Мәдениет

Бекзат Саттарханов туралы көркем фильмнің тұсаукесері өтті

© Sputnik / Дәурен Ерболат"Бекзат" фильмі
Бекзат фильмі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Кинокартина Сидней Олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы сыр шертеді

НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Елордадағы "Хан Шатыр" ойын-сауық орталығында "Бекзат" көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Фильмді көруге Бекзат Саттархановтың ата-анасы, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, "Хабар" агенттігі" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев келді.

"Бекзат" көркем фильмінің режиссері – Мұрат Бидосов, сценарий авторы – Сержан Закерұлы. Кинокартина "Хабар" агенттігінің тапсырысымен түсірілген.

"Хабар" телеарнасының бас продюсері Айдос Тұрысбектің айтуынша, "Бекзат" фильмі Түркістан, Шымкент, Тараз қалаларынде және шетелде түсіріліпті.

© Sputnik / Дәурен ЕрболатФильмнің тұсаукесеріне Бекзат Саттархановтың ата-анасы келді
Бекзат Саттарханов туралы көркем фильмнің тұсаукесері өтті - Sputnik Қазақстан
Фильмнің тұсаукесеріне Бекзат Саттархановтың ата-анасы келді

"Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Адырбекқызы журналистерге баласы туралы фильм түсірілгеніне қуанышты екенін жеткізді.

"Бүгін – менің туған күнім. Фильмнің тұсаукесері тура осы күнге сәйкес келіпті. Бұл – қуанышты жағдай. Баламыз туралы түсірілген фильмнің тұсаукесеріне келдік. Кино сәтті түсірілді деп ойлаймын. Фильмге бағаны халық береді. Осы киноны түсірген азаматтарға алғыс айтамын", - дейді ана.

Ал Бекзаттың әкесі Сейілхан Саттархан ұлы туралы түсірілген фильмге халықтың көп келетініне сенімді.

"Бекзаттың киносы десе, барлығы келетінін білемін. Бірақ ол сапалы түсірілуі қажет", - дейді әке.

Фильмді түсіруге қанша қаржы кетті?

"Хабар" агенттігі" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев фильмге қанша қаржы бөлінгені туралы айта алмайтынын жеткізді.

© Sputnik / Дәурен Ерболат"Хабар" агенттігі" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев
Бекзат Саттарханов туралы көркем фильмнің тұсаукесері өтті - Sputnik Қазақстан
"Хабар" агенттігі" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев

"Әрине, бұдан үлкен деңгейде әлемдік кино прокатқа шығаратын сапада фильм түсіруге болады. Бірақ біз отандық сериалдарды жасауға арналған ауқымда сапалы дүние жасауға тырыстық. Келісімшартқа сәйкес, киноның нақты бюджетін айта алмаймын. Бірақ қымбат, супер бюджетті жоба деп те айта алмаймын", - деді ол.

"Бекзат" фильмі қашан көрсетіледі?

Сонымен қатар Ринат Кертаев бұл фильмді қалың көрермен қашан көре алатынын айтты.

"Бұйыртса, осы жылдың қазан айында "Бекзат" фильмі кинотеатрлардан көрсетіледі. Оған дейін Нұр-Сұлтан, Түркістан, Шымкент қалаларында ашық көрсетілім жасау жоспарда бар. Ал сериал ретіндегі нұсқасын көрермендер 2019 жылдың 16 желтоқсаны – Тәуелсіздік күні "Хабар" телеарнасы мен "Хабар" агенттігіне қарасты арналардан көре алады", - деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Бекзат Саттарханов туралы не білеміз

Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген.

Былғары қолғап шебері 2000 жылы 20 жасында Олимпиада чемпионы атанған. Сол жылы 31 желтоқсанда жаңа жылға 15 минут қалғанда Шымкент қаласы маңындағы Темірлан бекетінде Бекзат жол апатынан қаза тапты.

Тағы оқыңыз: Бекзат Саттарханов туралы қызықты деректер

Әуесқой бокста қазақстандық спортшы 143 жекпе-жек өткізіп, 132 кездесуінде жеңіске жеткен.

Жаңалықтар
0