудалы жойқын жер сілкінісі болды. Салдарынан отыздан астам адам көз жұмып, 600-ден астам тұрғын зардап шекті.
Жер сілкінісі салдарынан жергілікті аурухана ғимараты құлап, медицина қызметкерлері мен емделушілер үйінді астында қалғаны белгілі болды.
Билік 15 мыңнан астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшірді.