Димаштың АҚШ-тағы концерті

Қандастарымыз тоқтаусыз жылады: Димаштың АҚШ-тағы концерті қалай өтті видео

15863
(Жаңартылды 13:39 11.12.2019)
Әрбір нөмірден кейін Димаш "Менің Отаным – Қазақстан!" деп айқайлап, жиналған жұртты өз еліне қонаққа шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің АҚШ-тағы концерті үлкен аншлагпен өтті. Нью-Йорк қаласындағы Barсlays center аренасында ине шаншар жер болмады, деп хабарлады Dimashnews.com.

Димаштың арманы орындалды

Димаштың сахнаға шыққан әрбір сәті шоумен өтті. Ол бірнеше тілде ән айтты. Бірақ ұлттық әуендер басым болды. Ал қазақ тілінде ән айтқанда көрермендер Димашқа қосылып отырды. Себебі фанаттардың басым бөлігі ол шығармаларды жатқа біледі. Олардың ішінде әннің сөзін түсіну үшін қазақ тілін меңгеріп жүргендер де аз емес. Ал "Дайдидау" әні шырқалғанда өзге елдің азаматтары да көзіне жас алды.

Дайдидау әні шырқалғанда тыңдармандар көзіне жас алды
© Photo : Dimashnews.com
"Дайдидау" әні шырқалғанда тыңдармандар көзіне жас алды

Бала кезінде Димаш осы "Дайдидау" әнін барша әлем шырқаса екен деп армандаған екен. Оның арманы орындалды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар қазақ әндерін айтып, бақыт мен қуанышқа кенелді.

Әрбір нөмірден кейін Димаш "Менің Отаным – Қазақстан!" деп айқайлап, жиналған жұртты өз еліне қонаққа шақырды.

Концерт кезінде "Адай" күйі шертілді. Димаш "Елім менің" әнін айтқанда LED экрандарда Қазақстанның туы мен кең даласы көрсетілді. Осы кезде Америкада тұратын қандастарымыз тоқтамай жылады, көз жасын жасырған жоқ.

Димаш үшін концертін кейінге шегерді

Димаштың концертіне танымал перулық әнші, Грэмми сыйлығының иегері Ева Айлон да келді. Концерт кезінде екі әнші кездесті.

Айлонның айтуынша, Димаш оған өмірдегі ауыр кезеңнен сүрінбей өтуге көмектесті.

"Анам қайтыс болғанда қатты күйзеліске түсіп кеттім. Сүйікті әндерім де көмектескен жоқ. Мен үшін өте ауыр кезең болды. Осы кезде Фэйсбуктен Димаштың бір әнін көріп қалдым. Оның S.O.S  деген әні мені кәдімгідей құтқарды, күйзелістен шығуға көмектесті. Содан бері мен Димаштың әндерін тыңдаймын", - дейді Айлон.

Осы аптада танымал әнші өзінің жеке концертін өткізуді жоспарлаған. Бірақ Димаштың Нью-Йоркте өнер көрсететінін естігенде өз концертін кейінге шегеріп, қазақтың әншісін көру үшін АҚШ-қа арнайы ұшып келді. Ева өз сыйлықтарын да алып келді.

Оның айтуынша, Перуде Димаштың үлкен фан-тобы бар. Олар әншінің шығармаларын өз тіліне аударып отырады. Негізгі мақсат – әндердің мағынасын тыңдарманға жеткізу.

Димаштың анасы Светлана Айтпаева әншінің шын ниеті үшін алғыс айтып, оған да арнайы сыйлықтарын табыстады.   

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Tang (@mingyayue78)

15863
Кілт сөздер:
видео, Димаш Құдайберген
Тақырып:
Димаштың жұлдызды жолы (123)
Тақырып бойынша
Димаш Құдайберген "Виктория" сыйлығының екі аталымында жеңіске жетті – видео
Димаш Құдайбергенге ерекше ұсыныс жасалды
"Мен - қазақпын": Димаштың Қытайдағы видеосын жарты күнде 120 млн рет көрген
Димаш Санкт-Петербургтегі концертінде сахнаға индонезиялық әншімен шықты     
"Ғажап дауысыңды жақсы көремін": Ресейдің халық әртісі Димашқа марапат табыстады - видео
Димашты Нью-Йорк әуежайында атақты америкалық спортшы қарсы алды
Димаш Құдайберген

Димаш Құдайберген АҚШ-тың жаңа президентін қазақ тілінде құттықтады видео

67
Димаш Құдайберген өз құттықтауында әлемде тек бейбітшілік пен бірлік болуын тіледі

НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харристың инаугурациясына арналған апталықтың ашылу салтанатында Димаш Құдайберген айтқан тағы бір әннің видеосы жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстандық әнші алдымен ағылшын тілінде АҚШ-тың жаңа президенті мен вице-президентін құттықтады. Одан кейін өз сөзін қазақ тілінде жалғастырды.

"Құрметті президент мырза! Сізді шын жүректен құттықтағым келеді. Әлемде тек бірлік болсын! Әлемде бейбітшілік болсын, барлық әлем халықтары аман болсын!", - деді Құдайберген.

Осыдан кейін Димаш Құдайберген "SOS d'un terrien en détresse" әнін орындап берді.

Тура төрт жыл бұрын 2017 жылы 21 қаңтарда Димаш осы әнді Қытайдың "I am singer" байқауында айтып, кеңінен танылды. Содан бері көптеген марапаттарға ие болды. Әлемнің танымал әншілерін өзінің ерекше дауысымен тәнті етті.

Айта кетейік, бұған дейін жарияланған видеода Димаш Құдайберген халық әні "Самалтауды" орындайды. Ол да  АҚШ президентінің инаугурациясы арналған мерекелік апталықтың ашылу салтантында түсірілген.

Салтанатты шараны Халықаралық бауырлас қалалар қауымдастығы (Sister Cities International немесе SCI) ұйымдастырды. Мерекелік шара коронавирус пандемиясына байланысты онлайн өтті.

Спикерлер мен қонақтар арасында губернатор Билл Аноабутти, генерал-майор Армандо Кабада, конгрессвумен Элеонора Холмс Нортон, майор Тим Келлер, сенатор Боб Менендез, АҚШ теңіз жаяу әскері оркестрі және тағы басқалары болды.

67
Кілт сөздер:
видео, Димаш Құдайберген
Димаш Құдайберген

Димаш АҚШ президентін ұлықтау апталығының ашылуында ән шырқады видео

95
(Жаңартылды 14:02 18.01.2021)
Димаш –  АҚШ президентін ұлықтау апталығының ашылуына арналған салтанатты шараға Қазақстаннан қатысқан алғашқы әртіс

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Димаш Құдайберген АҚШ президенті Джо Байденнің инаугурациясы апталығының ашылуына арналған шарада өнер көрсетті. Әнші қазақтың халық әні "Самалтауды" орындады, деп хабарлайды Dimashnews.com сайты.

Салтанатты шараны Халықаралық бауырлас қалалар қауымдастығы (Sister Cities International немесе SCI) ұйымдастырды. Мерекелік шара коронавирус пандемиясына байланысты онлайн өтті.

Спикерлер мен қонақтар арасында губернатор Билл Аноабутти, генерал-майор Армандо Кабада, конгрессвумен Элеонора Холмс Нортон, майор Тим Келлер, сенатор Боб Менендез, АҚШ теңіз жаяу әскері оркестрі және тағы басқалары болды.

Димаш АҚШ президентін ұлықтау апталығының ашылуына арналған шараға Қазақстаннан қатысқан алғашқы әртіс екені хабарланып отыр.

"Баршаңызға тек жақсылық тілеймін! Әлемде бейбітшілік және тыныштық болсын!", - деді әнші.

SCI бас директоры Лерой Аллала қазақстандық жұлдыздың шығармашылығы адамдарды, олардың мәдениеті мен тілдерін біріктіретінін атап өтті.

20 қаңтарда SCI ресми сайтында Димаш Құдайбергеннің өнер көрсеткен сәті көрсетіледі.

Бұған дейін Sputnik Қазақстан Димаш Құдайбергеннің алғашқы онлайн-концертін әлемнің 100-ден астам еліндегі көрермендер тамашалағанын хабарлады.

95
Кілт сөздер:
видео, АҚШ президенті, әнші, Димаш Құдайберген
Коронавирус вакцина

Коронавирусқа қарсы жаңа вакцина жайлы не білеміз

0
Вакцинаны әзірлеген "Вектор" орталығының мамандары "ЭпиВакКоронаның" иммунологиялық тиімділігі 100 процент деп атады

Бұл COVID-19 қоздырғышы болып табылатын SARS-CoV-2 тікенді ақуызының кішкентай бөлшектерінен тұратын синтетикалық препарат. Қазір бұл вакцинаны сынауға үш мыңнан астам ерікті қатысып жатыр. Сондай-ақ, ол азаматтық айналымға да түсті. Оның кері әсері өте аз деп хабарланды. Сондықтан, вакцина егде жастағы адамдарға қолдануға да жарамды.

"ЭпиВакКорона" неден тұрады

Осы вакцина тасымалдағыш ақуызға бекітілген SARS-CoV-2 коронавирусының тікенді ақуызының қысқа бөлшектерінен тұрады. Бұл бөлшектердің құрамында пептидтер деп аталады. Сондықтан, вакцина да пептидтік деген атауға ие болды. Тасымалдаушы ақуызға коронавирустың РНҚ-сын қоршап тұрған нуклеокапсидті ақуыздың бөліктері бар. Иммундық әсерді күшейтетін зат - адъювант ретінде алюминий гидроксиді жұмыс жасайды. Сонымен қатар қосалқы қосылыстар мен су бар. Барлық құрауыш элементтер синтетикалық болып табылады.

Вакцина құрамында қандай пептидтер бар

РИА Новости агенттігіне "Вектор" мемлекеттік ғылыми орталықта хабарлағандай, вакциналық пептидтердің құрамында ең алдымен В-жасушалы эпитоптар бар. Т-хелперлі эпитоптардың көзі ретінде тағысалдаушы ақуыз қызмет етеді.

SARS-CoV-2 - нуклеокапсид  қабыршағына оралған РНҚ молекуласы болып табылады. Мұның бәрі сыртынан тәж тәрізді тікенді ақуыздармен безендірілген липидті қапшықта тұрады. Сондықтан, оны коронавирус деп айтады.

Тікенді ақуыздар вирустық бөлшектің адам жасушасына жабысып, ішке енуіне көмектеседі. Көптеген зерттеулер бұл тікендердің организмде ең үлкен иммундық реакцияны тудыратынын анықтады. Биологтардың терминологиясында тікенді ақуыз -  антиген болып табылады. 

Бұл ақуыздың молекуласы өте үлкен және оның ішінде ерекше аймақтар – эпитоптар бар. Иммундық жүйенің жасушалары оларды анықтап, инфекциямен күресті іске қосады.

Вакцина қалай жұмыс істейді

Екпе нәтижесінде ақуыз тасымалдаушы барлық үш пептидті адамның Влимфоцитіне жеткізеді. Олар пептидті белсендіреді де, қорғаныш антиденелер - иммуноглобулиндер өндіріле бастайды. Әрбір В-эпитопы бірегей иммуноглобулиннің синтезіне жауап береді. Алдымен M (IgM) тобына жататын антиденелер түзіледі. IgG - содан кейін қалыптасады да, олар иммунитетті көрсетіп, ұзақ уақытқа қанда қалады. 

"Вектор" орталығындағылар екпеден туындайтын антиденелер коронавирустың тікенді ақуыз үшін айрықша екенін растайды. Иммунизацияланған еріктілердің қан сарысулары вирусты бейтараптандыратын белсенділік танытады. Демек, антиденелер коронавирусты танып қана қоймай, оны жоюға қабілетті.

"ЭпиВакКорона" құрамында коронавирус бар ма

Онда ешқандай вирус және оның бөліктері жоқ. Бұл вакцина құрамында аденовирустар бар "Спутника V" вакцинасынан өзгеше. "ЭпиВакКорона" құрамында РНҚ, ДНҚ, тірі құрауыштар, консерванттар немесе антибиотиктер жоқ. Оның құрамында пептидтер бар. Олар коронавирустың ақуыздарымен бірдей пептидтер – ақуыздар бөлшектері бар. 

Пептидтік вакцина қалай жасалады

Ол пептидтердің химиялық синтездері, яғни, жекелеген аминқышқылды қалдықтардан бірізді тізбек құру процесімен әзірленеді. 

"Егер пептид қысқа - сегізден онға дейінгі қалдықтар болса, онда синтездеу ерітіндіде өтуі мүмкін болады. Ол ұзағырақ, бірақ арзан. Ұзынырақ пептидтер қатты фазалы әдіспен синтезделеді. Сегіз аминқышқылының қалдықтарынан тұратын пептид қатты фазалық әдіспен көлеміне, аминқышқылдарының реттілігі мен жабдық сипаттамаларына байланысты екі сағат ішінде, ұзақ дегенде бір тәулік ішінде синтезделеді. Әрі қарай тиімділігі жоғары сұйықтық хроматографиясымен тазарту жүргізіледі. Бұл әлдеқайда тез, бірақ арзан емес", - дейді В.Н.Орехович атындағы биомедициналық химия ғылыми-зерттеу институтының пептидтік инженерия зертханасының меңгерушісі Екатерина Колесанова.

Екпе қалай жасалады

Вакцина суспензия түрінде шығарылады және шприцпен иық бұлшықетіне енгізіледі. Пептидті препараттар иммунитеттің қуатты әрі жылдам жауап қатуын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, "ЭпиВакКорона" 21 күн аралығымен екі рет бірдей мөлшерде енгізіледі.

Қандай кері әсері бар

І және ІІ кезеңдегі сынақтарға қатысушылар екпе салған орынның аздап ауыратынын, бірақ, тез басылатынын айтқан. Басқа жағымсыз әсер тіркелген жоқ. 

Тіркеуден кейінгі сынаққа қатысушылар құрған ресми емес #ЭпиВакКорона Telegram арнасында қолайсыздық, екпе салған орынның тәулік бойы қызарып тұруы, иықты қатты ауырсыну секілді аздаған кері әсер жайлы айтқан. Дене қызуының көтерілуі, қалтырау секілді белгілер ешкімнен байқалмаған немесе оның екпемен байланысы расталған жоқ. 

"ЭпиВакКорона" қаншалықты тиімді

"Иммунологиялық және профилактикалық тиімділік бар. Біріншісі - айрықша антиденелер шығару. Клиникалық зерттеулердің I-II кезеңдерінің нәтижелері бойынша барлық еріктілерде айрықша антиденелер түзілді. Профилактикалық тиімділік - бұл екпе салдырғандардың аурудан қорғануы. Бұл бағыттағы зерттеулер тіркеуден кейінгі клиникалық сынақтар барысында жалғасып жатыр. Мәліметтер ақпан айында дайын болады", - деп түсіндірді Ресей тұтынушлар құқығын қорғау мекемесінің баспасөз қызметінде. 

"Вектор" мемлекеттік ғылыми орталығында І-ІІ кезеңдердің клиникалық сынақтары әлі аяқталмағанын айтты. 

Қазір плацебо тобымен рандомдалған зерттеу өтіп жатыр. Адамдарды кездейсоқ іріктеумен топтарға бөліп, олардың біріне вакцина, біріне физикалық ерітінді салынып жатыр. Сынақтар соңғы еріктіге екпе салғаннан кейін 180 күннен соң аяқтайды. 

Бір уақытта жасы 60-тан асқан азаматтарға да сынақ жүргізіліп жатыр. Осы топ бойынша алдын ала мәлімет те ақпан айында дайын болады. 

Вакцинаның әсерін өз бетінше қалай тексеруге болады

IgG тобындағы антиденелердің коронавирустың S-ақуызына әсері бойынша қан талдауын вакцина егілген күннен бастап 35-42 күн өткен соң ғана жасау керек. Алайда, барлық тест-жүйелер "ЭпиВакКорона" түзген антиденелерді көре бермейді.

Ресей тұтынушлар құқығын қорғау мекемесінде мәлімдегендей, ол үшін "Вектор" мемлекеттік ғылыми орталығы әзірлеген "SARS-CoV-2-IgG-Вектор" тест-жүйесі сәйкес келеді. 

Коронавирусқа қарсы пептидтік вакцинаны тағы кім әзірлеп жатыр

Бүкіл әлемде пептидтік вакциналар эксперименттік сатыда тұр. Олардың әзірлеу және тексеру үлкен шығынды қажет етеді. Сондықтан, олар мРНҚ, векторлық және инактивацияланған / өлтірілген вакциналардан артта келе жатыр. Ресейде бұл мәселені өз бетімен шешу үшін қажетті ресурс пен білікті мамандар жеткілікті. 
19 қаңтардағы ДДҰ тізімінде "ЭпиВакКоронадан " басқа тағы екі пептидтік вакцина бар. Олар да адам ағзасында тексеріліп жатыр.

 

0