Белгілі этнограф әрі дизайнер Ырза Тұрсынзада

"Не деген көргенсіздік!": Белгілі этнодизайнер бүгінгі тойдың кемшілігін атады

33868
(Жаңартылды 12:51 03.09.2019)
Ырза Тұрсынзаданың пікірінше, әншілерді жалдап, соларға баланың тұсауын кестіріп, қызды шығарып салғызу дұрыс емес

НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз – Sputnik, Арман Асқар. Қазақ бар жиған-тергенін тойға жұмсай салатыны рас. Ал жинаған ақшасы жетпесе, кредит алудан да тайынбайды. Шыны керек, той жасау бәсеке болып кетті. Тіпті, берген ақшасын қайтарудың бір жолы десе де болады. Содан тойдың сәні артса да, мәні жоғалып бара жатқан сияқты. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген белгілі этнограф әрі дизайнер Ырза Тұрсынзада қазіргі тойдың негізгі кемшілігін атап, той жарысына қатысты пікірін білдірді.

Тойлар қара малдың деңгейінде өтеді

"Қазір тойдан шыққан адамдардың айтқан әңгімесін байқайсыз ба? Бәрі бір сарында – анау келді, мынау келді, біреудің киген киімі, дастарқаны жұпыны немесе жақсы болды, қанша жылқы сойылды, қай ресторанда өтті, кім бәйбішесімен, кім тоқалымен келді. Меніңше, бұл – тойға берілген баға. Халық сондай әңгіме айтса, той қара малдың деңгейінде өтті деген сөз", - дейді Тұрсынзада.

Оның ойынша, 500-1000 адамға арналған тойлардың мәні жоқ. Себебі той иесі кімнің келгенін, кімнің кеткенін өзі де білмей қалады. Ол адамдардың сөйлеген сөзі де есте қалмайды. Одан да ет жақын деген адамдарды шақырып, мағыналы да, салиқалы отырыс жасаған дұрыс. Ал ақша артылып бара жатса, тұрмысы төмен адамдарға таратып беруге болады. Оның сауабы да көп.

Министрден гөрі үйдегі күтушің ниеттес шығар

"Қазіргі заманда ең жақын деген адамдар саусақпен санарлық қой. Әрі кетсе, 50-100 адам, оған да толмайтын сияқты. Мысалы, мен еврейлердің бір тойында болдым. Оған 15-20 адам ғана жиналды. Сонда әдемі әңгіме, әдемі естелік, әдемі тілек айтылды. Себебі нағыз жақындары ғана жиналды. Ал жақын адамдарда жасандылық жоқ қой. Өздерінің ойын, ниетін ашық жеткізіп, бүкпесіз әңгімелерін айтты. Міне, осындай отырыстар есте қалады", - деп атап өтті Тұрсынзада.

Этнодизайнер тойға халықтың көп жиналғанын ұтымды пайдалану керектігін жеткізді. Халыққа ой салатындай әңгіме айтылуы қажет. Әйтпесе, қазіргі тойларда адамдар мақтау сөздерден аса алмай жатады.

"Ал тойға ең алдымен жақының келсін, тілектесің келсін, ниеттесің келсін. Шақырған министріңнен гөрі, бәлкім, үйіңде жүрген күтушің тілектесің шығар, я болмаса, жағдайы жоқ, ештеңесі жоқ қара шалдың қара кемпірі саған тілектес шығар", - дейді Тұрсынзада.

Жұрттың сөзінен қорқып барамыз

Ырза Тұрсынзада тағы бір маңызды мәселені қозғады. Қазақ той жасаса да, тойға барса да, бәрін жұрттың сөзінен қорқып істейді.

"Мысалы, менің үлкен той жасауға жағдайым болса да, немеремнің тұсаукесерін үйімде жасадым. Иә, жұрт "Ырза апамыздың жағдайы жоқ екен, немересінің тұсауын үйінде кесіпті, ақшасын аяды" дейтін шығар. Ей, жұрт айтса, айта берсін. Онда шатағым жоқ. Айта берсін. Қазақтың қорқатыны да сол, мынау бүйдеп айтады, анау сөйдеп айтады. Айтса, ол – айтқан адамның проблемасы", - дейді Тұрсынзада.

Жақында оған бір келіншек хабарласып, ақыл сұраған екен. Күйеуі қайтыс болған. Бірақ жұрттың сөзіне қалмау үшін баласына үлкен той жасамақшы.

"Не істеймін, жұрт әкесі жоқ, той жасай алмады дейді. Сенің балаңды солар асырмай ма? Одан да жинаған ақшаңды балаларыңа жібер дедім. Олар шетелде оқиды екен. Бүгін біреудің сөзі үшін өмір сүресің, ертең тағы біреудің сөзі үшін алаңдайсың. Өмірдің бәрі соған кетеді ғой", - дейді этнограф.

Әншіге сенің ақшаң мен малың құтты

"Қазір айтсам, айтты дейсіңдер, белгілі әнші-әртістерге пәленше мыңға тұсау кескізеді, осы салтты тағы біреуге жасатады. Оның сый-сияпаты бар. Ал сол ақшаға кестірген тұсаудың ниеті қабыл бола ма? Жоқ па? Білмеймін", - деп ой тастады Тұрсынзада.

Этнограф әншілердің тағы бір "дәстүрі" туралы естіпті. Олар бір күнді тұсау кесуге бөледі екен. Сөйтіп, 50-70 адамды бір күнде жинайды да, конвейер ұқсап барлығының тұсауын кесіп шығады. Сол үшін біраз ақша жинап кетеді.

"Ондай тұсау кесу қазақтың даласында болмаған дүние ғой. Бұл не деген сұмдық? Не деген сорақылық? Не деген көргенсіздік? Ай, айналайын, тұсау кесу деген сенің ұрпағыңның бұл дүниедегі алғашқы қадамы, оны ниеттес адамның кескені дұрыс қой. Әншіге сенің берген ақшаң мен малың құтты", - деп ашынды этнодизайнер.

Оның ойынша, қазіргі адамдар жарнаманың құлы болып кетті. Өзінің атын шығару үшін, беделін көтеру үшін жасайтын сияқты. Ондайда ең алдымен баланың болашағын ойлау керек.

Әншілердің қызды ұзатқаны дұрыс емес

Ырза Тұрсынзада қыз ұзату тойына қатысты өз ескертпелерін де айтты. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде той иелерінің әншілерді жалдап, соларға қыздарын шығарып салғызғаны дұрыс емес. 

"Сен қалай оны ай даладағы әртістің қолына ұстатып, шығарып саласың? Шәмшінің әндерін дәріптеп жүрген Қалдыбек Құрманәлі айтты ғой, төрт баласының кімнен тапқанын білмейтін әншілер бар. Сол әртістер келеді де, менің гүлдей өсірген қызымның қолынан ұстап, шығарып салады. Сонда аналар, сіздер қорықпайсыздар ма? Біз ырымшыл халықпыз ғой", - дейді Тұрсынзада.

Оның ойынша, шоу жасамай-ақ, қызды өз шаңырағынан шығарып салу керек. Сол жерде үлгі болатын жеңгелері шынайы тілегін айтып, үлкен кісілер ақ батамен шығарып салса құба-құп.

Сәукелені де әртістер емес, тілектес адамдар ғана кигізуі керек. Себебі ол – адалдық пен тазалықтың белгісі, қыздың, шыққан жерінің болмысын білдіретін киелі бас киім.

Ескі сәукеленің хикаясы

"Маған бір келіншек келіп, сәукелеге тапсырыс берген. Сөйтсем, енесінің сәукелесі бар екен. Қызыңа соны кигізбейсің бе десем, келіспеді, жаңасын алғысы келетінін жеткізді. Басымнан талай нәрсе өтті деп, бір жылап алды. Мен оған қазіргі жағдайға жетіп жатқанына тәубе ету керектігін, барлығы енесінің арқасы екенін түсіндірдім", - дейді Тұрсынзада. 

Дизайнер ескі сәукелені тегін жаңартып беруді ұсынады. Келіншек оған келіскен. Артынан өз үйіне шақырып, үлкен кісілерге сол сәукелені таныстыруды өтінген. Оны көрсеткенде отырған қонақтар 40 жыл бұрынғы тарихты еске алып, бір жылап алды. Ал ақсақал кемпірінің ол сәукелені қалай тіккенін де айтып берді. 

Тағы оқыңыз: Тоқаевтың тойға қатысты ұсынысы Қыдырәлі Болмановтың күлкісін келтірді

"Сосын сәукелені алдым да, енесінің немересіне кигіздім. Бәрі шынайы болды. Барлығы шын эмоциямен қыздарын шығарып салды. Енесі де, атасы да, туыстары да күні-түні сәукелені сақтаған келініне алғысын айтты. Осылай жасауға болады ғой. Сондай дүние әрбір шаңырақта бар ғой. Әркім өз шаңырағынан осындай дүние іздесе ғой, шіркін. Халыққа жеткізетін, халықпен бөлісетін, халықты ойландыратын, халықты толғандыратын. Тойдан кеткенде рухани бір азық алып кететіндей тойлар болса ғой", - деді Тұрсынзада.

Түбінде қазақ бұған тояды

Этнодизайнер ұлттық киімнің үлгісін сақтауға кеңес беріп отыр. Әйтпесе, бүгінде қазақша көйлекті "жаңаша" кие бастаған. Жеңі ашық көйлектің үстінен камзол, басына сәукеле киіп шыға салады.

"Сосын беташарды шоуға айналдырып жіберді. Оны келін түскен бойда жасамай ма? Келінді үйге кіргіздің бе, шымылдығын тарт та, беташарын жаса. Баяғыда ауылда солай жасаушы еді ғой. Қазір беташарды дүркіретіп жасайды. Басында сәукелесі жоқ, киген көйлегінің түрі анау", - деп толықтырды Тұрсынзада. 

Оның ойынша, қазақ өзара бәсекелесіп, бәрін бұрқыратып, дүркіретіп өткізуге тырысады. Рухани азық іздемейді. Шоуға басымдық береді.

"Мен түбінде қазақ бұған тояды деп ойлаймын. Өзім дүниені көп араладым. Сонда бір нәрсеге көз жеткіздім, қазақ – табиғаты, тегі таза халық. Ал табиғаты таза дүниеге не жақсаң да жағылмайды, түбінде ол бәрібір өзінің тазалығымен жеңеді. Мен соған сенемін. Бірақ оған жеткенше қазақ қазақтығын жоғалтпаса екен деймін", - деп түйіндеді Тұрсынзада.

33868
Кілт сөздер:
сүндет той, той, үйлену тойы, этнограф, Ырза Тұрсынзада
Тақырып бойынша
Қазақ тойындағы түйелер керуені жұртты таңғалдырды
Шымкенттегі атышулы торттың авторы оның құны туралы айтты
Тойда күйеуін қызғанған әйелдің әрекеті жұрттың ішек-сілесін қатырды – видео  
"Басқа проблема жоқ па?" Тоқаевтың тойға қатысты ұсынысы кімге жақпай қалды?
Байлығы тасыған қазақтардың ұлан-асыр тойы жұрттың жағасын ұстатты - видео
Микрофон

Қазір иттің итақайы әнші болып жүр Рамазан Стамғазиев

1762
Рамазан Стамғазиев карантинге байланысты той-томалақ тоқтаса да, дәстүрлі әншілер студенттерге сабақ беріп, табыс тауып отырғанын айтты

Алматы, 4 қазан – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз ретінде баланың көзіне қарап отырып білім бергенге ештеңе жетпейді дейді. Өзі мұғалім болып қызмет атқаратын Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің басым бөлігі онлайн білім алып жүр. Дәстүрлі әнді насихаттап жүрген әнші Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында онлайн білім беру мен дәстүрлі әншілердің табысы жайлы айтты. Сондай-ақ, эстрадада фонограммаға тыйым салуға қатысты пікір білдірді.

Қашықтан оқытудың қиындығы жайлы

Стамғазиев жұмыс істейтін Құрманғазы атындағы консерваторияның бірінші курс студенттері оқу ордасында білім алып жатыр. Ал қалған курстың студенттері қашықтан, түрлі платформаны пайдаланып оқып жүр.

"Былтыр онлайн оқу цифрлық Қазақстанның көпірік сөзбен ғана іс атқарғанын, жалпы бұл жағынан әлсіздігін көрсетті. Биыл оқу жылында 30-40 минуттың ішінде мың өшіп, мың қосылып, арасында Whatsapp-қа көшіп, оқытып жатырмыз. Бір жақсысы, дәстүрлі әншілердің барлығы оқулық жазған. Электронды нұсқасы студенттерге қолжетімді", - дейді дәстүрлі әнші.

Әңгіме барысында онлайн оқу мен дәстүрлі оқу форматының да айырмашылығын сұрадық. Айтуынша, баланың көзіне қарап сабақ бергенге ештеңе жетпейді.

Тағы оқыңыз: "Тыңдайтын құлақ жоқ": Мейрамбек Бесбаев Алматы басшылығына ренішін айтты

"Айырмашылық көп. Баланың көзіне қарап, адамның арғы дүниесін танып оқыту керек қой. Сабақ кезінде нотаны айғайлап көрсету, домбыра тарту техникаларын көрсету керек. Себебі домбыраны бұғып қағу, көсіп қағу, шертіп қағу, іліп қағу деген түрі болады. Соны қасында отырып көрсеткенге жетпейді. Бұрын сабақ елу минут өтсе, қазір қырық минут зыр етіп өте шығады", -  дейді ол.

Дәстүрлі әншінің табысы

Дәстүрлі әншілер карантинге дейін арасында тойға, концертке шығып табыс табатын. Стамғазиевтің айтуынша, дәстүрлі әншілердің негізгі табыс көзі – тұрақты жұмысы. Сол себепті той тоқтағанымен, табысы азайған жоқ.

"Дәстүрлі әншілердің бақыты – мемлекеттік, білім беру орындарында табан тіреп, орнығуы. Той-томалақтың ақшасына күні қарап қалған жоқ. Сабақ беріп, жанын бағып отыр. Айдың соңында айлығын алатынына сенімді. Сабағын беріп, табыс тауып отыр", - дейді әнші әріптестерінің табысы жайлы.

"Фонограмманы жою керек"

"Мәдениет саласы жөніндегі заң жобасымен танысқан жоқпын. Дәстүрлі әншілер жайында ішінде не айтылғанын білмеймін. Алайда қазір телеарналарда фонограммаға тыйым салу жайлы айтып жатыр. Иә, фонограмманы жоғалту керек. Жалпақ шешен болып, оны кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Себебі олай жасаса, баяғы "ертегі" қайтып келеді. Өнер әлемінде осы бағыт өлі қалпында жатыр. Әншілердің кәсіби деңгейі өсуі үшін фонограмманы жоғалту керек", - дейді Стамғазиев.

Арам шөпті де қайта өспеуі үшін тамырынан жұлып тастайтынын мысал ретінде келтірген әнші фонограмманы да солай тоқтату керек деп санайды.

"Сонда ғана әншінің деңгейі мен халықтың талғамы өседі. Әншінің репертуары да түзеледі. Сол кезде ғана өсу басталады. Жабайы тілмен айтқанда, қазір иттің итақайы әнші болып жүр. Жазып алып сахнаға шығады, ел оны әнші екен деп ойлайды. Біріншіден, әншінің қадірі кетті. Екіншіден, кәсіби әнші мен әуесқой әншінің арасын ажырата алмай қалды", - дейді ол.

Стамғазиевтің пікірінше, заңды қабылдаған соң кім де кім сахнада яки тойда фонограммамен ән салатын болса, ірі көлемде айыппұл салып, жаза қолдану керек.

"Кәсіби әнші музыкалық техникаға қарамайды. Ал жанды дауыста ән айту үшін мықты аппаратура қажет дейтіндер – қаланың ішінде жүріп ән салатындар. Аудандарға, ауылдарға барып көрмеген әншілер солай айтады. Ауылдық жерде жақсы техника жоқ екені рас, алайда барлық жерде олай емес. Әншілер шетелдегі аппараттың ауылдарда тұрғанын армандайды", - дейді Стамғазиев.

Айтуынша, дәстүрлі әнші Жұбаныш Жексенұлы, "Заман" тобы, Саят Медеуовтің шығармашылығын ұнатады.

"Ал әуесқой әнші деген – "әуестенбей, қой" дегенде қоймайтын адамдар. Олар халық қабылдамағанын біліп, көріп тұрса да қоймайды", - дейді ол.

Сахнада отыз жылдан бері жүрген дәстүрлі әнші әуесқойлар ақша мен техниканың күшімен әнші болып жүр деп санайды.

1762
Кілт сөздер:
фонограмма, әнші, Рамазан
Тақырып бойынша
Полиция әнші Кенталдың видеосын адамдардың қайғы-қасіретін мазақ ету деп атады
Хасанғалиевтің әніне неге тыйым салынды – сексенге толған әнші жайлы қызық деректер
Әлемге әйгілі әнші карантиннің қандай пайдасы бар екенін айтты
Әнші Мирас Бекжанов: Құралай сәбиіміз қыз екенін айтқанда қатты ұрыстым
MTV логотипі

MTV USA тарихында тұңғыш рет қазақ тіліндегі клип көрсетіледі

80
(Жаңартылды 09:31 01.10.2020)
Премьера жұма күні кешкі уақытқа жоспарланып отыр. Әнші тағы бір арманы орындалғанын айтып, жанкүйерлеріне алғыс білдірді

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан - Sputnik. Димаш MTV USA экранына шығады. Ол бұл арнада клипі қазақ тілінде көрсетілетін тұңғыш әнші, деп хабарлайды dimashnews.com сайты.

Видео MTV USA арнасында шығады. Ал АҚШ-тан тыс тұратын жанкүйерлер MTV-дің YouTube ресми каналынан тамашалай алады. 

"Менің тыңдармандарыма, әлемнің әр түпкіріндегі менің өнерімді бағалайтын жанкүйерлеріме шын жүрегіммен алғыс айтамын. Олар менің бала арманымның орындалуына себепкер болды. Қазақстан ғана емес төрткүл дүниедегі Dear-ларымның қолдауына разымын. Құрметім мен алғысым шексіз", - деп жазды Димаш.

Бейнеклип жұма күні Нью-Йорк уақыты бойынша сағат 17.00-20.00 аралығында экранға шығады (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша түнгі 3.00- 6.00). Бұл Америкадағы жұма күнгі прайм-тайм. Америкалық MTV-ды бұл уақытта ең көп көрермен тамашалайды.

80
Кілт сөздер:
Димаш Құдайберген
Тақырып бойынша
"Ненің құрметіне?!": Димаш шенеуніктерге неге шүйлікті
"Үндемедім": Димаш Құдайберген неден ұялғанын айтты
"Олар мені Димаш деп атайды": науқастарға ән салған санитар сұхбат берді
Димаш Джеки Чанның жаңа фильміндегі басты әнді шырқады
"Бұл неткен қасірет еді": Димаш Құдайберген желіде жазба жариялады
Қырау басқан жапырақтар

Тұман, жаңбыр және қатты жел ертеңге ауа райы болжамы жарияланды

57
Республиканың басым аумағында ауа райы жауын-шашынсыз болады, солтүстікте жаңбыр жауады деп болжануда

НҰР-СҰЛТАН, 31 қазан – Sputnik. Қазақстанда, синоптиктердің болжамынша, 1 қарашада күн ашық болады.

Қазақстанның басым аумағында антициклон әсерінен ауа райы жауын-шашынсыз болады. Тек елдің солтүстігінде жаңбыр жауады деп болжануда. Республиканың кей жерлерінде тұман түсіп, оңтүстік және оңтүстік-шығыста жел күшейеді.

Өңірлердегі ауа райы

Алматы облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі, күндіз Жалаңашкөл ауданында секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.

Тағы оқыңыз: Төтенше жағдайлар министрлігі автокөлік иелеріне үндеу жасады

Жамбыл, Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерді тұман басады, Жамбыл облысында түнде желдің екпіні 15-20 м/c дейін күшейеді.

Дабылды ескерту

Қызылорда облысында күндіз желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін барады.

Ақмола облысында 1 қарашада тұман түседі деп болжанып отыр.

Мегаполистерде ауа райы қандай болады

Нұр-Сұлтанда күн ашық болады. 3-5 м/c жел тұрады. Түнде ауа температурасы -3-4 градус, ал күндіз – 5-8 градус жылы.

Алматыда да ауа райы жауын-шашынсыз. Секундына 1-8 метр жылдамдықпен жел соғады. Сынап бағанасы түнде +4... +5 градусты, ал күндіз +9... +10 градусты көрсетеді.

Шымкентте күн жылы әрі ашық,  2-5 м/c жел соғады. Ауа температурасы түнде +3... +5, күндіз +17... +19 градус болады.

57
Кілт сөздер:
ауа райы болжамы